Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:48, 16 Ақпан 2024

Сәбит Құрманбек, режиссер: «Зеңбіректер атылғанда муза өледі»

Сәбит Құрманбек
Сәбит Құрманбек

Қазақ киносының саны жыл санап артып келеді. Өткен жылдың өзінде 74 отандық фильм прокатқа шықты.

Өнерде санның артуы сапаны жақсар та ма, әлде аз болса да саз болғаны жақсы ма? Әрине, бұған әркім әртүрлі уәж айтады. Біз бүгін белгілі режиссер, суретші Сәбит Құрманбековпен қазақ киносының қазіргі жай-күйі төңірегінде әңгіме өрбіттік, жас режиссерлердің аяқ алысы туралы сөз еттік, сондай-ақ режиссердің өз шығармашылығы туралы да ой бөлістік.

«Секер» фильмінің оқиғасы – шешемнің кешкен тағдыры

– Сәбит аға, әңгімемізді қазақ киносының бүгіні туралы сөзден бастасақ. 2023 жылы 74 отандық фильм прокатқа шыққан, ал оның 56-сы комедия жанрына тиесілі екен. Кассалық табыстан да рекорд жаңартып жатқандар солар. Қазір көрермен не көріп жүр? Сан көп, сапа қалай?

– Қазіргі қазақ киносы ғана емес, әлемдік кино саласында үлкен бетбұрыстар орын алып жатыр. Мен жаңалық пен жаңашылдыққа ашық адаммын, былайша айтқанда, орта позицияны ұстанып отырмын. Себебі өзім де жас режиссерлардың киносына суретші болып жүрмін. Жуырда актер, режиссер Азамат Шарғын деген қазақтың әлеуметтік проблемаларын көтеретін фильм түсірмекші, соған суретші ретінде шақырды. Десек те, қазіргі кинода жаңа есім көп. «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» демекші, әр адамның өз айтары, көзқарасы бар екені анық. Сәйкесінше, әркім киносын өз қабілет-қарымы жеткенше түсіріп жүр. Комедияға да үзілді-кесілді қарсымын деп кесіп айта алмаймын. Ол да бір жанр және өнім, комедия да қоғамға керек. Бірақ комедия емес, «базар» боп кеткен дүниелер бар. Ал кей жастардың комедия жанрында түсірілген фильмдері шынымен сапалы шыққан. Жақында жастар түсірген «Жаным, айтсам сенбейсің» («Жаным, ты не поверишь») фильмін көрдім, маған ұнады. Ал басқа фильмдердің қандай деңгейде екенін кино сыншылары мен кинотанушылар айтқаны жөн болар. Комедиядан бөлек, жаңа жанрлардың да пайда болып, өрістеп жатқаны мені шын қуантып жүр. Ең бастысы, кез келген өнер туындысы, мейлі кино, мейлі театр, әдебиет ұлттық идеологияға қызмет етуі тиіс. Қазір киностудиямыз дүрбелеңге түсіп, қиын жағдайға тап болып отыр. Шәкен ағамыз маңдай терін төгіп құрған «Қазақфильм» Орта Азиядағы беткеұстар киностудия, соны жоғалтып алмасақ екен деген әрбірімізде уайым бар. Киностудия туралы дербес кино түсіріп жүрген режиссерлар, продюссерлер, мысалы, Нұрлан Қоянбаев, Баян Алагөзовалар сын айтып жүр. Олар сынамас бұрын осы жаққа келіп кино түсірсін, мемлекеттен тапсырыс алсын деп жиі ұсыныс тастаймын. Бір жағы қалжың, бір жағынан шын, тарихи кино түсірейік, режиссер ретінде Қоянбаевты шақырайық, Баян Алагөзоваға мемлекеттік тапсырыс берейік деймін (күліп). Сол кезде олар бұл жақтың қиындығы мен қызығын көрер, түсінер, мүмкін олар әлдеқайда жақсы дүние түсірер. Сыртымыздан сөз айтқанша, бәріміз бірге жұмыс істейік. Бет жыртысқанша, қол алысайық. Себебі бәріміздің илеп жүргеніміз бір терінің пұшпағы емес пе? Сонымен қатар қазіргі кино өндірісінде ұнамайтын дүниелер де бар екенін жоққа шығара алмаймын. Мысалы, сериалдар, бәлкім, керек те шығар, бірақ ыржақайлықтың, арзан әзілдің соңына түсіп кеткен сияқтымыз. Цензураға бармасақ та, талдау мен сын керек-ақ.

1

– Иә, қазір кино түсіруге талпынатындар да, түсіретіндер де көп. Бірі бұған өнер туындысы ретінде қабылдаса, басқасы үшін коммерцияның көзіне айналып кеткен. Осы жөнінде не айтар едіңіз...

Біз нарықтық заманда өмір сүріп жатқан толқынбыз. Кеңес өкіметі кезінде шет ел прокатқа шығаратын фильмдер аз еді, сондықтан өз киномызды көрдік. Сол арқылы тұрақты көрермендерімізді қалыптастыра алдық. Ал қазір көрермен бытырап кетті. Себебі өнім де, талдау да, көрермен де көп. Мейлі, жастар не түсірсе де, түсіре берсін деймін. Себебі өсімдік жақсы өсуі үшін тыңайтқыш керек болатыны секілді, қазір түсіріліп жатқан фильмдер де болашақта түсірілетін сапалы фильмдердің алғашқы баспалдағы. Неғұрлым көп фильм түсірілген сайын бәсекелестік пайда болады, көрерменнің талғамы артады, осы арқылы сын мен сапа өседі. Қазір біздің медиа кеңістікте солтүстік көршінің ықпалы басым, соның салдарынан зардап шегіп отырмыз. Солтүстік, шығыс, батыс облыстары Ресей каналдарын жиі көреді, ақпаратын тұтынады. Тіпті ол жақта біздің медиа туралы білмейтін адамдар да бар. Бұл – нағыз катастрофа. Ал бұл кеселден қалай сақтанамыз? Мұның жауабын биліктен сұрайық, себебі медианы дамыту үшін көлемді қаражат бөлу керек. Міне, біздің билікке қояр талабымыз – осы. Өзге мемлекеттің медиа кеңістіктегі билігін өз медиа өндірісімізді дамыту арқылы ғана шектей аламыз. Мысалы, елімізге прокатқа әкелінген кез келген шетел фильмі міндетті түрде қазақша аударылып, дыбысталсын. Францияға шетелден келген кез келген медиөнім міндетті түрде заңды түрде француз тіліне аударылады. Бізге де осындай заң енгізсе, тілдің жұмсақ саясатын жүргізе алар едік. Сосын әр өнімнен міндетті салықтан бөлек ұлттық кино мен телетуындының дамуына арналған бөлек қаржы алынуы тиіс. Алынған қаржының 60 пайызын дербес продюссерлерге берейік, ал қалған пайызы бізге артығымен жетеді. Біздің киностудия дотациялық өндіріс, етік тікпейміз, нан пісірмейміз, біздің жасайтын өнім – өнер. Шын өнердің табысы да аз болады. Ал осы іспетті заңдар арқылы кіріс көзін тұрақтандыра алар едік. Болашақта билік осы ұсыныстарды қабылдап, заңдастырса, ұлттық киномыз да тіріледі, алға басады.

– Бір сұхбатыңызда сапалы фильм түсіріп жүрген жастар бар деп қалдыңыз. Нақты кімдерді атай аласыз?

– Маған «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмін түсірген жігіттің жұмысы ұнады. Мұрат Есжан. Бұрынғы режиссерлар секілді бірізді емес, жұмыстарының тілі басқа, ұлттық мінезді дөп басып көрсете алған. Тарихи, тұлғалық фильмдерді сол секілді жігіттер түсірсе, сапалы жұмыстар шыққалы тұр. Бұдан бөлек, шығармашылық тұрғысынан Әділхан Ержанның ешкімге ұқсамайтын философиясы ұнайды. Оның жұмыстары тек қазақ тақырыбында қалмаған, адамзаттық құндылықтарды, жаһандық мәселелерді көтерген. Кино саласында жүрген қыз балалардан Шарипа Уразбаеваның жұмыстары әлеуметтік тақырыптарды, қыз-келіншектердің тағдырын жиі қозғайды. Оның бұл бастамасы көңіл қуантады. Сапалы дүниелер түсіріп жүрген жастар аз емес. Оларға тек жеткілікті деңгейде қолдау керек. Өткен дәуірдің 70-80 жылдары «кино түсіре алмайтын елдер» деген үғым болатын. Мысалы, Қазақстан, Эстония. Ал кино саласында сол дәуірде алға шыққан Грузия, Қырғызстан сынды мемлекеттер сырт жақтағы фестивальдерде жиі бой көрсетіп, жүлделерге ие боп жүрді. Сол кезде біздің толқынның өкілдерінің әрқайсысының алдында жақсы кино түсіру деген мақсат тұрды. Мәскеуде оқып жүрген тұста Серік Апрымов, Рашид Нугманов сынды замандастарымызбен жаңа толқынның іргетасын қаладық. «Заманына қарай адамы» дейді, біз де қазақ киносына өзгеріс әкелдік, бетбұрыс жасадық. Осы толқынның өкілдері арқылы «совет киносы» деген ұғымнан құтылып, «қазақ киносы» деген атау пайда бола бастады. Қазіргі жастарға, жалпы қазақ кино өндірісіне осындай қозғалыс қажет деп ойлаймын. Қазақ киносына әлемдік деңгейге көтерілетін уақыт келді деп санаймын. Комедияны да, тарихи киноны да, авторлық киноны да түсіре білуіміз керек.

Оралман фильм
Фото: Оралман фильмінен стоп кадр

­– Енді сіз түсірген киноға тереңірек тоқталайық. Соңғы шыққан «Боран» фильмінде де өткен фильмдеріңіз сынды шекара тақырыбын қозғаған едіңіз. Шекара маңында тұратын қазақ боранда адасып, Қытай шекарасынан асып кетеді. Мұндағы басты идея неде? Неге шекара тақырыбын таңдадыңыз? Бұған дейін «Оралман» фильмінде де шекара туралы қозғап едіңіз.

Қазір кез келген ұлттың тағдыры шекарасына тәуелді. Жоңғар шапқыншылығынан бері, қашу, босу ұлтымызға байланып қалды, он тоғызыншы және жиырмасыншы ғасырларда бұл тақырыптың өзектілігі тіпті жоғарылап кетті. Бұл – біздің үлттың басына түскен үлкен трагедия. Тоқсаныншы жылы егемендік алған соң, оралман тақырыбы көп сөз етілді. «Оралман» фильмін түсіремін, оған режиссер боламын деген ой әу баста жоспарымда болмаған, сол жылдары ұшақтан түсе сап, топырақты сүйіп жатқан оралман бауырымызды көріп, толқығаным рас. Фильмді түсіру барысында Дәрежанның көмегі көп болды. Кейін Нұрлан Санжар ағамызға идея тастап едім, оны да қызықтырып сценарий жазуға кірісті. Бірақ әу баста идея менікі еді. «Боран» фильмін түсірер кезде де Қытайдан келген, шекара маңында тұратын қандастарымыздың оқиғасын естіп, фильм түсіру туралы ой туды. Ербол Бораншы есімді жігітпен танысып, бірлесіп сценарийін жаздық. Әу баста Қытайға барып түсіремін деп ойлап едім. Алайда ол жаққа баруға, оның үстіне кино түсіруге мүмкіндік бермеді. Кейін Моңғолияға барып түсірмекші боп шештім. Фильмді түсіруге дайындық жүріп жатқан кезде әлемде пандемия басталып, Моңғолия да жабылып қалды. Пандемия сәл бәсеңсіген соң, Қапал жақтағы қазақ ауылдарында түсірілім бастадық. Ол жақта Қытайдан келген бауырларымыз көп екен. Арманым Қытайдың өзіне не Моңғолияға барып түсіру еді. Оқиға атап өткенімдей, шекара тақырыбында. Бір ұлттың тағдырын бөлген шекара, біздің жан-жаққа босып кетуімізге себепкер болған шекара. Себебі қазақ әу баста көшпенді халық болған соң, ел басына түскен қиын жағдай кезінде жан сақтау мақсатында қашып құтылуға мәжбүр болды. Көшпелі өркениет үшін бұл қалыпты жағдай, біз үшін кетіп қалу трагедия емес, Отаннан айырылу – трагедия. Жақыныңнан, жаныңнан айырылу деген бір ұлттың басына түскен нәубет. Біз бұл тақырыпты әлі де қозғауымыз, көрсетуіміз керек. Қабдеш Жұмаділов ағамыздың шығармаларын немесе Оспан батыр туралы аңыздарды экранизациялап көрсем бе деп ойлаймын кейде. Босып жүрген тұста қалай жоғалып кетпеді, өзін қалай сақтап қалды деген сұрақтарға жауап іздеу мақсатында сырттағы қазақтардың тағдырын көрсету, түсіргеніміз жөн. «Боран» фильмінде Қытай қазақтары шал мен кемпір жас жігітті құтқару үшін өз жанын құрбан қылады. Өзін кейін атып тастай ма, қамап қоя ма бәрібір. Жас өмірді құтқару еді мақсаттары. Көпірден өткізіп тұрып, «біздің» емес, «сенің жерің!» дейді. Бұл шалдың да түп отаны, атажұрты, бірақ ең қиыны ол бара алмайды. Міне, тағдыры тас-талқан боп бөлініп, шашырап кеткен халықпыз. Шал үйіне оралған соң, қытай солдаты күтіп алады, шалды соттаудың орнына қылмыстың ізін бірлесе отырып жояды. Мен қытай солдатын да жаман кейіпте көрсеткім келмеді. Фильмнің осы тұсы арқылы ұлт, дін, тіл мәселесінен бұрын, біз, алдымен, адамбыз деген гуманистік идеяны ұсыну мақсатым болды. Адамның жаманы болмайды, тек кейде адамның пейілі мен ісі ғана болады. Біз әу баста жаман боп дүниеге келмедік. Менде қытай солдатын нашар кейіпте көрсету деген тағы бір таңдау, ой болғаны рас. Шалды тепкілеп, өлімші қып сабап, өлтірте салуға болатын еді, бірақ оған барғым келмеді.

Сәбит Құрманбек

– Сіз екінші режиссер ретінде жұмыс істеген «Композитор» деген фильмді мақтағандар да, даттағандар да көп болды...

– Бұл киножобаны Қазақстан мен Қытайдың кинематографшылары бірігіп түсірді. Алғашында бұл жобаға суретші боп бекітілдім де, кейін жоғары жақтан екінші режиссер ретінде бекітті. Қытайдан келген режиссер Шерзут Якуб ұйғыр азаматы екен, қазақшаға судай. «Композитор» – достық туралы фильм. Екі елдің дарынды ұлдарының от пен оқ кешкен сын сәт­тегі адамгершілік қасиеті мен тағы­лымды істерін, ұлы достығын келешек ұрпаққа көрсет­кіміз келді. Бақытжан Байқадамовтың өмірінен бөлек, мен бір-екі сахна қосқым келді. Бақытжан Байқадамов соғысқа аттанар кезде Жұбановтар жүгіріп жүріп, артынан хат жазып, композиторды алып қалады. Сол сахнаны ойлап тапқан едім. Қытайлық компания қабылдай ма, қабылдамай ма деп сескенгенім рас. Шерзат ұсынысымды аударып, Пекинге жолдаған еді, қабылдады. Тағы бір тұсында орыстың алқаш композиторының өлімінде көрсетілген тартысты да мен ұсындым. Осы тұсында «Зеңбіректер атылғанда, муза өледі» деп латынша айқайлайды. Соғыстың басталуы ақыл мен ойдың, мәдениеттің жеңіліс табуы екенін шығармашылық адамның ішіндегі тартыс арқылы ашқым келді. Қытайлардан үйрену керек бір қасиет болса, өнерді насихаттау, қолдау білдіру деп ойлаймын. Себебі әлі күнге дейін «Композитор» фильмін көрсетіп, пікір білдіріп жатады. Біздің елде бұл фильмді ұмытып кеткелі қашан. Шет ел киностудияларымен бірігіп жасалатын жұмыстарды көбейткен жөн. Негізі қазіргі кино өнідірісімізде ұсыныс та, талпыныс та көп. Бірақ біздің режиссерлар бірін қабылдаса, бірін құп көрмейді. Бұндай сәттерде менмендігің мен өркөкіректігіңді жеңіп, тәжірибеге ашық болған жөн. Біздің режиссерлардың нашар қасиеті – осы. «Қазақ хандығы», «Қасым хан» сынды тарихи кинолардың процесіне әу баста шет ел кинематографшыларын шақыру туралы ұсыныс болған. Олар киноның алгоритмін жақсы біледі. Біздің осал тұсымыз – драматургияны шашыратып аламыз. Бір хандық арқылы Керей ханды да, Жәнібекті де, Қасымды да, билік, махаббат, достық – бәрін айтқымыз келеді. Кино оны көтермейді. Бірігіп жасалған жобалар әлдеқайда жинақы, сапалы болады. Мысалы, мен «Көшпенділер» фильмінің суретшісі болдым. Шетелден кино мамандарын шақырмағанда бұл фильмнің де бағытынан адасып қалушы едік. Драматургияны талдап, тарам-тарамға бөліп алды алдымен. Олардан үйренеріміз көп екенін сол кезде білдім. Бірақ «Көшпенділер» фильміндегі жіберген үлкен қателік – басты рөлдерді қазақ актерлары ойнау керек еді. Тасмағамбетов өзі басшылық еткен бұл фильмнің түсірілім барысында принципке бағынып, қазақ актерларын қойғанда көрермен жақсы қабылдаушы еді. Фильмде сөз де, оқиға да, драматургия да жақсы, тек әттеген-ай дейтін тұсымыз осы.

Серік Апрымовтың «Қиян» фильмі
Серік Апрымовтың «Қиян» фильмі

– Енді осы әртіс тақырыбына ауыссақ. Бір пікіріңізде «Бұрын театр актерларын ұнатпаушы едім. Қазір көзқарасым өзгерді, оларды киноға түсіру керек» деп едіңіз. Тіпті Серік Апрымовтың алғашқы фильмі «Қиянда» басты рөлдердің бірінде өзіңіз ойнапсыз. Қазір режиссерлік еткен фильмдерге әртістерді қалай таңдайсыз? Кино үшін арнайы кастинг өте ме, әлде әу бастан образға сай актерді нысанаға аласыз ба?

– Фильм шындыққа мейлінше жақын болуы үшін кәсіби актерлар шақырмайтын. Мысалы, өзің атаған «Қиянда» жалғыз кәсіби актер Бақытжан Әлпейісов. Қалған әртістер Серіктің достары, туыстары еді. Рашид те Цойды немесе өз достарын түсірді. Біздің көзқарас – шындықты шынайы көрсету еді. Сол үшін де кәсіби әртістерден бас тарттық. Біздің толқынның философиясы, таңдауы осы болды. Бірақ мен режиссерлікке қадам басқан кезде бұл философияға бара алмадым. Себебі ең алғаш түсірген «Трасса» қысқаметражды фильміне Талдықорған қаласында орналасқан Б.Римова атындағы театрдың әртісі Мұсаны шақырдым. Сырттан танымал әртіс шақыруға, шынымды айтсам, жүрексіндім. Кәсіби актер көп нәрсенің парқын, қай жерде нені қалай айту керегін жақсы біледі. Фильмнің мен білмеген тұсын кәсіби актер қосып тұрушы еді. Мен басқалар секілді мінезді кісі емеспін. Сондықтан жұмыстарыма мені түсінетін кәсіби әртістің ойыны қажет. «Әурелең» комедиясын түсіруге ұсыныс тастағанда ұзақ ойландым. Жүз беттік сценарий әкеліп беріп, алдыма қойды. Ақша аз, локация, драма көп, қауқарым жетпейтінін білдім. Кейін теледидар қарап отырып жас жазушының шығармасын көзім шалып қалды. Нұрғали Ораз екен. Сонан соң кездесіп, бір әңгімесін ұнатып, соны фильмге ықшамдап алдық. Гиннес рекордтар кітабына енемін деп бір қойдың етін жеген кісінің әрекеті халықтың езуіне еріксіз күлкі сыйлайтын. Бас кейіпкерді сомдаған Нұржұман Ықтымбаев ағамен әу бастан таныс едік, хабарласып, осы фильмге түсуге ұсыныс тастадым, келісе кетті. Кейін Лидия Каденова, Тамар апай, Шынар сынды актрисалар келісім беріп, көп созбай, түсірілімді бастап кеткен едік. Сырттан келген жай адам өзі сасқалақтап, көп нәрсенің маңызын аша алмауы мүмкін, менің де сол кезде режиссер ретінде тәжірибем аз еді. Бұл фильмде кастинг болмады, әртістерге арнайы кастингті «Секер» фильмін түсірер кезде өткіздім. Себебі ұл бала боп тәрбиеленген қызды табу оңайға соқпады. Тіпті кей білгіштер «Сен қыз бала қып ұл баланы түсір» деген ақыл айтты. Кішкентай, жасөспірім қыздарды да, ұлдарды да жинап кастинг өткіздік. Жүзге жуық баланы байқадым, ешқайсысы көңіліме жақпады. Керекті адамымды таба алмай жүргенімді көріп, бір кісі кейіпкерді балалар үйінен немесе интернаттардан іздеп көр деген ұсыныс тастады. Олар жастайынан қиындық көріп өскен балалар ғой, мінезді, қатқылдау боп келеді. Аяулым интернатта өсіп жатқан жасөспірім еді, оншақты қыз баланың арасынан таңдап алдым. Алғаш келген кезде шашы белінен түскен өте ұзын еді, фильмге таңдап алынған соң шашын кесеміз деп шештік. Алғашында өзі де, анасы да үзілді-кесілді қарсы болды, фильмге түсуден бас тартты. Ақыры келісті. Белден түскен ұзын шашты қиғанда бәріміздің көңіліміз босады. Аяулым мен анасы жылап отыр, мен де еріксіз көзіме жас алдым. Секердің оқиғасын алыстан іздемедім, бұл – өз шешемнің кешкен тағдыры. Анам он үш жасына дейін бәйгеге шауып, жылқы мініп жүрген екен. Әкесі суық, қатал адам болған. Ал фильмдегі Секердің әкесі сенгіш, аңғалдау адам. Алғашында бұл рөл Ерік Жолжақсыновқа тапсырылған, алайда ал оның көзқарасы қатқылдау. Еріктің бұл рөлге келмейтінін біліп, тағы бес-алты адамды кастингке шақырдық. Фильмде әкесін сомдаған Болат Қалымбет әу баста басқа рөлге бекітілген еді. Көркемдік кеңес ақылдаса келіп сенгіштеу, аңғалдау әке образына Бөкеңді бекітті. Қыз бен қоғамның арасында қалған адам сондай болады. Сасқалақтап, өзі ойлап тапқан өтірігін өзі шеше алмай жүр. Кейін анам әкесінің образын фильмде бұрмалағаным үшін ренжіп қалды.

– Бала арманыңыз суретші болу ма еді?

– Иә, әу баста бала арманым суретші болу еді. Әжем «Осы сенікі не оқу, шайтанның ісі ме?» деп жиі сұрайтын, ағаларыма: «Әй, мынаны ауыл шаруашылығы институтына апарыңдаршы, адам болсын» деп отыратын (күліп). Кейін кино саласына бет бұрған кезде түсініп, қабылдады ғой. Осы уақытқа дейін кинодан бөлек, билікке қатысты қанша карикатура салдым. Көзі ашық, көкірегі ояу адам әрқашан билікке қарсы. Мейлі, жақсы билік болсын, жаман болсын, биліктің аты – билік. Халыққа, ұлтқа, қоғамға деген жанашырлық па, әйтеуір кез келген дүниеге, шешімге сын көзбен қарауды бастайсың. Дәл осы сурет арқылы қоғамның ақсап тұрған тұстарын, атап айтқанда, тілінен айырылған қоғамды, жемқорлықты жиі сынаймын. Жемқорлық қазір кәсібімізге айналып кетті, бұл – үлкен трагедия. Жаһандық көшке ілесеміз деп өзіміздің ұлттық мәдениетімізден айырылуға айналдық. Менің тілім – карикатура. Қазіргі таңда 200-ге жуық карикатура жинаулы тұр. Солар арқылы үлкен көрме өткізсем бе деген арманым бар. Үкіметке жалтақтамайтын, биліктен қорықпайтын азаматтар көмектессе, қол ұшын созса деген ниетім бар.

Сұхбаттасқан Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ