Рухани тәуелсіздікке ұмтылыс

Адамзат қоғамы саяси, экономикалық, рухани болып үш салаға бөлінетіні белгілі, біз қазір соның рухани-мәдени саласын сөз қыламыз.
Қазақстанды тәуелсіздігін алған ел десек те, шын мәнінде рухани тәуелсіздікке әлі қол жеткізген жоқпыз. Себебі рухани тәуелсіздіктің басты атрибуты мемлекет құрушы ұлттық тілі болып саналады. Ал Қазақстанда мемлекеттік тіл қазақ тілі, бірақ ол өз функциясын атқармай отыр. Оның басты себебі қазіргі билік басындағылар негізінен қазақ ұлтының өкілдері болса да көбі орыс тілінде, мәдениетінде тәрбиеленгендер, сондықтан оларға мемлекеттік тілдің, яғни қазақ тілінің қажеті жоқ.
Орыс отаршылдарының басты мақсаты өзіне бодан болған халықтың бірінші кезекте тілінен, дінінен, салт-дәстүрінен айырып, оларды ассимиляциалауға тырысты, ол мақсаттарына жетті десе де болады. Қазіргі Ресейдегі жүздеген ұлт өзінің ана тілін білмесе де, орыс тілін білуге мәжбүр, себебі олар ассимиляциаланып ұлттық болмысынан айырылған. Қазақтарды толық ассимиляциадан құтқарып қалған оның кең даласы. Қазақтар негізінен мал шаруашылығымен айналысып ауылдық жерде өмір сүрді. Сондықтан ауылда тұрған қазақтар тілінен, салт-дәстүрінен айырылған жоқ, ал қалада тұратын интеллигенция және шенеуніктер ассимиляцияға ұшырап, көбі мәңгүрттеніп кетті. Тәуелсіз ел атанғанымызға отыз жыл болса да рухани тәуелсіздікке әлі қол жеткізгеніміз жоқ. Себебі Қазақстан егеменді ел болса да билік басында сол бұрынғы отаршылдарға қызмет еткен шенеуніктер қалып қойды, Қазақстанда коммунистердің интернационалдық идеологиясы еш өзгеріссіз қалды және қазіргі жастар сол идеологияда тәрбиеленуде. Оның үстіне бұрынғы ауылдағы кеңшарлар мен ұжымшарлар таратылып, ауылда жұмыс болмағандықтан, қазақтар қалаға шоғырлана бастады. Бірақ қалада іс-қағаздары орысша болғандықтан және қаланың өмір салты сол бұрынғы советтік өмір салтына ұқсас болғандықтан, қазақтардың ассимиляциалану процесі бұрынғыданда шапшаң қарқынмен жүріп жатыр. Егерде бұл жағдай алдағы уақытта да осылай жалғаса берсе, қазақ ұлты түгелдей орыс мәдениетіне жұтылып, мәңгүрттеніп кету қаупі бар. Оның үстіне бұрынғы Совет Одағының мақсаты да басқа ұлттарды ассимиляциалап, орыстандыру болса да олар ол саясатын интернационализм идеологиясымен бүркемелеп жасырын жүргізетін, ал қазіргі Ресей империалистік саясатын ашық жүргізетін болды. Оның себебі өткен ғасырда Ресей басқа империалистік елдермен бейбіт бәсекелестікте өзінің ұтылып қалғанын мойындағысы келмейді. Сондықтан қазір кек алу мақсатында, қалайда бұрынғы ықпалын қайта орнату үшін Украина, Белорусь елдерінде дау-жанжал жасап отыр. Егерде Қазақстанда басқа елдер сияқты өзінің ұлттық мүддесін қорғағысы келсе бізде де олардың тіл, жер дауын тудырып жанжал шығаратыны анық. Қазақстанның қазіргі билігі бұрынғы метрополияның империалистік саясатына бас ие бермей, ең болмаса рухани тәуелсіздікке ұмтылуы керек. Сонда ғана Ресейдің көздеген мақсаты әшкереленіп, империалистік саясатының беті ашылады.
Ол үшін ең алдымен, халық болып, елдіктің негіздерін қалпына келтіру арқылы қазақи болмысымызға оралу парыз. Бұл кезек күттірмейтін, бүкіл қазақ қоғамы болып жұмыла кірісіп, бірігіп жүзеге асыратын ортақ шаруа болып табылады. Қазақи болмысқа, яғни қазақтың халықтық қалыбына оралу ғасырлар бойы қазақты қазақ қылып әлемге танытқан, адамзат қауымының өзге халықтарынан ерекшелеп, қазақ халқы деген киелі атауды иелендірген, қазақтың тек өзіне тән қасиеттеріне, ұлттық құндылықтарына, рухани тұтастығына оралу, басқаша айтқанда, қазақ халқының ұлттық санасын, ұлттық мәдениетін, ұлттық дәстүрін қалпына келтіру, былайша айтқанда кескін-келбеті қазақ болса да, өзге ұлттың өкіліне айналған қазақтарды қайтадан қазақ ету.
Қазақшылдық дегеніміз – қазақтың қазақ болып өмір сүруінің жанашырлықпен жасалынатын іс-қимылының жиынтығы. Қазақшылдықтың өз ұлтына, төл мәдениетіне берілген шексіз сүйіспеншілігін шовинистікпен де фанаттықпен де шатастыруға болмайды. Атам қазақ оларды «әсіре ұлтшылдық», «әсіре берілгендік» дейді және «әсіре қызыл тез оңар» деп ондайларды жаратпаған.
Сонымен қатар басын ашып алатын бір мәселе – қазақшылдық пен қазақшылықты да шатастыруға болмайды. Екеуінің мәні де, мазмұны да екі басқа, өз алдына жеке ұғымдар.
Қазақшылдықты мұрат тұтқан әрбір қазақ өзін қазақ халқының перзентімін деген ұғымда болады. Қазақшылдық жалпықазақтық сипат алуы – ұлттың дамуының, ұлттық идея салтанат құруының кепілі. Ондай қазақшылдықтың негізгі мәнін жақсырақ түсіну үшін «ұлт» деп аталынатын бірлестіктің неден құрылатынын білу қажеттігі туады.
Ұлт жеке адамдардан тұрады, сондықтан жеке адамдарда болатын мүдде, мінез, намыс, дәстүр сияқты қасиеттер ұлттың да бойынан табылып отырады. Ұлтты жетілдіріп, дамытып отыру үшін жеке адамдардың осы қасиеттеріне көп көңіл бөлуіміз керек. Біз ұлттық қасиеттерімізді сақтағымыз келсе, жастарымызға ұлттық тәрбие беруге ұмтылуымыз қажет. Қазақ ұлты салт-дәстүрге өте бай халық, қызыл империя кезінде қазақтың дәстүрін феодализм дәуірінде артта қалған патриархалдық қоғамның мәдениеті деп қазақ халқын ұлттық дәстүрінен, мәдениетінен, тарихынан, былайша айтқанда ұлттық санасынан, рухынан айыруға тырысты. Соның салдарынан қазақ халқының бір бөлігі мәңгүрттеніп, ана тілін, мәдениетін, дәстүрін жоғалтып, ұлттық болмысын әлсіретіп алды. Ең өкініштісі, еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін отарсыздандыру саясатын жүргізіп, ұлттық рухымызды жаңғыртудың орнына, билік басына келген шенеуніктер сол бұрынғы интернационалдық идеологияны жалғастырды.
Ұлт адамдардан құралатындықтан, сол ұлтты құрушы адамның болмысына тән дүниенің бәрі ұлттық болмысына да ортақ болуы – заңды құбылыс. Бұл ұлттық мінезге де қатысты. Сондықтан ұлттық мінез деп ұлттық дәстүр негізінде тәрбиеленген ұлт адамы мінезінің белгілі бір түрінің ұлт мүшелерінің бәріне бірдей ортақ деңгейге көтеріліп, жалпылық сипат алуын айтамыз. Халықтық қасиеттерімізде мінез жатыр. Өйткені мінезсіз адамда қасиет болмайды. Бұл ұлтқа да тән. Тағдыры шешілер тартыста тас түйін бірігіп, ұлттық мінез көрсете алмаған халық – қалың тобырмен тең. Мінезді халық – намысты халық. Намысты халық ешкімге есесін жібермейді, кеудесін басқызбайды.
Отарлаушылар өздерінің үстемдігін толық орнату үшін бұрынғы қазақ қоғамында бар қалыптасқан кісілік парасаттылықты түрлі айла-амал қолдану арқылы біртіндеп, қажеттіліктен шығарып, оның орнына қазақ жұртын жанын жалдап күн көрудің артықшылығына үйретті. Осы жолда кім отарлаушылардың айтқанын істеп, айдауына жүрсе сол жақсы адам аталып, марапатқа ие болды. Ал кім олардың айтқанын істемей, мінез көрсетсе, олар жамандар қатарына жатқызылды. Сөйтіп жағымпаздық, мақтаншақтық сияқты жат мінез біртіндеп, қазақтың болмысына еніп, әдеттегі тірлігіне айналды.
Ұлттық сана дегеніміз – сол ұлтты құрайтын халықтың, әр адамның жеке тұрмыс-тіршілігінің сыртында өз ұлтының мүддесін, халқының тағдырын, ұрпағының болашағын ойлау қабілетінің ұлттық деңгейге көтеріліп жалпы қоғамға тән ортақ сипатқа ие болған ұжымдық түрі, яғни ұжымдық сана. Ұлттық сана абстракті ұғым емес, сол ұлт тірлігінің тұрмыстық көрінісі, былайша айтқанда, сол ұлтты құрайтын халықтың бүкіл ғұмырнамасының әдет-ғұрпының, салт-дәстүрінің, әдебиеті мен мәдениетінің, өнерінің, тұрмыс-тіршілігінің тарихын білу дәрежесі, яғни халықтың өзін-өзі жете танып түсінуі. Ұлттық сана ұлттық дүниетанымға негізделеді. Ал ұлттық дүниетанымды дұрыс танып түсіну арқылы өріс жайып, ұлттық дәстүр арқылы өз болмысын танытады.
Ұлттық сана әлсіз болса, халық қажетінен айырылып, мылқау күшке айналады. Мұндай кезде жеке бастың пайдасының құрбаны болып, ұлт, халық, намыс, ұлттық идея деген қасиетті ұғымдар тілде бар да, ділде жоқ, тек рухани алып-сатарлардың көпшіліктің көзін алдар құралы мен ұранына айналады. Ел болашағын ойлаған есті азаматтардың алысты болжаған саясаты жұрттан қолдау таппай, бар уақытын «жалған патриоттардың» жайдақ айқайын басуға, соларға түсіндіруге, өзімен-өзі арпалысуға кетеді. Елге пайдасы болмайды.
Қазақ арасындағы қазіргі қазақшылдық көп жағдайда ұлттық жоғарғы санаға емес, дертке ұшыраған жерлестік түйсік, қандастық сезімге негізделген. Содан да болар, қазіргі қазақта ұрандау бар да, ұйымдасу жоқ. Халқым деу бар да, оның қамын жеу жоқ. Айналып келгенде жетер жеріміз – баяғы бос сөзді судай сапырып, өзара қауқылдасу мен қала беру. Бұдан тек ұлттық мүдде ұтылыста болады.
Әрбір ұлттың адамзат өркениетіне қосылып дамуы немесе құлдырап кері кетуі осы ұлттық дәстүрдің сақталуы мен бұзылуына байланысты. Дәстүр бұзылған жерде халықтың халықтығы бұзылады: қазақ қазақ болудан, орыс орыс болудан қалады. Ал дәстүрі бүзылмаған халық өзінің өмір салтын сақтай отырып, әрі қарай дами береді. Халықтың бірлігін, ұлттың тұтастығын сақтап қалу үшін де дәстүр өте қажет.
Егерде біз қазақ халқының қазіргі дәстүріне осы қағида бойынша сараптама жүргізсек, қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрі Октябрь революциясынан кейін большевиктердің жүргізген саясатының салдарынан «Советтік өмір салтымен» өмір сүруге тиіс қағидасын басшылыққа алып, жетпіс жыл бойы бірнеше ұрпақ ұлттық дәстүрінен қол үзіп, ұлттық тілін ұмытып, бірнеше топқа бөлініп, «таза қазақ», «шала қазақ», «ада қазақ» болып бөлініп, бірілігін жоғалтты.
Қазақ халқының осындай мүшкіл халін білетін билік – еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін халықаралық қағидаға сүйеніп олардың басын қосу үшін отарсыздану саясатын жүргізуі керек еді, бірақ билікке келген бұрынғы бюрократ коммунистер қазақ халқының тағдырына жандарының ашымайтынын өткен отыз жыл толық көрсетіп берді. Осы уақыт ішінде қазақ халқының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени жағдайы туралы және оның жетістіктерімен қатар кемшіліктері туралы талай дәлел-деректер айтылды, егер соған сараптама жасап, оның себеп-салдарын дәлелдеп көрсетсек, шындықты білген болар едік.
Қазақстан сырттай қарағанда қазір қалыптасқан мемлекет болып көрінеді, экономикасы дамуда, саяси жүйесі ауысуда, бәсекеге түсуге ұмтылуда. Бұл сырттай қарағандағы көрінісі, шын мәнінде билік пен халықтың ортасындағы алшақтық, түсінбеушілік күннен-күнге тереңдей түсуде. Бұл әрине биліктің кінәсі, себебі Қазақстанның табиғи байлығын олар өздерінің тойымсыз қажетіне жұмсап, талан-таражға салды. Осының салдарынан халық не істейтін жұмыс жоқ, тұратын баспанасы жоқ, азып-тозып, моралдық азғындыққа түсіп, кері кетуде. Бұл көрініс осы кезге дейін жалғасуда, бұған әрине қазақ халқының өзінің де кінәсі бар екені рас. 1990 жылдары қайта құру, жариялық, демократия кезінде басқа республикалар тәуелсіздігін, егемендігін, мемлекеттік тілді талап етіп жатқанда біздің елде онша белсенділік болған жоқ, Совет Одағын сақтап қалу жөнінде референдум өткізілгенде біздің республика оған «иә» деп дауыс берген болатын.
Әрине 1986 жылы 16-17 желтоқсанда жастардың наразылық білдіріп алаңға шыққаны рас, ол аяқ астынан болған стихиялық қозғалыс еді, егер бейнелеп айтатын болсақ, оны жаны шығар алдындағы тұяқ серпу деп айтуға болады. Себебі, қазақ халқы тәуелсіздік алғаннан кейін рухани тәуелсіздікті талап етуге келгенде тұяқ серпуге де жарамай қалды. Рухани тәуелсіздіктің негізіне мемлекет құрушы титулды ұлттың тілі жатады, осы отыз жылда Конституцияда жазылған мемлекеттік тілді білуді талап етіп, халық бір ретте демонстрацияға шыққан жоқ.
Қазақ халқына ең басты қажеттілік – саяси немесе экономикалық тәуелсіздік емес, ең бастысы рухани-психологиялық тәуелсіздік болуға тиіс. Осы тәуелсіздікке қол жеткізсек, санамыздағы құлдық психологиядан арыламыз. Сондықтан қазіргі билік қазақ халқын құлдық санада қалдыру үшін, осы кезге дейін ұлттық идеологияны қабылдамай, интернационалдық идеологияны уағыздап, сол бұрынғыша құлдық санада қалдырып, мәңгүрт бола бергенін қалайды. Оның үстіне қазіргі қоғамдық сананы қалыптастыру сол бұрынғы метрополияның қолында. Қазақтардың күнде көгілдір экраннан көретіндері шетелдің киносы мен ойын-сауық музыкасы. Қазақ тіліндегі газет-журналды дүңгіршіктерден таба алмайсың, қазіргі сәбилердің тілі орыс тілінде шығатын болды.
Бізде көбіне қазақ тілінде оқитын жастар көбейіп келеді дегенді көп айтады, бұл алдамшы үміт, себебі іс-қағаздары орысша болғандықтан, кейін олар есейгеннен кейін әлеуметтік мансапқа қол жеткізу үшін орыс тіліне басымдық беретіндері анық. Оның үстіне ертең латын қарпіне көшкеннен кейін қазақ қоғамы қазақ тілді, орыс тілді болып екіге жарылып, арада үлкен әлеуметтік дау-жанжал туатыны белгілі. Сол себепті осы проблеманы қазірден шешіп алу міндетіміз. Ол үшін:
Біріншіден, Мемлекеттік органдарда істейтін шенеуніктерден 2025 жылға дейін мемлекеттік тілді толық меңгеруін міндеттеу керек.
Екінші. Іс-қағаздарын латын қарпіне көшкенше, толықтай мемлекеттік тілге көшіруіміз қажет.
Үшінші. Қазақстан азаматтығын алғысы келетін азаматтардан мемлекеттік тілді меңгеруін талап етуіміз керек.
Төртінші. Жоғары оқу орындарында, мектептерде оқитындардан мемлекеттік тілден емтихан тапсыруды міндеттеуге тиіспіз.
Тәуелсіз елміз дегенімізге биыл 30 жыл болады. Тіліміз сол баяғы босағадан сығалаған өгей баланың көрген күніндей, біз тек тіл үшін күресіп жатқандардың бейнесін жасап жүрміз. Қабылданған қаулы қабылданған, жазылған Заң жазылған күйінде қалды. Өйткені біз тіліміздің неге бұлай тұралауының түпкі себебін анықтаған жоқпыз, тек оның салдарымен күрескен болып жүрміз.
Ана тіліміздің бұлайша құлдырауының басты себебі сол баяғы отарлаушылардың жүргізген ішкі-сыртқы саясатының салдары болатын. Олар қазақ тілінің қоғамда, күнделікті өмірде қолданылуына тоқтау қойды. Кейбір қандастарымыз отаршылдардың тілінде сөйлегенді мәртебе санады. Орыс тілін білмейтіндерді шала сауатты, білімсіздер деп есептеді.
Олар тіліміздің тағдыры – өзіміздің тағдырымыз екенін, оған салғырт қарау – өзгені емес өзімізді сыйламау, ұрпақ тағдырын ойламау екенін білмеді. Осы орайда ескерте кететін бір мәселе отаршылдар, немесе орыс тілділер «Қазақ тілі» мен «Мемлекеттік тіл» деген ұғымдардың арасына жік қоймай, олардың мәні бір болғанмен олардың әлеуметтік статусы екі бөлек екенін ажыратпауға тырысады. Ондағы ойлары ана тіліміздің Конституция берген құқығына қарамастан, сөз арнасын әдетте «Мемлекеттік тіл» ұғымына емес «Қазақ тілі» ұғымына аударады да, оған қарсы өз уәждерін айтып, әдейі шу шығарады. Ондағы дәлелдері «Қазақ тілі» қазақтардың тілі, оны білу әркімнің өз еркі, ал «Мемлекеттік тіл» осында тұратын адамдардың бәріне ортақ, сондықтан бәріне ортақ тіл Елдің Ата Заң «Мемлекеттік тіл» деп бекіткеннен кейін мемлекеттік мекемелерде адамдар үшін – оны білу міндет». Ал бізде тәуелсіздігімізге отыз жыл болса да, шенеуніктер мемлекеттік тілді осы күнге дейін білмейді. Ендігі жерде мәселе қазақ тілі жөнінде емес, тек мемлекеттік тіл жөнінде болуы керек және оны білуді барша тұрғындардан талап ету қажет.
Тіліміздің тағдыры – біздің өзіміздің тағдырымыз. Оған немқұрайлы қарау – өзге емес өзімізді сыйламау, ұрпақ тағдырын ойламау. Тіл мәселесін байыбына барып, түйінін шешу – біздің төл шаруамыз – атқарар ісіміздің, ең киелісі. Бұл іске уақыт оздырмай, жұмыла кірісуге тиіспіз. Және оны әркім отбасынан және өзінен бастауы қажет.
Әр діннің шариғатында өзіндік ерекшеліктері болғанмен, діндердің бәрі де адамдарды имандылыққа, тазалыққа, адалдыққа, шынайылыққа үндейді, кез келген халықтың ата-бабаларының өмір тәжірибесінің тезінен өткен, сұрыпталған салт-дәстүрі сол халықтың ұрпағын тектілікке, кісілікке, парасаттылыққа тәрбиелейді. Мұндай адамдық асыл қасиеттерді сәби күнінен бойына сіңіріп, сонымен тәрбиеленіп өскен ұрпақ ешқашанда қиянатқа бармайды өз дәстүрін қасиет санайды, өзгенікіне құрметпен қарайды. Шынайы түсіністік бар жерде – ынтымақ бар. Ынтымақ бар жерде – бірлік бар, береке бар.
Ұлттың жаманы болмайды, бірақ қазақта «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген мақал бар. Заманның талабына сай, ұрпақтың ауысуына байланысты, қоғамның өмір сүру қажеттілігіне қарай тозығы жеткен дәстүрлер қолданыстан шығып отыратыны шындық. Ұлттық дәстүріміздің отаршылдыққа байланысты жоғалтқан жақсыларын түгендеп, барының байыбына барып, заман талабына сай, адамзаттық игіліктің озық үлгілерімен үйлестіре дамытып, жетілдіре түсу қажет.
Өмірде кез келген жаңалықтың бәрі – қажеттіліктен туады. Қажеттілік адамды ізденіс жолына түсіріп, жоқтан бар жасауға мәжбүрлейді. Өркениетте қажеттіліктен пайда болды. Ол тарихи мыңжылдықтар қойнауынан бастау алады. Қазақ халқы бірнеше ғасыр Ресейдің отары болып, өзінің көшпенді өмір салтында дүниеге әкелген салт-дәстүрінің көбінен айрылып қалды. Енді еліміздің тәуелсіздігін пайдаланып, сол бодандық кезде жоғалтқан рухани құндылықтарымызды қайта жаңғырту – ұлттық борышымыз.
Қазақ халқы салт-дәстүрге өте бай халық, сондықтан теория жүзінде осы байлығымызды терең зерттеп, ғылыми теориясын жасап, сонан кейін іске асыруға ұмтылуымыз керек. Ол үшін бізге бірінші кезекте ұлттық идеологиямызды жасау қажет, сонда ғана ұлттық рухани тәуелсіздікке қол жеткізе аламыз.