Ресейде «Крокус» терактін жасағандарға үкім шықты
Мәскеуде «Крокус Сити Холл» концерт залындағы теракт ісі бойынша сот үкімі шықты.
Шабуылды тікелей ұйымдастырып, орындады деп танылған төрт адам — Далерджон Мирзоев, Саидакрами Рачабализода, Шамсидин Фаридуни және Мухаммадсобир Файзов — өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Үкімнің жарияланғаны туралы 12 наурызда Ресейдің мемлекеттік БАҚ-тары хабарлады.
БАҚ мәліметінше, бұл іс бойынша барлығы 19 адам айыпталушы ретінде өткен. Бұған дейін прокуратура 15 күдіктіге, соның ішінде терактті тікелей орындаушыларға өмір бойы түрме жазасын сұраған болатын.
«Крокус Сити Холл» концерт залындағы теракт 2024 жылдың 22 наурызында Мәскеу облысындағы Красногорск қаласында болған. Қаруланған адамдар концерт залына келген көрермендерге оқ жаудырып, кейін ғимаратта ірі өрт шыққан. Бұл шабуыл Ресейдегі соңғы жылдардағы ең қанды теракттердің бірі ретінде бағаланды.
Шабуыл салдарынан 150 адам қаза тапты (оның ішінде алты бала бар), 609 адам жарақат алды. Жарылыстар мен өрттің нәтижесінде концерт залының ғимараты дерлік толықтай қирады.
Бұл теракт үшін жауапкершілікті бұған дейін «Ислам мемлекеті» (ИГИЛ) террористік ұйымы, нақтырақ айтқанда оның Ауғанстандағы бөлімшесі өз мойнына алған. Бұл туралы халықаралық БАҚ Батыс барлау қызметтерінің деректеріне және ұйымның мәлімдемелеріне сілтеме жасап хабарлаған.