Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:48, 14 Қыркүйек 2021

Сағынтаевқа – «Достық», қазаққа Момышұлы керек!

None
None

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Алматыдағы метроның «Сарыарқа» және «Достық» бекеттері пайдалануға беріледі деп күтілуде.

33 жылдан бері салынып жатқан, осы екі бекетінің өзіне 60 миллиардқа жуық қаржы жұмсалған метро – қазақтың ұзақ жылдардан бері күткен үлкен қуанышының бірі. Өкінішке қарай, тәуелсіздік алған отыз жыл ішінде қазақты қуантуға, марқайтып рухын көтеруге, ұлтының көңілінен шығуға аса тырыса қоймаған билік бұл жолы да халықтың қалауына пысқырып отырған жоқ.

«Достық» атауынан гөрі осы бекет келіп тірелетін Момышұлы көшесінің атауын бекетке де беруді лайық көрген 100-ден астам қоғам қайраткерлері мен қарапайым халық өкілдері бір жыл бұрын қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың атына ресми хат та жазған болатын. Алайда халықтың қалауымен санаспақ түгіл, ресми хатқа жауап та қайтармаған Сағынтаев жаңа бекеттің маңдайшасына «Достық» атауын іліп те үлгерген көрінеді.

Осы орайда айта кетер жайт, 2015 жылы ұзындығы 2,74 шақырым «Сайран» және «Мәскеу» бекеттері пайдалануға берілген болатын. Онда да жан-жағына жалтақтап, өз ұлтынан бұрын, өзгелердің көңілін қымбат көрген билік бір бекеттің атауын «Мәскеу» атап, көңілдері тыншыған болатын. Ал бұл жолы пайдалануға берілген екі бекеттің бірін «Достық» атау арқылы қай достың көңілін табуға ұмтылғаны белгісіз. Алайда журналист Қанат Әбілқайыр әлеуметтік желідегі парақшасында: «Бүкіл қазақ болып «Ұйғыр ауданы» деген күбірткі атаудан құтыла алмай жатқанда, «ұйғыр ұлтының мекені» ретінде елге таныс «Дружба» аты метро бекетіне берілмек. Ұлттардың достығы деген жақсы ғой. Бірақ бұл «Достықтың» сыры тек қана қазақ пен ұйғырдың арасына сына қағады. Осы бір кішкентай ғана қателікпен туыс ұлттың дандайсып, «Алматы да біздің жеріміз» деп айтуына себеп туғызамыз. Бұл бекет алты Алаштың батыры Бауыржан Момышұлының атымен аталуы керек. Біріншіден, метро бекеті «ұлттар арасындағы достыққа» емес, сол көшеге тіреледі. Екіншіден, Момышұлының да, Құнанбайұлының (бекет орналасқан көше Абай мен Момышұлы көшелерінің қиылысында – Қ.Ә.) да аталмыш туыс ұлтпен қатысы болмаған. Ұлттар арасына қағылған сына ҚР президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев һәм Алматының әкімі Бақытжан Сағынтаевқа керек пе?» – дейді.

Осыдан алты жыл бұрын екі бекеттің бірін «Мәскеу» атандырған биліктің бұл жолы кімнің көңілін тапқысы келгені осыдан-ақ белгілі секілді. Расында да, Алматы облысына қоныстанған ұйғырлардың қит етсе аудан атын желеу етіп, түрлі бастамалар көтеріп, оларға «мұның қалай» дегендердің жоқ жерден кінәлі, тіпті жазалы болып қалып жататын кездері аз емес. Ендеше неге «сау басымызға сақина» тілеп отырмыз?!

Тіпті қазақтың қалауымен кім санаспақ?! Ұлттың жоғын кім түгендемек?! Момышұлының аты кімнің тақиясына тар болып отыр? «Еститін үкімет» осындайда халық үніне құлақ түрмесе, Момышұлының аруағынан қорықпаса, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы құрметіне халықтың рухын көтеріп, мерейтойға орай, ұлтына сый жасамаса несіне билік?!

                                                    Түйін

       Алматыға келімді-кетімді қонақ көп. Соңғы жылдары Алматыда ауыз толтырып айтарлықтай, халыққа арналған, мақтанышпен көрсететін қандай да бір нысан бой көтермеген соң, ауылдан келген қазақты да ертіп апаратын жеріміздің бірі – метро. Сондықтан келген қонақтарға ұялмай көрсететіндей, әр бекеттің атауы орналасқан жеріне сай, атауы рухты көтеретіндей болса – біздің мақсаттың орындалғаны.

      Атап өтсек, жалпы ұзындығы 8,6 шақырым болатын метрополитеннің бірінші кезегі 2011 жылдың желтоқсанында пайдалануға беріліп, оған«Райымбек батыр», «Жібек жолы», «Алмалы», «Абай», «Байқоңыр», «Әуезов театры» және «Алатау» бекеттері кірсе, төрт жылдан соң бұл қатарға «Сайран», «Мәскеу» бекеттері қосылған болатын. Он жылдан кейін 11-ші болып ашылайын деп тұрған кезекті бекеттер де халықтың қалауына сай атауға ие болып, мерейтойлық көңіл күйді еселеп, рухты көтерсе, қанекей!

Тегтер: