Сәбилерді қолдау демографияны ілгерлетеді
Балалар – елдің болашағы. Осы қағиданы ескерсек, жөргекпұлдың мөлшері мен мерзімі үнемі назарда ұстайтын мәселеге айналуы тиіс.
Биыл қаңтар айынан бастап бала күтімінің мерзімін 1,5 жылға ұзарту жөніндегі президенттің жарлығы сәбиінің саулығы мен қауіпсіздігіне алаңдайтын отбасылар үшін жағымды жаңалық болды.
— Бұрын нәрестеміз 1 жасқа толған соң, жұмысқа амалсыз шықтық. Мен тұңғыш қызым 1 жасқа келісімен анамның қарауына тастап, қызметіме оралдым. Жұмысқа кірген соң, ортақ талапқа бағынуың керек. Балаға қанша алаңдағанмен, кешкі сағат 6-ға дейін қаққан қазықтай кеңседен шыға алмайсың. Олай істемеске, амал жоқ. Бала күтіміне байланысты демалыс мерзімінің ұзаруы – әйелдерге үлкен мүмкіндік болды, – дейді көпбалалы ана Саягүл Әбдіғалымова.
Биылғы өзгеріске сәйкес, бала күтіміне байланысты жәрдемақы төлеу мерзімінің ұзаруы екі бағытта жүргізіледі. Ол мемлекеттік бюджет пен әлеуметтік сақтандыру қоры арқылы іске асады. Жұмыссыз және бала туудан бұрын соңғы екі жылда 6 айдан аз еңбек өтілі бар аналарға жәрдемақы мен арнайы төлемді өтеу мемлекеттік бюджет қаржысы арқылы қарастырылады. Аталған төлем аналар жұмысқа шыққан күнде де сақталады. Оның мөлшері: бірінші балаға – 5, 76 АЕК яғни 19 872 теңге, екінші нәрестеге – 6,81АЕК немесе 23 495 теңге, үшінші балаға – 7,85 АЕК, ол – 27 083 теңге, төртіншіден және одан көп балаға – 8,90 АЕК, яғни 30 705 теңге болып бекітілген. Жұмыс істеуші әйелдердің әлеуметтік төлемі әлеуметтік сақтандыру қоры арқылы есептеледі. Жәрдемақының мөлшері аналардың соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40 пайызын құрайды. Демек кірісі неғұрлым көп болса, төлемақы да соғұрлым жоғары болады, – дейді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетіне қарасты облыстық департаменттің зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы Зухра Мұстафинова.
Айта кетерлік жәйт, жаңа талапқа байланысты 2022 жылы бір жасқа толып кеткен нәрестелерге бұл төлем төленбейді. Жәрдемақы тек былтыр туған балаларға беріледі. Бірақ бала күтімінде отырған ана жұмысқа шықса, арнайы тағайындалған жәрдемақы тоқтатылады. Жас аналарды қолдаудың тағы бір тетігі, кейінгі Кодекске сәйкес жас отбасыларды қолдау үшін берілетін төлемдер тоқтатылмайды. Ол республикалық бюджеттен төленетін жәрдемақы ставкасына сәйкес беріледі. Ана мен балаға арналған кез келген әлеуметтік жобаның мемлекеттің демографиялық ахуалға оң әсері бар. Дегенмен жас аналар алдағы уақытта әлеуметтік төлем мөлшеріне өзгерістер енгізу арқылы өсірсе деген ұсыныстарын алға тартуда. Себебі, елдегі инфляция халықтың күнделікті тұтынатын тауар бағасын ырықтандыруға қауқарсыз болып отыр.