Реформаторсымақ!
«елбасының» ескі кадры есік сыртында ескерусіз қала ма?
Қазақстанда өткен аптада үлкен ауыс -түйіс болды. Әрине, бұл алдын ала болжанған әрекет. Президент жаңа жылдан кейін үкіметте ішінара өзгертулер болатынын да айтқан. Міне,енді,мемлекет басшысының айтқандары жүзеге аса бастады. Бірқатар министрлер ауысты. Бұрынғылардың орнына жас министрлер келді. Ең үлкен жаңалық, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қайрат Нематұлы Келімбетов «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы лауазымынан босатылды.
Мұны кезекті ауыс-түйістің бірі деп те мән бермей қоюға болар еді. Бірақ Қайрат Келімбетовтің қызметтен кетуі назар аударарлық мәселе. Біздің бұлай деуіміз бекер емес. Соңғы 30 жылдан бері Назарбаев жүйесімен біте қайнасып келе жатқан Келімбетов неге қызметінен кетті? Мұның астарында не жатыр? Тіпті. «Астана» халықаралық қаржы орталығын 2015 жылдан бері басқарып келе жатқан белді шенеунік кімге ұнамай қалды? Бұл сауалдың қойылуы да заңды. Бірақ бір нәрсе айқын: өмір бойы аттан түспей, Қазақстанның қаржы және экономика саласын басқарып келе жатқан Қайрат Нематұлының тұсында «ұлттың ұпайы түгенделді» деп кесіп-пішіп айта алмаймыз.
Ол Назарбаевтың сүйікті шенеунігі, Назарбаев жүйесінің сүйкімді қаржыгер-экономисі болды. Әрқашан «біріншінің» көңілінен шыққан Келімбетовтің істері бірақ ілкімді бола алды ма? Мәселе сонда. «Қазақстан Орта Азияның барысына айналады» деп ол «Ұлт көшбасшысын» сендіріп бақты. Келімбетов Қазақстанды Сингапурге теңеді. Бірақ барыс та, Сингапур де бола алмадық. Оның көп бағдарламаларын кейбір сарапшылар реформаторлық әрекетке теңейді. Қайрат Келімбетов биліктегі топтардың бизнесінің ыңғайына қарай да жұмыс істеді. Назарбаевтың және оның кландық топтарының сүйіктісіне айналуының бір сыры да осында жатса керек.
Сөзіміз жалаң болмас үшін бір мысалды тілге тиек етейік. Bloomberg-ке берген сұхбатында ол «Қазақстан дәл қазіргі уақта Орта Азияның Сингапуры болып саналады. Біздің экономика кез келген түлей дауылға төтеп беретін әлеуетке ие, КСРО-ның шекпенінен шыққан кез келген елді бәсекеге келгенде басып озамыз», дегені бар. Бірақ оның пікірі алайда шынайы болып шықты ма? Жоғары пафоста сөйлегенді жаны қалайтын Келімбетовтің әрекеттері Назарбаевтың көңілінен шықты. Тіпті, ол бұрынғы мемлекет басшысын ел астанасының таяу арада халықаралық қаржы хабына айналып, күллі инвесторлардың Астанаға ағылатынын да айтып сендірген. Енді сұрақ: Астанаға бүкіл әлемнің инвесторлары ағылды ма? Келімбетов айтқан «Астана» халықаралық қаржы орталығында не болып жатқанынан халық хабарсыз қалды. Қарапайым халық түгілі, сарапшылардың өзі Астана халықаралық қаржы орталығының қаншалықты Қазақстанға пайда әкеліп отырғанын да айтып бере алмайды. Бірақ ең бір қызығы, жұмысы аса жариялылық жағдайында емес бұл орталықтың негізін салушы ретінде тағы да Келімбетовтің аты аталады. Барлық іс-қағаздары тек қана орыс және ағылшын тілінде жүретін бұл орталықта қазақтың тілі олқы соғып тұр. Түркітанушы, жазушы Немат Келімбетовтің ұлы Қайрат, сөйтіп, бұл орталықта мемлекеттік тілдің мерейін үстем ете алған жоқ. «Реформатор» деген атпен қоса, Келімбетовты кейбір сарапшылар тіпті «жаңа заманның менеджері» деп те атағаны мәлім. «Жаңа заманның менеджері» алайда Қазақстанды қарыштап алға дамыта алған жоқ. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітіріп, Вашингтондағы Джорджтаун жоғары оқу орнында тәлім алған оның қызметте жолы болды. Мұның бәрі сенімге кіргендіктен болар. Әйтпесе, Келімбетовтің бастаған реформаторлық ісінің барлығы аяғына дейін жеткен жоқ. Орта жолдан үзіліп қала берді. Ол әртүрлі стратегиялық бағдарламаларды жүзеге асыруды дағдыға айналдырды. 1996 жылдан Президент жанынан Стратегиялық жоспарлау агенттігінде қызмет етті. «Қазақстан-2030» стратегиялық жоспарын әзірлеуге атсалысты. Стратегиялық жоспарлау агенттігінің бастығы болды.
Қаржы министрінің орынбасары, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі, Ұлттық банк, «Самұрық-Қазына» сияқты алып құрылымдарды басқарған Келімбетов дәуірі енді келмеске кетті десе де болады. Келімбетов экономиканы диверсификациялаудың, қаржы саласын реформалаудың, инновациялық технологияларды дамыту, кластерлік жүйе қалыптастыру, нанотехнологияларға басымдық беруге қатысты жобалардың түр-түрін ұсынды. Бірақ «түрлі-түрлі жобалар» экономикаға тың серпіліс берді ме? Басым көпшілігі аяқсыз қалды. Тіпті, бір жылдары Келімбетовтің бастамасымен «30 корпоративтің көшбасшы» бағдарламасы ұсынылды. Оның ұсынысымен Қазақстанды дамыған 30 елдің қатарына кіргізу жобасы жасалды. Аты дүркіреген бұл жобалар жемісін бермей, тағы да аяқсыз қалды. Келімбетов «Самұрық-Қазына» қорын басқарған тұста да түрлі жобаларға қыруар ақша бөлінді. Бірақ бәрі жемісін берді деп айта алмаймыз. Қаржы, экономика және қазынаға қатысты саланың бәрін басқарған Келімбетов алайда бір ғана қызметке келе алған жоқ. Ол премьер-министрлікке бір табан жақындап барып қана қайтты. Тіпті, Президент әкімшілігін де басқарған Келімбетов Назарбаев жүйесінің тұсында қызметтегі майлы жіліктің басын мүжіді. Өте жоғары жалақылық лауазымда жүрді.
Назарбаев жүйесі ауысып, президенттікке Тоқаев келген тұста ол Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы қызметіне келді. Ол тағы да реформалар ұсынды. Бірақ ол жобалар жарамды ма? Дәл қазір Қазақстан үкіметі осы 10 жобамен жұмыс істеп жатыр. Ол – «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы, «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы, «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы, «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінентехнологиялық серпіліс» ұлттық жобасы, Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы, «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасы, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы, Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жоба. «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы. Бәрі де ұлттық деп аталады. Алайда «бұл он жоба осыдан екі жыл бұрын жасалған Ресей үкіметінің көшірмесі» деп Келімбетовтің «стратегиялық жоспарына» күмән келтірушілер де болды. Бірақ істің мәні нәтижеде ғой.
Сөйтіп, жүзеге асып жатқан мемлекеттік бағдарламалардан тыс ұлттық он жоба жасаған Келімбетовтің өзі, ақырында, қызметтен қош айтысты.
Жалпы, базбір сарапшылар Қайрат Келімбетовтің аса қымбат тұратын мемлекеттік бағдарламалар, ұлттық жоспар мен ұлттық жобалар жасаудың асқан шебері екенін айтады. Кезінде дүркіреген «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам»
жобасының бастауында да Келімбетов тұрғаны жасырын емес. Ал сөйткен «100 нақты қадам» ұлттық жоспарының қаншасы орындалды, біз 100 нақты қадамға қаншалықты адымдап, жақындай алдық? Жалпы, реформатор ұлдың жобалары ұлтқа ұтымды болып шықты ма? Біз жоспарсыз жасалатын жобалардан шаршадық.
Қазына мен қаржының, экономиканың құлағын ұстаған Келімбетов енді қайда баруы мүмкін? Оны қандай лауазым күтіп тұр? Реформатор жігітті президент Тоқаев Еуразиялық экономикалық Одаққа қарай ығыстырып жіберуі мүмкін бе? Мүмкін, Назарбаевтың ескі кадры есіктің сыртында ескерусіз қала ма? Уақыт көрсетер. Десек те...
Қайраттың әкесі жазушы, түрколог-ғалым Немат Келімбетовтәң «Ұлыма хат» атты эссе-повесінде мынандай ұлағатты сөз бар:
«Өмір сүргің келсе – өз бетіңмен тіршілік етуді қазірден бастап үйрен. Өмір аспанында өз қанатымен ұша алатын қыран екеніңді балапан кезіңде көрсет. Мен сені сақалың шыққанша сүйрей бермеймін. Жетелеген ит ауға жарамайды. Өз әрекетіңді өзің жаса».
...Қызметтен кеткен Келімбетов енді өз әрекетін жасар.