«Реформатор» Бейсембаевтың есебі – қате, мектебі– жайсыз

Біздің билік білім саласын реформалауға құштар. Әсіресе министр ауысқан сайын жасалатын жөнді-жөнсіз реформалар білім көшін бірде оңға, бірде солға бұрып, әбден әуреге салды.
Бақытжан Жұмағұлов, Аслан Сәрінжіпов, Ерлан Сағадиев сияқты экс-министрлер жаңалық енгізуден жарыс ұйымдастырғаны жұрттың есінде. Бірі әліппеден бас тартса, енді бірі бүкіл мұғалімге бір сәтте ағылшын тілін үйретем деп күлкіге қалған.
Содан болар, жастардың білім деңгейі, оқу сапасы жақсармай-ақ қойды. Бүгінгі білімсіз ұрпақ ертеңі білімсіз маман, біліксіз басшы екенін ескерсек, ел болашағына өз қолымызбен балта шауып отырмыз. Халықаралық ұйымдар түзген білім рейтингтерінде Қазақстан үнемі қою шаң арасында жүреді. Мысалы, осыдан бірер жыл бұрын еліміз білім сапасы бойынша 93 елдің ішінде 62-орынға жайғасқан. Бұл тізімдерде Қазақстан жақын арада жоғарылай қоймайтын сияқты.
2016–2017 жылғы оқу маусымының басында сол кездегі білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев барлық оқушыны «Назарбаев зияткерлік мектебінің» бағдарламасына көшіремін дегенді желеу етіп, «Әліппенің» орнына «Сауат ашу» пәнін енгізді. 1913 жылдан бастап бір ғасырдан аса уақыт бүлдіршіндер үшін бас оқулық болған әліппеден Сағадиев мырза неге бас тартқанын сол беті ешкім білген жоқ. Бірақ Сағадиевтің «ғасырлық» реформасы ұзақ тұрған жоқ. 2019 жылы оның орнына келген Күләш Шәмшидинова әліппені қайтарды.
Бірақ қазіргі әліппе оқулығын сынға алатын ата-ана аз емес. Көпшілік бастауыш сынып балаларының әуелі мәтін оқып, одан кейін әріп үйренетініне таңғалады. Өйткені қазір әріптер әліпби реті бойынша емес, аралас тәртіппен оқытылады. Бала әріптерді толық танып болмай жатып, мәтін оқуға мәжбүр. Салдарынан әріптерді қосып оқи алмайтын балалар көбейген, ата-аналар қосып оқуға үйрететін қосымша оқулық алып, әбігерге түсіп жүр.
Білім саласын кезекті реформалар күтіп тұр
3 мамыр күні премьер-министрдің сайтында «Білім беру жүйесіндегі реформалар: болашаққа бағдар және қоғамның сұранысы» атты материал жарияланды. Материалды ресми органдар мен мемлекеттік қызметкерлер әлеуметтік желіде жарыса жариялап, жарнамасын жасап жатқан соң біз де танысып шықтық. Мақалада үкімет болашақты бетке алған, қоғам сұраныстарына сай келетін заманауи әрі қолжетімді білім беру ортасын құрып жатқаны айтылған. Бірақ көңіл қуантатын жақсы жаңалық байқай алмадық.
Тіпті үкімет есебінде қателік бар ма деген күмән туды. Мысалы, бір тұста «2019 жылы елімізде 892 мың бала тәрбиеленген 10,5 мың мектепке дейінгі ұйым жұмыс істесе, 2025 жылға қарай мұндай ұйым саны 11,8 мыңға жетіп, 1 миллионнан аса баланы қамтыды» деп жазылған. Ал екінші абзацта «2019 жылы мектепке дейінгі орынға кезекте 446 176 бала тұрды. 2025 жылғы 1 қаңтарда бұл көрсеткіш 84 мың балаға дейін қысқарып, алты жылда кезек күткендер саны 5 есе азайды» деп тұр.
Енді есептеп көрейік. 6 жылда мектепке дейінгі білім беру мекемесінің саны небәрі 1 300-ге, ал оған баратын бала саны 108 мыңға ғана артқан. Бірақ кезекте тұрған бала саны 446 мыңнан 84 мыңға азайды деп отыр. Ендеше, қалған 250 мың бала қайда кетті? Әлде 6 жылда елде бала туу көрсеткіші сонша азайып кетті ме? Бірақ статистика комитетінің ресми есебі бала туу көрсеткіші, керісінше, өсіп жатқанын көрсетіп тұр. Мысалы, 2019 жылы 402 310 бала дүниеге келсе, 2021 жылы бұл көрсеткіш 446 491 болған. Әрине, кейінгі 2 жылда бала туу аздап төмендегені байқалады. Бірақ бәрібір 100 мың балаға жететін балабақша салып, 446 мың баланың проблемасын шешіп тастадық деу ақылға қонбайтын сияқты. Біз бұл бұлыңғыр есептің анық-қанығын сұрап, үкімет пен оқу-ағарту министрлігіне сауал жолдадық. Жауап келсе, алдағы сандарда жариялаймыз.
Орта білім беру жүйесінде де бірқатар реформа жоспарланып отырған көрінеді. Мысалы, «Жайлы мектеп» жобасы жалғасады. Осы бағдарлама аясында елде 460 мың оқушыға арналған 217 мектеп салынатыны айтылған. Сол үшін Ұлттық қордан 1 трлн 493 млрд теңге бөлінген. Бірақ сол жұмыстың жемісті жүріп жатқанына күмән көп. Биыл жыл басында бұрынғы премьер, қазіргі Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов «Жайлы мектептің» 2023 жылғы бюджетінің 38 пайызы ғана игерілгенін айтқан. Бұрынғы білім және ғылым министрі, мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов те бұл жобаны сынап жүр.
Мұны аз десеңіз, Ғани Бейсембаев басқаратын оқу-ағарту министрлігі «Тәрбие бесігі», «Балақайлар мектебі», «Ауыл мектебі – сапа алаңы», «Цифрлық ұстаз», «Біртұтас тәрбие», «Адал азамат», «Тілге бойлау», «Мақсатты мектеп» сияқты бағдарлама-жобалар жасаған. Мұның соңғысына мұғалімдер қарсы шығып, 1 200-ден аса педагог қол қойып, президентке ашық хат жолдаған.
Мамандар министрлікке мұнша көп бағдарлама не үшін керек екенін түсінбейді. Саны көп, сапасы аз жүйесіз жобалар педагогтарға басы артық жұмыс пен жауапкершілік жүктеп, олардың негізгі жұмысы – білім беру екінші қатарға түсіп қалып отыр. Кез келген салада мемлекеттік бағдарлама жасап, саланы қағазбастылық пен бюрократияға көміп тастау қазақ билігінің ежелгі әдеті. Ғылым-білім саласы да сол құйдан шыға алмай жүр.
Жыл сайын жаңа реформа ойлап табатын ел үкіметі оқушыларды мектеппен толық қамтамасыз ете алмай отыр. Министрліктің мәліметінше, елде 7 964 мектеп бар, онда 3,9 миллион бала білім алып жатыр. Яғни әр мектепке 500 баладан келеді. 2024 жылғы есеп бойынша елде 106 мектеп үш ауысымда оқып жатыр. Мұндай мектептер 2018 жылы 127 болған, 6 жылда небәрі 21 мектеп үш ауысымнан құтылған. Демек жұмыс өте баяу жүріп жатыр. Жоғарыда біз сөз еткен реформалардың, бағдарлама-жобалардың бұл проблеманы шешуге еш пайдасы жоқ.
Мейіржан Темірбеков, педагог: Мұғалімдер реформадан әбден шаршады
«Білім саласы реформадан көз ашпайтын болды. Алда алгебра, геометрия пәндерін математика пәніне, физика, химия, биология пәндерін жаратылыстану пәніне, әлем тарихы, құқық негіздері пәндерін әлеуметтік ғылымдар пәніне біріктіруді жоспарлап отыр. Бірақ ол қалай қосылады, қалай беріледі, олардың оқулығы бар ма, мұғалімдер дайын ба, белгісіз. Бұл жоба таңдаған мектептерге ғана енеді деген ақпарат бар. Сонда пәндерді қосқан мектептерге бөлек оқулық, қосылмаған мектептерге бөлек оқулық шығара ма? Осы сұрақтар ашық күйде қалып отыр.
Әр 3-4 жыл сайын бір министр ауысады. Әр министр жақсы көрінгісі келе ме, өзінше бір жаңалық ойлап табады. Оның көбінің соңы популизмге ұласып жатады. Әр басшы ауысқан сайын ананы бір өзгертіп, мынаны бір өзгертіп, мұғалімдерді әбден шаршатты. Реформа көп, қағазбастылық көп, соның көбі сөз жүзінде айтылады, бірақ іс жүзінде орындалмайды. Ауыл мектептерінде материалдық, техникалық база әлі өте төмен деңгейде. Мұның бәрін ретке келтіреміз деген уәдені естіп келе жатқанымызға көп болды. Әр министр ауысқан сайын бірдеңені өзгерткісі келеді, бірақ ретін келтіре алмай, одан әрі қиындатады. Мұғалімдерге жұмыс істеуге мүмкіндік бермейді. Білім беру былай болады, тәрбие беру былай болады деп түрлі жобаны шығара береді. Мұғалім мұнша жүктемемен жүрсе, білім сапасы түспегенде қайтсін».

Айман Сағидолла, педагог: Бейсембаев заңсыз жобаны жүзеге асырып жатыр
«Сағадиев кезінде жаңарған оқу бағдарламасы енді. Бірақ бағдарламаның өзі де, кітаптары да дұрыс емес болатын. Ол білім сапасын жақсартқан жоқ, керісінше, төмен түсіріп жіберді. Әлі күнге дейін сол шикі бағдарламамен жүрміз. Қазіргі министр Бейсембаев келгелі де талай бағдарлама ойлап тапты. Тіпті ненің не болып кеткенін білмей қалдық. Мұғалімдер білім саласында қабылданып жатқан бағдарламалар мен шығып жатқан бұйрықтардың санынан жаңылдық. Бірін енді оқып болғанда, екіншісі шығады. Оның бәрін оқып, бәрін игеру мүмкін емес. Біз бала оқытумен емес, курс қуалап, бағдарлама оқумен айналысып кеттік.
2024 жылы тамызда «Мақсатты мектеп» деген жоба шықты. Өзім зерттеу жүргізіп, бағдарламаға қатысты бірде-бір құжат жоқ екенін байқадым. Бұл 2 мыңға жуық мектепке енген үлкен жоба, бірақ құжаты жоқ. Әділет министрлігінде де тіркелмеген. Тек ауызша тапсырма ғана бар. Яғни заңсыз жоба. Оның заңсыз екенін айтып, президентке дейін ашық хат жаздық. Бірақ ашық хатқа қол қойған ұстаздар қысымға, қудалауға ұшырады. Кейбірі қысымға ұшырағанын айтып, ашық хаттан қолын қайтарып алды. Петиция да жарияладық. Жобаның заңсыз екенін депутат Жұлдыз Сүлейменова да айтқан. Бірақ соған билік тарапынан ешкім назар аудармады. Мемлекеттің барлық саласы заңмен реттелуі керек. Ал министрлік заңда жоқ дүниені енгізіп отыр, мұғалімдердің жанайқайын ешкім елемеді. Заңсыз бағдарлама әлі жүріп жатыр. Неге екенін түсінбедім.
«Жайлы мектеп» жобасының да кемшілігі көп. Мысалы, өздеріңіз де жаздыңыздар, Қаскелең ауданында «Жайлы мектеп» мұғалімдеріне қоқыс тергізіп қойған. Мұғалімінің құқығын қорғай алмаса, заң сақталмаса, жобаның атағы аспандап тұрғаны не керек? Оған сонша қаржы бөліп, әспеттеудің қажеті жоқ шығар деп есептеймін. «Жайлы мектептерге» дұрыс директор да тағайындалмай отыр, бір мектеп басшысын екіншісіне апарып қоя береді. Жаңа, жас мамандар келмесе, мектептің құрылысы жаңарғаннан не өзгереді?»
Премьер-министр Олжас Бектеновтің ресми сайтында жарияланған көлдей мақалада білім саласында іргелі реформалар жасалып жатқаны ғана айтылған. Кемшіліктер жайлы бір ауыз сөз жоқ. Мысалы, былтыр Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі білім саласындағы ұрлық сомасы 15,5 млрд теңгеге жеткенін айтқан. Бұл небәрі 1,5 жылдағы есеп. Үкімет басшысы осынша қаржы қолды болған білім-ғылым саласына қалай оң баға беріп отырғаны белгісіз. Сондай-ақ ауыл мен қала мектептері арасындағы алшақтық, оқу бағдарламаларының ауырлығы сияқты жүйелі проблемалар да шаш-етектен. Мұндайда білім сапасын жақсарту жайлы айтудың өзі артық. «Реформатор» Сәрінжіпов пен Сағадиевке айтылар сын көп. Ал Бейсембаев солардан сабақ алғанның орнына, реформа мен бағдарлама жасауға жылдан-жылға әуестеніп барады.
Қуаныш Қаппас