Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:43, 19 Қараша 2024

Ресейдің бір пұшпағындағы үміт пен күдік шайқасы

Путин
Фото: Жас Алаш коллаж

Украина көптен бері сұрап, ала алмай жүрген рұқсатқа қол жеткізді.

 АҚШ президенті Джо Байден президенттік мерзімінің аяғына таяған сәтте Киевтің сұрауы – баллистикалық-тактикалық АТАСМS зымырандарымен Ресей территориясын атқылауға рұқсат берді. Бұл ақпаратты Байден әкімшілігінің анонимді дереккөздеріне сілтеме жасап, америкалық басылымдар мен телекомпаниялар бірінен соң бірі 17 қарашадан бері тарата бастады.

New York Times, Washington Post газеттері жексенбі күні бұл ақпаратты жұрттан бұрын тарата бастады. Артынан CNN, CBS телекомпаниялары да сүйіншілеп айтып жатты. Анонимді дереккөздердің хабарына қарасақ, Байден бұл рұқсатты Ресейдің Курск облысына Солтүстік Кореяның әскері «көмекке келіп жатқаннан» кейін берген. «Бұл шешім Пхеньян қосымша әскери бөлімдерді Ресейге жібермеу үшін қабылданды. Солтүстік Кореяның лидері Ким Чен Ын әскери бөлімдердің алғашқы легін жібергені қателік болғанын түсінуі керек. Бұл оған қымбатқа түседі» делінген Washington Post таратқан жазбада.

Америкалық бұқаралық ақпарат құралдары таратқан хабарға Украина президенті Владимир Зеленский де елең етті. «Украинаны күшейту, бұл – мен таныстырған жеңіс жоспары. Жоспардың негізгі пункті – біздің әскердің алыс қашықтықты атқылай алуы. Біздің бұған рұқсат алғанымызды көптеген медиа жазып жатыр екен. Бірақ соққыны сөзбен жасамайды. Бұндай істі жарнамаламайды. Зымырандар өздері үшін-ақ сөйлей алады», – деді Зеленский.

Қыркүйектің басында әлемдік БАҚ АҚШ пен Ұлыбритания билігінің Украинаға Ресей жерін ATACMS және Storm Shadow зымырандарымен атқылауына рұқсат беріп, ашық мәлімдеме жасайды деп күткен болатын. Ақ үйдің бұл зымырандарға беретін рұқсатын көбіне аты белгісіз дереккөздері таратып келеді. Қыркүйекте де солай болды. Әлемдік телеарналар мен басылымдар бұл зымырандар Украина әскерінің қолына тисе, соғыс жағдайы біршама өзгерер еді деп талқылап кеткен. Бірақ содан бері үш ай өтті.

Оған дейін 24 сәуір күні АҚШ Украинаға радиусы 300 шақырымға дейін жететін ATACMS зымырандарын жасырын жеткізді деген ақпарат тараған болатын. Сол уақытта Қырымда Украина әскері бірінші рет бұл зымыранды қолданды деп айтып жатты америкалық шенеуніктер мен БАҚ. Бұл зымырандар наурыз айындағы жалпы құны 300 миллион доллар болатын көмек қоржынында болған.

165 шақырымға дейін ұшатын зымырандарды ол уақытта Украина Ресей окупация жасаған аймақтарда ғана пайдалануға рұқсат алған. Сол кезде әскери сарапшылар Украинаның Ресейдің ішкі аймақтарына шабуыл жасауы енді соғыстың беталысын көрсетеді деген. Яғни Украина зымырандарды пайдаланып, Ресейдің қойны-қонышын атқылай бастайды деген. Ол кезде де бұл зымырандарға рұқсат Ресейдің Солтүстік Кореядан алған баллистикалық зымырандарын қолдануы себеп болған. Бұл жолы енді Ким Чен Ынның қаруы емес, адамдары да соғыс өтіне араласып отыр. АҚШ және Ұлыбритания мен Францияның алыс қашықты зымырандарды қолдануға, онымен Ресейдің ішкі аймақтарын атқылауға рұқсат беруінің себебі де осы.

ATACMS (Army Tactical Missile System) – тактикалық-баллистикалық зымырандар. Көбіне HIMARS қондырғылары арқылы қолданылады. Әртүрлі модификацияларының ұшу қашықтығы да әртүрлі. Ең ұзағы 305 шақырымға дейін жетеді. Бұл күнге дейін өздерінің зымырандарымен Ресей жерін атқылауға рұқсат бермей келе жатқанын Вашингтон эскалациядан сақтану деп түсіндірген болатын. CNN сарапшылары АҚШ пен НАТО басшылары Ресей қарсы диверсиямен жауап беруі мүмкін деп ойлайды деген. Әлі де АҚШ-тың сақсынып отырғанын ешкім жоққа шығарған жоқ. Байденнің бұл рұқсаты да «нақты әрі шектеулі болуы мүмкін» дейді. «Бұл символдық шешім. Украинаға көмектесіп жатқанын тағы бір көрсетіп, соғысқа бәс тігу» дейтін дипломаттар да бар. Бұл соғысқа қатысты осылай пікір айтатын саясаткерлер мен дипломаттардың көбі Би-Би-Си сияқты ақпарат айдындарына пікір айтқанда, өздерінің аты-жөндерін жасырғанды қалайтын болып шықты. Сірә, Ресей мен АҚШ тарапына жақпай қаламыз деп ойлайтын болса керек.

Washington Post газетіне берген пікірінде Карнеги қорының сарапшысы Майкл Кофман ATACMS зымырандары украиналықтарға Курск облысының басып алған аумағын қорғауға әжептәуір көмек болады деп есептейді. Би-би-си: «Джо Байден әкімшілігі: Украинаға «Ресей жерінің бір тілімін болашақ келіссөздерге пайдалану үшін ұстап тұруға көмектесеміз» деп жазған», – дейді.

Дональд Трамптың бұрынғы әкімшілігі Украина бойынша арнайы өкілі болған Курт Волкер «осыған дейін ATACMS қолдануға рұқсат бермеуі Ресейден босқа қорқу. Бір жағынан Ресейге де ескерту еді. Украина рұқсат алса, оларға да оңай болмайтынын білулері керек еді» деп пікір білдірген.

Расымен, Ресей бұл зымырандар Украина әскерінің қолына түссе, жағдайдың қалай қарай өзгеретінін білген жоқ деп айта алмаймыз. Солтүстік Кореядан әскери көмекке иек артпайын десе де, жағдайы мұрша бермеген Путин амалсыз Ким Чен Ынмен ымыраласып отыр. Әрі бұған байланысты, «бұл біздің өз шаруамыз, ода шатақтарың болмасын» деп те бір түйген болатын. Бірақ бұл соғыс Путиннің жеке басының есебі болса да, әлемге ортақ проблема болды. Енді Трамптың инагурациясы болғанша, Курск облысын қайтаруға жанталасып отырған Ресей қандай көмекке де мұқтаж болып отыр. Ол үшін ештеңеден тайынбайтыны да белгілі. Украинада Ресейдің бір пұшпағын болашақ келіссөздердің кепілі ретінде ұстап қалуға бар күшін салады.

ATACMS зымырандарына қатысты жаңалықтарға Мәскеудің өзі ләм-мим деп тіл қатпады. Осыған дейін Путин Ресейдің терең қойнауларына зымырандармен шабуылдау НАТО-ның соғысқа араласқанын білдіреді деген болатын. Путиннің логикасы бойынша бұл зымырандарды пайдалану үшін спутниктер керек. Ал Украинаның өз спутниктері жоқ, сондықтан НАТО-ның спутниктары арқылы навигация жасалады. Путиннің бұл сөзінен НАТО да, АҚШ билігі де аяқ тартады. Кей сарапшылар сондықтан бұл зымырандармен Ресей жерін атқылауға рұқсат беру соғыс мәселесін бір жола шешпейді деп отыр.

CNN сарапшысы АҚШ Украинаға соғыс жағдайын өзгертердей көп зымыран бермейді деп есептейді. Бұл сөзді Барак Обаманың кезінде АҚШ-тың қорғаныс министрлігінде Ресей мен Украинаға қарым-қатынасына жетекшілік еткен Эвелин Фаркас та қайталаған. «Ең негізгі мәселе қанша зымыран беріледі? Біздің білетініміз, Пентагон АҚШ Украинаға соншалықты көп зымыран бере алмайтынын ескерткен» дейді Фаркас.

Әскери сарапшылардың айтқаны украиналықтарға да жаңалық емес. Украинаның қауіпсіздік орталығының басшысы Сергей Кузан: «Иә, соғыстың беталысын өзгертпейді. Бірақ біздің күшімізді теңестіреді деп ойлаймын» деген. Қазір Курск облысындағы Украина әскері Ресей мен Солтүстік Кореяның біріккен күшін күтіп отыр.

Брюссельде бас қосқан ЕО сыртқы істер министрлерінің басқосуында Германияның сыртқы істер министрі Анналена Бербюк АҚШ Украинаға әскери көмек көрсетуде маңызды шешім қабылдағанын айтты. Reuters агенттігінің жазуынша, Германия – Украинаға донорлық көмек көрсететін екінші мемлекет. Бірақ Олаф Шольц Украинаға Taurus зымырандарын беруден бас тартып отыр. Оның да қорқатыны – эскалация.

Соңғы уақытта Ресей Украинаға шабуылын үдетіп жатыр. Сум қаласын, артынан Одесса қаласының тұрғындар тұратын аймағын зымырандармен атқылап жатыр. Зеленский: «Бұл – Путинге соғыстан басқа ештеңе керек еместігін көрсетеді» деді.

Украина қолына тиген Ресей пұшпағындағы шайқас үміт пен күдікке толы. Путин «қайтарамын» деп ештеңеден тайынар емес. Зеленский бейбітшілікке жетемін деп жанталасып жатыр. Майданда әрқашан үміт әлсіз емес пе?!.

Қасым Арықбай