Сағындырған, 25! Орындайтын – Олжас Бектенов

Қазақстан 2025 жылға дейін ауыз сумен толық қамтамасыз етілуі тиіс. Үкімет мұны өзінің стратегиялық міндеті деп біледі, ал өңір әкімдері «барын салып жатыр». Есептері де жаман емес.
Алайда халық тарапынан келіп түсетін өтініштердің басым бөлігі әлі де сапалы ауыз суға байланысты. Бұқаралық ақпарат құралдарының бетінен «сусыз ауыл» тақырыбын жиі ұшырастыруға болады. Тіпті 30 жылдан бері суды тасып, сатып алып отырған елді мекендер көп.
Бұған дейін елімізде бірнеше ірі бағдарлама жүзеге асты. Оған жыл сайын миллиардтар жұмсалып келеді. Мәселен, 1998 жылы «Ауыз су» атты алғашқы бағдарлама басталып, оған 2002-2010 жылдары 2 млрд доллар берілген. 2011-2020 жылдарға арналған «Ақ бұлақ» бағдарламасына да бюджеттен 2 млрд доллар бөлінді. Осыдан кейін бүгінгі «Нұрлы жер» іске кірісті. 2020-2025 жылдарға арналған бағдарлама ауыз сумен толық қамтуға жасаған қадамдарымыздың соңғысы болады деп күтілуде. Өйткені мақсат – 100 пайыздық көрсеткіш. Бірақ тағы бір жаңа бағдарлама әзірлейтін түріміз бар.
Былтыр премьер-министр Олжас Бектенов жылға жуық уақыт ішінде ауыз суға қатысты 43,5 мың ресми өтініш келіп түскенін айтқан. Ал экология министрі екі жыл бұрын ғана есеп жүргізіп, 600 мың қазақстандықтың суды өзеннен немесе колонкалардан тасып жүргенін мәлімдеді. Ал жаңалықтар мен сайт ленталарынан суы жоқ ауыл туралы хабарды күнде кездестіреміз. Сонда атқамінерлер айтып жүрген 97-98 пайыз қайдан шықты? Сапалы ауыз су инфрақұрылымдық міндет қана емес, халықтың денсаулығы мен өмір сүру сапасы. Соған қарамастан, қанша жылдан бері бұл тақырып төңірегінде дау тыйылмай келеді. Сұрағандарға шенеуніктердің берер жауабы – 2025.
Алдымен 2019-2022 жылдары премьер болған Асқар Мамин де осы жылды межелеп айта бастады. Одан соң Әлихан Смайылов мемлекет басшысының тапсырмасымен 2025 жылға дейін халықты таза ауыз сумен толық қамтамасыз етеміз деді. 2023 жылы қалалардағы деңгей – 98,4, ауылдарда – 94,5 пайыз деп, Абай, Ақмола, Жамбыл, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары антирейтингте екенін хабарлады. Ол да халықтан суға қатысты арыз-шағым легі толастамайтынын, бірнеше өңірдің құжаттары да реттелмей келе жатқанын ескерткен.
Қазіргі премьер Олжас Бектенов осы наурызда тоғыз облыста жұмыстар қарқынды түрде жүргізілетінін айтып, антирейтингті тағы бір қайталады. Өзгеріс шамалы... Бүгінгі үкіметтің де әрдайым ауыздан тастамайтыны – 2025.
25-ті қор қылған облыстар
Келместей көрінген 2025-тің алғашқы тоқсаны өтті. Есеп берер, 100 пайыз деген уәде мен алынған жауапкершіліктің нәтижесін көрсетер уақыт есік қағып тұр. Десек те, мәселе шаш-етектен. Мысалы, өткен жылдың соңында ғана мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдап, жыл соңына дейін межеге жетпей қалу қаупі бар екенін айтты. Сөзінше, 121 ауылға ауыз су бұл жылы да жетпеуі мүмкін. Ал 51 ауыл бойынша жобалық-сметалық құжаттама да жасалмаған.
«Бұл тізімге кірмей қалған елді мекен қаншама? Шын мәнінде, құжат бойынша суы бар, ал іс жүзінде сусыз отырған ауылдар да бар. Мемлекет қазынасынан берілген ақша ауаға ұшып жатыр.
Мысалы, Жамбыл облысындағы Қылышбай және Жарлысу ауылдарында ауыз су жоқ. Тұрғындар бес жылдан бері шеше алмаған мәселесін әлі көтеріп жүр. 2020 жылы мердігер жұмысын аяқтамай кетіп қалған. Ал 2021 жылы жергілікті баспасөз беттерінде осы ауылдардың тұрғындары ауыз суға қол жеткізді деген сарындағы материалдар шығыпты. Масқара жағдай. Жауапсыздық. Сонда мемлекеттік бюджеттен берілген 414 млн теңгенің, жергілікті бюджеттен жұмсалған 80 млн теңгенің, оған қоса ЖСҚ-ға, сараптамаға, геологиялық жұмыстарға жаратылған ақшаның сұрауы жоқ па? Мұндай мысалдар әр өңірде бар», – деген депутат.
Иә, Жамбыл облысы ауыз сумен қамту бойынша артта келе жатыр. Бір жылдары облыстағы «Қазсушардың» басшысы мен аудандағы бірнеше мамандар су ресурстары және ирригация министрлігінің аудитінен өтпей қалып, қызметінен босатылған, сөгіс алған. Қазір ондағы 24 ауылда, Тараз, Шу қалаларындағы 9 тұрғын алқапта су жоқ. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жақында өткізген бір жиналысында Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне ауыз су жобаларының мерзімінде аяқталуын бақылауға алуды тапсырыпты. Әбден тақалғанда «есеп» беріп құтылмаса, соның бәрін жыл соңына дейін бір жақты қылады дегенге сену қиын.
Сол секілді Солтүстік Қазақстан облысындағы 202 елді мекенде сумен жабдықтау жүйесі жоқ. Демек, осындағы 42 мың адам әлі күнге суды сатып алып ішеді немесе тасиды. Мәселен, Петропавлдан бір сағаттық жерде орналасқан Виноградовкада су азанда бір сағат, кешке екі сағат қана беріледі. Айналдырған бір «скважинадан» су алудың өзі ақылы. Бір «фляг» – 40 теңге. Елестетіп көріңізші, адамдар ішетін суын азанда ыдысқа толтырып алып, үйіне тасиды. 90 жылдар еске түсе ме? Ал Барневка ауылының тұрғындары қыста қарды ерітіп ішіп отырғандарын айтқан. 2013-ті күтіңдер, 2020-ны күтіңдер деген уәдеге үміт етіп келген ауыл халқы енді «аяулы» 2025-ті тосып отыр. Бұл туралы сенат депутаты Әсем Рахметова айтып, қаржыландырудың аздығына тоқталған. Ал өңір басшылығы сусыз 202 елді мекеннің бәрін осы жылдың соңына дейін «қатырамыз» дейді.
Жақында ғана жаңа әкім болып Берік Уәли барған, өзі де жаңа құрылған Абай облысында да жаға ұстатарлық жайттар жетерлік. 2020 жылы Малтүгел ауылына сумен жабдықтау жүйесін жасау үшін 18 млн теңге берілген, ол сома толығымен игерілген. Алайда ауылда әлі күнге ауыз су жоқ. Тұрғындар Аягөзден су тасып, соны ішіп жүр. Ол суды малтүгелдіктермен қоса, төрт түлік те ішеді. Бұл туралы мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов: «Абай облысында расында да ауыз сумен қамту мәселесі бар. Мысалы, Аягөз ауданы бойынша Малтүгел, Байқошқар, Қопа және Мыңбұлақ ауылдарында таза ауыз су жоқ. Қаражат бөлінген, игерілген де. Құқық қорғау органдары бұл істі тексеріп, қаражаттың қайда кеткенін анықтауы тиіс», – деген. Уәли келгелі «облыста әкім бармаған ауылдар көп екен» деп жүр, енді өзі аралап көріп, жыл соңына дейін бір жақты қылып тастайтын шығар.
Осыған ұқсас жағдай Түркістан облысының Келес ауданында да бар. Мұндағы екі бірдей ауылға құбыр тартылып, ұңғыма қазылса да жұрт ауыз сусыз отыр. Жаңатіршілік ауылында қазылған тереңдіктен құм шығып, Үшағаш елді мекеніндегі ұңғыма суының тұздылығы көтеріліп кеткен. Қазір мұндағы жұрт көршілес ауылдардан су тасуға мәжбүр. Жергілікті халық жиналған судың бір көшеге әрең жететінін айтады. Оның өзін үш тәулік жинап, сүзіп береді екен. Мәселені жауаптыларға да, депутаттарға да жеткізгенімен ешбір нәтиже шықпаған.
Өткен жылы Ақмола облысындағы бірнеше елді мекен жоспардан кешігіп келе жатқаны, жұмыстың баяулауынан берілген 760 млн теңгенің 500 млн-ы бюджетке қайтарылғаны айтылды. Үкімет дұрыс жоспарланбаған жұмысты сынап, жағдайды бақылауға алатынын хабарлаған. Былтырғы қыркүйекте Батыс Қазақстан облысында 129 сусыз елді мекен болған. Онда да жүргізіліп жатқан жұмыстардың жоспардан қалыс екені байқалады. Жергілікті билік мердігерлерді, тағы сол секілді себептерін айтып, ақталғаны есімізде. Қостанай облысының әкімі болса, 2025-ті қойып, 2026 жылға дейін деген әңгіме шығарып жүр. Соған қарағанда, бұл облыс та биыл көп күткен 2025-тің сүйкімін кетіретін түрі бар. Павлодар маңындағы бірнеше ауыл 30 жылдан бері сусыз отырмыз деп ашынады. Олардың да әкімі жауапкершілікті мердігерлерге артып, ақталып жүр.
Қиялдағы 97,8 бен ойдағы 100-ді қосқанда...
Айта берсе, Қазақстанның әр аймағында ауыз су мәселесі бар. Жемқорлық фактілері де ұдайы кездеседі. Кешігу көп. Соған қарамастан, мінберлерден керемет статистикалар айтылады. Мысалы, өткен жылдың қорытындысы мынадай:
«2024 жылы 3 100 шақырым сумен жабдықтау желісі салынып, қайта жаңартылды. Жыл қорытындысы бойынша қазақстандықтардың 98,9 пайызы сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз етілген: қала тұрғындарының 99,4 пайызы және ауыл тұрғындарының 97,8 пайызына сапалы ауыз су қолжетімді. Анықтама үшін: 2020 жылы ауыз сумен 93,8, 2021 жылы – 95,6, 2022 жылы – 96,5 , 2023 жылы – 97,8 пайыз».
Сандарға қарасаң бәрі жақсы. Қалған бір-екі пайызды 2025 жылдың аяғына дейін шешеміз деген уәделер де сенімді естіледі. Алайда үкіметтің өңір әкімдеріне берген ескертпелері мен депутаттардың сауалдарын, БАҚ беттеріндегі материалдарды есепке алсақ, биыл жетуге тиіс 100 пайыздық меже түгілі, бұған дейін жетіп қойдық деген 97,8-дің өзіне сеніп көріңіз. Осыдан соң ауыл мен қала арасындағы теңдік, ауылдағы өмір сапасын жақсарту туралы не айтуға болады? Бұл туралы әлеуметтанушының пікірін білдік:
«Қағаз жүзінде көрсеткіш жоғары, алайда сапалы ауыз суға қол жеткізе алмай отырған мыңдаған отбасы бар. Бұл өзге де әлеуметтік салалардағы жалған есептіліктің бір тармағы ғана. Бірақ біз ауыз судың инфрақұрылымдық мәселе ғана емес, халықтың денсаулығы мен тұрмыс сапасы екенін есте ұстауымыз керек. «Сананы тұрмыс билейді» деген жақсы бір тіркес бар. Ауылдардағы жағдай осыған ұқсайды. Егер тұрғындар күніне бірнеше рет су тасуға мәжбүр болса, оларда басқа мәселелермен айналысуға, үлкен мақсаттар қоюға шама қала ма? Базалық тұрмыстық қажеттіліктері өтелмеген адамдар интеллектуалды күш жұмсауға қауқарлы бола ала ма?
Ауылға «жаны ашитындар» көп. Олар бірде адамды, бірде заманды кінәлай сөйлейді. Ал мемлекет тарапынан қаншама бағдарлама жасалып жатыр. Дегенмен дипломмен ауылға барсаң, үй береміз, үстемеақы қосамыз дегенге сеніп барған жас мамандар сусыз мекенде қашанғы тұрақтайды? Әрі су жалғыз проблема емес. Сол сияқты жарық та, жол да, басқасы да ақсап жатады. Мына жылы шешеміз, шешілмей қалса тағы бір бағдарлама жасаймыз деу қиын емес. Бірақ сол аралық созылған сайын өзге мәселелер бірге күрделене беретінін ұмытпағанымыз абзал», – дейді әлеуметтанушы Анель Әлібекова.
Иә, бұл – сонша күттірген, сағындырған 25 еді. Әне-міне дегенше келіп қалды. Ал оның жоспарын орындайтын – эстафетаны Мамин мен Смайыловтан қабылдап алған Олжас Бектенов.
Баян МҰРАТБЕКҚЫЗЫ