11:31, 27 Қазан 2022
Республика күніне орай спорттық шаралар ұйымдастырылды
Елімізде Республика күні кең көлемде аталып өтуде. Әсіресе халықтың барлығының дерлік жас шамасын қамтыған түрлі спорттық шаралар көп ұйымдастырылуда.
Мәселен, кеше Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында Almaty Sport Fest спорт фестивалі өтсе, Октябрь Жарылқапов атындағы спорт кешенінде Республика күніне арналған Алматы қаласы әкімдігінің чемпионаты өткізіліп, спорттың барлық түрлеріне қала тұрғындары белсене атсалысты. Жалпы еліміз бойынша мерекелік іс-шаралар шеңберінде Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен республикалық және өңірлік деңгейде ауқымды бағдарламалар жоспарланған.
Аталмыш шараларда елімізге танымал спортшылар мен жаттықтырушылар фестиваль қонақтарына шеберлік сыныптарын өткізді. Жалпы Алматы қаласында спорт кешендерінің саны көбейіп келеді. Оларда спортпен шұғылданып, жаттығулар өткізу үшін барлық жағдай жасалған. Сәйкесінше, қала тұрғындарының да спортқа қызығушылығы артқаны байқалуда.
Мәселен, бүгінде қолжетімді бағадағы үйірмемен көптеген балаға каратэ спортының қыр сырын үйретіп жүрген жаттықтырушы Әбдірахман Дәнешұлы: «Балаларды жастайынан спортқа баулу, спортпен достастыру басты мақсатымыз болып отыр. Спортты серік еткен бала көп ауырмайды, шыныға келе шымыр бала болып қалыптасады. Жалпы соңғы кездері еліміздегі ата-аналардың да балаларын түрлі спортқа тарту ниеті артып келеді. Бұл бізді қуантады», – дейді.
Almaty Sport Fest фестивалінің де мақсаты спортты дамыту және жеке қабілеті мен қызығушылығына қарамастан, спортпен айналысқысы келетін адамдардың санын көбейту екенін ескерсек, елімізде бұқараны спортпен қызықтыруға барынша жағдай жасалып жатқанын аңғарамыз.