Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:43, 28 Желтоқсан 2023

Сағым қуған Смайылов

смайлов
Фото: Премьер-Министрдің баспасөз қызметі

Жаңа жылға ала-құла экономикалық болжамдармен аяқ басамыз. Біреулер «АҚШ жақсарды, әлемдік экономика енді жанданады» деп жатыр.

 Енді бір топ Ресей мен Украинадағы соғыс, Палестина мен Израиль арасындағы шиеленіс «дағдарысты ушықтырып жіберді» дейді. Сарапшылар Қытайда өсім қарқыны жоспарлы болады деп те сендіріп отыр.

Ал Қазақстанда жағдай қандай болмақ? 2023 жылды қалай аяқтадық? Үкімет бұл жылы экономикалық өсімге қатысты халыққа берген уәдесінде тұрды ма?!

Үкімет басшысының және министрлердің мәліметтеріне сүйенсек, 2022 жылы болған геосаяси тәуекелдерден кейін Қазақстан 2023 жылға дайын болған. Ұлттық банк, ұлттық экономика, қаржы, министрліктері биылғы жылдың экономика үшін сәтті өрбігенін, ең бастысы инфляцияны тежей алғандарын жарыса айтып жатыр. Құлақ үйренген «өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда...» деп басталатын деректерге жүгінсек, биыл қаңтар-қараша аралығында экономикалық өсім қарқыны 4,9 пайызға жеткен (өткен жылы бұл көрсеткіш 2,7 пайызды құраған). Үкімет 2023 жылдың қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнім өсімі 5 па­йыз деңгейінде бо­лады деп күтіп отыр. Рес­публика бо­йынша жан басына шақ­қан­дағы ІЖӨ 11,5 мың доллардан 13,3 мың долларға дейін өскен. Инфляция былтырғы 21 пайыздан 10,3 пайызға дейін төмендеген. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров «келер жылы жағдайды одан әрі жақсартамыз» деп сендіреді. Қуантыровтың сөзінше, халықаралық агент­тіктер Қазақстанның рейтингін жоғары бағалап отыр екен (инфляция 21 пайыздан асып, халықты әбден «қалшылдатқан» былтырғы жылы да үкімет «өсеміз, жанданамыз, халықаралық сарапшылардың болжамы өте жақсы» деген).

Үкімет рейтингтер мен болжамдар жақсы дегенімен, керісінше, елде несие үстіне несие жамап, қарыздан қарызға кіріп тіршілік етіп жүргендердің қарасы көп. Бұған дәлел бүгінде бизнес пен халықтың банк алдындағы қарызы 20,1 триллион теңгеге жетті. Біраз бұрын халықтың 84 пайызында, яғни 8,4 млн-нан астам адамның банк алдында қарызы барын мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов та айтқан. Жұрттың несиеқұмарлығын қаржылық сауатсыздықтан деп түсіндіруге тырысқан Қошанов «мәселенің салдарын зерттеп, банктердің пайызын төмендетуді қарастыру керек» деді. Алайда содан бері мұны зерттеген де, банктерден пайыздық мөлшерлемені төмендетуді талап еткен де ешкім жоқ.

Қаржылық сауаттылық қарапайым азаматтарға ғана емес,  билікке де керек

Наурыз айында елімізде жеке тұлғаны банкрот деп тану мүмкіндігі қарастырылған заң күшіне енді. Жеке тұлғаларды банкрот деп тану биылғы жылдың жаңалығы болды десек те, қолданысқа енген бұл заңның қызығын қарапайым халық аса сезіне де, көре де қоймады. Қаржы министрлігінің бізге берген мәліметінше, биылғы 3 наурыздан бастап банкроттыққа өтініш бергендердің саны 68 мыңнан асқан. Оның ішінде тек 5,5 мыңнан аса азамат банкрот деп танылған. Кейбір сарапшылар мұны «тағы да халықты алдарқату, кезекті емексіту» деп атайды. Өйткені бұған дейін де үкімет жағдайды жақсартамыз, халықтың әлеуетін көтереміз, қарыздан құтқарамыз деп келетін қаншама оптимистік уәде берді. Сағынтаев, Мәсімов, Мамин үкіметі де «елдің жағдайын түзейміз, банктерге тәуелді етпейміз» дегенді жақтары талмастан айтып, түрлі жоспарлар мен қилы реформалар ойлап тапты. Өңірлерді дамыту, моноқалаларды шалқыту, бизнестің жауапкершілігін арттыру, жұмыссыздықпен күрес, инфрақұрылымды жөндеп, индустрияны келістіру дейсіз бе, осы уақытқа дейін бұл салаларға қатысты қаншама жарқын болашақты елестеттік. Осы жобалардың барлығын үкімет қаражат бөліп, екінші деңгейлі банктер қаржыландыруы тиіс болатын. Алайда банктерге қаражат беріліп, ұлттық жобаларды қолға алдық дегенмен, аталған салалардың бағы ашылып, бабы келісіп кете салған жоқ. «Апама жездем сай», бүгінде мемлекеттің борышы да өсіп жатыр. Қазіргі кезде Қазақстанның сыртқы қарызы 7,8 трлн теңгені немесе 17,0 млрд АҚШ долларын құрайды.

Жобалар мен уәделер

  • 2012-2020 жылдары «Моноқалаларды дамытудың арналған бағдарламасы» бекітілді. 2021 жылы үкімет құны 2 триллион теңге болатын 79 жоба жүзеге асырылып жатыр делінген. 2023 жыл болды, моноқалалардың мәселесін әлі шеше алған жоқпыз;
  • 2014 жылы «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы бекітілді. 2020 жылы межесіне жетуі тиіс бұл бағдарлама мерзімі қазір 2025 жылға дейін ұзарды;
  • 2019-2021 жылдар аралығында «Қарапайым заттар экономикасы» қолға алынды. 2019 жылдан бері аталған бағдарлама аясында 600 млрд теңге бөлінген, артынша бұл сома 1 трлн теңгеге дейін ұлғайтылған. «Қарапайым заттарды» қаржыландыруға қарамастан, жоба қолға алынған үш жылдың ішінде мұндай кәсіпорындардың саны екеуге (!) өсіпті (2019 жылдың басында 712 кәсіпорын болса, 2022 жылдың басындағы көрсеткіш 714);
  • 2019-2022 жылдары «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша қаржыландыру көлемі 6,7 есеге артып, республикалық бюджеттен 326 млрд теңге бөлінген. Биыл бұл жобаға тағы қаражат бөлінген. Бірақ инфрақұрылымы дамып, өркендеп кеткен ауылдардың қарасы тағы аз.

Сағым қуып келеміз...

Экономист-ғалым Жаңабай Алдабергенов үкіметтің мұндай уәделерін иллюзияға теңейді. Ол банк секторын түзеп, қаржы саласын реттеп, елді қарыздан, борыштан арылту туралы құр уәде ештеңе шешпейді дейді. Мейлі, уәдесі белгілі бір деңгейде орындалған күннің өзінде бұл проблеманы уақытша ғана шешіп береді. Ал біз қазіргі геосаяси жағдайға байланысты туындаған мәселелерге әлі де назар аудармай отырмыз.

«Бізде теңіз арқылы әлемдік нарыққа шығатын жолдарға назар аударылмай жатыр. Әлемдік шиеленістер туындаған кезде бізге үнемі саудаласу қиынға соғады. Осыған байланысты Қазақ­стан болашақта теңізбен жүретін экспорттық маршрут­тар­ды әрта­раптандырудың амалын іздестіруі қажет. Геосаяси жағдайларға байланысты дәстүрлі сауда жолдары үзіліп қалуда. Сондықтан балама маршруттарды іздеудің қатты қажеттілігі туындап отыр».

Экономист-ғалымның дәйегінше, биылғы 11 айда елдегі теңіз порттары арқылы жүк тасымалдау көлемі 6,5 млн тоннаны құраған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 10 пайызға ғана артық.

«Негізінде теңіз порттарымыздың әлеуеті өте жоғары. Олар арқылы қазіргіден 3 есе көп жүкті ауыстырып тиеуге болады. Порттардағы талапқа сай келмейтін жерлердің бәрін ретке келтіру қажет. Күні ертең құбыр арқылы жіберілетін мұнай арзандап, транзиттік жолмен сатылатын алтынның, уранның бағасы түсіп, саяси жағдайларға байланысты қандай да бір шектеулер қойылатын болса, осы сала бізге табыс әкелетін болады. Теңіз ғана емес, өзен көлігін дамыту арқылы да сыртқы сауданы 2,5 есеге дейін өсіруге мүмкіндік бар. Су көлігін дамыту сауданың өсуіне үлкен әсер береді», – дейді Ж.Алдабергенов.

Өзге сарапшылар да былтыр экономиканың нақты секторлары мен қаржы саласы үлкен сынақпен бетпе-бет келгенін жоққа шығармайды. Былтыр сыртқы «шоктарға» біршама бейім­делсек, 2023 жыл еңсемізді тіктеп, әлдеқайда сергек қимылдайтын жыл болуы керек еді. Осы мақсатта Ұлттық банк пен үкімет бірлесіп, инфляцияны бақылау және төмендету бойынша 2022-2024 жылдарға арналған шаралар кешенін әзірлеген. Онда өндіріс көлемін ұлғайту, тауарлар мен көлік логистикасын дамыту, монополияға қарсы реттеу және басқа да шаралар қарастырылған. Бұдан бөлек, жыл қорытындысы бо­йынша 1,6 трлн теңгеге 291 жоба пайдалануға беріледі деп күтілген.

Экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметова үкіметтің нақ осы уәделерді орындағанына күмәнмен қарайды.

«Бір ғана мұнай өндіру бойынша айтсақ, биыл жыл соңына дейін 90,5 тонна мұнай өндіруіміз керек болған. Бірақ өткенде энергетика министрлігі «елдегі мұнай өндірісі тұрақсыз болғандықтан 89 млн тоннаға әрең жеткіземіз» деді. Мұнай өндіру орындарындағы апатты жағдайлар, ондағы жұмысшылардың құқының тапталуы, еңбек дауы және басқа мәселелерді шеше алмай отырып, экспорттың әлеуетін көтеру жайлы айтамыз. Экономикалық дамуымыз мұнайға тәуелді бола тұра осы саладағы олқылықтарды шеше алмай отырмыз. Басқа сала жайлы бірдеңе деудің өзі күмән тудырады. Өз басым, үкіметтің елдің әлеуетін көтеруге қатысты бір жылда 291 жоба пайдалануға беріледі дегеніне сенбеймін».

Бұған қатысты біз де үкіметтің есептерін ақтарып көрдік. Ондағы дерек бойынша биылғы 6 айдың қорытындысына сәйкес 13,3 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылған. Жыл қорытындысы бойынша шетелдік инвестицияны 27 млрд долларға жеткізу жоспарланған. Сондай-ақ үкіметтің есебінде «экономиканың барлық салаларында жалпы құны 967,7 млрд теңгені құрайтын 210 жаңа инвестициялық жоба іске қосылды» делінген. Бұдан маман айтса айтқандай, үкіметтің жобалар жайлы уәделерінің 100 пайызға орындалмағанын байқаймыз. Жоспарланған меже 291 еді, орындалған жоба 210 екен.

Үкімет былтырдан бері инфляцияны тұрақтандыру үшін жедел және орта мерзімді сипаттағы 90 іс-шара жүзеге асырыпты. Осылайша үкімет жылдың басында 21 пайызға дейін шарықтаған инфляцияны жылдың соңында 10,3 пайызға түсірдік деп желпініп отыр. Бұл да уақытша жетістік. Экономист фискалды және монетарлы саясатта өзара түсіністік жоқ екенін айтады.

«Ұлттық банк инфляцияны бақылауға жауапты. Алайда үкімет Ұлттық қордан бюджетке берілетін трансферттердің рекордтық көлемін жұмсап жатыр. Бұл фискалды ынталандырудың өзі инфляцияны айналдыра түседі. Нарықта ақша массасы көбейіп, тауарлар мен қызметтердің көлемі өседі. Бұдан инфляция үдейді. Сондықтан үкіметтің қазіргі инфляцияны тежедік деуі уақытша тұрақтылық», – дейді Т. Шаяхметова.

Жалпы, сала мамандары, үкімет экономиканы әртараптандырып жатырмыз деп жыл сайын есеп беретінін, әйтсе де, Қазақстан күні бүгінге дейін өте аз өнім шығаратынын, әлі де импортқа қатты тәуелді екенімізді үнемі айтады. Расында тіпті біз қарапайым заттарды да шығармаймыз. Мысалы, өндірілуі жеңіл, әрі арзан саналатын тауық етінің 40 пайызын осы уақытқа дейін сырттан тасыдық. Бұл үрдіс биыл да өзгерген жоқ. Биыл да тура осылай тауық етін сырттан импорттап, тіпті жұмыртқа тапшылығы туындады. Былтырдан бері елде 12 құс фабрикасы жабылған (Қызықты дерек ұсына кетейік: 1993 жылы елде жұмыртқаның он да­насы 3 теңге 38 тиын тұрған. Бүгінде аталмыш өнімнің он данасы 700 тең­геден асып кетті. Тәуелсіздік жылда­­­­­рдан бері қарапайым халықтың басты тағамы саналатын осы бір өнім түрі 207 еседен артық қымбаттапты). Қарапайым логикаға сүйенсек, қандай да бір салада жетіспеушілік болғанда сол саланы дамыту үшін жаңа нысандар ашылуға тиіс емес пе? Ал бізде бәрі керісінше.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Тегтер: