Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:16, 26 Қараша 2021

Ресейдің қорлығын кім көрмеді?

None
None

«Мен Ресейдің болашағына үлкен үреймен қараймын. Өйткені бұл бағыттағы мәселелер шешілмеді, шешілетін түрі де байқалмайды.

Ресейді алда үлкен, ауыр соғыстар күтіп тұр», – деген екен ресейлік тарихшы, режиссер Александр Сокуров.

       Оның осыдан 13 жыл бұрын айтып кеткен болжамынша, Ресейдің оңтүстігінде Украинамен соғыс күтіп тұр. Айтқаны айдай келді. 2014 жылдың күзінде Украина жерінде қарулы қақтығыс болды. Ресейдің Украинамен соғысы әлі аяқталған жоқ, осы қыста Путин Украинаны өзінің саяси орбитасына толық қайтару үшін соғыс ашып, ашық жаулауға тағы кіріседі, деп шулап жатыр қазір әлемдік БАҚ.

      – Украинадан кейін Қазақстанмен қақтығыс болуы бек мүмкін. Өйткені қазақ билігі кезінде қазақтарды Ресейдің қырып-жойғанын халықаралық дәрежеде мойындатуға тырысады әлі. Украина да өз жерінде қолдан ұйымдастырылған аштыққа қатысты қайта-қайта жаңа құжаттарды жария қылуда. Латыштардың, якут, черкестердің геноциді бар. Біздің билік башқұртқа зиян жасады, ноғайға, татарға қорлық көрсетті. Ресейдің православ діндарлары соның бәрін қолдады. Адамдардың санасы солай қарай ойысып барады, кезінде кеткен есесін түгендетуге. Оны бағамдап, байыптайтын Ресей жоқ. Ресей Кавказдағы соғыстарда ақылға сыймайтын әрекеттерге барды. Өзге ұлттарды қынадай қырдық. Кей халықтар жүздеген мың адамдарынан айырылды. Оны ұмыту, тарихтан, санадан сызып тастау мүмкін емес. Оның бәрін Ресейдің жауынгерлері, қолбасшыларының соғыстағы жетістіктері деп салтанатты түрде өзіміз тарихта қалдырып қойдық. Орыс армиясы императорға келіп, мақтанды ғой, талай жетістігін тізіп.

       Тарихқа көз салсақ, бөтен жерлерді жаулау кезеңінде Ресей черкес, ноғай, қырым татарлары, башқұрт, якут, татар, латыш, даур, ителмен, манси, чукча, коряк, алеут, эскимостардың 50-90 пайыз халқын өлтірді. Бұл сұмдықты «Сібірді қосып алу» немесе «Еуропаға есік ашу» саясаты деп, екіжүзділікпен ақтап алмақ болды.

      Қазақтар деген, тіптен, бөлек тақырып. Алдымен, түркілерге моңғол-жоңғарды айдап салды. Екі халықты да солай әлсіретіп алып, оны Қытай Манчжуриясымен бөліске салды. Ресей жауламай тұрғанда, қазақтар саны ең көп түркі халқы болатын. ХVІІІ-ХХ ғасырларда жүздеген ереуіл-бүлік, жоспарланған аштық-геноцид, Қазақстанға өзге ұлт өкілдерін үйіп-төгіп, аямай ассимиляция жасалған соң, қазақ өзі өз жерінде саны аз ұлт болып қалды.

       Енді соның барлығын саралап, қарап отырсаңыз, Ресей қазір жан-жағы түгел дау, түгел жау болатын қақтығыс аумағында қоршауда қалып тұр. Ресей Еуропамен енді ешқашан жақсы қарым-қатынаста болмайтынын бәріміз жақсы түсініп отырмыз. НАТО Ресейге қарай тереңдеп жылжи береді. Оған беретін жауабымыз белгілі. Бірақ жаңағы өз ішіміздегі қансыраған ауыр жаралар Ресей мемлекетінің тағдыры мен біздің өмірімізге үлкен қауіп екенін түсінуіміз керек. Ресей кез келген уақытта, бірнеше жылдардан кейін төбесіне тас құлайын деп тұрған жағдайда. Сол себепті орыс интеллектуалдары мен мемлекеттік ұлдар үлкен бір жүйелі стратегиялық қамға көшіп, соған күш салу керек, сол сұмдықтың алдын алу үшін… Ресей тұяғын кеш сермеп қалмас үшін… Ресейге енді кешігуге болмайды. Ресейде геосаясат жоқ, өйткені бізді сыртқы әлеммен байланыстыратын түк те жоқ. Ресейдің Еуропа немесе басқа әлеммен үндес келетін мәселесі жоқ. Ресейдің бар қайғысы да, бас қайғысы да – көрші елдері мен олардың ішкі мәселелері, – деген екен ол.

Тегтер: