Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:40, 26 Қыркүйек 2024

Мәскеудің отын жаққан бесеудің қолындағы көсеу. ЕАЭО-дан енші даулар ешкім жоқ

ЕАЭО
Фото: Жас Алаш коллаж

Жетпіс жыл КСРО құрамында болып, теперіш көрген Қазақстан тәуелсіздік алған соң да жалғыз жүріп жол табуды емес, көппен бірге адасуды жөн көрді.

 Өткен 30 жылда одақ, ұйым, бірлестік дегеннің талайына мүше болып үлгердік. Соның ішінде біз үшін ең қайырсызы – Еуразиялық экономикалық одақ болды. Күнделікті өмірде салмағын аса сезінбейтін «тілеп алған ауруға дауа жоқ» деген сөздің мән-мағынасын осы одақ ашып бергендей.

Өйткені бұл одақты құруға елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев бастамашы болған. Басқаша айтқанда, өзіміз сұранып кірген ЕАЭО өзімізге сойыл болып тиіп келеді. Әрине, одақ құру жайлы ұсынысты Назарбаев айтқанымен, түпкі идея иесі Ресей екені анық. Қазақтың қолымен от көсеуді жақсы көретін Мәскеу Астананы алдыға салып қойып, өз есептерін түгендеуге әбден үйреніп алған.

ЕАЭО-ның экономикалық тұрғыда Қазақстанға еш пайдасы тимегенін, керісінше, қып-қызыл шығынға батырып отырғанын сарапшылар одақ құрылған 10 жылдан бері айтып келеді. Оның үстіне одақтың әу бастағы шеңберінен шығып, саяси сипат алып бара жатқаны да жасырын емес. Осыларды ескеріп, одақ құрамынан шығуды талап етіп жүрген жұрт көп. Бірақ ЕАЭО құрамынан шығу дәл қазір біздің биліктің қолынан келмесі анық.

ЕАЭО – Ресей үшін құрылған одақ

ЕАЭО шарттары құрамындағы елдерге бірдей емес екенін Қазақстан үкіметі біліп отыр. Бірақ соны ашық айтып, бас жаққа барысуға батылы жетпейді. Кей кезде ғана шектен шықпай, әлсіз қарсылық танытып қоятыны бар. Мысалы, 2019 жылы Қазақстан үкіметі одақ мүшелері арасында ойын ережесі тең емес екенін айтып, Еуразиялық экономикалық комиссия отырысында «шу» шығарған.

Ал былтыр сол кездегі премьер-министр Әлихан Смайылов ЕАЭО ішінде кедергі көп екенін айтып, сол кедергілерді жоюды сұраған. Еревандағы жиналыста Қазақстан тарапы 2015-2020 жылдары ЕАЭО ішіндегі саудада 44 миллиард доллар шығынға ұшырағанын айтып, одақ біздің ел үшін тиімсіз екенін аңғартты.

Смайылов бастаған топ Қазақстан тауары стандартқа сай емес деген сылтаумен ЕАЭО елдері аумағына кіре алмай жүр деп шағынды. Кеденде кедергі бар екені одақ құрылған сәттен бері айтылып жүрген, Қазақстанда шыққан өнім Ресей шекарасынан өту үшін кеденде ай бойы қаңтарылып тұратынын кәсіпкерлер жақсы біледі. Тіпті Ресей санкцияланған тауарлар тізіміне Қазақстан өнімдерін қосып жіберген кездер де болған. Смайылов сол дауды қозғап, одақ ішінде әділдік орнатуды ұсынды.

ЕАЭО мен оның алғышарты болған Кедендік одақ тек Ресейдің пайдасына жұмыс істейтіні елдің бәріне белгілі. Бұл туралы біз ғана емес, Қырғызстан, Беларусь және Армения да айтып жүр. Тіпті 2017 жылы Беларусь президенті Александр Лукашенко қатты ашуланып, «одақ ішінде теңсіздіктің кесірінен біздің ел 15 миллиард доллар шығынға батты. Егер теңдей жағдай болмаса, мұндай одақтың керегі жоқ. Біз одақтан шығамыз» деп тулаған.

Бірақ Ресей президенті Владимир Путин «одақтан кетсеңдер, газ бағасын көтереміз» деп Лукашенконың осал тұсынан соққы жасаған. Кремльге кіндігінен байланған Беларусь басшысы тасуы тез басылған таяз өзендей, жылдам сабырға келді. Содан бері ол ЕАЭО-ның ең адал жыршысы, қолдаушысы болып келеді. Біздің жағдай да осыған ұқсас екені анық. Мәскеуге қарап қабақ түйсек, Лукашенконың күйін кешеріміз сөзсіз.

Қазақстан кедендік төлемнен көбірек үлес алғысы келеді

ЕАЭО – Ресей үшін, Ресейдің саудасын жүргізіп, қазынасын толтыру үшін құрылған одақ. Оның үстіне ЕАЭО Ресейге көрші елдерді шаужайлап ұстау үшін де қажет. Одақ шарттарының Мәскеуге ғана тиімді екенін дәлелдейтін мысал көп.

ЕАЭО аумағына тауар кіргенде төленетін кедендік алым одаққа мүше елдерге ортақ табыс саналады. Бірақ сол салықты бөлудің өзінде үлкен теңсіздік бар. Қазір экономикалық одаққа түсетін кедендік баждың 6,955%-ын – Қазақстан, 1,9%-ын – Қырғызстан, 1,22%-ын – Армения, 4,86%-ын – Беларусь алып отыр. Ал Ресейдің қалтасына алымның 85,065%-ы түседі.

Ресей халық саны көп, жалпы ішкі өнімі жоғары, шетелмен саудасы тығыз мемлекет ретінде кедендік алымның 85 пайызын алып жүр. Бірақ қазіргі жағдайды бұл ереже қабылданған 10 жыл бұрынғы кезбен салыстыруға келмейді. Бірнеше жылдан бері сансыз санкцияның астында қалған Мәскеудің мысы басылып, Қытаймен, Еуропамен байланысын түзеген Қазақстанның сыртқы саудасы қызып жатыр. Яғни кедендік түсімді 10 жыл бұрынғы ережемен бөлу ақылға қонбайды.

Санкция салдарынан Ресейдің шетелмен саудасы тоқтады. Соғыс басталғалы Батыс елдері Ресеймен көп салада экономикалық байланысты үзген. Қазір ЕАЭО аумағына шетелдік тауарлар бұрынғыдай «Через Россия» емес, Қазақстан арқылы кіріп жатыр. Әрине, Батыс Ресейге сатуға тыйым салған өнімдер біз арқылы Мәскеуге барып жатыр деп саяси қателік жіберуден аулақпыз. Санкцияға енбеген тауарлар және одаққа мүше өзге мемлекеттерге керек өнімдер қазақтың байтақ даласын басып өтіп жатқаны жасырын емес. Демек, экономикалық одақ ішінде кедендік бажды қайта қарайтын уақыт келді.

Қазақстан үкіметі де осы ойға тұрақтаған сияқты. Билік бұл мәселені қарашада өтетін Еуразиялық экономикалық комиссия отырысында көтеріп көрмек. Сол мақсатта сауда және интеграция министрлігі жаңа әдістеме дайындап жатыр. Бұл туралы министр Арман Шаққалиев отандық БАҚ-қа берген сұхбатында айтты.

«Қазір жағдай өзгерді, сол үшін баж пропорциясы да өзгеруі керек. Бұл мәселені талқылап жатырмыз. Ресей және беларусьтік әріптестерімізбен сөйлесеміз. Қазір жаңа әдістеме дайындап жатырмыз. Мәселе қараша айында қарастырылады. Ал үлесіміз қанша болуы керек екенін қазір айта алмаймын. Оны жаңа әдістеме бойынша есептейміз. Бірақ үлесіміз өсуі керек. 8-9 немесе 12 пайыз болуы мүмкін», – дейді министр.

Бірақ Астана айтты екен деп, Мәскеу мен Минск бас шұлғи салмайды. Еуразиялық экономикалық комиссия құрамы негізінен ресейліктерден жасақталған. Қазақстанның ұсынысын дауысқа салу кезінде олардың қарсы дауысы үлкен рөл ойнайды. Ал еліміздің бұрынғы премьер-министрі, Қаңтар оқиғасынан кейін Алматы әкімі қызметінен кетіп, қазір ЕЭК Алқасының төрағасы болып отырған Бақытжан Сағынтаевтың бізге пайдасы тиер-тимесі белгісіз.

Қазақстан үкіметі бұған дейін де кедендік төлем үлесіне байланысты ЕЭК-ге өтініш айтқан. 2022 және 2023 жылғы талабымызға ЕЭК мән берген жоқ. Биыл да дәл солай болуы мүмкін. Дегенмен Шаққалиев мырзаның қолында бірнеше «көзір» бар. Қазақстан тарапы соны сәтті қолдана алса, ойын тағдырын өз пайдасына шешуі мүмкін.

Ең бастысы – кейінгі жылдары Қазақстанның сыртқы сауда айналымы артып, Ресейдікі кеміп барады. Мысалы, 2022 жылмен салыстырғанда 2023 жылы Қазақстанға келген импорт 20% артқан. 2020 жылы еліміздің сыртқы саудасы 86,4 миллиард доллар болса, бұл көрсеткіш 2022 жылы 134 миллиард, ал 2023 жылы 140 миллиард доллар болды. Ал биыл қаңтар мен шілде арасында шетелмен 79 миллиард доллардың саудасын жүргіздік. Яғни жыл өткен сайын Қазақстанның сыртқы сауда мөлшері көбейіп келеді.

Ал осы кезеңде Ресейдің сыртқы сауда айналымы біршама төмендеді. Атап айтқанда, кейінгі бір жылда жалпы сыртқы саудасы – 16,2%, экспорты – 28,3%, импорты – 11,7% азайды. Сондай-ақ соғыс басталғаннан бері Мәскеу мен Астананың экономикалық алшақтығы 13 еседен 9 есеге азайды. Алдағы бес жылда 7 есеге дейін қысқаруы мүмкін деген болжам бар. Осы сан-цифрлардың өзі ЕАЭО-ның сыртқы саудасында Қазақстан күш ала бастағанын білдіреді.

Дос Көшім

Дос Көшім, саясаттанушы: ЕАЭО – экономикалық одақ емес

«Кедендік алымды бөлу мәселесі одақ алғаш құрылған кезде келісілген, кім қанша пайыз алатыны сол кезде белгілі болды. Әрине, заң бойынша ол келісімді қайта қарауға болады. Бірақ оған Ресей рұқсат бере ме? Өйткені қазір Ресейдің жағдайы мәз емес. Сондықтан олар үлесті қайта қарауға келіспейді деп есептеймін. Менің ойымша, соғыс аяқталғанша кедендік төлемді бөлу ережесі сақталады.

Қазақстан не үшін өзіне тиімсіз шартқа көніп, одаққа кірді? Авторитарлық мемлекеттер өзара «туысқан» болады, бір-бірін қорғайды. Сондықтан біздің билік Ресей билігімен мәңгілік «дос». Экономикалық тұрғыда өзіне тиімсіз болса да, «достықты» сақтайды. Өйткені бірінсіз бірінің күні жоқ. Сондықтан не Қазақстанда, не Ресейде билік жүйесі өзгермейінше, қазіргідей қосақталып жүре береміз. Авторитарлық жүйе бірге ғана өмір сүреді, жеке өмір сүре алмайды.

ЕАЭО-ны сөз жүзінде экономикалық одақ дегенмен, шын мәнінде саяси одақ ретінде құрылды. Одақтың әу бастағы мақсаты – бұрынғы Кеңес одағының кеңістігін қалпына келтіру болатын. Оны экономикалық деген атпен құрды, ол Ресейдің нақты жобасы. Тіпті олар одақтың саяси астары бар екенін ашық айтты. Ортақ валюта шығару, ортақ парламент құру жоспары одақтың саяси сипатын көрсетіп тұр. Мұны Ресей ашық айтып жүр, бірақ біз ашық айта алмаймыз. Біздің билік оны экономикалық одақ деуден танбай, өзін-өзі алдаумен келеді. ЕАЭО – әскери, саяси және сыртқы саясатты бірге жүргізетін одақ.

ЕАЭО-ның экономикалық тұрғыда еш пайдасы жоқ екені өз алдына, ол мемлекеттерді саяси тұрғыда біріктіру мақсатында құрылған одақ екенін ұмытпауымыз керек. 2014 жылы осы одаққа кіреміз деген кезде экономистер, азаматтар, жалпы Қазақстан қоғамы бұған қарсы болды. Дәл қазіргі халықтың АЭС-ке қарсы болып отырғаны сияқты. Сол кезде ЕАЭО-ға қосылуға бизнес өкілдері де наразы болды. Бірақ билік соның бәрін ескерген жоқ, өздері шешім қабылдап, одаққа кіріп алды. Демек, Ресей қиын кезеңде тұрған дәл қазіргі сәтте одақ ережесін қайта қарап, бірдеңені өзгертеді дегенге сенбеймін.

Бірақ кейінгі кезде Ресейдің одақтастары азайып барады. Қазір Мәскеудің сөзі өтетін ел аз қалды. Оның үстіне, Қазақстанның Ресеймен саудасы азайып, Қытай немесе Еуропамен байланысы артып барады. Мәскеу осыны ескеріп, онсыз да аз қалған одақтастарын сақтап қалу мақсатында Қазақстанмен кішігірім келісім жасауы мүмкін. Бірақ бұл мәселе негізгі күн тәртібінде тұрмағаны анық.

Сапарбай Жұбаев
Фото: qazradio

Сапарбай Жұбаев, экономист: Ресей нарығын қорғап, Ресей өнімін өткізетін одаққа айналды

Кедендік төлемнен қай ел қанша пайыз алатыны мемлекеттік жалпы ішкі өніміне қарай белгіленген. Мұның сыртқы саудаға қатысы шамалы. Ал ол үлесті көбейту мәселесін Еуразиялық экономикалық комиссия шешеді. Жиналыста қай ел өз уәжін дәлелдей алса, соның ұсынысы ескерілуі мүмкін.

Елдің жалпы ішкі өнімі және халық саны бойынша Ресейге жете алмаймыз. Бірақ қазір біздің ел Ресейге қарағанда көбірек жұмыс істеп жатыр. Соны ескеріп, үлесімізді көбейту жөнінде талап қоюға болады. Егер үлесіміз артса, бюджетке түсетін қаржы көбейеді. Соны ескергенде үкіметтің мұндай ұсыныс жасағанын қолдаймын.

Кедендік төлемді салықтан түсетін табыспен шатастыруға болмайды. Мысалы, Ресейдің бір портына сауда кемесі тауар жеткізсе, кедендік төлем Мәскеуге түседі. Жаңағы кемеге еш қатысымыз болмаса да, сол төлемнен 6,9 пайыз үлесімізді аламыз. Сол сияқты Қорғастан тауар өтсе, оның қайда баратынына қарамастан, 6,9 пайыз үлесімізді аламыз. Ал қосымша құн салығы немесе транзиттік төлем сияқты соманы өнім жеткізілген ел өзі алады. Бұл қаржы бес елге бөлінбейді.

Ал ЕАЭО ішкі нарықты шетел өнімінен қорғаймыз деген желеумен құрылып, кейін Ресей нарығын қорғап, Ресей өнімін өткізетін одаққа айналды деген сынмен бір жағынан келісуге де болады. Біз Кедендік одаққа кіргенге дейін елге автомобиль әкелгенде 3-5 пайыз мөлшерінде кедендік төлем жасалатын. Елде автоөндіріс жоқ еді. Ал одаққа кірген соң өзіміздің және Ресейдің автоөндірісін қорғау үшін алым мөлшерін 15-20 пайызға көтердік. Бұл ішкі өндірісті қолдау үшін қажет шара болды.

***

ЕАЭО-ның заңнамалық негізі 90% Ресейдің Кеден заңына сүйеніп жасалған. Сондықтан одақ ережелері көбіне Ресейдің мүддесін қорғайды. Мәскеудің майшелпегіне айналған одақты дәл қазір тарату да, ережесін қайта қарау да мүмкін емес. Бірақ қолдан жасалған жасанды одақтың жағдайы мәз емес. 2024 жылғы қаңтар мен шілде арасында Қазақстанның ЕАЭО елдерімен сауда айналымы $15,7 миллиард доллар болып, былтырғы осы кезеңдегі көрсеткіштен 8,7% төмен болды.

Егер экономикалық одақ шынайы нарық заңына сай құрылса, мүше мемлекеттер арасындағы байланыс жан-жақты болар еді. Ал ЕАЭО-да сауда тек Ресейге бағытталған. Яғни одақ аясында Ресей Қазақстанмен, Қырғызстанмен немесе Армениямен сауда жасайды. Ал өзге 4 елдің арасында өзара байланыс жоқ. Мысалы, Қазақстанның 2024 жылғы ЕАЭО елдерімен жалпы саудасының 91,1%-ы Ресеймен жасалған. Армениямен сауда-саттығымыз – 0,1% ғана. Сол сияқты Беларусь пен Қырғызстан арасында мүлде экономикалық байланыс жоқ.

Осы екі мысалдың өзі ЕАЭО-ның құрамындағы 5 елге еркін сауда алаңын ұсына алмағанын көрсетіп тұр. Яғни экономикалық тұрғыдағы мақсатын орындай алмады. Ал Ресей мен Беларусь одаққа саяси сипат беруге барын салып жүр. Бірі – ортақ валюта енгізуді ұсынса, бірі – ортақ парламент құрып, санкцияға бірге қарсы тұруға шақырады. Мұның бәрі Мәскеудің келмеске кеткен Кеңес одағын қайта тірілтсем деген саяси амбициясын көрсетеді. Сол экономиканың елесіне еліте бермей, одақтастарымыздың озбыр ойынан сақ болғанымыз жөн.

Қуаныш Қаппас

Тегтер: