«Росатом» Қазақстандағы АЭС құрылысына қатысты мерзімді атады
Ресейдің «Росатом» мемлекеттік корпорациясы Қазақстанда салынатын атом электр станциясының (АЭС) алаңында жүргізіліп жатқан зерттеу жұмыстарын 2027 жылдың басына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.
Бұл туралы «Росатом» бас директоры Алексей Лихачев RT арнасына берген сұхбатында мәлімдеді.
Оның айтуынша, зерттеу жұмыстары өткен жылдан бері жүргізіліп келеді. Қазіргі уақытта мамандар кешенді талдау жасап жатыр. Атап айтқанда, сейсмикалық белсенділік, су ресурстары, ауа райы жағдайы және топырақ ерекшеліктері зерттелуде.
«Келесі жылдың басында алаңның барлық сипаттамасы бойынша толық есеп дайын болады. Сол есеп негізінде жобаның нақты нұсқасы әзірленеді», — деді Лихачев.
Жоба барлық қауіпті ескеруі тиіс
«Росатом» басшысы болашақ АЭС жобасы сейсмикалық және климаттық қауіптерді, сондай-ақ жергілікті су мен топырақтың ерекшеліктерін толық ескеруі қажет екенін атап өтті.
Сонымен қатар, оның айтуынша, жоба аясында басқа елдерді де тарту мәселесі қарастырылып жатыр. Яғни, халықаралық әріптестер жабдық жеткізіп, өз ұсыныстарын ұсынуы мүмкін.
Еске салсақ, Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын 2030 жылға қарай іске қосу жоспарланған. Нысан Балқаш көлі маңында орналасады.
Бұл жоба елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экономиканы көміртексіздендіру (декарбонизация) бағытындағы стратегиялық қадам ретінде қарастырылып отыр.