РФ мен Украина Женевада келіссөздерді қайта бастайды
Ресей мен Украина өкілдері 17 ақпан, сейсенбі күні АҚШ-тың делдалдығымен Женевада келіссөздерді қайта жалғастырады.
Украин тарапы гуманитарлық мәселелер мен қауіпсіздік кепілдіктеріне назар аударғысы келеді, ал Ресей аумақтық мәселелерді талқылауды көздейді. Бұл туралы dpa агенттігі жазды.
Ресей президентінің көмекшісі Владимир Мединский бастаған ресейлік делегация мінген ұшақ Женеваға қонды, деп хабарлады «Интерфакс» агенттігі. Ұшақ сегіз сағаттан астам уақыт ұшып, Түркия, Шығыс Жерорта теңізі және Италия аумағы арқылы жеткен.
Умеров: Команда жұмысқа дайын
Украина делегациясы Женеваға 16 ақпанда келді. Делегацияны Украина Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің (СНБО) хатшысы Рустем Умеров басқарады.
«Күн тәртібі келісілді, команда жұмысқа дайын. Қауіпсіздік пен гуманитарлық мәселелер бойынша мазмұнды кездесулер өткізіп, лайықты әрі тұрақты бейбітшілікке қол жеткізуге үміттенеміз», – деп жазды Умеров Telegram парақшасында.
Өткен аптада ол келесі келіссөздер раундының мақсаттарының бірі Украина энергетикалық жүйесін қорғау үшін ішінара атысты тоқтату келісіміне қол жеткізу екенін айтқан.
Трамп: Украина келіссөз үстеліне тезірек отыруы тиіс
АҚШ президенті Дональд Трамп бұған дейін Киевті Мәскеумен мүмкіндігінше тезірек келісімге келуге шақырған.
«Украина келіссөз үстеліне тезірек отыруы керек», – деді Трамп 16 ақпанда Air Force One ұшағы бортында журналистерге берген сұхбатында.
Ресей делегациясының құрамы кеңейтілді
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков 16 ақпанда Женевадағы консультацияларға қатысатын ресейлік делегация құрамының кеңейтілгенін мәлімдеді. Делегацияны Владимир Мединский басқарады. Оның құрамына Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары Михаил Галузин және Ресей Қарулы күштері Бас штабы Бас барлау басқармасының басшысы Игорь Костюков кірген. dpa дерегінше, делегация 20-дан астам адамнан тұрады.
Украина делегациясының құрамына Рустем Умеровтен бөлек, Владимир Зеленскийдің кеңсесінің басшысы Кирилл Буданов, оның орынбасары Сергей Кислица, Украина Қорғаныс барлау басқармасы басшысының орынбасары Вадим Скибицкий, Украина Қарулы күштері Бас штабының басшысы Андрей Гнатов және билік партиясы «Слуга народа» фракциясының жетекшісі Давид Арахамия кіреді.
Келіссөздер 18 ақпанға дейін жалғасады деп жоспарланған. Бұған дейін АҚШ-тың делдалдығымен Абу-Дабиде өткен екі келіссөз айтарлықтай нәтижеге жеткізбеген.