Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:45, 22 Қараша 2024

Рухани және материалдық құндылықтар арасындағы кітап тағдыры

Кітап ұстаған қыз
Кітап ұстаған қыз. 1980 жыл. Кенеп, майлы бояу, 113х97

Орыс ақыны Бродский: «Адам қандай кітап оқыса, соған айналады» дейді.

 Кітап – адамзаттың сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, рухани мәйегі. Ақпараттар тасқыны орын алған аласапыран заманда жақсы кітаптың құндылығы одан сайын артса керек. Соңғы жылдары жастардың жаппай кітап оқуды трендке айналдыруы көңіл қуантарлық жағдай, десек те, кітап дүкендеріне кіре қалсаң, қазақша кітаптардың қатарында әртүрлі авторлардың, соның ішінде медиа тұлғалардың, айтыскер, діни коучтардың кітабы қаптап тұратыны күдік тудырады. Бірі өз өмірін жазса, бірі халықты түзеу, ақыл айту мақсатында кітап шығарып жүр. Тіпті бүгін шығып жатқан кітаптардың қатарында асабаларға, халыққа шешен сөйлеуді үйрететін, одан қалды психологиялық жанрдағы кітаптар көп-ақ. Қалтасында қаржысы бар адамның бәрі кітап жазып, шығарудың салдары неге әкелуі мүмкін? Кітап жазғыштық оқырман талғамына қалай әсер етіп жатыр? Осы сұрақтар аясында жазушы Есбол Нұрахмет, мәдениет зерттеушісі Еламан Мұзаффар және философ Ақмарал Байдлаева пікір білдірді. 

Есбол Нұрахмет
Есбол Нұрахмет

Есбол Нұрахмет: Қазір оқырман жас авторларға сенбейді

Мен бұл нәрсені үлкен мәселе деп есептемеймін. Бұл халықтың сұранысынан туындап отырған ұсыныс. Қазақ тілді оқырманның деңгейі солай болып тұр. Екіншіден, оқырман қазіргі жас авторларға сенбейді, сондықтан көркем әдебиет оқығысы келгендер көбінесе XX ғасырдағы классиканы көбірек оқиды. Оған оқырман да кінәлі емес, сын мен әдеби жарнаманың жоқтығы кінәлі. Жаңағыдай көркем әдебиеттен тыс бағытта кітап жазатындар таза бизнес мақсатында жазады. Өздері танымал болған соң оңай сата алады. Бізге көркем әдебиетті үгіттейтін мықты әдеби агенттіктер керек. Классика бізсіз де өтеді. Біз өткен авторларды жарнамалай бермей, бүгінгі жас таланттарды құтқарып қалу жағын көбірек ойлауымыз керек. Классиканы айтпа дегендік емес, бұл. Біз ашық, еркін қоғамда өмір сүріп жатқандықтан, егер заңға қайшы болмаса, әлеуметке зияны болмаса, ешкімді жазудан, кітап шығарудан шектей алмаймыз. Бірақ жақсы жазарманды қолдап, үнемі марапаттап, жұртқа танытып отыру қолымыздан келеді. Сондықтан осы екінші, қолымыздан келетін істі істеуге жұмылайық дегім келеді. Қоғам жетілсе, оқырман жетілсе (ол үшін жақсы ұсыныс көп болуы тиіс), әрбір нәрсе өз орнын табады. Ал басқа бағыттағы дүниелерге, қоғамның қауіпсіздігіне, тыныштығына мемлекет жауапты болған соң, өз қызметін толық атқаруы керек. Шындығында баспасөз бақылаусыз кеткені рас. Бізде көршілерімізден келетін қауіпті пропагандалық басылымдар, газет-журналдардың көп екенін де ескеруіміз тиіс. Оны заңның сүзгісінен бір өткізіп алған жөн.

Жалпы алғанда, қазіргі көркем әдебиетті қалай құтқарамыз, өз биігіне қалай жайғастырамыз деген сұрақ туындап тұрған секілді. Оны жасауға үлкен, кешенді жұмыс керек. Бірақ біздің бүгінгі күнімізде оны жасауға ынталы адам бар ма? Мемлекетке қызықты ма, ол жағын айта алмаймын. Ал қандай кешенді жоба десеңіз, ол жоба, мына бірнеше жұмысты қамтуы керек.

Бірінші, аударма бағыты. Аударма дегенде, шетелдің әдебиет пен философиядағы ең мықты деген авторларынан кем дегенде мың кітапты толықтай жоғары сапамен қазақшалау керек. Бұл бір жағынан қазақ тілді оқырманның сапасын көтереді, екінші жағынан қазақ тілді жазушыларды да жетілдіреді. Қазақ қоғамын әлемнің үздік ойларымен таныстырады. Бұл жұмыс бір, не екі жылда бітпейді, бұған ондаған жылдар кетуі мүмкін, бірақ аса үлкен пайдалы іс болатыны сөзсіз. Екінші, сын мен әдеби конкурстар әділ өтуі керек. Сыншылар да білімді және белсенді болуы керек. Әдеби конкурсты да белгілі жоғары сауатты жазушылар мен сыншылар бағалауы керек. «Үлкен кісі еді», «жоғары жақтан жіберіпті» дейтін адамдар мүлде жоламауы керек. Ағымдағы әдеби процесті үнемі бақылап, бірден бағасын беріп, саралап отыратын әдеби журнал немесе сондай бір институт болуы керек шығар. Не сол институт сондай журнал шығарып отыруы керек. Үшіншіден, жас, талантты жазушыларды, ақындарды сапалы түрде ағылшын, орыс, түрік, қытай тілдеріне аударып, әлемнің оқырманына, әлемдік сыйлықтарға ұсынып отыратын агенттік керек. Біздің жас таланттар шетелден жоғары мәртебелі сыйлық алса, шетелден көп оқырман тартса, сонда барып өзіне сенбейтін, «ауылдағының аузы сасық» деп қарайтын біздің оқырман бағалай бастауы мүмкін. Бұл шындығында бір сорлы шешім. Амал жоқтың амалы. Бірақ соның өзінде болсын амал. Және осы агенттік ел ішінде де жас таланттарды танытумен, олардың шығармашылығын үгіттеумен айналысуы керек. Сонда жаңағы жалған жазғыштар онсыз-ақ қатардан шығып қалады.

Осының бәрінде, басты жауапкершілік сыншыда екенін әрбір сыншы мен әдебиеттанушы ұғынуы тиіс деп ойлаймын. Талантсыз біреуді өтірік мақтау мен талантты біреуді елемей қоюдың әдебиетке тек зиян екенін түсінуі тиіс деп ойлаймын.

Тағы бір айта кететін нәрсе, әлем әдебиетін, әлемдік философияны жат санайтын, біздікі емес деп қарайтын адамдар бар. Бұл – ақымақтық. Ұлттық таным, түсінік болатыны секілді, жалпы адамзаттық таным, түсінік деген де болады. Әлем әдебиеті мен философиясынан біз жұрттың осы жалпы адамзаттық ұғымдарда қай деңгейге дейін ойлап жеткенін көре аламыз. Сол арқылы өзіміздің де ой, санамызды толықтырамыз. Білімде, өнерде шек жоқ. Оқымай жатып, көрмей жатып жатсынуды қою керек. Алдымен бәрін оқиық, таниық, сосын барып керегін аршып алып, қалғанын тастармыз.

Еламан Мұзаффар
Еламан Мұзаффар

Еламан Мұзаффар: Көп оқыған, бірақ білімсіз һәм бақытсыз ұрпақ пайда болуы мүмкін

Бұрын кітап дүкендеріндегі кітаптардың дені орыс тілінде еді ғой. Қазақ тілінде болған күннің өзінде оқулықтар мен совет дәуіріндегі қазақ әдебиеті өкілдерінің кітаптары болатын. Сол себепті де қазіргі уақытта түрлі жанрдағы қазақ тіліндегі кітап басылымның қарқынды дамуы көңіл сүйсінтер құбылыс. Дегенмен саны көп екен деп, сапаны ұмытуға болмайтыны анық. Сіз атап өткендей, түрлі медиа тұлғалар мен коучтардың кітаптары көбейді. Жалпылай алғанда құбылыстың артында үлкен сұраныс бар. Сондықтан оның оң және теріс тұстары да бар. Дұрыс-бұрыстығын анықтамас бұрын, алдымен экономика түр өзгерісінің құндылықтар жүйесіне ықпалы немесе локалды-жаһандық үдерістер тұрғысынан қарастырып көрейік. Локалды деңгейде, басқа постсоветтік аймақ елдері сияқты Қазақстанның социалистік жүйеден капиталистік жүйеге ауысуы қоғамның құндылықтарына әсер еткені анық. Коллективизм құндылықтары басым әке-шешелеріне қарағанда, тәуелсіздік жылдарынан бері қарай туған қазақ жастарында тұлғалық даму, психологиялық травмалармен жұмыс жасау сынды құндылықтарға жақын. Қазақстанның әлемдік экономикаға кірігіп, жаһандану үрдісіне етене енуі қоғамдағы индивидуализм құндылығының кей сипаттарының қалыптасуына ықпал етті. 

Ғаламдық деңгейде, 80 жылдан бері үлкен масштабтағы соғыстардың болмауы, ғылыми прогрестің арқасында өмір сүру деңгейінің жақсаруы, сондай-ақ ақпараттық технологиялардың дамуы тұлғалық даму тақырыптарындағы әдебиеттердің, тіпті индустрияның дамуына алып келді. Себебі Y, Z және Alpha ұрпақтарындағы «Маслоу пирамидасы» бойынша физиологиялық (тамақ, су, ауа, ұйқы, демалыс), қауіпсіздік (денсаулық, жұмыс, баспана, қоғамдық тәртіп), әлеуметтік (достық, махаббат, отбасы, қоғамдық қолдау) қажеттіліктері қамтамасыз етілгендіктен, олардың негізгі проблемалары не ішемін, не киемін дегеннен гөрі, жетістікке жету, бедел мен абырой жинау, өзінің қоғамға қажеттілігін сезіну, тұлғалық дамуысынды мәселелер маңыздырақ. Сол себепті де дәл сондай тақырыптағы кітаптар мен контентке сұраныс туады. Әңгімеміздің арқауы болып отырған коучинг, тұлға дамуы, психология, заманауи өмір мен дінді қалай қабыстыру керек деген тақырыптардағы кітаптардың көптеп пайда болуы осымен байланысты. Бұның кері тұсы – кітаптардың мазмұндық деңгейі төмен болса, жеке материалдық пайданы ғана ойлау, кітапты материалдық мәселелерді ғана шешу үшін оқу, сыни ойлау жүйесінің төмендеп, ақпаратты «тікелей жұта беруге» әкеліп соғады. 

Біз айтып отырған тақырыптағы кітаптардың дені екі-ақ мақсатпен жазылады: бірі – тарихта атын қалдыру, екіншісі – пайда табу. Сәйкесінше, оның эстетикасы, мазмұны, құндылығы төмен болады. Оның салдары көп оқыған білімсіз һәм бақытсыз адамдар тобырының пайда болуына әкеліп соғады. Өмірінің мәні жеке даму мен табысқа ғана негізделген, адами құндылықтарды ескере бермейтін, ұлттық дәстүрге нигилистік көзқарастағы қауіпті пенделер қоғамына айналары хақ. Ал қалтасында ақшасы бардың бәріне кітап шығаруды тыйым салу мүмкін емес. Сол себепті мәселенің іргелі шешімі – оқырманның талғамы жоғарылауы, көркем әдебиет, тарих пен тұлғалар өмірі, ғылым – көпшілік әдебиетке қызығушылығы артуы қажет. Ал өкінішке қарай, бұл білім беру саласындағы жүйелік мәселелерді шешумен, мәдениетті саясатта арнайы бағытты қабылдаумен тығыз байланысты. Сұраныс қандай болса, ұсыныс та сондай болады» деген позиция тек материалдық заттар экономикасына қатысты қолданылғаны дұрыс. Ал кітап, кино, ән сынды адамның эстетикалық қажеттіліктеріне бағытталған заттар «өндірісінде» мемлекет-қоғам-индустрия үштігі талғамның артуына аз да болса ықпал ететіндей нарықтық қатынастарға араласуы абзал. Себебі бұл сол қоғамның болашағына қатысты дүниелер. Түрлі коуч, асаба, медиа тұлғалардың кітаптарының танымал болуы әлеуметтік желідегі, теледидардағы олардың жарнамасының мықты болуымен тікелей байланысты. Бұл жердегі сіздің телевизиядағы әріптестеріңіздің спортшылар, әлеуметтік желідегі танымал блогерлер мен коучтар, әншілерді шамадан тыс көрсетуінің де теріс ықпалы бар екенін айта кету қажет. 

Заманауи қазақ қоғамы, яки мәдениетіндегі қандай өзгерістерді көрсетіп тұр деген сұрағыңызға келер болсақ, француз философы Жан Бодиярдың тұтынушылық қоғам теориясындағы символдық тұтыну және гиперреализм тұжырымдарымен байланыстыруға болады. Менің пікірімше, қазіргі уақытта қазақ қоғамы тойды, дүниені, үйдің ішіндегі жөндеу жұмыстарын біреу үшін, басқалар үшін қалай жасаса, дәл солай кітап сатып алып, оны «оқу» үрдістері де көпшілік жағдайды символдық тұрғыда ғана көрініс табады. Сондай-ақ әлеуметтік медиа өкілдері арқылы немесе мотивациялық, тұлғалық даму әдебиеттері нақты өмірден гөрі идеализацияланған, реалды емес өмірге деген талпыныстың артуына әкеліп соғады. Жалпылай алғанда, егер қандай да бір діни ағым, идеология насихатталса, мемлекеттік органдар тарапынан тыйым болар еді. Менің жеке пікірім – қазіргі біздің кітап дүкендерінің сөрелерінде тұрған кітаптардың басым бөлігі пайдасыз дүниелер. Орта және жоғары білім беру жүйесінің сапасы жақсарып, әдебиет пен мәдениеттану, философия пәндерін оқыту жүйесі өзгерген жағдайда, мотивациялық, коучтардың кітаптарына деген сұраныс өзінен-өзі төмендейді. Себебі адам баласын мазалайтын сұрақтардың жауабын, өмірге құштарлықты, адамдармен қарым-қатынасы туралы ақпаратты көркем (поэзия мен проза), ғылыми, ғылыми-көпшілік әдебиеттерден алуға болады.

Сонымен қатар елдегі экономикалық жағдайдың қиындығы, экономикалық игіліктердің әділетті бөлінбеуі, білім алу мен еңбек ету культінің төмендеуі сынды факторлар қоғамда «әркім өзін ғана ойлауы қажет», «есектің артын жусаң да, мал тап немесе заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген принциптерге негізделіп, ақша тапсам болды, оның қалай табылғаны маңызды емес деген эгоистік-материалдық құндылықтардың орнығуына алып келеді. Қорыта айтқанда, «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым, ойлап қой – бес асыл іс, көнсеңіз» деп Абай жүйелеген қазақ мәдениетінің негізгі құндылықтары болуы тиіс категориялардың қайта жандануы үшін іргелі жұмыстар атқарылуы тиіс.

Ақмарал Байдлаева: Жаппай кітап шығару – қорқынышты құбылыс емес

Соңғы жылдары Қазақстанның баспа нарығында елеулі өзгерістер орын алып отыр. Өзім докторантурада оқып жүргенімде өзім үшін бір іштей жаңалық жасағам: баяғыда қазақ тілінде кітаптар өте аз, орыс тілінде өте көп қой деп ойлайтын едім, кейін ағылшын тіліндегі кітаптарды оқи бастағанымда орыс тіліндегі кітаптар әлдеқайда аз екенін, әрі ондағы ақпарат көп қалып кеткенін байқайтын болдым. Сол себепті де АҚШ университетіндегі тағылымдамамнан оралған соң ағылшын тіліндегі өз мамандығым – философия бойынша кітаптарды аудару қаншалықты маңызды екенін түсініп, сондай жобаларға соңғы он жылда белсенді атсалысып жүрмін. Мемлекеттік «100 кітап» бағдарламасына да сол себепті қатыстым. Заманауи ақпаратты қамтитын ғылыми кітаптарды аударғым келді. Өзіміз студент кезде кітаптар тек орыс тілінде болатын. Мен сияқты екі тілде еркін сөйлейтін студенттер орысша кітаптарды өзіміздің дайындайтын үй жұмыстарына, оқуда қиналатын басқа студенттерге аударумен айналыстық. Сондықтан өз мамандығымызға қоса, аудармашылық жұмысты қоса алып жүрдік.

Иә, қазіргі кітаптардың көбі сапасы төмен болуы мүмкін. Көбі автобиографиялық сипатта немесе шетелдік кітаптардың бейімделген аудармасы ғана. Терең ғылыми-зерттеулерге негізделген немесе терең мәнді шығармалар аз шығар, бірақ жоқ емес. Қалай болғанда да, қазір кітап оқу жастар арасында қайта трендке айналып, сәнді болып келе жатыр. Бұл мені қуантады. Себебі АҚШ-та, Еуропаның бірқатар елдерінде қоғамдық орындарда, университет ішінде, сыртында кітап оқып отырған адамдарды көп көретін едім. Парижде ұсталған кітаптар дүкенінің алдындағы ұзын-сонар кезекті көріп таңғалғаным да бар. Бізде кітап оқып отырған адам сирек кездеседі, ал телефонға шұқиып отырған адамды көп көреміз.

Кітап оқу – уақыт барысында қалыптасатын мәдениет саласы. Кітап оқымайтын қоғамнан қорқу керек, ол алысқа бармасы анық. Қалай болса да, кітап нарығы дамуы қажет. Сапа да дұрысталады. Сәл уақыт керек. Бізде дәл қазір барлық салада кітаптар жеткіліксіз, сондықтан жазыла берсін. Оқылып, бестселлерге айналғаны озады, қалғаны қала береді ғой. Дәл сол кітап қоғамды бұза қоймас. Кез келген елдің мәдениетін, тарихын қарасаңыз, озық үлгідегі дүниелерге қаржысы бар адамдар қолдау жасап, соның арқасында түрлі өнер туындылары жасалып, дамып, танымал болған. Ол кезеңдерде де талғамы төмен дүниелер болмады емес, тек уақыт елегінен өткен соң сапалы, адамдардың жүректеріне жол тапқан дүниелер ғана есте, тарих беттерінде қалады. Керісінше, қалтасы қалың азаматтар кітап жазатын, интеллектуал, өнерлі адамдарға қолдауын арттыра бергені жақсы, меценат болсын, кітап басуға қаржысын сала берсін – тамаша нәрсе ғой. Мұны қайта сәнге айналдырып, мұндай қолдауға бар жағдайды жасау керек. Иә, қазір көп адам өз өмірбаянын, әулетінің тарихын жазып жатыр, ондағы ниеті де әртүрлі шығар. Бірақ оның қоғамға аса бір кесірі тиеді деп ойламаймын. Ондай кітаптар кеңінен тарала да қоймайды. Сол адамды білетін, танитындардан басқалар ол кітаптарды оқымайды да. Нарыққа кеңінен таралудың да өз ережелері бар. Даму – бәсеке жүрген жерде іске асады. Ешқандай әрекеттің болмағанынан, сапасы әзірге төмен болса да, бәсекелестіктің болғаны жақсы. Бізге барлық салаларда кітаптар қажет. Қазақ тілді кітаптар нарығы әлі де болса жұтаң. Оқырмандардың көбі әлі де қазақ тіліндегі ғылыми әдебиетті оқып, түсіне алмайды. Бірақ жылдан жылға қазақ тілі ресмиленіп келеді, қазір іскерлік ортада қазақ тілде өте әдемі сөйлейтін кісілер саны көбейіп жатыр. Аударма сапасы соңғы жылдары көп артты. Бұл үдеріс тоқтамау керек. Байқасаңыз, осыдан бірнеше жыл бұрын әлеуметтік желілерде не болса соны курс етіп сатып, соны сатып алатын адамдар саны масқара көп болатын. Қазір адамдар көп өсті. Аудитория сапаны талап етеді, талғамы, ақпараттан хабардарлығы артты. Кітап оқу нарығында да солай. Қоғамға ықпал ететін жастар арасында да түрлі платформаларды оқыған кітаптарын талқылап, ортаға салу, бір-біріне оқып-танысуға ұсыну – заманауи трендтердің бірі. Коучтар, асабалар, медиа тұлғалар – халық арасында белгілі бір ішкі сұраныстарына жауап таба білген кісілер. Олар, бәлкім, халықпен де көбірек тілдесетін, олардың мұң-мұқтажын жақсырақ білетін шығар. Егер халық жаппай олардың кітабын алып, содан бір пайда тауып жатса, соншалықты қорқып қараудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Ешкімді күштеп оқыта алмайсың. Дінде де, білім алуда да зорлық жүрмейді. Жүректің қалауы болу керек. Мен бұл салалардың барлығының дамитынына нық сенемін. Ол дамып та жатыр. Қайта тоқтап қалмағаны дұрыс.

Шығыста «бір ғана кітап оқыған адамнан қорқыңдар» деген даналық бар. Біржақты ойлап, бір нәрсені ғана жалғыз ақиқат, қалғанның бәрі жалған деу – өте қауіпті. Радикалды ойлау осыдан басталады. Сол себепті оқырманға сан түрлі кітаптар көптеп ұсынылуы тиіс деп ойлаймын. Оқырманда әрдайым таңдау, балама болуы тиіс. Бір мәселеде сан түрлі көзқараспен танысқан адамның дүниетанымдық көкжиегі, ой өрісі кең болады. Барлық заманда біржақты ойлап, өзінен өзгеше ойлайтындарды мүлде қабылдамайтын адамдар болған да, бола береді де. Халықтың арасындағы мұндай адамдар күшейіп кетпес үшін интеллектуал топтар белсенді болуы тиіс. Пікірталас, сындарлы талқылаулар, балама көзқарастар, сан түрлі идеялардың көп болуы қоғам мәдениетінің өсуіне апарады.

Дайындаған 

Ақгүлім Ерболқызы

Тегтер: