«Роскосмос» Байқоңырдағы ғарыш айлағының қалпына келтірілгенін хабарлады
Байқоңыр ғарыш айлағында 31-ұшыру алаңындағы қызмет көрсету кабинасы толық қалпына келтірілді.
Бұл алаң Ресейдің пилоттық ғарыш бағдарламасын жүзеге асыруда пайдаланылатын негізгі нысандардың бірі болып саналады.
Жөндеу және монтаж жұмыстарына «Роскосмос» құрамына кіретін «ЦЭНКИ» кәсіпорнының 150-ден астам жеткізушісі мен төрт мердігер ұйымның мамандары қатысқан. Мамандар барлық жұмыстарды екі айдан сәл ғана асатын қысқа мерзім ішінде аяқтаған.
Жөндеу барысында 2350 шаршы метр металл конструкция дайындалып, боялды. Сонымен қатар барлық бекіту тораптары жаңасына ауыстырылып, электр жабдықтары толық жаңартылып, ретке келтірілді. Кабинадағы механизмдерге техникалық тексеріс жүргізіліп, қызмет көрсету жұмыстары атқарылды. Жалпы ұзындығы 250 метрден асатын дәнекерлеу жұмыстары орындалған.
Жұмыстың ең күрделі кезеңдерінің бірі ұзындығы 19 метрге, салмағы шамамен 17 тоннаға жететін кабина элементтерін орнату болды. Бұл бөлшектер арнайы әзірленген әдіс арқылы орнына қойылған.
Қазір Байқоңырда келесі ұшыруға дайындық басталып кетті. 22 наурызға жоспарланған «Прогресс МС-33» жүк ғарыш кемесін ұшыру жұмыстары жүргізілуде.
Айта кетейік, 2025 жылғы 27 қарашада Қазақстандағы Байқоңыр ғарыш айлағында «Союз» зымыранын ұшыру кезінде негізгі ұшыру алаңы зақымданды. Бұл жағдай Ресейдің Халықаралық ғарыш станциясына экипаж жіберу мүмкіндігіне қауіп төндірді.