Ресурстарды бұғаттау есірткі саудасын азайта алмай тұр

Бүгінде әлеуметтік желілер есірткі саудасының қара базарына айналғаны жасырын емес. Интернеттегі жабық топтар, шифрланған мессенджерлер мен түрлі платформалар арқылы есірткі саудасы бұрын-сонды болмаған деңгейге өршіп отыр.
ІІМ мәліметінше, елімізде бір ғана қаңтар айында 700-ден астам есірткіге қатысты құқықбұзушылық анықталған болса, соның ішінде жыл басынан бері тіркелген 274 есірткі қылмысының 64-і интернет арқылы есірткі жарнамалауға қатысты көрінеді.
Құқық қорғау органдары бұл мәселеге ерекше назар аударып, 1257 есірткі сайты мен 76 арна мен ботты жойды. Алайда мұндай жұмыстар түбегейлі нәтиже бермейді. Себебі қылмыстық топтар бұғатталған ресурстардың орнына жаңасын тез арада құрып, жұмысын жалғастыра береді. Сондықтан ІІМ интернеттегі есірткі саудасын түбегейлі жою үшін жаңа технологиялық тәсілдерді қолдануды жоспарлап отыр.
Есірткі бизнесімен күрес аясында ұйымдасқан қылмыстық топтардың да қызметі тоқтатылып жатыр. Қаңтар айында 9 қылмыстық топтың әрекеті әшкереленсе, 3 есірткі притоны жабылды. Сонымен қатар ел аумағында жасырын есірткі зертханаларының саны артып келеді. Бір айдың ішінде 17 зертхананың жұмысы тоқтатылып, 800 келіден астам есірткі тәркіленген.
Елімізде соңғы бес жылда есірткіге қатысты қылмыстар үшін 5 мыңнан астам адам сотталған. Бұл – жылына орта есеппен мыңға жуық азаматтың бас бостандығынан айырылатынын көрсетеді. Президент Ұлттық құрылтайда бұл мәселені ерекше атап өтіп, жаңа құжат әзірлеуді тапсырды. Демек, алдағы уақытта заңнамаға өзгерістер еніп, есірткі қылмысына қатысты жауапкершілік күшейтілуі мүмкін.
Қазақстанда есірткімен байланысты қылмыстар үшін жаза ауыр. Жыл сайын мыңға жуық адам осы қылмыс үшін бас бостандығынан айырылады. Жаңа заңға сәйкес, есірткіні жасырын тасымалдаушылар енді 5 жылдан 8 жылға дейін түрмеге кесіледі. Бұрын бұл мерзім 10 жылға дейін болса, енді жаза құқықбұзушының жасын, тұрмыстық жағдайын және бұрын қылмыс жасаған-жасамағанын ескере отырып белгіленеді.
Елімізде есірткі қолданатын 20 мыңға жуық адам бақылауға алынған. Сарапшылардың айтуынша, есірткі бизнесіне тосқауыл қою үшін тек құқық қорғау органдарының күші жеткіліксіз. Жаңа есірткі түрлері тез тарап, қоғамға елеулі қауіп төндіріп отыр. Әсіресе жастар арасында есірткіге тәуелділік белең алуда. Таратушылар түрлі айла-тәсілдерді қолданып, жаңа буынның өмірін улауға тырысып жатыр.
Есірткі бизнесінің тамырына балта шабу үшін жастардың оған қолжетімділігін шектеу – басты міндет. Өкінішке қарай, есірткіге еліткендердің қатары азаймай отыр. Интернеттегі есірткі саудасына қарсы күресті күшейту үшін кешенді шаралар қажет. Оған киберқылмысқа қарсы арнайы алгоритмдерді дамыту, киберқауіпсіздік мамандарын даярлау және әлеуметтік желілердегі бақылауды күшейту кіреді. Сонымен қатар қоғамның белсенділігі де маңызды. Егер интернеттегі есірткі саудасына тиімді тосқауыл қойылмаса, бұл мәселе одан әрі ушыға беруі мүмкін.
Қосқанат Бауыржан