Руханиятымыздың алтын діңгегіне айналған сенатор

Абай атындағы опера және балет театрының көркемдік жетекшісі, белгілі опера әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шахимардан Әбіловпен өрбіген әңгімеміздің әлқиссасы өнердің қыр-сыры, өзі әнін әлемдік сахнада кеңінен насихаттап жүрген хакім Абайдың жаратылыс жайлы терең философиясынан басталып, өмірдегі өзінің жақсы көретін інісі, бүгінде өкшесін басып алпыстың асқарына шығып отырған мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР парламенті сенатының депутаты Алтынбек Нухұлы жайлы тебіреністі толғамға ұштасты.
– Аға, қазақты сақтап тұрған ұлтын сүйетін, терең ойлы, жан-жақты, елдікті ойлаған тұлғалар дейсіз. Бізде ондай тұлғаларды қалыптастыратын жол бар ма?
– Бізде бір-ақ жол бар, ол – Абай жолы. Абай жолы – Тәңірлік тазалық жолы. Абай атамыз:
«Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті –
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» – дейді. Міне, осы үшеуін тең ұстаған жан «толық адам» болмақ. Мен айтар едім, біздің Алтынбек Нухұлы осындай асыл қасиеттерді бойына жиған, даналықты жасынан ойына жиған азамат. Бүгінде кемелденіп ұлы гуманизмге, терең философияға бет қойғаны әрбір ісінен анық байқалады. Өзіңіз ойлап қараңызшы, бір ғана кеңестік кезеңнің кесір саясатының құрбаны болып, ұмытылуға айналған әйгілі Мұса Шорманұлының бүкіл мұрасын жинастырып, өмір жолын зерттеп-зерделеп, тарихи әділ бағасын беруге күш салып, басына Маңғыстаудың ақ тасынан үлкен мемориалдық кешен тұрғызып, ол ашқан мектептің орнын қоршап, белгітас қоюының өзінде үлкен мән жатыр ғой. Адам мұндай іске бір күнде бармайды. Қаншама жылғы дайындықпен, үздіксіз ізденіспен, рухани кемелдікпен бел буып кіріскенде ғана қол жеткізбек.
– Өнеріңізбен шетелде көп жүресіз. Көргеніңіз де, түйгеніңіз де көп болар. Нені байқадыңыз?
– Әлемде қазақ тілінен бай, қазақ өнерінен үлкен дүние жоқ. Жер жаһанды әніммен аралап жүріп осыған анық көзім жетті. Біз жақсымызды жарқыратып көрсете білмейтін халықпыз. Осы жағынан ақсап жатамыз. Ал жаңағы Алтынбектей азаматтар алысты ойлайды. Елдік тұрғыдан, әлемдік тұрғыдан ойлай біледі. Олай дейтінім, 2018 жылы Алтынбектің бастамасымен, ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының ұзақ жылдар Бас хатшысы болған, атпал азамат Дүйсен Қасейіновтің қолдауымен, Түркияның Анкара және Ыстамбұл қалаларында атақты композитор, ақын Естай Беркімбаевтың 150 жылдық мерейтойын атап өттік. Алғашқы конференция Ыстамбұл қаласындағы Айдын университетінде өтсе, екінші жиын Анкара қаласындағы ТҮРКСОЙ Халықаралық түркі мәдениеті ұйымының штаб-пәтерінде ұйымдастырылды. Сол сапарды ол кезде Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры болып жүрген Алтынбек Нухұлы басқарып барып, тұңғыш рет халықаралық деңгейде Естайға арнап тарихи баяндама жасады. Бұл ауыз толтырып, мақтанышпен айтатын өнегелі іс болды. Бүгінгі күн ұмытылмас тарихқа айналды. Сондағы Естайға деген, оның әндеріне деген түрік халқының құрмет-қошеметін көрсеңіз, тіптен қайран қаласыз. Міне, біз осындай әлемдік тұлғаларымызды өз деңгейінде насихаттай білуіміз керек.
Биыл да еліміз үшін елеулі жыл. Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығы, «Абай» романына – 80 жыл, Ахмет Байтұрсынұлына – 150 жыл, және біздің Алтынбек Нухұлы 60 жасқа толып отыр. Мұнда да бір тылсым байланыс жатыр деп ойлаймын. Ахаңның қалдырған мұрасының өзі әлемдік дүние ғой. 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтетін болды. Бұл зор қуаныш. Ахаңның мерейтойының өз деңгейінде өтуіне бар күш-жігерін салып, депутаттық сауал жолдап, қозғау салып жүрген де Алтынбек бауырым. Себебі Алтынбек ең әуелі ғалым, қоғам қайраткері, күрескер, бойында иманы бар, елдікті ойлаған үлкен жүректі азамат.
Ол бүгінге жай келген жоқ. Мен оны жас кезінен білем. Ең бірінші ғылымға көңіл бөлді. Ол дұрыс. Адам ең әуелі бір нәрсенің профессионалы болуы керек. Содан барып еңбектеніп өрісін кеңіте береді. Қарап тұрсаңыз өмірдің өзі де білім. Біз адам деген атты алу үшін қаншама ізденіп, кемелденуіміз керек. Абай айтқандай онсыз адам болу мүмкін емес.
Қазақ болар баланы көзқарасынан, жүріс-тұрысынан, сөз сөйлесіне қарап жасынан таныған ғой. Ал Алтынбектің сол жас кезінен көзі жанып тұратын. Сол кезде көңіл бөліп, үміт етіп едім. Мінекей, сол үміт ақталды. «Ақырын жүріп, анық басып» елдің азаматына, халықтың сүйенішіне айналды.
– Сол таныстықтарыңыз қалай ұштасты?
– Елге бір келгенімде С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде қызмет етіп жатыр екен. Ол кезде Ерлан Арын деген мықты азамат басқарды. Ғылым жағынан проректор біздің Алтекең. Ғылым докторлығын қорғаған, болашақ жайлы терең толғамдары бар. Онда да сырласып, ерекше қуанып қайтқам. Кейін Павлодар мемлекеттік педагогикалық оқу орнына ректор болды. Университетке арнайы құттықтап бардым. Бірге аралап өзінің ойларын айтты, университет қабырғасына қойған стендтермен танысып, оқу бітіргендей болдым. Әрбір сөзіне дейін ерекше көңіл бөлгендігі көрініп тұрды. Сондай қуандым.
Павлодарда жүріп қаншама жұмыс жасады. Бір ғана өзінің саласы емес, үлкен бір нәтижелі философияға, поэзияға, өнерге кеткен. Әңгімелесіп отырып мен өзім толып қайтам. Менен жас болса да маған қатты әсер етті. Білімдарлығына, іскерлігіне, азаматтығына, жан-жақтылығына, пайым-парасатына тәнті болам.
Бірде әйгілі әнші-композитор Естай Беркімбайұлының ескерткішін Павлодарға қою туралы үлкен жиналыс болды. Қартайған шағын қоямыз ба, жас кезін қоямыз ба деп көп толғандық. Марқұм Қуат Есімхановтың ұсынысын қолдап, Алтынбек жас кезін қойсақ деді. «Өнер де, ұлы махаббат та, одан туындаған ән де жалындаған жастықтан шығады. Сондықтан жас күніне тоқталсақ» – деп бәрімізді еріксіз мойындатты. Кейін қарасам, шынында да ғажап мүсін сомдалған екен. Ұлы рухқа жан біткендей әсерге бөлендім. Бұл еліміздегі «Қорлан» әнінің авторына орнатылған алғашқы ірі мүсін. Әйгілі Естайдың ескерткішке айналып, халықпен қайта қауышуы өңір тарихындағы ерекше оқиға болды. Естай – әлемде сирек кездесетін туматалант. Мұндай композиторлар өте аз. Оның әндері адамның ішкі әлемінің тілі секілді. Бір ғана «Қорлан» әнінің өзі неге тұрады. Бұл ән адамдарды әлі күнге таңғалдырумен келеді.
– Халқымыз «Азаматты ісінен таны» –деп тегін айтпаса керек. Алтынбек ағамыз елдің ертеңіне, ұрпақтың игілігіне қажет көптеген жұмыстар жасап жүргенін білеміз. Соның біршамасына өзіңіз де куә болған боларсыз?
– Әрине, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінде ректор болып тұрған шағында Ертіс-Баян өңірінен шыққан тарихи тұлғалар жайлы қысқаметражды фильмдер түсірді. Аталмыш туындыларды «Ертіс-Баян өңірінің 100 тарихи тұлғасы» сериясы бойынша жасай бастады. Түсірілім 18 ғасырдан бастап біздің заманымызға дейін Ертіс өңірінде өмір сүрген тарихи тұлғалардың өмірбаянын, еліне еткен еңбегін, қалдырған ұлағатты сөздерін бейнелейді. Әрқайсының сценарийін дайындап, әр тұлғаның әлеміне еніп тынбай жұмыс істеу үшін таусылмас қажыр-қайрат қажет. Міне, елге-жерге деген махаббат. Тарихқа деген құрмет. Мұның бәрі де болашақ үшін, ұрпақ үшін керек дүниелер. Алтынбек сол жолда тынбай еңбек етті. Әлі де жасап келеді. Болашаққа да үлкен жоспарлары бар екендігіне мен сенемін. Алла қуат берсін!
– Дұрыс айтасыз. Сол қасиеттердің бәрі туған топырақтан даритын болса керек. Баянауылға жиі барып тұрасыз ба?
– Баянауыл – Алланың мейірім нұры түскен жер. Мен барған сайын ерекше тебіренемін. Жүрегім ән салып тұрғандай болады. Қазаққа қаншама алыптарды сыйлаған топырақ. Қасиетіңнен айналайын!.. Аңызға бай, жырға бай өлке. Сол далада кімдер жүрмеді дейсіз? Сол алыптардың ізін басып Алтынбектер шықты. Міне, ұрпақтар сабақтастығы, рухани жалғастық деген осы болса керек.
– Елордаға академик, қазақ халқының асыл перзенті Қаныш Сәтбаевтың ескерткішін тұрғызудың басы-қасында Алтынбек аға жүрді. Жобасына да өзі атсалысқан екен. Ескерткішті қалай бағаладыңыз?
– Маған жұмыстың басталғанынан бастап апарып көрсетіп, әрбір ұсақ бөлшегіне дейін айтып жүрді. Ол оңай шаруа емес. Қазір біреуге бірдеме істету өте қиын, сондай заман. Өзің бастан-аяқ бақылап, қарап, түзетіп отырмасаң, бәрі зая кетеді. Міне, сол қыруар еңбектің арқасында керемет ескерткіш бой көтерді. Астанамыздың сәулетіне сәулет қосылды. Қаланың рухани мазмұнын кеңітіп, мағынасын аша түсті.
Осындай сөзіне ісі сай алтын азаматтың сенатқа өткеніне өте қуандым. Жаңа Қазақстанды осындай білімді адамдар жасайды. Біздің көшбасшыларымыздың жанында Алтекеңдей білімді, терең ойлы, елдің ертеңін ойлаған азаматтар жүруі керек.
– Сұхбатыңызға рақмет!