Ресейдің тұтас тарихы өзгенің елін, санасын жаулап алу саясатына құрылған
Ресей – кешегі империя, ол бұрынғы отарына жүргізген үстемдігінен айырылғысы келмей, тарихты өзіне ыңғайлы, өз тұрғысынан жазуды қалайды.
Сондықтан да Ресей тарихшыларымен бірігіп ортақ тарихымызды жазу деген ұсынысқа көнуге болмайды, әрине. Патшалықтың кезінде көршілерінің жер-суын жаулап алумен, нағыз басқыншылықпен аумағын кеңейткені мәлім, мұнысын олар патриотизмге балаған, әлі де солай. Олар жаулап алушылығын сол басып алған халқына жақсылық әкелдік деп есептейді. Бұған біздің көзқарасымыз мүлде керісінше ғой, сондықтан тарихымызды отарлаушымен қайтіп бірлесіп жазуға болмақ? Бұл тақырыптың көптен көтеріліп жүргенін байқадым. Әр ұлт өз тарихын өзі жазғаны жөн.
Бұл олармен жауласу дегенді білдірмесе керек, бұл – өзіңді-өзің тану, өз болмысыңды түсіну, зерттеу, саралау, бұған дейін бұрмаланып келген қасіретті тарихыңды қалпына келтіру деген сөз. Ал Ресеймен бірлесе отырып тарихыңды әділ жазу мүмкін емес, Ресей – жарылқаушы деген ескі сүрлеуге қайта түсетініне күмән жоқ.
Анығында, құлдық сананы одан сайын өршіте түседі. Билік тарапынан бұл мәселеге нақты, мардымды жауап берілмей жүргені рас, біздің билік көп құбылысқа сақтықпен қарайды. Мұны түсінуге де болар, дегенмен президентіміздің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты белгілі мақаласында: «Әр халық өз тарихын ешқандай жат идеологияның ықпалына түспей, өзі жазуы керек» деп маңызды тұжырым жасағанын ұмытпайық.
Осының өзі біз үшін нағыз айқын бағыт-бағдар болуға тиіс. Бұдан жеті-сегіз, әлде он шақты жыл бұрын Ресей тарихшылары ТМД халықтарының тарихын бірге жазуды ұсынған-ды. Бірақ жаппай қолдау таппады ғой деймін. Менің ойымша, қазір көтеріліп жатқан осы бір қолайсыз, келеңсіз мәселеге қоғамдық ұйымдар, тарихшылар, жұртшылық батыл тойтарыс берсе, биліктің де құлақ асатыны анық. Ресейдің тұтас тарихы өзгенің елін де, санасын да жаулап алу саясатына құрылғаны, мұны кеңестік билік біржақты интернационализм, патриотизм ұғымдарымен ерекше дамытып, біздің тарихымызды, мәдениетімізді, тілімізді тоқырауға тірегені белгілі.
Жаңа тарихта осылардың себеп-салдарлары ашып айтылу керек, ал оны кешегі озбыр билеуші ешқашан әділ таратып айтпайды. Көзқарас басқа, айырмашылық айқын, әйтсе де өз тарихымызды өзіміз жазудың бүгінгі орыспен күресуге, жауласуға апармайтыны анық. Тек үлкен көршіміз демократия құндылықтарын бағалап, сақтап, өзгенің таңдауын құрметтесе болғаны. Ел боламыз десек, алдымен өзіміз жазған тарих арқылы өзімізді танығанымыз жөн.
Мұнымен Ресей тарихшыларының санасқаны, өткен жолдағы астамшылықтар зардабын мойындап, түсінгені жөн, сонда екі ел арасында нағыз татулық, бейбіт келісім, азаматтық әділ қатынас шүбәсіз орнайды. Кезінде кеңес билігі түркі халықтарының бірігуінен қатты қорыққан. Мұстафа Шоқай басқарған Түркістан автономиясын 1918 жылы қанға бояды, 1920 жылы Түркі кеңес республикасын құру идеясына қарсы болып, ақыры 1924 жылы ұлттық республикаларға бөлшектеді. Орта Азиялық Федерация құру мәселесі қозғалған кезде де, оларды түркі елдерінің жаңаша бірлігі шошытты, жол бермеді. Сонау өткен тарихтан сабақ алмағандықтан, 1991 жылы славян мемлекеттері одақтасып, Кеңес Одағын таратқанда Орта Азиядағы республикалар (түркілер және олармен тағдырлас тәжік пен Қазақстан) қауымдасып, славян бірлігімен тең дәрежеде достастық құру мәселесін көтермеді.
Оның орнына жетекші орында Мәскеу тұрған Тәуелсіз мемлекеттер достастығы деп аталған бірлестікке бұрынғыша жеке-жеке көгенделгенді қош көрді. Сондықтан да бұл құрылымда ортақ тарих жазу қажеттігі түрлі жолмен көтеріліп келеді. Шүкір, он бес жылдан бері Түркі мемлекеттерінің ұйымы жұмыс істеуде ғой, бәлкім, империядан тартқан азабы, зардабы ұқсас осы елдер ортақ тарих жазамыз десе қолдауға болар, онда да бұрынғы метрополияны араластырмай, өйткені оның мүддесі шынайы тарихпен еш үйлеспейді.
Бейбіт Қойшыбаев, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты