Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:45

Ресейде Қазақстанның SIM-карталарына сұраныс күрт артты

SIM карта
Фото: ашық дереккөз

Ресейде Қазақстаннан және басқа елдерден әкелінген SIM-карталарға сұраныс күрт артқаны тіркелді.

Бұл туралы Mobile-Review.com бас редакторы Эльдар Муртазин байланыс операторларының бірінің деректеріне сілтеме жасап мәлімдеді. Оның айтуынша, небәрі екі күннің ішінде Ресей желілерінде әртүрлі елдерден келген шамамен 9 мың жаңа роумингтік SIM-карта пайда болған. Олар туристер емес, жергілікті тұрғындар тарапынан қолданылып жатыр.

Муртазиннің болжамынша, мұндай тәсіл шетелдік интернет-ресурстарға қалыпты шектеулерсіз кіру үшін пайдаланылуы мүмкін. Оның сөзінше, шетелдік SIM-карталарға қатысты талаптар қатаңдатылмаса, бұл тәжірибені тоқтату қиын болады.

Осы жағдай аясында Ресейде шетелдік SIM-карталарға қатысты шектеулер бұрыннан енгізілген. 2025 жылы РФ Цифрлық даму министрлігі елге кірген шетелдік SIM-карталар үшін «салқындау кезеңі» деп аталатын шараны жариялаған. Ал қараша айында бұл жүйе сынақ режимінде іске қосылған. Сонымен қатар, кейбір шетел азаматтары үшін биометрия тапсыру және байланыс келісімшарттарын қайта рәсімдеу талаптары енгізілген.

Бұдан бөлек, ресейлік Telegram-арналар мен жарнама алаңдарында Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан және басқа көрші елдердің SIM және eSIM-карталары сатылып жатқаны айтылуда. Сатушылардың мәліметінше, Беларусь, Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстан нөмірлері арқылы Ресейде интернет «басқаша жұмыс істейді» — бұғатталған шетелдік сайттар толық ашылады және VPN қолданудың қажеті болмайды.

Тегтер: