Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:50, 25 Қазан 2025

Республика күніне орай ту көтеру салтанатты рәсімі өтті

1
Фото: Ашық дереккөз

25 қазан – Қазақстан Республикасының тарихындағы ең маңызды күндердің бірі. Дәл осы күні, 1990 жылы, Алматыда қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларация еліміздің тәуелсіздікке бастар алғашқы тарихи қадамы болды.

 Сондықтан бұл күн – тек мереке емес, ұлттың рухы мен елдік сана-сезімін айқындайтын ерекше символ.

Биылғы Республика күні Алматыда айрықша мәнмен аталып өтті. Таңғы сағаттарда әйгілі «Медеу» мұз айдынының маңындағы биік шатқалда Мемлекеттік Ту салтанатты түрде көтерілді. Бұл биіктік – теңіз деңгейінен 1700 метр, яғни республикамыздың көк байрағы қалада ғана емес, еліміздің ең көркем мекендерінің аспанында да айбаттана желбіреді. 40 метрлік тұғырдағы 98 шаршы метрлік Ту — тәуелсіз Қазақстанның биік мәртебесін бейнелейтін айрықша нышан.

Салтанатты рәсім дәстүр бойынша Мемлекеттік гимннің орындалуымен ашылды. Әскери оркестрдің әуеніне қосылған жұртшылық сол сәтті ерекше толқумен қабылдады. Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Данияр Әлиев өз сөзінде:

«Республика күні – әрбір қазақстандық үшін қасиетті мереке. Ол біздің еркіндігіміздің, тәуелсіздігіміздің және ел бірлігінің белгісі. Бұл күннің тамыры тереңде, сондықтан оған құрметпен қарау – ұрпақ алдындағы парызымыз», – деді.

Бұл мереке Алматы үшін ерекше маңызға ие. Өйткені дәл осы қалада – тәуелсіздіктің бастау алған тарихи шешімі қабылданған еді. Алматыны бекерден-бекер «Тәуелсіздіктің бесігі» деп атамайды. Дәл осы жерде 1990 жылдың қазан айында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі ел егемендігін жариялаған тарихи Декларацияны қабылдады. Бұл құжат кейін 1991 жылы Қазақстанның толық тәуелсіздігін жариялауға негіз қалады.

Сол кезеңнің куәгері, жазушы Бекнұр Кисиков өткенді тебірене еске алады:
«Ол сәт менің есімде мәңгі сақталды. Кеңес Одағы әлі бар еді, бірақ біздің депутаттар батыл қадамға барды – біз тәуелсіз болуға ұмтылатынымызды бүкіл әлемге жария еттік. Бұл – ұлт рухының оянған шағы еді», – дейді ол.

Биылғы мерекелік күн Алматы тұрғындары үшін патриоттық рух пен ұлттық мақтаныштың мерекесіне айналды. Қала әкімдігі мен мәдениет басқармасы ұлттық дәстүрлерді дәріптейтін концерттер, театрландырылған қойылымдар мен көрмелер ұйымдастырды. Қала көшелерінде ұлттық киім киген жастар мен еріктілер мерекелік атмосфераны күшейтті.

 Республика күні – өткенге тағзым етіп, болашаққа сеніммен қарауға шақыратын мереке. Алматы аспанында желбіреген көк Ту – ел тәуелсіздігінің, еркіндік пен бірліктің мәңгі символы. Бұл күн әр азаматқа өзінің туған жері мен мемлекеті үшін жауапкершілік сезімін ұялатып, болашаққа бағыт беретін рухани күш.