Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:08, 10 Қараша 2023

Respublica партиясы. Ер Төстік өспей қалды

Шонбай, Сырымбек Тау, Шукуржанова Динара
Фото: из открытых источников

Respublica партиясы дегенде ең алдымен «алты күнде күліп, алты аптада жүрген Ер Төстік» еске түседі. 

Қазақстанда саяси партия құру мен тіркеу оңай шаруа емес. Заңды тіркеуден өте алмай, әлі күнге Әділет министрлігінің есігін күзетіп жүргендер жетерлік. Бірақ Respublica партиясы мұндай қиындық көрген жоқ. 2022 жылы тамызда құрылды, 2023 жылы қаңтарда тіркеуден өтті, наурызда мәжілістен мандат алды.

Әділет министрлігінің мәліметінше, 2019 жылдан бері жаңа партия тіркеуге 14 өтініш түскен. Оның көбі тіркеуден өткен жоқ. Министрлік оларды «құжатың дұрыс емес» деп қайтарған. Кейінгі 15 жылда ресми тіркелген партиялар қатары азайып кетіпті. Сарапшылардың айтуынша, ел билігі шынайы саяси бәсекеге дайын емес, сол үшін партияларға тосқауыл көп. 2022 жылдан бастап Қазақстанда партия тіркеу ережесі өзгерді, бұрын 20 мың қол жинау керек болса, қазір 5 мың адам жеткілікті. Көрер көзге бәрі жеңілдеп жатқан сияқты. Бірақ шын мәнінде олай емес. Жаңа ереже енгеннен бері екі-ақ партия – біз сөз етіп отырған Respublica мен «Байтақ» қана ресми тіркелді.

2012 жылдан 2023 жылға дейін мәжіліске – «Нұр Отан», «Ақ жол» және ҚКХП өкілдері ғана өтті. Ал 2007-2012 жылдары «Нұр Отан» жалғыз өзі төменгі палатаны «билеп-төстеген». Халық «мәңгілік депутаттардан» жалығып, саяси жүйеге жаңа партиялар мен жаңа есімдер келгенін қалады. Биылғы сайлауда 6 партия 5 пайыздық барьерді бағындырып, мәжілістен мандат алды. Бірақ көпшілік бұлардың арасында оппозиция жоқ деп санайды. Кей партия «Аманаттың» (бұрынғы «Нұр Отан») шашбауын көтеру үшін жүр деп айыптайтындар да бар.

Жоғарыда айтқанымыздай, Respublica партиясы қаңтарда тіркеуден өтіп, наурызда сайлауға қатысты. Жай қатысқан жоқ, жеңіске жетті. Тіпті 21 қаңтарда партия мәслихат сайлауына қатыса алмайды деген ақпарат тараған. Себебі өңірлерде филиалдары болмапты. Бірақ 27 қаңтарда партия 19 өңірде филиалын ашып үлгергені белгілі болды. Демек, Respublica бір аптаға жетпейтін уақытта орталық сайлау комиссиясының талабын бұлжытпай орындады. Ер Төстіктің өзін таңғалдыратын жетістік.

Тіркеуден өтіп, сайлауға қатысу бір басқа, ал жеңіске жету мүлде бөлек әңгіме. Жаңадан пайда болған, халық арасында еш рейтингі жоқ партия қалай дауыс жинайды деген күмән болған. Respublica партиясы саяси әдістен гөрі маркетингтік тәсілге көңіл бөлді. Тең төрағалары кіл кәсіпкерден тұратын партияның қалтасы да қалың болған сияқты. Бір аптада 19 өңірден филиал ашу біршама қаржыны талап етсе керек. Маркетингтік тәсіл дегенді бекер айтып отырған жоқпыз, партия құрамында миллиондаған оқырманы бар блогер, әртістер көп болды, сайлауалды үгіт-насихат кезінде осындай медиатұлғаларға көбірек иек артты. Қазіргі жаңа технология заманында бұл үлкен күш. Оның үстіне кәсіпте табысқа жеткен жас саясаткерлердің жалынды ұраны халықтың кей бөлігіне өтімді болды. Партия «жүйені өзгертіп, басқаша амал-әдістерді енгізгіміз келеді. Біз істің адамымыз. Біздің мәселені шешу жолымыз басқаша. Кәсіпте жүрген адамбыз, бәсекеге төселдік. Білімімізді, күш-қуатымызды Қазақстанның дамуына жұмсағымыз келеді», деп жар салып жатты.

30 жыл бойы бір адам, бір партиядан жалыққан жұртқа мұндай сөз майдай жаққаны рас. Бірақ сайлау алдындағы сөз бен сайлаудан кейінгі іс сәйкес келмейтіні тағы бар. Біз бұған дейін ҚХП мен «Ауыл» сайлауалды бағдарламасын қайырып қойып, биліктің көңілін жықпайтын жеңіл мәселелерді көтеріп жүргенін жазған едік. Аталған екі партия елдегі күрделі саяси ахуал, жемқорлық, қымбатшылық жайлы жұмған аузын ашқан жоқ. «Алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба солай жүреді» дегені ме, Respublica да «ағаларының» ізін жалғастырып жатыр. «Жастар, кәсіпкерлер келіп, жүйені өзгертеді» деген көп үміті көл бетіндегі көбіктей тарап барады.

Сайлауға дейін

Respublica саяси додаға «Жаңа адамдар – жаңа қадамдар» деген ұранмен кірді. Бұл ұран «Жаңа Қазақстан» құрып жатқан шенділерге ұнаған болуы керек. Сайлауды халықтың дауысы ғана шешпейтіні бәрімізге белгілі. Демек, Ер Төстіктің ерте есеюіне ел билігі де үлес қосқан болуы мүмкін. Партия кәсіпкерлерді қолдауға басымдық беретінін баса айтты. Шағын және орта бизнес ел экономикасының тірегі екенін ескерсек, Respublica-шылардың қадамын қолдауға болады. Партия елдегі бюрократия, сыбайлас жемқорлық, жоғары несие ставкасы, үлкен салық жүктемесі, шексіз және жылдам өзгеретін реформалар, экономикаға мемлекеттің шамадан тыс араласуы сияқты өзекті мәселелердің шешімін табуға уәде етті. Сондай-ақ білім беру, медицина және мәдениет саласын жақсарту да қолымыздан келеді деп сендірді. Мұғалімдер мен дәрігерлердің еңбек жағдайын жақсартып, шетел фильмдерін қазақ тіліне дубляждауды міндеттейтін заң нормасын енгіземіз деген уәделері тағы бар. Агроөнеркәсіпті кешенді дамытып, саланы цифрландыру мен қаржыландыруды ұлғайтуды ұсынған Respublica өкілдері ауыл шаруашылығы логистикасы мен қойма инфрақұрылымын жақсартатынын да айтты. Партияның екінші деңгейлі банктердің пайыздық мөлшерлемесін төмендетіп, салық ауыртпалығын азайтамыз деген уәдесі орындалса, елдегі біршама мәселе өз-өзінен шешілер еді. Бұдан бөлек бизнесті несиелеу шартын қайта қарап, отандық өндірушілерді қолдау тетігін жақсартамыз деп жар салған. Ал саяси салада мемлекеттік басқарудың қазіргі моделін өзгертіп, ел үшін маңызды шешімдер қабылдау процесіне халықты қатыстырамыз деп, көп көңіліндегі сөзді айтқан.

Сайлаудан кейін

Әрине, мұның бәрі саяси уәде ғана. «Уәде – Құдай сөзі» деген халық даналығы саясат әлемінде мойындалмайды. Уәде беру мен сұлу сөйлеу – саясатшылардың көз арбайтын сиқырлы таяғы ғана. Әйтпесе, сайлауалды бағдарламасында банктердің пайыздық мөлшерлемесін түсіреміз деген Respublica депутаттары мәжілісте букмекерлік кеңселерді сөз етіп отырмас еді. Немесе жемқорлықты жоямыз деп алып, вейп тартқан ұл-қыздарды аңдып жүрмес еді. Жүргізуші куәлігін саудалауды тоқтату туралы оларсыз да айтылып жүрген, ал партияның әл-Фараби даңғылын төрт жолақты еттік деп мақтанғаны онша бір ұпай әпере қойған жоқ. Барлық ауылға жол салуы тиіс «мықтылар» бір көшедегі көпірге бір жолақ қосқанын мақтан қылмаса керек.

Сондай-ақ Respublica депутаттары халықтың шамадан тыс несие алуы, темір жолдағы проблемалар және ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін жақсарту жөнінде мәселе көтерген. Енді бірде Павлодарды құрғақшылық жайлағанын айтып, су тапшылығы өзекті мәселе екенін еске салыпты. Жасөспірімдер есірткіге әуес болып бара жатқанына да алаңдаушылық білдірген. Байқап отырғандарыңыздай, биліктің бүйірінен түртіп, шамына тиетін ештеңе жоқ. Бизнестің қайнаған ортасынан келген депутаттар экономика саласына қатысты да ештеңе айтпапты. Саяси жүйені аударып-төңкеру қолдарынан келмесе, ең құрығанда ел экономикасын биікке көтеруге бел шеше кіріссе... дейсің.

Партия төрағасы, мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров фракция мүшелері қандай жұмыс атқарғанын айтып берді.

«Заң шығару қызметін жүргізу барысында 319 түзету дайындадық. Оның ішінде бизнес жүргізу (87 түзету), кәсіби біліктілік (49), ақпараттық қауіпсіздік (36), ойын бизнесі (24), органикалық өнімдерді өндіру (23), әскери-патриоттық тәрбие (22), адам саудасына қарсы іс-қимыл (16), масс-медиа (15), орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар (11), мемлекеттік қорғаныс тапсырысы (11), тұтынушылар құқықтарын қорғау (10), денсаулық сақтау (8), жол қозғалысын ұйымдастыру (6), есірткі айналымына қарсы іс-қимыл (1) мәселелері бар.

Заң жобасына өзгеріс пен толықтыру енгізу біршама уақытты талап етеді. Партия фракциясы және мүшелерінің бастамасымен бірқатар тың мәселе оң шешімін тапты, тағы бірнешесін үкімет қарастырып жатыр. Мысалы, фракция букмекерлік кеңселер мәселесін көтерді. Заң жобасына ойын бизнесінің онлайн қызметіне, жарнамасына тыйым салу, лотоматтарды жабу, салық мөлшерін көтеруге бағытталған жалпы 24 түзету енгізілді. Кейбір түзетуді үкімет қабылдады. Осы проблема аясында депутат Р.Берденовтің өз қаражаты есебінен «Одержимость» деректі фильмі түсірілді. Оған 10 миллион теңге жұмсалды. Деректі фильмнің кейіпкерлері – лудоманиядан зардап шеккен нақты адамдар. Депутаттардың көшпелі жұмысының қорытындысы бойынша республика көлемінде 200-ден аса проблема анықталды. Бұл мәселелер бойынша да жұмыстар жүргізіп жатырмыз», – дейді партия басшысы.

Партия мүшелері мен тең төрағаларының кейінгі кездегі нарау жүрісіне қарап, Respublica-ның саясатқа деген ынтасы суып кетті ме деген ой туады. Партия алғаш құрылған кездегі белсенділік байқалмайды. Әлде саяси жүйені өзгертуден күдер үзді ме екен?! Егер осы мимырт жүрісін жалғастыра берсе, көп өтпей Respublica да аты бар, заты жоқ «өлі» партиялар қатарына қосылады. Аттандап құрылып, ақырындап ұмытылып кететін партиялар бізде көп. Бизнес өкілдерінен құралған Respublica ондай сүрлеуге түспесе екен дейсің.

Біздің парламент тәртіпті оқушылар жиналған бастауыш сыныбы сияқты тып-тыныш. Депутаттар арасында пікір алауыздығы жоқ. Биыл мәжіліске 6 партия өткенде осы тыныштық бұзылар деп үміттенген едік. Әр партия өз ұсынысын айтып, өзара оппозиция болып отырса шіркін, деп, алақанымызды ысқылай күткенбіз. Бірақ үміт ақталған жоқ. Алты партия бір үйдің баласындай «тату-тәтті» өмір сүріп жатыр. Бәрінің айтары «ешкімнің басын жарып, көзін шығармайтын» бейбіт тақырыптар. Тіпті бір-бірінен айнымайды десе де болады. Бәрі жиналып, бір нүктені шиырлайтын болса, алты партия мандат алды деп несін мақтанып жүрміз. Сонда бұл парламентіміз көппартиялы деп айту үшін ғана керек пе?!

Қуаныш Қаппас

Тегтер: