Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:51, 15 Желтоқсан 2022

Ресей Қазақстанға шапқыншылық жасай алмайды

None
None

Ресейді бүгінгідей авторитарлы агресшіл соғысқұмар мемлекетке  айналдырған Путиннің билікқұмарлығы ғана емес, Ресей халқының  империалистік, шовинистік санасы.

Бұндай санаға қауіп демократия мен  көршілес (кеңес одағынан бөлініп шыққан) республикалардың күшті ұлттық  мемлекет құруынан келеді. Путиннің кеңес одағынан тәуелсіздік алған республикалардың орыс тілді мемлекет болуына ықпал етуі, үнемі өзін аға ретінде көрсете білуі – орыс халқының шовинистік идеясын белгілі деңгейде қанағаттандырып келді. 

Ресейдің империалистік шовинистік идеясының құнарлы топырағы орыс  ұлтшылдығы. Бұның айқын көрінісі – Путин ұрандататын «орыс әлемі»  концепциясы. Украиналықтар орыспен түбі бір славян текті туыс халық.  Бірақ украиналықтар туыстықты емес, демократиялық даму жолын талдады.   Кешегі кеңес одағының қолтығынан шыққан бауырлас ұлттың бұлайша  «орыс әлемі» шеңберінен шығуы Путин ұлтшылдығының қызыл сызығынан  шығып кеткендік еді. Бұндай қызыл сызықты таптау «орыс әлемі»  ұғымының берекесін кетіреді. Путин беделін түсіреді. Путин Украина  халқын демократия үшін ұлт ретінде ұйыса алады деп ойлаған жоқ. Біз қазір  ресей-украина соғыс жағдайынан украина халқының ұлт ретінде ұйыcып,  жұдырықтай жұмылғанын көріп отырмыз. Соғыста тек әскери-техникалық  күш-қуат шешуші фактор болып қана қоймай, соғысу рухы өте күшті фактор   екендігін тарихтағы «совет-ауған» соғысымен «америка-вьетнам» соғысы да   дәлелдеген. Бұл соғыс та дәлелдеп жатыр.

Біз ресейді келісім, заңдық құжаттарға халықаралық қағидаттарға  бойұсынады немесе Ресей Қазақстанды соғыс ашып, басып алудың қажеті  жоқ деп санайды деген қисынмен Ресей шапқыншылығының қаупін жоққа  шығара алмаймыз. Егер Ресейдің Қазақстанға соғыс ашсақ ойлаған  мақсатымызға жетеміз деген берік сенім болса, соғыс баяғыда басталар еді.  Өйткені Ресейдің Қазақстанға қарсы соғыс ашуға сылтау табуы өте оңай.  Қазақстанның ішіндегі сепаратистерге ту көтерткізеді. Оны астыртын өз  қолдарымен қанға бөктіреді. Орыстар өліп жатыр деп ұран салады. Бұндай  сценарийді ойнау – Ресей үшін өте өңай. Онда Ресей неге Қазақстанға  шапқыншылық жасамайды?  

Біріншіден, Ресей шапқыншылық соғыс ашса, Қазақ халқының жұдырықтай  жұмылып, жасаған жанкешті сұрапыл, қайтпас қарсылығына тап болады.  Ресей мен Қазақстанның әскери қуатын салыстырып, сөз шығындаудың  қажеті жоқ. Жиырма бірінші ғасырда әлем мойындаған бір тәуелсіз елді бір  елдің қарулы шапқыншылық жасап, егемендігінен мәңгілікке айырып,   федерация субъектісіне айналдырып алуы мүмкін емес. Әсіресе капиталистік  демократиялық билік жүйесінің қаңқасы жұмыс жасайтын елдер үшін тіпті  мүмкін емес. Ресей Қазақстанның орыстанған облыстарын оңай басып ала  алады. Қажет деп тапса, Астанаға дейін әскер кіргізе алады. Алайда тек «Қырым сценарийін» ғана қайталай алады. Ресей қазіргі украинаға  шапқыншылық жасау соғысында қырық елу шақырымға созылған әскери  колониясын Киевке тақап қойып, еш себеп айтпастан шегіндіріп әкетті. Олар  Киевті басып алатын еді. Бірақ Киевті ұстап тұра алмайтындығын түсінді.  Бұны түсіндірген украина халқының ұлт ретінде жұмылып, жан аямай қарсы  тұратындығын Ресейдің көзімен көруі болды. Бір елді әскери режимде ұзақ  уақыт күшпен басып ұстап тұру мүмкін емес. Басып алған жеріне отаршылар  өз адамын, қуыршақ билігін тағайындау арқылы билік жүргізетін  отаршылдық дәуір келмеске кеткен. Күні ертең сайлау болады. Халық  соғыссыз-ақ өз күшін көрсетеді. Таңдауын жасайды. Шапқыншылардың  адам қанын сорғалатып отырып, басып алған тірлігі бір оқ атылмай, селге  кетеді. Бұл уақыт еншісіндегі ғана жұмыс. Ресей осыны Киев түбінде тұрып  анық түсінді. Орыстарды ақылмен түсіну мүмкін емес, амалсыз ақылға келді. Ресей Қазақстанға шапқыншылық жасаса, Қазақстан халқының сексен пайыздан астамын ұстайтын қазақ халқы қазақтың тәуелсіздігі, жерінің тұтастығы деп бір тудың астына жиналады. Жұдырықтай жұмылып, бір сүйем жер үшін қасықтай қаны қалғанша соғысады. Көп адамның ойында орыстанған қазақтар қазақтың тәуелсіздігі деген аттанға қосыла ма деген күдік бары белгілі. Отыз жыл ұрандатқан тәуелсіз ел ұғымы әр қазақтың жүрегінің түпкірінде ұйықтап жатыр. Ол сын сағатта оянады. Күшін көрсетеді. Бұған күмән болмасын. Мен балалары орысша оқитын, қазақша білмейтін ата-аналарға үнемі эксперимент жасаймын. Мен оларға: «Балаларыңызды дұрыс тәрбиелепсіз, қазақ тілінің не керегі бар. Ғылымның, мәдениеттің тілі емес. Қазақ тілінің қамын ойлайды деген жоғарғы биліктегілердің дені орысша сөйлейді. Мүмкін болса, болашақта Ресейге қосыла салармыз», – деп айтамын. Сонда олар Ресейге қосылу туралы сөзімді естігенде бірден қарсы шығады. Өздерінің орысша сөйлеуінің себептерін айтып, ақтала бастайды. Қазақша сөйлеуіміз қажет деп табанда өзгеріп шыға келеді. Алматы қаласы №46 гимназия мектебі таза орыс тілді мектеп. Мектепте 1400-ден астам оқушы бар. Жетпіс пайызы қазақтар. Олар бір ауыз қазақша білмейді. Сосын оларға қай ұлтсың десең, қазақпыз (руын ұқпайды) дейді. Қазақша білмесең, қалай ұялмай қазақпыз дейсіңдер десең, олар қазақпыз деген сөзінен танбайды. Мүмкін бұлар орыстармен дос болуды, түрлі одақта болуды қолдайтын шығар. Бірақ бұлар орыстардың Қазақстанды басып алуын мүлдем қолдамайды. Оның жан дүниесінде жасырынып тұрған, өздері де өшіре алмайтын тәуелсіздік сыйлаған «Қазақпыз» деген сана жол қоймайды. Біздің орыс тілді билік қажет болса тәуелсіздігімізді аспен де  таспен де қорғаймыз дейтінінің бір себебі де осында жатыр. Шапқыншылық соғыс – қазақтың ұлттық рухын оятады. Қазақ тарихтан бермен соғыста жұдырықтай жұмылған, Отанын қанмен қорғай білген батыр ұлт. Қазақ бір көтерілсе, ештеңеден қайтпайтын, өлермен, қаһарман ұлт. Бұл күштің қуатын Құдай басқа салмасын, өлшеу мүмкін емес.  

Екіншіден,  бұндай соғысты болдырмауға бірден тез аяқтатуға Қытай елі  мүдделі. Қытайға қазір Қазақстан тәуелсіз мемлекет болып тұруы қажет. Бұл оның экономикалық экспансия жасауына қолайлы. Қытай Ресейдің Орталық  Азияда ықпалының күшейуіне іштей қатты қарсы. Бұндай соғыс Қытайдың Қазақстанмен жасалған келісімдеріне, халықаралық міндеттемелеріне қайшы. Қытайдың адамзаттың тағдырлас ортақ тұлғасын құру сынды ірі елдік концепциясына қайшы. Қытайдың Қазақстанның тұтастығы үшін, әділеттілік үшін нақтылы әрекет жасауы – Ұйғыр мәселесімен әлемдік қауымдастық алдында төгілген беделін қайта тіктеуге мүмкіндік береді. Орайын тауып дос болу, сол арқылы жұмсақ күшпен жаулап алу  – Қытайдың ұлттық менталитеті. Қазір Қытай елі Қазақстан билігімен дос. Бірақ Қазақстан халқының көңілін таба алмай отыр. Ресейдің шапқыншылық соғысы Қытайдың Қазақ халқымен дос болуына тамаша орай әкеледі. Көріністе әділеттіліктің ақ туын көтеріп, көмескіде жеке мүддесінің есебін соғатын Қытай еліне соғысқа араласудан басқа тиімді жол жоқ. Сондықтан Қытай бірден соғысқа араласады. Ресейді тосады. Азияда, әлемде қазір Ресейді тоса алатын бірден-бір ел – Қытай ғана. Қытай мұндай орайды жібермейді. 

  Үшіншіден,  Қазақстан мен Ресей арасындағы соғыс ұлттық діни сипат  алады. Демократиялық күш, ұлттық күш, діни күштердің коалициясы соғыс  салады. Тұран еріктілері, Ислам еріктілері соғысқа бел шешіп кіріседі. Біз  қазір бетпе-бет әскери қақтығысқа бармаса да орыс-украин соғысынан тек  демократия үшін әділеттіліктің ақ туын көтерген күштің қуатын көріп  отырмыз. Қазақстанға жасалған бұндай шапқыншылық соғыс – тарихта   орысқа отар болғанда көптеген миллион адамы репрессияға ұшырап, жазықсыз қырылған елдердің тарихи кегін тұтандырады. Бұл кек ашыққа шықса, алапат күшке айналады. Тәуелсіздік үшін күрес  – кек қайтару күресіне айналады. Соғыс бір сәтке тоқтамайды, ұзаққа созылады. Әділеттілік пен әділетсіздік сайысады. Рух сынға түседі. Барған сайын күшейеді. Бүгінгі дүниенің басты ағысы  – демократия. Оған ешқандай күш тосқауыл бола алмайды.   

Төртіншіден, Ресейдің Қазақстанға соғыс аша алмайтындығының ең басты себебі: Бұл соғыс түбі бір бүкіл түркілердің бірігуіне әкеледі. Қазақстанға жасалған соғыс Орталық Азиядағы түркітектес мемлекеттердің  тәуелсіздігіне қарсы жасалған соғыс болады. Соғыста Қазақстан жеңіліп,  жерінен айрылса, бұл басқа түркітектес мемлекеттердің тәуелсіздігінің мәнін  кетіреді. Сондықтан Түркі рухы оянады. Шапқыншылық соғыс ұзаққа  созылады. Соғыс ұзарған сайын – түркі рухы күшейеді. Бұл түбі бір түркі  халқын саяси элиталарының бас болуында бірігуіне әкеледі. Бұған Түркия  билігі мен халқы тас-түйін даяр отыр. Бұндай орай мен тенденцияны әр қашан күтіп отыр деуге болады. Соғыстың салдары қазір негізі қаланған  түркі ұйымын түркі одағына (тұран одағы) айландырады. Түркілердің  интеграциялануы әлемде «түркі әлемін» қалыптастырады. Түркілердің   мұндай дәрежеде бірігу – «орыс әлемі» мен аспан асты елміз деп айбар шегіп,   қан шығармай жаулап алуды көздейтін «қытай арманының» көк тиындық  құнын қалдырмайды. Ресей мүйіз сұраймын деп құлағынан айырылған тоқал ешкінің кебін киеді. Бұны Ресей өте жақсы түсінеді. Енді, тіпті өзіне сенер күші де қалмады. Айбарынан айырылды. 

   «Біздің елде тыныштық бар, соғыстан да қауіпті»  деген сөз бар. Мен айтар  едім: «Бір достық бар жауыздықтан да қауіпті» деп. Бүгінгі күні қазақтың  тәуелсіздігінің түбіне соғыс емес, тыныштық пен достық жетеді деп  ойлаймын.

Қазір Ресейге ең тиімдісі – құр сөз, дөң айбатпен қорқытып, қалтыратып дос етіп, уысында ұстау. Сондықтан да Ресей Федерациясы Қазақстанға қарап айбар шеккенін қоймайды. Күшейтеді. Қарсы шығып, шектен шығайын десең, достықты көлденең тартады. Қалай да болмасын бүгінгі Ресейдің құлдырау, ыдырау, жойылу процесі басталды. Бұл уақыттың ғана еншісінде. Өйткені демократияның ғұмыры Путиннің ғұмырынан ұзақ. 

     «Бейбітшілікті қаласаң, соғысқа даярлан» деген сөз бар. Біз әскери  әлеуетімізді үздіксіз арттыруымыз керек. Біз ресейдің әрбір қит еткен  агрессияға толы мәлімдемесінен асып түсіп, қарсылық көрсетуіміз керек. Біз ақпараттық соғыс алаңында халық болып ұйысып, оянуымыз керек. 

Тегтер: