Рыбакина қарыштап барады

Жақында Әйелдердің теннис қауымдастығы (WTA) жаңартылған рейтинг жариялады. Қазақстандық Елена Рыбакина тұңғыш рет үшінші орынға көтерілді.
Бұл – қазақ теннисі тарихында болмаған нәтиже. 2020 жылы Юлия Путинцева 28-орынға көтерілгенде бір марқайып едік. Бірақ ол үлкен табыстың басы ғана екен. Биыл бас-аяғы екі айдың ішінде Рыбакина үздік ондыққа еркін еніп қана қоймай, содан кейін төртінші орында да көп тұрақтап қалмай, бірден үздік үштікке енді.
Әлемдік рейтингте польшалық Ига Швентек 8940 ұпаймен көш бастап келеді. Екінші орындағы Арина Соболенконың (Беларусь) 8012 ұпайы бар. Еленаның еншісінде – 5090 ұпай. «Ролан Гаррос» турнирінде күтпеген жерден сырқаттанып қалмағанда, Рыбакинаның көрсеткіші бұдан да жақсы болар ма еді?
«Қазақ жанкүйерлеріне таңғалдым»
Шынын айтқанда, Е.Рыбакинаның 2018 жылдың жазында Қазақстан азаматтығын алуына көп жанкүйер елп ете қойған жоқ. Қазақстан теннисі тарихында өзге елдің жас теннисшілерін қатарға тарту мысалдары аз емес еді. 2009 жылдың ақпанында Сесиль Каратанчева (Болгария) «жаңа қазақ» болды. Ол Қазақстан теннис федерациясының демеуімен жарыстарға қатысты, ішіп-жем, жатын орынға алаңдаған жоқ. Алайда Сесильдің жеке сындардағы көрсеткіші аса жақсара қоймады. 2014 жылы Каратанчева отанына оралды. Челябіде (Ресей) туған Ксения Первак та үш жылға жуық Қазақстан азаматы болды. Бірақ ол да бас жарып, көз шығарған жоқ, 2013 жылы Ресейге оралып, 2015 жылы спорттық ғұмырына нүкте қойды. Ал мәскеулік Ярослава Шведова біздің тенниске шынында да оң серпін әкелді. Ол 2008 жылы Қазақстан азаматтығын алды, 2010 жылы Уимблдонда және АҚШ ашық біріншілігінде жұптасып өнер көрсетуден дара шығып, қазақ теннисі тарихында «Үлкен дулыға» турнирін жеңіп алған алғашқы спортшы атынды. Белсенді спорттан қол үзген соң да Шведова алысқа кеткен жоқ. Ол қазір – Қазақстан құрамасының капитаны, яғни Рыбакинаны ұлттық құрамаға шақыруға бірден-бір мүдделі адам.
Яғни сырттан теннисші тартудың оң жағы да, кері жағы да болмай қойған жоқ. Рыбакинаның 2019-2020 жылдардағы нәтижесі таңдай қақтырды деуге келмейді. Иә, ол 2021 жылы «Ролан Гаррос» турнирінің төртінші айналымында даңқты Серена Уильямсты қапы қалдырды, Уимблдонның да төртінші айналымына жетті.
Елена қазақ жанкүйерлерінің ықыласына Токио олимпиадасында ие болды. Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең сәтсіз жазғы ойындарда Рыбакина аз жүйріктің бірі болды. Ол жартылай финалда болашақ чемпион Белинда Бенчичті (Швейцария) жеңіп тұрып жол берді. Қола медаль үшін сында украиналық Элина Свитолинадан мүмкіндігі көбірек көрінген еді, бірақ шешуші сәтте тай-брейкте сүрінді. Осы сында қазақ жанкүйерлері Рыбакинаны қатты қолдады. Олимпиададан кейінгі сұхбатында Елена осынша қолдауға қатты таңғалғанын, тіпті жартылай финалдағы сәтсіздігінен кейін отандастары қатты жұбатқанына сүйсінгенін де айтып қалды.
«Ол – өте күшті теннисші»
2021 жылдан бері Рыбакина өрлеу кезеңін бастан кешіріп келеді. 2022 жылы ол Уимблдон турниріне 17-нөмірмен тіркелді. Ең қызығы, Елена төртінші айналымға дейінгі қарсыластарының бәрін 2:0 есебімен қапы қалдырды, яғни оларға бірде-бір сет берген жоқ. Бұдан кейін ширек финалда – австралиялық Айка Томляновичті, жартылай финалда румын қызы Симона Халепті жеңіп, финалға шықты. Ақтық сында тунистік Онс Жаберге бірінші сетті беріп қойғанына қарамастан (2:6), бәрібір жеңіс жолынан жаңылған жоқ. Кейінгі екі сетті 6:2, 6:2 есептерімен аяқтап, қазақстандық теннисшілер арасынан «Үлкен дулыға» турнирін жекелей сында жеңіп алған алғашқы спортшы болды.
Қызығы сол, «Уимблдонға» дейін Елена WTA250 турнирлерінде ғана жеңімпаз атанған-ды. Өкінішке қарай, Лондондағы жеңісі үшін оған рейтингтік ұпайлар қосылмады, әйтпесе сол турнирден кейін-ақ Рыбакина үздік ондыққа мықтап орнығар еді. Ол 2022 жылды 22-орында аяқтады.
Жаңа жылды Рыбакина өте қарқынды бастады. Австралия ашық біріншілігінде финалға шығып, әлемнің екінші ракеткасы Арина Соболенкоға есе жіберді.
Одан кейін Индиан-Уэллс, Рим турнирлерінде дара шықты, Майами турнирінің финалында ойнады. Қазақстан құрамасы сапында сәуір айында Астанада іріктеу турнирінде өнер көрсетіп, Польша құрамасын жеңуге (3:1) көп үлес қосты. Рыбакина бұл сында Вероника Фальковска, Магда Линетт сияқты қарсыластарын жеңіп, құрама қоржынына екі ұпай салды. Қазақстан екінші жыл қатарынан әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алды.
Жақында аяқталған «Ролан Гаррос» турнирінде де Рыбакина фавориттердің бірі болып еді. Алайда екі қарсыласын жеңіл жеңген соң Елена өзін тым жайсыз сезінді. Өзіне-өзі келе алмаған соң, жарыс жолынан шығатынын мәлімдеді. Дегенмен айтулы турнирде алысқа ұзай алмағанына қарамастан, Елена WTA-ның жаңарған рейтингінде үздік үштікке енді.
«Менің ойымша, Швентек, Соболенко және Рыбакинаның үздік үштікке енуі еш күмән тудырмайды. Бұл үшеуі жыл бойы мықты өнер көрсетіп келеді. Қарсыластарынан анағұрлым шебер, анағұрлым алымды. Ленаның әлеуеті өте жоғары. Оның бойы ұзын, оның үстіне допты ойынға қосу машығы өте жетілдірілген. Әйелдер теннисінде бұл қасиет аса жоғары бағаланады. Сонымен қатар Рыбакинаның жас теннисші екенін ұмытпаңыздар. Ол жарыс сайын өсе түседі. Биылғы маусымда оның өзіне сенімі арта түсті» деп пікір білдірді ресейлік Анастасия Павлюченкова.
Джоковичке кім жетеді?
Жаңа рейтингте Ю.Путинцева да алға жылжыды. Ол 58-орыннан 51-ге көтерілді. Жібек Құламбаева, Анна Данилина және Гөзал Айнитдиновалар әзірше шегініс жасады. Ерлер арасында Новак Джокович (Сербия) бірінші сатыға оралды. Ол жақында «Роллан Гаррос» турнирінде жеңімпаз атанып, өзінің 23-«Үлкен Дуылғасын» жеңіп алған-ды. Қазақстандықтар ішінде А.Бублик төрт қадам алға басты. Оның ATP рейтингіндегі қазіргі орны – 47.