Ресейден шұбырып көш келеді...

Қазақстанға қазір ресейліктердің өзі ғана емес, солармен бірге ресейлік шағын және орта бизнес жаппай көшіп келіп жатыр.
Көбі шетелдің клиенттері болғандықтан, Ресейге олармен есеп айырылысу мүмкін емес болды, жарнаманың негізгі құралы Инстаграм сияқты әлеуметтік желілер де Ресейде бұғатталған. Бірақ Ресей бизнесінің бір қауіпті тұсы, бизнеспен бірге Қазақстанға Ресейдің коррупциясы импортталуы мүмкін, деп дабыл қағады құқықтанушы Еркін Шерім.
Ол мынадай дәйектер келтіреді: Ресейде 2021 жылдың қорытындысы бойынша, 10 мың рубльден төмен сомада пара үшін сотталғандар саны 2020 жылмен салыстырғанда 40 пайызға өсіп, 1816 адамды құраған. Бұл тек ұсталғандары мен сотталғандары. Ресейдегі мемлекеттік сатып алуда «откаттың» орташа көлемі 22,5%. Бұл ресейлік компаниялар арасында жүргізілген анонимді сауалнаманың нәтижесі. Ресейдегі 2021 жылы сыбайлас жемкорлық қылмыстары өткен жылмен салыстырғанда 16,5 пайызға көбейген, мемлекетке келтірген залал 39,4 миллиард рубльді құрапты.Бұрынғы кеңестік елдер арасында ең коррупцияға батқан мемлекет Түркіменстан. Ол әлемдік рейтингте 169 орында. 150-ші орында Тәжікстан, 144-орында Қырғызстан, 140-орында Өзбекстан, 128-орында Әзербайжан. Украина 122-орында, Молдова 105-орында. 102-орында Қазақстан, 82-орында Беларусь. Армения 58-орында, Грузия 45-орында.Ал Ресей қайда дейсіз бе? Ресей 2021 жылдың қорытындысы бойынша, 136-орында. Мали, Либерия және Ангола деген елдермен қатар тұр.
— Қысқасы, ресейлік кәсіпкерлер қаптаған екен, Қазақстанның мемлекеттік органдарына сақ болу керек. Көзім жеткен бір нәрсені айтайын, Ресейде Қазақстанмен салыстырғанда анықталған сыбайлас жемқорлық қылмыстарын «бармақ басты, көз қыстымен» жабу әлдеқайда жиірек кездеседі. Әсіресе қылмыс ірі болған сайын, істі жабуға деген құлық жоғары. Ресейдегі тұрмыстық жемқорлық Қазақстанмен салыстырғанда терең және тұрақты сипатқа ие. Ресейде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлері, учаскелік полицейлер сияқты ұсақ-түйек деңгейлердің бәрінде жаппай парақорлық белең алған, – дейді Еркін Шерім.