Ресейде кейінге шегерілген Жеңіс күніне арналған әскери парад 24 маусымда өтеді
Ресей президенті Владимир Путин қорғаныс министрі Сергей Шойгуға Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына 75 жыл толуына орай ұйымдастырылатын Жеңіс парадына дайындықты бастауды тапсырды.
Әскери парад 24 маусымда өтеді.
Президенттің айтуынша, "Мәңгілік полк" шеруі және дәстүрлі әскери-теңіз парады 26 шілдеде өтуі тиіс. Егер эпидемия қаупі сейілмесе, шеру тағы бір айға шегерілуі мүмкін.
1945 жылы 24 маусымда Мәскеуде Қызыл алаңда ірі парад өтіп, оған маршал Георгий Жуков қатысқан. Әскерге маршал Константин Рокоссовский жетекшілік еткен.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter желісінде сейсенбі күні Путинмен телефон арқылы сөйлескенін және ресейлік әріптесінің оны Жеңіс парадын тамашалауға шақырғанын жазды. Тоқаев алғыс айтып, шақыруды қабылдаған.
- "Мәңгілік полк" шеруі мамыр айында коронавирус инфекциясына байланысты өтпей қалды.
- Биылғы парадқа 15 мың адам және 400 әскери техника қатысуы тиіс болған. Ресей билігі әуелі шараның кейінге шегерілгенін жоққа шығарған. Қорғаныс министрлігі әскери парадты көрерменсіз өткізу мүмкіндігін қарастырған.
- 9 мамырда Минскіде әскери парад өткен. Беларусь президенті Александр Лукашенко сол кезде "Қорытынды жасауға асықпаңыздар, бізді — Жеңіс мұрагерлерін, беларусьтерді айыптауға асықпаңыздар. Бізде басқа жол болмады" деген еді. Ресейдің мемлекеттік арналары шара туралы ақпарат таратпады.