Ресейлік басылым журналисі Қазақстанға қуылды
Ресейлік Properm.ru басылымының журналисі, Қазақстан азаматы Владислав Иваненко Ресей Федерациясынан жер аударылды, деп хабарлайды Zhasalash.kz.
Журналист Ресей ІІМ-нің Пермь өлкесі бойынша бас басқармасынан тұруға ықтиярхатының күші жойылғаны туралы хабарлама алған. Владислав Иваненко Қазақстанның тұрғыны, бірақ Пермьде 8 жылдан бері тұрады. Ол әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған. 9 қараша күні ұсталғаннан кейін Иваненконы Свердлов полиция бөліміне, одан кейін Закамск қаласындағы «Шетел азаматтарын уақытша ұстау изоляторына» жеткізілген.
13 қараша күні Иваненко Екатеринбург әуежайынан, Қазақстанға жер аударылғаны белгілі болды.
"Біз құқық қорғау органдарының әрекеттерін заңсыз деп санаймыз. Біз не болып жатқандығы туралы ресми түсініктеме талап етеміз. Сондай-ақ, тілшімізді соттарда қорғауды жалғастырамыз", - деді Properm.ru бас директоры Денис Вихров.