Ресейде "Ешкім мырза Путинге қарсы" фильміне тыйым салынды
Челябі қаласының Орталық аудандық соты "Ешкім мырза Путинге қарсы" ("Господин Никто против Путина") атты "Оскар" сыйлығын иеленген деректі фильмді Ресей аумағында таратуға тыйым салды.
Сот шешімінің негізі – фильмде экстремизм мен терроризмді насихаттау белгілері бар деген айып.
Сот шешімін 2026 жылдың 26 наурызында судья Ксения Бухаринова шығарды. Фильмді түсірген Павел Таланкин бұған дейін Челябі облысының Қарабаш қаласындағы орта мектепте ұйымдастырушы-педагог болып жұмыс істеген. Сот отырысына тек прокурордың аға орынбасары Евгений Тумшин қатысқан.
Прокуратураның талап етуімен фильмге VK-видео, Yandex.kz және "Моушн видео" платформаларында қолжетімділік бұғатталады. Айыптау тарапы фильм авторлары Ресейдің Украинаға қарсы соғысын және билікті жағымсыз жағынан бейнелегенін алға тартты.
Тыйым салуға себеп болған тағы бір эпизодта кадрда ақ-көк-ақ түсті ту – Ресей армиясына қарсы соғысып жатқан "Ресей еркіндігі" легионының символы көрсетіледі. Ресейде бұл легион террористік ұйым ретінде танылған. Прокуратура мұны экстремизм мен терроризмді насихаттау деп бағалады. Сонымен қатар фильмде ата-анасының рұқсатынсыз кәмелетке толмағандардың түсірілгені де сынға ұшырады.

Фильм «Оскар» сыйлығын жеңіп алған
Дат және чехиялық өндірісте түсірілген, режиссер Дэвид Боренштейннің деректі фильмі Ресей мектептеріндегі өзгерістерді соғыс басталғаннан кейінгі кезеңде баяндайды. Павел Таланкин мектеп ішінен түсірілім жүргізіп, ресми іс-шараларды да камераға түсірген.
2026 жылдың наурызында бұл фильм "Ең үздік деректі фильм" номинациясы бойынша "Оскар" сыйлығын иеленді. Осыдан кейін Ресей Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі кеңес ЮНЕСКО мен "Оскар" ұйымдастыру комитетіне ата-анасының рұқсатынсыз түсірілген балалардың қатысуына қатысты заңдылықты тексеруді сұрап, ресми сауал жолдады.