Рысбек Сәрсенбайұлы, қоғам қайраткері: Біз бәріміз «Қылмыскерміз»
Қажығұмарша айтсақ, біз бәріміз «қылмыскерміз». Ашып айтсақ, қазақ болып туғанымыз үшін, кең байтақ жерді қазақ болып жалпағынан басып жүргеніміз үшін, өзгелерге есемізді жіберіп, төменшіктеп жүргеніміз үшін «қылмыскерміз».
Қ. Шабданұлының «Қылмыс» романындағы «құдіретті тергеуші» мен «қылмысымды» мойындаймын» деп басталатын сөзді біздің де қайталап айтуымызға тура келіп тұр. Құдіретті тергеуші, біз де жасаған «қылмысымызды» мойындаймыз. Біздің жасаған «қылмысымыз» – қазақтың еркін болуы, кеудесін бастырмауға ұмтылысы. Өзіне тиесілі несібесін өзгелерге жегізбеуге талпынғаны, «жемқор жүйеге, билік басындағы сатқындарға, құзғындарға таланбайық, бұл біздің маңдайымызға жазылған дүние емес, еркін өмір сүрейік, азаттықта болайық» дегеніміз. Себебі әр қазақтың азаттығы – тұтастай исі қазақтың азаттығы. Қазақ дүниенің қай қиырында өмір сүрсе де азаттықты аңсаған, азаттықты ұлық тұтқан ұлт. Қазақтың осы мінезін билік «қылмыс» санап шатасып отыр. Қажығұмар әкеміздің туған топырағына тіпті сүйегінің жетпеуі, соны жеткізбеуге әрекет еткені біздің биліктің саясатының сықпытын көрсетеді. Біз кезінде Ресейдің отары болдық, содан олардың әлі күнге қабағына қарап келе жатырмыз дейік, бірақ Қытайдың боданы болғамыз жоқ, енді неге оның қабағына қарап, алдында бүгежектей береміз?!
Қажығұмар шығармаларында қазақтың еркіндігі бұлқынып, буырқанып жатады. Көрші елдің билігі, міне, осыдан сескенді. Ақиқат айтылмау керек, шындық шынжырланып тұруы тиіс дейтін саясат қай елде, қай мемлекетте болса да халықтың, ұлттың соры. Қажығұмардың 44 жыл бойы түрмеде отыруы, қайта-қайта сотталса да мойымауы оның қазақы рухының, қазақы болмысының мықтылығы. Бұл сирек мінез. Қазір көбіміз жасып қалдық, жасқаншақпыз, бұғып жүреміз. Жасып қалдық, ал Қажығұмарды оқысаңыз, осы мінез сіздің бойыңызда қайта пайда болады. Көзіңізді ашады, қайрат қылуға жігерлендіреді. Сондықтан біз Қажығұмардай «қылмыскер жазушының» шығармаларын оқуымыз керек және сондай «қылмыскер» болуымыз тиіс! Қажығұмар шығармаларын оқып, ұлтшылдықты терең түсінуіміз, ұлттың қамын жейтін болып қалыптасуымыз қажет.
Қ. Шабданұлы кезінде Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылды, алайда маңайлатпады. Ал біз бұған намыстандық. Мен ол кезде «Жас Алаш» газетінің бас редакторы едім, содан редакцияда ақылдасып, қазақ зиялыларының басын қостық. Сөйтіп Қажығұмар әкемізге «Халық сыйлығын» беруді, қаражат жинауды ұйғардық. Мұны Халық жазушысы Қ.Жұмаділов бастаған біраз зиялылар қолдады. Қаражат та жиналды, әркім қолынан келгенше көмектесті. Сонда Қажығұмардың халықтың сүйіспеншілігіне бөленген жазушы екеніне көзіміз анық жетті. Біз жазушыны «түрмеде отырған қаламгер ғой деп мүсіркеп емес, нағыз қайсарлықтың үлгісі, қайраткерліктің өнегесі үшін төбемізге көтерейік» деп «Халық сыйлығын» Жайнар қарындасымызға табыс еттік.
«Жас Алаш» газетінде Ерік Рахым деген журналист жігіт қызмет етті, қазір басылымның бас редакторы. Бір күні Ерік: «Мен Қытайға, Қажығұмар ақсақалға барып келсем», – деді. Мен бірден қолдау білдіріп: «Мүмкін болса барып кел, «Қылмыстың» алты томын қолына ұстат, елдің, халықтың ыстық сәлемін жеткіз. Ақсақал жасымасын, елге келуін тілейміз, ол үшін қолдан келген көмегімізді жасаймыз, осы сәлемімізді жеткіз», – дедім.
Әрине, Қажығұмар үй қамақта, қадағалауда отырған адам, ол кісімен жолыққан адамның өзіне де қауіп-қатер төнуі мүмкін. Бірақ, соған қарамастан, Ерік Шәуешекке барды. «Қылмыстың» бірінші томын шекарадан тықпыштап жүріп өткізіп, жазушының қолына тигізді. Сонда «Қылмысты» қолына ұстағанда көзінен тарам-тарам жас ағыпты, мен ол кісіні көрмесем де, осы сурет көз алдымда тұрады. Міне, бұл елді сағынған, ғұмыр бойы аңсаған жанның көз жасы. Бір сәт болса да жазушының жүрегіне елдің жылуы барды. Ал қанша Қ.Шабданұлын туған еліне алдырта алмадық, анығы, билік келтірмеді. Әйтпесе кезінде Н.Назарбаевқа қаншама ашық хат жаздық. Қол жинадық, өтініш айттық, бірақ билік селт еткен жоқ. Негізі президент үшін бір адамды елге алдыру онша қиын, күрделі шаруа емес, соған Назарбаевтың батылы жетпеді, не болмаса Қажығұмардай ақиқатшыл жазушының Қазақстанға келуін қаламады.
Қажығұмар – қазақтың бағы үшін, болашағы, жақсы өмірі үшін рух берген, дем берген, қайраттандырған ұлы жазушы.