Сағынтаевтың бұрынғы күйеу баласының 394 миллиондық сағаты сатылды
Әйгілі швейцариялық Richard Mille брендінің 394 миллион теңгеге бағаланған сағаты тәркіленген тауарларды сатуға арналған аукционда сатылды.
Бұл туралы tengrinews хабарлады.
Бәссауда шілде айының басында өтті. Алматы қаласы Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің мәліметінше, тауар құнының жартысын төлеуге дайын қатысушы жеңімпаз атанды. Яғни сатып алушы 196 млн 835 мың теңге төлеген.
«Richard Mille Limited Edition Rafael Nadal сағаты екінші аукционда бағаны төмендету арқылы 196 миллион 835 мың теңгеге сатылды», — деп хабарлады ведомство.
Бұған дейін аукционда баға біртіндеп төмендейтіні және құнның жартысына дейін жетуі мүмкін екені хабарланған болатын. Ең төменгі баға бағалау құнының 50 пайызы мөлшерінде белгіленеді.
Еске салайық, құны 394 миллион теңге тұратын Richard Mille сағатын сатып алуға ниет білдірген мемлекеттік органдар болған жоқ. Аукционда сағат қазақстандықтарға ұсынылды, бірақ мұнда да сатып алушылар болмады.
БАҚ-тың хабарлауынша, сағат Бақытжан Сағынтаевтың бұрынғы күйеу баласы атанған Бақыт Ибрагимнен тәркіленген. 2021 жылы ол, Жомарт Ертаев және басқа да бірқатар адамдар Bank RBK-дан ақша жымқырды деген айыппен сотталды.
Richard Mille сағаты қолөнер болғандықтан қымбат бағаланады. Эксклюзивті серияда олардың тек 50 данасы бар. Меншік иелерінің арасында Рафаэль Надаль, Сильвестр Сталлоне, Джейсон Стэтхэм, Джеки Чан, Дрейк, Эд Ширан, Илон Маск, Флойд Мейвезер, Роберто Манчини, Фелипе Масса, Кевин Харт, Шешенстан басшысы Рамзанның ұлы, Дмитрий Песков, Катар ханзадалары Джоан бин Хамад пен Халифа бин Хамадта бар.