Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:49, 18 Шілде 2023

Ресейдің салпыншағы, әуежай ісі, қос бүлдіршіннің өлімі және жаңа заңдар

None
None

Өткен аптаның басты жаңалығы – судья Кәкімжановтың қазақтың бес азаматына шығарған үкімі.

Бұл нәтижесін қоғам күткен іс болатын. Бас прокурор мәжілісте сөйлеген сөзінде кінәсіздік презумпциясын бұза отырып,  Әйгерім мен Қаласты терроршы деп айыптап та үлгерген. Сөйтіп, оларды соттап тынатындарын танытқан.

Әйгерім мен Қаластар әуежайда 19 минут қана болған

Ал Әйгерім, Қаластар әуежайды қалайша «басып алмақшы» болған? 3 қаңтар күні бұл екеуі де, басқа бір митингке қатысқандары үшін ұсталып, он бес тәулікке қамалады. Ал 5 қаңтар күні ойда-жоқта екеуін де босатып қоя береді. Еш себепсіз. Еш бір соттың шешімінсіз-ақ. Елде не болып жатқанынан беймәлім, жақын-таныспен хабарласып, жағдайды біледі. Әуежайға Ресей әскерін тиеген ұшақтар қонып жатыр дегенді естіп, сонда тартады. Онда жағдайды көріп, білген соң, бар-жоғы он тоғыз минут болып, алаңға келеді. Бар бейнежазбада қолдарында ешқандай да қару-жарақтың, сойылдың болмағаны көрініп тұр. Ешкімді тәртіп бұзуға шақырмаған. Міне, осы он тоғыз минут олар үшін бірнеше жылға айналды. Осы арада қандай бүлік ұйымдастырып үлгереді? Бұларды түрмеден неге босатып қоя берді?  Сот тергеу барысында куәліктердің, кейін белгілі болғандай, қысым жасай отырып алынғанын, яғни жалған екенін де ескермеді. Тергеушілердің бірде-бір дәлел, дәйегі жоқ. Тек жала ғана. Ал куәгерлер өздеріне қысым жасалғанын айтқан соң-ақ, бұл процесс дереу тоқтатылып, қысым жасалғаны туралы тексерілсе керек еді. Демек, судья заңды өрескел бұзды, қылмысқа барды. Бүкіл билік қылмысқа барды. Айта кететін жайт – бұл Кәкімжанов судья бір кездері миллион доллар пара алғаны үшін ұсталған Қорғас кеденінің басшысы, Назарбаевтың оң қолы болған әйгілі Владимир Нидің жиені Василий Ниді босатып жіберген, тағы бір үкімімен әйелін он алты рет пышақтап өлтірген қанқұйлыны екі жылға, еркін жүріп тұратын колонияға қоныс аударта салған сабаз.

Кім әуежайдың күзетін алып тастаған?

Әрине, бұл істің басқаша нәтижемен аяқталатынына ешкім де сенбеген. Өйткені қаңтарда айтылған өтірікті шын қылып дәлелдеу керек еді. Биліктің «сүйелін» қажай беретін, еті тірі азаматтардан артық кім «терроршы» болсын?! Өтірігін ақтайды, белсенділерден құтылады. «Екі қоянды бір оқпен атып алған» сияқты. Оның үстіне, ОДКБ (Ресей) әскерінің заңсыз кіргеніне қатысты істі «жылы жауып» қояды. Жалпы, жұртқа үрей туғызады. Бірақ Ақорда шындықтан осылайша жалтарамын деп, жазылмай қалған жараны одан әрі де асқындырып жібергенін түсінбей отыр. Әлде басқа амалдары қалмаған ба? Жауабы алынбаған маңызды сұрақтар бар. Кім әуежайдағы кәсіпкерлерге 4 қаңтар күні ертең жұмысқа шықпау туралы ескерту жасаған? Кім әуежайдың күзетін алып тастаған? Кім? Қандай мақсатпен? Неге шлагбаумды ашып тастады? Кімді күтті? Полиция қайда болды? Ресей әскері туралы өсекті кім таратты? Ол әскер келесі күні келмеп пе еді? Тергеу неге соны анықтамады? Ал журналист пен мұғалім ешқандай қарусыз-ақ әуежайды басып алатын болса, бұл елдің қорғанысы – әскері, полициясы, басқа да күштік құрылымдарының құны бір тиын емес пе?

Жазушылар президентке хат жолдады

Қазақстан интеллигенциясы (жазушылар) бұл істің нәтижесімен келіспейтіндерін білдіріп, президент Тоқаевқа 42 адам қол қойған,  ашық хат жариялады. «Қаңтар қасіретінен бері бір жылдан атсам уақыт өтсе де, әлі күнге шындық ашылған жоқ. Оқиғаға қатысты әр істе заңсыздық белең алып тұр»  дейді, зиялы қауым өкілдері. «Сіз айтқан «жаңа Қазақстанға» сеніп қалып едік, әлі көре алмай келеміз. Әділдік орнату үшін, қаңтар қасіретіне қатысты сот процестері әділ өтуі керек» дейді қол қойғандар. Бір қызығы, хатқа қол қойғандардың арасында бірде-бір «классик» жоқ. Әдетінше, бұғып қалды.

Қаңтардағы үлкен қылмыс – төрт жасар Айкөркемнің қазасы

Қаңтардағы үлкен қылмыс – төрт жасар Айкөркемнің қазасы. Бұл істі тергеуді билік, түрлі себептермен, бірде тоқтатып, бірде қайта жалғастырып, әйтеуір түлкі бұлаңға салып келеді. Сотқа бір жарым жыл өте барып жетті. Істі қарауды өткен бейсенбі күні Алматы гарнизонының әскери соты  бастады. Алайда сот жабық өтті, бейкүнә марқұмның әкесі мен сол жолы оқ тиіп  жараланған әпкесін «мемлекеттік құпия» ашылып қалуы мүмкін деген желеумен қатыстырған жоқ. Яғни сотты құпия жасап қойған. Ол не құпия? Өздері де білмейді. Өйткені бұл жай сылтау ғана. Айып Арман Жұман атты әскериге тағылып отыр. Оны «билігін асыра пайдаланды» деген баппен соттамақшы. Міне, әуежайдағы жағдайды білмекші болып барған қарапайым азаматтар – терроршы, бейбіт елге оқ атып, үрей туғызғандар, бүлдіршінді өлтіргендер – жай әшейін ғана құзыретін артық пайдаланып қойғандар. Соттың келесі отырысы 26 шілдеде өтеді.

Ал Кәкімжанов үкімін оқып жатқан кезде президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметте Астана қаласына қатысты мәжіліс өткізіп жатты. Көтерілген мәселе –  Астананың коммуналды шаруашылығы, ауыз су, лас су, алданған үлескерлер мәселесі, медициналық қызметтің жетіспеушілігі, балабақша мен мектеп тапшылығы. Астанадағы жылу электр стансасын заңгер, АЭК-ті –  бағалаушы, қалалық су арнасын агроном басқарып отырған көрінеді. Кадр тапшылығы ма, әлде жең ұшынан жалғасқан коррупцияның кесірі ме? Әйтеуір астаналық қаланың проблемасы шаш-етектен.

Ерболат Досаевты доғарысқа жіберу туралы 6 шілдеде жарияланған петицияға 60 мыңнан астам адам қол қойған

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек үшін президент күйіп-пісіп жатқанда, Алматыда әкім Досаевтың өзі «күйіп» жатты.  alash.online  ресурсында Ерболат Досаевты доғарысқа жіберу туралы 6 шілдеде жарияланған петицияға 60 мыңнан астам адам қол қойған. Оның 75%-дан астамы әкімнің кеткенін қалайды. Ерболатты кетіруге білегін сыбана кіріскендердің қатарында, әсіресе Санжар Боқаев белсенді. Алматылықтардың ашуын тудырған – жыл сайын тек орталық көшелердің қайта-қайта жөнделе беретіні, былтырғы жап-жаңа бордюрдің биыл қайтадан ауыстырыла беретіні. Содан сағаттаған кептеліс. Баласы балабақшаға, өзі жұмысқа кешіккендер, содан барып әкімге өшіккендер. Елдің мұнысына Досаев пысқырып та жатқан жоқ. Оның келіп-кетерін тұрғындар шешпейді ғой. Тулайды, шулайды, біраз жерге алқына шауып барып, тоқтайды. Ал бірер күннен соң, петицияға қарсы қол қойғандардың, яғни Досаевты қолдап шыққандардың саны күрт көбейіп кетті. Сөйтсек, оны қолдаушылар Ресей тұрғындары екен.

Әлеуметтік желіде «Невский» қызу талқыланды

Ресей тарабы Ерболат әкімнің кеудесіне «Бейбітшілік пен келісім» ордені деген салпыншақ ілді. Бір кездері қазақ жерін отарлап келгендегідей.  Ол туралы Жансүгіров көшесіндегі Александро Невский шіркеуінің аумағында орыс князі Александр Невскийге ескерткіш ашылған кезде білдік. Ол салтанатқа Досаевтан бөлек, Ресей президентінің көмекшісі, Қазақстанға қатысты басқыншылық пиғылын да білдіріп жүрген Владимир Мединский  қатысты. Путиннің құттықтау сәлемдемесін оқып берді. Яғни Ресей билігі осы іске араласып отыр. Демек, Досаевтың бұл шараға қатысуының саяси мәні, ал бұл шараның саяси астары бар. Империялық саясаттың ұшқыны. Ал орыс православ шіркеуі (РПЦ) Кремльмен тығыз байланысты. Соғысты үгіттейді, оған батасын береді. Онысын Украина мысалынан анық көрдік.   Бастапқыда бұл ескерткіш ашық алаңда, қала аумағында орнатылады деген, бірақ әлеуметтің қарсылығынан қаймықты ма, қала билігі үш рет рұқсат бермепті. Соған қарамастан, шіркеу білгенін істеп отыр. Оның аумағында орнатылған ескерткішке, заң бойынша әкімдік түк те істей алмайды. Ал әлеуметтік желіде «Невский» қызу талқыланды. Әрине, қазақтар қарсы. «Бабамыз Бату ханның етігін сүйген басқағына ескерткіш орнату – біздің биліктің әлжуаздығы» дейді. Православтар үнсіз қалды.

Президент «Заңсыз иемденген активтерді елге қайтару туралы» заңға қол қойды

Енді, ұрланған капитал, дүние мүлік қайта бастайды. Кімге, қайда, қалай қайтады? Ол жағы түсініксіз. Арнайы қор, арнайы комиссия құрылған. Мәжілістегілер күзде толықтырып, өзгертулер енгіземіз дейді. Неге бірден толыққанды Заң шығармаған? Әлде біреулерге күзге дейін мүмкіндік беріп отыр ма? Дегенмен де сеңнің бұзылғанын айта кеткеніміз жөн. Арғы бір аптада президенттің Швейцарияның сыртқы істер министрімен кездескені бар. Оны талай сайттар сан-саққа жүгіртті. «Назарбаев кланын талқандауға бағытталған батыл қадам» деп топшылағандары да жоқ емес. Мүмкін. Өйткені Назарбаев шаңырағы тонап алған байлықтың басым бөлігі осы елдегі Credit Suisse-де қордаланған көрінеді. Швейцария министрі Тоқаевқа сол капитал туралы құнды мәліметтер берген дейді. Банктердің тыныштығы арқылы пайда тауып отырған елдің министрі банк құпиясын қалай ашты екен? Кім білген.

Президент қол қойған тағы бір маңызды заң – «Онлайн платформалар мен онлайн жарнама туралы» заң. Бұл заң онлайн платформалармен байланысты қоғамдық қатынастарды реттейтін болады. Осы мәселеге қатысты қол қойылған екінші бір заң – «Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы». Осы заңдар арқылы билік интернет кеңістігін бақылап отырмақшы. Яғни қазір құзыры жүріп тұрған қылмыстық жауапкершілікпен қатар, желіде жалған ақпарат таратқандар әкімшілк жауапкершілікке тартылатын болады. Енді әркім де аузын аңдап ашып, «лайкты» аңдап басуға мәжбүр.

Қазақстанда тоғыз банк жойылып жатыр

 Бұл – біраз уақыт бұрын лицензиядан айырылып қалған банктер. Яғни жұмыс істеп тұрған банктерге еш қауіп төніп тұрған жоқ. Қарапайым жұртты тонауын жалғастыра берулеріне болады. Ал жойылуы тиіс банктермен бірге тағы не жойылуы мүмкін? Талай құпия бірге кетеді. Ол – елді астыртын «сауып» отырған «ағашкалардың» құпиясы. Ол «батпан құйрықтар» бұл банктердің келмеске кеткенін қалайды. Сондықтан олардың қызметін аударып-төңкеріп тексеріп те жатпас. Ал кімдердің қарыз екенін анықтаса ғой! Талай белгілі фамилияларды естіріміз анық және олардың банк акционерлеріне жақын адамдар болып шығары да ғажап емес. Содан-ақ ол құпияны осы банктермен бірге «өлтіре» салуға мүдделі мықтылар көп.

Түркістанда зорланып, айуандықпен өлтірілген бес жасар сәбидің қазасына соттар да кінәлі

Аптада ел-жұрттың жанын түршіктірген екі бүлдіршін қыздың өлімі. Түркістанда зорланып, айуандықпен өлтірілген бес жасар сәбидің қазасына соттар да кінәлі. Қоғамның түйткіл мәселелерін көтеріп шығатын белсенділерді аямай соттап жататын судьяларды айтам. Олардың кінәсі қылмыс жасады деген анықталып, ұсталғанда белгілі болды. Адам өлтіргені үшін он жыл отырып келген қаныпезер екен. Осы көктемде ішіп алып, ауылдасын балтамен шауып тастамақ болған оны судья босатып қоя берген. Қамаудың қажеті жоқ, бұл қоғамға еш қауіп төндірмейді деп шешкен. Әрине, билік тармақтарындағы жемқорлықты әшкерелеп жатқан жоқ қой, қандай зияны тисін?! Сөйтіп, бес жасар қыздың өліміне себепкер болды. Неге олай? Бәлкім, қылмыскерлердің бір-біріне қаны тартып тұратын болар...

Ал екінші бүлдіршіннің өлімі өгей шешесінің қолынан келді дейді тергеушілер. Сұмдық! Жеті жасар баланы қылқындырып өлтіретіндей ол не істеп қойды екен? Баланы қорғап, мәпелеуі керек адамдар сондай зұлымдыққа барып жатса, қоғамның не болғаны? Кімге сенеміз? Болашақты қалай құрамыз? Болашағымыз бар ма өзі? Әлде, ұрылар тоналған қазынамен бірге шет елге шығарып кетті ме? Олай болса, оны қалай қайтарамыз?

Бұл аптада әлем көз тіккен жаңалық – Вильнюсте жиналған НАТО-ның саммиті болды. Түріктер мен шведтер алдын ала өзара келісіп, Скандинав елінің Альянс қатарына күзде қосылатын мүмкіндігі туды. Бұл жолы Украинаны Солтүстік альянс қатарына қабылдамайтыны белгілі-тін. Зеленский ең болмағанда «бізге ресми шақырту беріңдер» деген ыңғай танытқан. Бірақ ондай шақыртуға қол жеткізе алмаған Украина G-7 елдерінің қолдауын тапты. Олардың әрқайсысы Украинамен екі жақты келісімге отыратын болды. Сонымен бірге Батыс елдері украиндарды саяси тұрғыда, қаржылай және қару-жарақ беру арқылы қолдауын бұл соғыста толық жеңіске жеткенше жалғастыра беретінін тағы бір мәрте мәлімдеді. Яғни кепілдік берді. Жалпы алғанда, Альянстың бұл саммиті Украина үшін табысты өтті деуге болады.

Ертіс орманы» өртеніп жатыр

Аптаның басқа да елеулі жаңалықтарын қысқа қайырсақ – Павлодар облысында «Ертіс орманы» өртеніп жатыр, Жезқазған жылу энерго орталығында тағы да апат, коньяк пен арақ ішімдіктерінің бағасы қымбаттады, «Аманаттың» депутаты Бақытжан Базарбек казиношыл екен, тағы бір «аманат» арқалаған депутат Ғабит Сәтмағамбетовтің G-Park құрылыс компаниясының үлескерлері алданып қалдық дейді, Бауыржан Байбектің әкесіне қарсы қылмыстық іс қозғалды, «дикий Арман» құрған қылмыстық топ мүшелері құрықталып жатыр, ынсапсыз делдалдардың кесірінен көмір орташа 40-45 пайызға қымбаттап кетті, олигархтардың қарамағындағы энерго кешендер тамақ өнеркәсібіндегі кәсіпкерлерге, көпе-көрінеу сылтаумен, электр энергиясын бермей отыр.

Көзге ілінген осындай кіл жағымсыз жаңалықтың арасынан көңілге медет болатындары да бар. Меруерт Жақиянова есімді қызымыз Америкадағы Student Academy Awards (Oscar), былайша айтсақ, Студенттер Оскарының жартылай финалына шықты. Оның релокант Антон Шмаков туралы деректі фильмі UC Berkeley, California журналистика мектебіндегі дипломдық жұмысының аясында түсірілген. Еркін елдерде жүрген қазақтардың қанаты жайылып кететіні бар. Қуантқан тағы бір жасөспірім ұлымыз – Шерхан Арыстан. Ол балалар арасындағы «Витебск» музыка байқауының Гран-приін ұтып алды.

Тегтер: