Сағыныш екен бала кез

Егіндікке түскен бұзауларды неше мәрте қайырып шаршадық. Олар да қуланып алған.
Көзің тая бере қырманның сыртымен айналып, қайта келеді. Салып ұрып жетіп келмейді, ақырындап, жайылғансып жүріп, басын көтеріп қарап қояды. Егер қорушы жоқ болса, сирақтарын жеделдете, сыртылдата басып, көкорай егіндікті бетке алады. Жайқалған астыққа бір бас қойған екен, сенің айқайыңнан қорқып, қаша қояр олар емес. Қара биені сауырға алып, қайтпасты айтақтасаң ғана басын көтеріп, кейкиіп бір қарайды да, жеткеніңше тағы бірнеше бидайдың сабағын қаузап үлгереді. Қуаласаң ауыл жақтан адасып қалғандай айдалаға қашып, біраз әуре-сарсаңға салады. Бәрін әдейі істейтіндей. Бұл қысастығына зығырданым қайнап, аттың сауырына ыңғайлы келгенін әкем жасап берген бишікпен ұрып кеткен боламын. Қайтсін, олар да азықтың дәмдісін жегісі келеді. Сонымен кешке дейін ауылдың бар бұзауын «ермек қылып» жүргенің. Табын көрінгенде ғана жалаң аяқ мал бағушылар борпылдақ топырақтың шаңын аспанға көтеріп, жарыса жетіп, үйді-үйіне қуып әкетеді.
Егіндікті қору әкемнің міндеті болатын. Бірақ жаз бойы малдың қыстық азығын дайындау, шөп шабу, оны күнделікті барып аударыстыру, арбаға тиеп әкеліп маялайды. Сонымен қатар арқан есу, қамшы өру сияқты бітпейтін тірлігі болғандықтан, алқапты бұзаулардан қорғауға тете ағам Уахит екеуміз шапқылаймыз. Бала кезімнен үй шаруасына бейімсіздігімнен, еншіме барып кел, алып келді атқаратын шабармандық бұйыратын. Аңсарым далаға ауып тұратын мен үшін ауыл сыртындағы жусан иісі аңқыған алаңқайға атты жайып қойып, көк шалғынға жата қалып, кітап оқу жан рахаты еді. Бірақ көресінді бұзаулардан көресің. Иесі таңсәріден тұрып, сауып алған сиырлар маң-маң басып, өріске қарай беттейді. Сиырлар табыншының құрығына ілінісімен, жеңгейлер бұзауларды бұйдасынан айырып, ауыл сыртына қарай беттете салады. Одан кейінгі тамақ тауып жеу тәсілдері әлгіндей.
Түс мезеті тұғын. Әдетіммен Уахитты түскі асқа жіберуге бардым. Бұзаулар қайырым бермей, бауырым алашапқын болып жүр екен. Мені көріп ызалана «Қайтар ар жағын, қырманға қамаймыз» деп айқайлап жіберді, өзі бұлығып жылауға шақ тұр. Дауысында ашулы діріл бар. Оның дойырланса, өзінен үлкендермен жағаласа кететін әдеті бар болатын. Мінезіне қанық болғандықтан, сөзге келмей, арам қатқырларды ашық тұрған даңғарадай қамбаға қуаладым. Ішінен бидайдың иісін сезді ме, әлде Қайтпастың тілерсекке жармаса кететін әдетінен қаймықты ма, бұзаулар есікке қарай өздері ентеледі. Мұндайда олардың бір-біріне жол бермей, қақтығысып, кептеліп қалатыны бар. Ішке енісімен Уахаң маған қайыра бұйрық берді. «Бір-бірлеп ұста, қарасан келгірлерді», – дейді ашудан булығып. Әліме қарамай, құлап-жығылып жүріп айтқанды істеймін. Қарасам, Уахаңның қолында әкемнің ұстарасы. Қабынан суырып алғанда жарқ ете қалды. Ет тұрмақ, қайысыңды тіліп түсетін ұстараның оның қолына қалай түскеніне таңмын. Ұстараны алып шыққанға қарағанда, ол бұл күнгі сойқанға алдын ала дайындалған сыңайлы. Әйтпесе, әкем мұны жан қалтасынан тастамайтын. Әсіресе пышаққа әуес, қодар мінезді «Қара шолағынан» (Уахитты еркелетіп солай атайтын) тығып ұстайтын.
Сонымен мен ұстаған алғашқы бұзау құйрығы мен қос құлағынан түбінен айрылды. Осылайша, қалғандарың да құлағын кесіп құнтитып, құйрығын кесіп шұнтитып тастады. Қырман іші шашылған құлақ, құйрықтар. Ақырындап бұзауларға бір-бірден ен салынып, қамбадан шығып жатты. Уһ, деп «қанды қырғыннан» кейін кешке үйге жеттік. Кім келіп әкеме болған жайды айтып, бетімізді аймандай қылады екен деп қорқып жүрмін. Қараңғылық түсті, көз байланды ешкім келмеді...
Ауыл алтын бесік емес пе?! Бір адам әке-шешеме сенің балаң сүйтті деген жоқ. Әншейінде ұрсысудан, бәле қуудан алдына жан салмайтын көкдолы Асылкүл жеңгей де үндемеген қалпы қалды. Оның үш бұзауы да сол қырмандағы «құлақ қырғынын» бастан өткерген. Тірі жанды өкпелетпейтін, жан-жағындағыларды күндеуді білмейтін әкемді сыйлағандықтарынан да ешкім, «Мұқа, бұл қалай?» демеді.
Сол жылы әр шаңырақ колхозға бір-бір ірі-қарадан өткізсін деген жарлық келді. Көппен бірге бір малды әкем жетектеп, мен шыбықпен айдап алып бардық. Кім үлкен малын берсін. Бәрі сол жылғы төл, әлгі біз «ен» салып берген бұзауларын апарыпты. Бір уақытта мал өлшегіш: «барлық малдан керексіз еттерінің салмағын қысқартамыз» деп мән-жайды түсіндіре бастағаны сол еді Нұржәмилә тәтем шамданып:
– Әй, бастық бала, бері қара, мыналардың бірде-біреуінде не құйрық, не құлақ жоқ, қайдағы артық етті айтып тұрсың, әйда пошол, – деп бетін қайтарып тастады. Әкем ұялғанынан төмен қарап, естілер-естілмес дауыспен, «Әй, иттің балалары-ай» дегенде кірерге жер таппадым. Мал қабылдаушы Нұржәмилә тәтемнің ашуынан қаймықты ма, жоқ шынымен қаздай тізілген малдың артық етінің жоғын мойындады ма, әйтеуір салмағына тиіскен жоқ.
Бірге өскен тете бауырым Уахиттың ән салғанға құмарлығын сезетінмін. Ол – әнші, мен – көрермен. Ағам табиғат аясына барып, әуелете ән орындағанды ұнатады. Жарбаңдап, қасынан қалмайтын мен үшін одан асқан әнші жоқ. Ол үйдің қасындағы өзен жағасына барып ән салғанда мен қасында тұрып үнімді шығармай тыңдаймын. Ағам мені солай тәрбиеледі ме, әлде оның елтіген көңілін бұзғым келмегендіктен бе, әйтеуір маған әнді беріле тыңдау солай қалыптасып кетті. Ол да менің бар-жоғымды ұмытып, сахарада жүргендей дауысын нақышына келтіріп, жан-жағына тербеліп тұрып шырқайды-ай келіп. Өзін сахнада тұрмын деп елестетеді-ау шамасы. Мен бауырымның орындаған әндерінің мағынасын іздеймін. «Айналайын сырғаңнан, қараторғайым» дегенді естіген сайын, қонақтап отырған торғайларға жақын барып, құлағы мен сырғасын көруге ынтығамын.
Ауылда өскен әр қазақтың жүрегіне жол тапқан Уахиттың «Достарыма» деген әні сол табиғат аясында өткен балалық шағында туындаған деп ойлаймын. Бірақ кейіннен қағазға түсірілген болу керек. Ондағы:
Қаздар ұшқан көлдер,
Жусаны көп жерлер,
Өзгермепті, барып көргенмін.
Ән айтумен түлеп,
Өскен біздер түлек,
Армандаудан көңіл талмасын, – деген жолдары маған сол кездегі таныс көріністі елестетеді.
Балалық шақтың қызығы шексіз. Бірде дәу қойтастың үстінде ойнап отырғанда шекісіп қалып, ол мені нұқып қалғанда, жарға қарай домалап кетіп, үлкен тоғанның суына күмп ете түскенмін. Жағада мал сойып жатқан ата-анам байқап қалып, құтқарып алған. Тағы бірде Уахиттың өткір пышақпен ойнап отырғанында жетіп барып, үңіле бергенімде пышақтың жүзі бетімді тіліп түскені бар. Ол болса, «Шеше, жүгір, қызыңды сойып тастадым» деп қаша жөнелген. Сол бір балауса күндерді ұмыта алмай қиналамын. Ол – Огинскийдің Полонезін домбыраны сан құбылта, жан-дүниені тербете орындайды. Мен оның пионерлік галстугі мен сабаққа киетін көйлегін үтіктеп беремін де, есесіне, Полонезді орындап беруін сұраймын. Құдыретті музыка әлдебіреудің сағынышты сезімі арқылы жан қиналысын сездіреді. Шыбын жанның шеңберден шыға алмай аласұрған күйін санаңда жаңғыртады...
Әбдуахит бауырым бүгінде жарық дүниеде жоқ. Өмірі келте болды. Бұл әңгімені бауырымды сағынғаннан жаздым. Ауыл сыртындағы зиратына құран оқыта барғанда, сол маңдағы қырманды көріп көңілім алабұртады. Жусан иісі аңқыған даладан «Біз арманға балап, жұлдыздарды санап, Жүруші едік алыс күндерді ойлаааап» деген таза, тұнық дауыс естілетіндей елеңдеймін. Дара дауысы үшін жарық дүниесін неге ұзартпады екен деп пенделік ойға беріліп налитыным да рас.
КӨҢІЛ ҚАЛҒАН КҮЗ
Ол осы әнді ала таңнан түс ауғанша тыңдады. Тағы да қайталап қойды.«Естай мен Қорландай жан ба едік біз немене? Менің жолым басқа, сол үшін ғашық болма. Көңіліңді қалдырған күз, бір күні сый береді. Өзгеше тағдырлармыз, өтінем сүйме мені. Шараң жоқ сағынбасқа…». Жігіттің жандүниесі алай-дүлей.
…Ауылдан көңілі көтеріліп шыққан ол, жүрдек көлікпен қалаға қарай «ұшып» келе жатқан. Жүрген жерінде кішіпейілділік танытып жүретін әдетімен жол күтіп тұрған бойжеткенге тоқтай салды. Екеуінің барар жері бір екен. Жоғары жылдамдықпен жүрсе, төрт-бес сағаттық жол. Болмаса одан да ұзақ. Иә, мына қызбен кемедегінің жаны бір жайды бастан өткеретін болды. Жолсерікке жарыдым ғой. Айтар әңгімесі қызық па екен? Жігіт осыны ойлады да мырс етіп күліп жіберді. Бейтаныс бойжеткен оның қарадан-қарап күлгенін ерсі көрді ме, көзін төңкеріп бір қарады. Оның жақтырмағанын байқаған жүргізуші өзін ыңғайсыз сезініп қалды. – Өте қарапайым қыз. Жанарыңды байлардай көрікті де емес. Бірақ паң. Көлігіме отырып, күні түсіп келе жатса да алакөзденіп қарайды ғой. Өзі туралы не ойлағанымды да сезіп қойғандай. Жолаушының қитығына тиюді ойлаған жігіт музыканың дауысын күшейтіп қойды. «Мен сенің жүйкеңді жұқартайын», – деп ойлады. «Күндерің жасытқанда, іздейсің тосып таңда. Көңіліңді қалдырған күз, бір күні сый береді...» әнші Төреғали Төреәлі «Ғашық болманы» жағымды дауыспен орындауда. Әуені де, сөзі де әдемі. Көліктің иесі қасындағыны елемеген сыңай байқатып, ойы басқа жақтағы адамға ұқсап келеді.
Терезеге қарап, өзімен-өзі отырған қыз: «Музыкаңның дауысын күшейтпек тұрмақ, етімнен ет кесіп алсаң да сыр бермейді екенмін», – дегенді қылығымен байқатып отыр. Мынаның қорлығын-ай! «Даңғырлатпаңызшы», – деп айта ма десе, осы әнді өзі таңдап алғандай, бар ынтасымен тыңдап келе жатқанын қарашы. Арасында жайлап қана әуенге шайқалып қояды. Әнге іштей қосылып, бірге айтып келе жатқаны байқалады. Келесі әннің тұңғиығына мүлдем батып кетті. Ренжудің орнына ән тыңдаған сайын көңілі жай табатындай. Жүргізуші жігіт жол бойынан отырғызған жолаушы қызды жүйкесін тексеріп, тілге келтіремін деп жанының қалауын, көңіл күйінің арнасын тауып бергенін кеш білді. Келесі ән де талғамына сай келгендей. Тыңдаған сайын көзі жайнап, көңілі өсіп сала берді. «Бір ыңғайын тауып әнді өшірейін. Содан кейін не болар екен?» – деп ойлады бозбала. Алдағы ауылдың шетіне іліккенде дауыс күшейткіш мүлде өшірілді. Енді жігіт паңданды. Көлік менікі. Не істесем де өзім білем. Керек болса жылдамдықты асырам, болмаса асықпай, есек аяңмен жүріп аламын. Ұнамаса, түсіп қал. Бұл – оның ішкі ойы. Байқайды, бойжеткен жол қысқартар әуеннің тынып қалғанына да селт етер емес. Сол үнсіз қалпы. Осы күнгі қыздар ойын тез байқатып қоюшы еді. Мынаның не ойлап отырғанын білу қиынға соқты-ау. Жас адам көңілді, әзілқой болушы еді. Жолдың жартысы артта қалса да мынаның кірпігі ғана қозғалып әлі отыр. Әлде мен қыз көңіл аудармайтындай тартымсызбын ба? Байқатпай айнаға қарады. Түрі ешкімнен кем емес сияқты. Киімі де тәуір. Ал ауқатты екені заманауи көлігінен байқалады. Сонда мына замандасы неге селт етпейді? Бір-екі рет ана-мынаны жақтырмайтынын көзімен байқатқаны болмаса, жымиған кезі болмады. Бірақ әуен тоқтағалы оның жанары мұңға толды. Жігіттің жүрегі ауырды. Бағанағы көзіндегі ұшқын қайда кеткен? Енді әуенді қайта қойып, мұның көңілін көтергісі келді. Оған ішкі бір кертартпа сезім жібермеді. Магнитофонды қайта қосса, ұшқалақ, берекесіз адамға ұқсап қалар. Оның алдында өзінің жеңіле бастағанын сезді. «Көріксіз қызда» ерекше тартымдылық бар сияқты. Көзі ойлы екен. Мінезі… Мінезі ұстамды, бірбеткей. Түсінігі терең адам болу керек. Жалпы жақынын қиындыққа тастамайтын, сенуге болатын адамдардың қатарына жатады-ау. Дене бітімін ешкім сөкпейді. Ортадан жоғары, сұңғақ деуге келеді. Дауысы қандай екен? Бағана баратын жерін айтқанда, сөз саптауына көңіл аудармапты. Жігіт енді жолдың қысқармауын тіледі. «Үндемес арумен» жердің шетіне кете бергісі келді. Не істесе екен? Жолда Әулиеатаның кесенесі бар. Анда-санда барып, құран оқытып тұратын. Соған жол тартайын. Мүмкін жебеушінің мекені екеуін жақындастырар. «Жұмбақ қыз» бағыт ауыстырсам ашылып сөйлер. Жігіт көлікті кесенеге қарай бұрды. Бойжеткен жайбарақат қана, ешнәрседен күмәнданбастан қайда баратындары жайлы сұрады. Өзін көптен танитын, бұдан еш жаманшылық келмейтінін біліп алған сыралғы адамдай. Егер зерек, зерделі жан болмаса менің тірі жанға жамандық жасамайтынымды қайдан біледі? Бөтен адамнан секем алмайтыны өзінің де адам баласына қиянат жасамайтынын аңғартқандай. Осы сөзді ойлағанда жақында ғана интернеттен оқыған бір ғибратты сөз көңіліне ұялады.
Мейірімділік бойымнан сөнбесе екен,
Аллам маған жат қылық бермесе екен.
Мен көрсем де біреудің қиянатын,
Біреу менен қиянат көрмесе екен.
– Мына жақта Әулиеатаның кесенесі бар, тәу етіп қайтайық», – деді жүргізуші жолсерік қызға. Ол жай ғана басын изеп, келісім берген сыңай танытты. Жиі баратындықтан, мұны жақсы танып алған шырақшы, ескі танысындай қарсы алды. Бойжеткен сөмкесінен әдемі көкшіл орамал алып, жарасымды етіп, басына тағып алды. Қандай сүйкімді! Орамал жарасады! Жүзінен имандылық төгіліп тұр. Екеуі кәнігі ерлі-зайыптыдай жарастықпен кесенеге еніп, ел-жұртқа амандық тілеп, құран бағыштатып шықты.
Көңіл де, мінген «көк дөнен» де сергек. Енді жігіт еркінси бастады. Бойжеткенді сөйлетіп, өзіне деген пейілін байқау үшін қулық жасамаққа бекінді. Көлікті кілт тоқтатты да қайдан шықса оннан шықсын деп: «Сіз маған ұнайсыз, жаңағы молдаға қайта барып, некемізді қидырайықшы», – деп салды. Жұмбақ қыз осы сөздің айтылатынын біліп келе жатқандай, тағы да үнсіздік танытты. Онысы: «Қидырсаң саған кім қой деді», – дегендей әсер етті. Сөйлетпекші болған бұл әдісі де іске аспады. Тіл жоқ. Осыдан бірер сағат бұрын өзі менсінбеген бойжеткен, енді мұның ерік-жігерін бағындырып алды. Бауыр басып қалғанын байқады. Қимасын барар жеріне жеткізіп тастаудан басқа амал жоқ.
Көлік тоқтады. Ол түсуге ыңғайланды. Түсті. Кетіп барады. Жүрегі шым етті. Екеуінің жолы бұдан кейін тоғыспауы мүмкін. Шынымен де енді кездеспейді ме? Бәрі осымен бітті ме? Тоқта десем ары қарай не айтамын? Алыстап, көрінбей кетті. Өмірінің мәні бірге еріп кетіп қалғандай, сүлесоқ отыр.Көлік қайта оталды. Ән әуелей жөнелді. «Көңіліңді қалдырған күз, бір күні сый береді…»