Роза Өміртай: Сыбайлас жемқорлыққа қатысты заңды қайтадан жазу қажет

Жақында жуырда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қайта ұйымдастырылып, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қосылады. Бұл өзгерісті қоғам әртүрлі қабылдады.
Әсіресе онсыз да құрығы ұзын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің енді жемқорлықпен күресті қадағалайтынына алаңдаушылық білдіргендер көп болды. Біз бүгін осы өзгерісті және жемқорлықпен күрес мәселесін Нұр-Мүбарак халықаралық ислам мәдениеті университетінің қауымдастық профессоры, заң ғылымдарының кандидаты, АҚАА-ға мүше адвокат Роза Өміртаймен талқыладық.
– Роза ханым, жуырда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қайта ұйымдастырылып, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қосылады. Бұл ненің белгісі, не себепті Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қосылды деп ойлайсыз?
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәселе – біздің елді ғана емес, тұтас дүниежүзін ойландырып отырған өзекті мәселелердің бірі. Әрине, мұны аз уақыттың ішінде түп-тамырымен жойып жіберу де мүмкін емес. Алайда оның деңгейін азайту жолында түрлі жұмыстар атқарылып келеді. Бұл тұрғыда өнімді өзгерістер мен реформалар жасаған елдердің тәжірибесін үлгі ретінде алуға болады. Мұндай тәжірибенің біразын осы уақытқа дейін де қолданып келдік. Ең әуелі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігін қайта ұйымдастырып, оның Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қосылуы – бұл органның осы уақытқа дейін атқарған жұмысының өнімді болмағанының белгісі. Егерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес оң нәтижеге жетіп жатса қарапайым халықтың өзі оның әсерін сезінетін еді. Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін жемқорлықпен күресте айтарлықтай нәтижеге жеттік деп ауыз толтырып айта алмаймыз. Сондықтан да реформа енгізген болуы мүмкін. Ал Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ұлттық қауіпсіздік комитеті құрамына енуі, менің ойымша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің ұлт қауіпсіздігінің деңгейіне дейін көтерілгенін көрсетсе керек. Осы тұрғыдан алып қарағанда бұл өзгерісті оң бастама деуге болады. Себебі жемқорлық – кез келген ұлтты, мемлекетті түп-тамырымен жойып жіберетін өте қауіпті іс. Сондықтан да тұтас әлем жемқорлықпен барынша күресіп, оның алдын алуға тырысып жатыр. Мысалы, Грузияның тәжірибесін айтайық, онда полицияның қызметін электронды түрге көшіріп, тұтастай ашық етті. Осыдан соң барлық істі халық көзімен көріп, бақылап отыратын болды. Бұл, сәйкесінше, халықтың полиция қызметкерлеріне деген сенімін, құрметін арттырды. Нәтижесінде Грузияда полиция саласында жемқорлық та тұтастай жойылды. Біз де, міне, осындай бастамаға бет бұрдық, ендігіде өнімді нәтижеге қол жеткізсек екен дейміз. Түптеп келгенде, жемқорлықпен күрестің нәтижелі болуы оның құзыретінің артқанында немесе Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қарамағына өткенінде емес, ең бастысы, осы салада қызмет ететін азаматтардың адалдығында. Сондықтан ең әуелі біз адал, кәсіби мәдениеті жоғары тұлғаларды қалыптастыруымыз қажет. Сонда ғана ісіміз өнімді болады. Қорыта айтқанда, бір жағынан сыбайлас жемқорлықты жүргізетін кәсіби маман, енді бір жағынан, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеті жоғары халық қалыптасқанда нәтижеміз артады. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тек ғана осы агенттіктің жұмысы емес, ол бүкіл мемлекеттік қызметкерлердің басты мақсаты болуы тиіс. Сонымен қоса мұндайда адал жұмыс істейтін әрбір азаматтың іс-әрекеті маңызды рөл атқарады.
– Енді осы қаулыға сәйкес президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың тізбесінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі алынып тасталады. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекетті тиісінше әлсіретпей ме?
– Осы уақытқа шейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі президентке тікелей бағынып, «есеп беріп» келді. Алайда құр сөз, құрғақ есептен ештеңе өзгере қоймады. Нақты нәтиже болмады. Сонымен қоса бізде президенттің рөлі, алатын орны зор. Президент мемлекетті басқарушы тұлға ретінде мемлекеттік биліктің әрбір саласын тепе-теңдік, тежемек қағидасымен басқарып отыр. Жалпы мемлекеттік биліктің де біртұтас тоғысып тұрған жері де президент. Сондықтан бұл өзгеріс сыбайлас жемқорлықты әлсіретеді деп айта алмаймын. Тиісінше, жоғарыда айтқанымдай, сыбайлас жемқорлық мәселесінің ұлттық қауіпсіздік деңгейіне көтерілуі ендігіде нәтижесі өнімді бола ма деген үміт сыйлайды.
– Негізі жемқорлықпен күрес қалай жүргізілуі тиіс деп ойлайсыз?
– Жемқорлыққа қарсы күрес әрбір азаматтың бойында жемқорлыққа қарсы сананың, жемқорлыққа қарсы мәдениеттің қалыптасуымен астасып жатыр. Әдетте кейбір адамдардан жемқорлық туралы сұрасаң, оны күнделікті нан жеп, шай ішкендей әбден орныққан, қалыпты жағдай ретінде бағалайды. Жемқорлықты азаматтардың бұлай бағалауы мемлекет үшін өте қауіпті іс. Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана – жемқорлыққа төзбеу, жемқорлықты жек көру, қандай да бір мәселені адал жолмен шешуге ұмтылуды білдіреді. Ең әуелі осы жемқорлыққа қарсы мәдениеттілікті әрбір тұлғаның бойында қалыптастыру қажет. Бұл – жемқорлыққа қарсы күресте жеңіске алып келетін маңызды қадамдардың бірі. Сондықтан бұл тұрғыда жұмыстарды арттыру қажет. Мысалы, мен жоғары оқу орнында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәдениеті» деген сабақтан дәрістер оқимын. Бірақ менің түсінбейтін бір дүнием, неге біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті тек жоғары оқу орындарының студенттері арасында ғана қалыптастырамыз? Меніңше, мұндай пәндерді мектеп қабырғасынан бастап оқыту маңызды. Тым болмаса бұл пәнді жоғары оқу орындарының студенттеріне таңдамалы емес міндетті пәндер қатарына жатқызып, әрбір жоғары білім алушы тұлғаның (болашақта кез келген салада қызмет ететін тұлғаның) бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыра алсақ, бұл бір сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттің қызметіне қосылған үлес болар еді.
– Жемқорлыққа қарсы күресте заңдық тұрғыдан күшейтілетін, қайта қаралуы тиіс тұстары бар ма?
– Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қарамағына өткен соң Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заң өзгеретін шығар деп ойлаймын. Себебі бұл заң өте түсініксіз. Тым кәсіби тілде жазылған. Сондықтан заңды бастан аяқ қайтадан жазып шығу керек. Себебі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес әрбір азамат үшін міндетті борыш саналады, ал осы қатынасты реттейтін заң әрбір азаматқа түсінікті болуы шарт. Ал қазіргі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреспен айналысатын азаматтар өздері ғана түсінетін істер, өздері ғана түсінетін қадамдар, өздері ғана түсінетін принциптер жазылған. Бұл дегеніміз, сыбайлас жемқорлықпен күрес сыңар жақтылы жүріп жатыр дегенді білдіреді. Сондықтан мазмұнды, мағыналы заң керек. Сосын, жемқорлықпен кұресте нәтижеге жеткен мемлекеттердің тәжірибесін қолданатын батыл-батыл қадамдар керек. Мысалы, кезіндегі Сингапурдың премьер-министрі Ли Куан Ю секілді батыл қадам жасайтын жүректі азаматтар билік басына келуі тиіс. ҚР Қылмыстық кодексінде, әкімшілік құқықбұзушылық кодексінде сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін қылмыстық әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Қылмыстық кодекске сәйкес ең ауыр жаза 10–15 жылға дейін бас бостандығынан айыру, ал әкімшілік құқықбұзушылықтар үшін 100 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу қарастырылған. Менің ойымша, бұл жазаларды бұдан да қатаңдастыра түсуі қажет. Егер жаза ауыр болса және одан құтылу мүмкін емес болса адамдар ойланады. Заң қатаң болған жерде тәртіп орнайды.
– Қоғамда сыбайлас жемқорлық күдігіне іліккен азаматтардың жақындарын, әсіресе олардың басындағы мүлкінің келу тарихын тексеру керек деп жиі айтылады. Бұл туралы не айтасыз, осындай тармақтар заңға кіруі тиіс деп ойлайсыз ба?
– Иә, жемқорлыққа қатысты күдікке ілінген азаматтың әйелі, жақын туыстары жіті тексерілуі тиіс. Бұл туралы қылмыстық кодекске де, әкімшілік кодекске де арнайы баптар енгізілуі қажет. Себебі өзімнің адвокаттық қызметімде көптеген адамдар жемқорлық істерінде жақын туыстарының атынан сенімхат алып, сол сенімхат негізінде әрекет етіп жүре беретін жағдайлар көптеп кездеседі. Сондықтан бұл жағдайларды да ескеру қажет.
– Қандай да бір заңның іске асуы, қоғамдық тәртіптің орнауы қоғамдық санамен де тығыз байланысты. Заңға бағынатын, саналы қоғам құру үшін не істеуіміз тиіс?
– Жалпы сананы «қоғамдық сана, құқықтық сана, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана» деп түрге бөлуге болады. Мұның түп-төркіні азаматтарды саналы өмір сүруге жетелейді. Әуелі жемқорлықтың ауру екенін, адамзаттың түбіне жететін дерт екенін әрбір азамат жете түсініп, оған жек көріп қарап, жемқорлық қатынастарын қабылдамау, мойындамау деңгейіне жеткен кезде жемқорлыққа қарсы сана қалыптасады деп ойлаймын. Яғни қоғамда саналы адамдар көбейген сайын жемқорлықтың жолы тарылып түседі. Әрине, жемқорлықпен күресте біздің де жеткен жетістіктеріміз бар, мысалы, Ұлттық бірыңғай тест кезіндегі жемқорлық жойылды. Алайда кейбір азаматтардың санасының төмендігі соншалық, «оқуға түсіріп берем» деген алаяқтарға ақшасын беріп, алданып қалатындар әлі де кездеседі. Осындай жағдайларды көргенде ашынасың. Сонда ата-аналарға: «Біз құқық пен заң орнаған заманда өмір сүріп жатырмыз. Сіздердің балаларыңызды пара алып оқуға түсіріп беретін заман келмеске кетті» дегім келеді. Өткен жылы ғана 60–70 адам әрқайсысы 3 миллионнан ақша беріп, бір алаяққа алданған. Өкінішке қарай, сол алаяқтың өзі әлі жазасын тартқан жоқ. Сот істі қайта тергеуге жіберіп, тергеу маймөңкеленіп кетті. Көрдіңіз бе, мұндағы басты мәселе – мемлекеттік қызметкердің ісіне деген адалдығына саяды. Әрбір мемлекеттік қызметкер ісін адал, ақ атқарса қоғамда әділдік, тәртіп орнайды. Ал бармақ басты, көз қысты болған жерде жемқорлық бар деген сөз. Жемқорлықтың залалы шаш-етектен, қарапайым ғана мысал айтайын, жемқорлық белең алған мемлекетке шетелдік инвесторлар ақша салудан қорқады. Себебі олар мұндай елге салынған инвестицияның болашағы бұлыңғыр деп есептейді.
Сыбайлас жемқорлықта нәтижеге жеткен елдердің тәжірибесінде ең бірінші істелген іс мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын көтеру, әлеуметтік пакеттер ұсыну болды. Яғни олардың табысқа деген ниетін болдырмайтындай жағдай жасау. Сондықтан мұндай тәжірибелерді де пайдаланған жөн. Сондай-ақ қазір декларацияға көшіп жатырмыз, бұл да адамдардың табысын бақылау арқылы жемқорлықтың алдын алудың бір тәсілі. Сонымен қоса цифрландыру, ақпараттандыру, ашықтық арқылы да жемқорлықтың алдын алуда нәтижеге жетуге болады.
Сұхбаттасқан
Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ