Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:18, 07 Ақпан 2023

Сағынышым менің, домбырам!

None
None

… Шетсіз, шексіз, көз ұшында мұнарланып, жиегі көк аспанмен астасып кеткен жасыл дала.

Неткен байтақ дүние, кең жазықтық! Тіпті көз тоқтатарлық бір бедер болсайшы. Құндыз жонды балғын қауданы мен өлеңі желкілдеген алқапты бұл асыға басып келеді екен. Қайда асығады, неге ұмтылады, өзі де білмейді. Тек көкіректі қарс айырған мөлдір сағыныш, алапат аңсау бар. Тек таныс бір әуен, сиқырлы ызың еркін билеп, алға жетелейді.          «Апырау, бұл не ғажап, қайдан шығады мынау үн, бау-рап әкетіп барады ғой! Сені қалай таппақпын мына мидай даладан?», – деп қиналады ол. Көмек іздеп жан-жағына карайды, әлдекімге жалбарынғандай болады. Бірақ тірі жан көзге ілінбейді.

«Ұмыттың ба мені? Бір кезде талай күн, талай түн тілдесіп, бас ие табынған қос ішектің құдіретіне талақ дегенің бе?» –  әлдеқайдан күңіренген дауыс жетті. Бұл қалт тұрып қалды, дауыс шыққан жаққа тандана құлақ түрді. Білетін адамның сөз саптауына ұксайды. Көз алдына аппақ күмістей сақалы омырауын жапқан қарт елестеді. «Мен де сен сияқты мына даладан жаратылғанмын. Онсыз, оның қасиетті қуатынсыз бізге өмір жоқ. Осыны ұмытпа… ұмытпа… ұмытпа...», – дауыс бірте-бірте алыстап, үзіліп кетті.          Манағы әуен енді айқындала түсті, бұрынғыдан бетержүрек қылын қытықтап, жүйке тамырын солқылдатып ба-рады. Иә, иә, тап сол, соның өзі. Таныс ырғақ, әр бұлтарыс-қалтарысы, шырқап шапшуы мен сорғалап төмен құйылуы – бәрі-бәрі көкіректе әбден жатталған белгілі күй… «Серпер» ғой мынау! Апырай, сенің сұрапылыңды бірден тап баспай не болған маған, өгейситін дүние сен бе едің?

Кешір мені, беймаза дауылым, алапат тасқыным.

Ұмытпаймын, ұмытпаймын...».

–  Рота, подъем!

Ғажап көрініс лентасы үзілген кинодай лезде ғайып болды. Қапан көзін ашқанда «ұмытпаймын, ұмытпаймын» деп күбірлеп жатыр екен.

–  Сапқа тұрыңдар!

Киініп жатып, Қапан түсін неге жорырын ойлады.Кенет кештесін тексерудің алдында дем алатын бөлмеге барып күндегі әдетінше радиоқабылдағыштан Алматыны тындағаны есіне түсті. Дес берісінде Кұрманғазы атындағы оркестрдің концерті болған. «Соның әсері де» деп түйді іштей.

         

                                                       ***

Әскери қызметтің аты әскери қызмет. Өзінің ел алдындағы міндетін атқаруға белді бекем буып келген ауылдың кешегі үрпек бозбалалары мүлде басқа өмірге – тіпті қатыгездеу көрінген ортаға тап болған. Мұндағы бар тіршілік, күнделікті іс  – жұмыс қатаң тәртіпке бағындырылған. Бірден үйреніп кету кімге болсын, әрине, қиын. Дегенмен жарты айдай уақыт өтіп, әскери ант беретін салтанатты күн жеткенде Қапандар кәдімгідей ысылып қалып еді.

Дәстүрлі рәсімді өткізу сенбіге дөп келді. Ертеңінедемалыс. Содан ба, басшылар бұл күнді әдеттегіден ерекше мерекелі түрде өткізуді ұйғарыпты. Соңынан көркемөнерпаздардың концерті болады деген сыбыс та тарап үлгерді.

Әскери бөлімшенің клубы жауынгерлерге лық толы. Шағын сахна бейне тоқсан жолдың түйіскен торабындай: жер-жерден келіп табысқан өнер түрлері, ұлт өкілдері осында көрініп жатыр. Бір кезде концерт жүргізуші кезекті нөмірді хабарлады:          – Түрікмен күйі «Кероғлы». Ұлттық аспапта ойнайтын кіші сержант Дұрды Клычтағанов.

Отырғандар елең етті. Біреулері «күй» дегеннің не екенін білмей дал болса, енді біреулері орындаушы сахнаға шыққанша тыпыршуда. Сахнаның шымылдық ұстаған қапталынан сол қолында орындық, оң қолында аспабы бар атжақты қарасұр жігіт көрінді. Микрофон тұсына келіп жайғасып отырды да, қос шекті түрікмен дутарын қомдана көтерді, бір-екі шертіп, құлақ бұрауын байқады. Көп алдындағы өзін ұстауына, жүріс-тұрысына қарағанда өнер жолына ертеден-ақ түскен азамат екені көрініп тұр.

–  Ау, мынаның дутары аумаған біздің домбыра ғой, –  деді Қапанның алғашқы күннен бауыр басып кеткен досы Әбілман құлағына сыбырлап.

Зал сілтідей тына қалды. Қас қағым сәттен кейін дутаршы жігіт басын кенет сілкіп тастап, аспап шектерін кағып-қағып жіберді. Мылтық шүріппесін басуға бейімделіп қалса да, саусақтары сүйікті қызметін ұмыта қоймапты, шанақ бетінде безектеп берді. Сахара-шөл тақырмен шапқан атақты ақалтекенің тұяқ тасырындай өр түрікменнің өр күйі мына залға симай төгіліп барады.          «Қайран далам, көшпенділерім-ай, өздерің ғана емес, күйлерің де бауырлас екен ғой. Адайлармен қоңсылас деуші еді… Кәдімгі Құрман атаның адуыны ғой мынау! –  Қапанның жаны «ah» ұрып отыр. – «Төремұратқа» ұқсай ма, қалай өзі». Жалғыз бұл емес, күй десе елең етпей қоймайтын шығыстық жігіттер көкіректерінде туған жерге деген сағыныш жалыны үдей қаулап, сахнаны көздерімен ішіп-жеп барады. Батыстықтар үшін мына музыка тым тосын болғанымен, адамның екі шектен осынша құдірет тудыра алатынына, дутар тартушының шеберлігіне олар да аузын ашып қалған.

Күй ойналып бітті. Ду қол шапалақтау күй дүбірін жалғастыра клуб еңсесін көтеріп жүре берді.

Концерт Қапанға үлкен әсер қалдырды, айлар өтсе де есіне ара-тұра орала берді. Елге деген сағынышын өршітті ме, әлде басқа себеп пе, әйтеуір жан дүниесінде дауыл тұрғандай, беймаза бір сезім шырмауына түсті.

Бос уақыттың тапшылығына қарамастан, өз-өзімен жеке қалуды аңсап тұратын болды. Бірақ тұңғиықтан жалт еткен сиқырлы сәуле ұстатпай өкіндіріп барады. Кейде тұла бойын мұздатып, кейде ыстық аптап болып шарпыған сезім тасқыны лықсып-лықсып, шығар саңылау таба алмай азапқа салды. Осындай кездердің бірінде «Шіркін, домбыра болса ғой!» деген күрсіністің қалай шығып кеткенін Қапан өзі де байқамай қалды. Енді білді: мұны дертке шалдыққандай халге түсірген домбыраға деген сағыныш екен ғой.

***

        Қапанды ауылда «домбырашы бала» дейтін. Нұрмолда шал бір қотан шәкірттерінің ішінен әсіресе оған көп сенім артқан. Күн бата домбыраларын қолтықтап, ел ортасындағы жатаған ағаш үйге қарай ағылатын қарасирақтардың алды болып та Қапан жүруші еді. Бұның саусақ қимылдарына, қағысына сүйсіне қарап отырып, Нұр-екең арагідік «Өй, зерек томпағым, жарайсың!» –  деп саңқ ететін.

Есейе келе Қапан ел ішіндегі ойын-тойлардың, дүбірлі жиындардың кіндік ортасына айналды. Көркемөнерпаздардың да талай дода-байқауларына қатысып, мақтау қағаздарға, жүлде-сыйлықтарға ие болды. Нота сауатынан хабарсыз болғанымен, музыкаға деген зейіні зор-тын. Небір әуенді күйтабақтан сан қайталап, үйреніп алатын.

Оның әскерге аттанғаны ауылдастарының есінде қалған-ақ шығар. Шуақты мамыр айының соңғы күні болатын. Шағын ауыл үшін бір азаматтың ер жетіп, Отан қорғау қызметіне жүруі де үлкен оқиға. Елдің кемпір-шалы тегіс жиналып, ақыл-кеңестерін, тілектерін айтысып, қауым болып сапарға аттандырады.

«Домбырашы баланы» шығарып салуға үлкендердің де кейбіреуі дала жұмыстарынан сұранып келіпті. Бәрі де сәт сапар, «аман-сау елге орал» деген ізгі тілек білдіріп жатыр. Әндетіп, сырнайлатқан құрбылары өз алдына бір төбе. Әлден соң кеңшар орталығынан келер жолдан шаң көрінді, көп ұзамай селолық Кеңестің әскерге алынатын жастарды ауданға апару үшін арнайы бөлген күркелі сары машинасы да келіп жетті.

Жиналған топтың жанына машинаның тоқтай қалуы мұң екен, Қапанның манадан бері қасынан кетпей жүрген шешесі босай бастады. Көздерінен ыршып түскен жас тамшыларын орамалының ұшымен сүртіп: «Құлыншағым, хатыңды аяма, әйтеуір, үзбей білдіріп тұр амандығыңды», –  деп кемсеңдей берді. Әкесі де жеңімен көздерін қалқалай беретін сияқты. Іші-бауырын жалын қуырып бара жатса да, Қапан өзіне «сабыр» деді, әрі жолдастарынан ұялады. Бірақ «Апа, жыламашы, ертең-ақ келем ғой», – десе болды, өзі де қопарылып кететіндей көрінеді.

Шофер «жүру керек» дегендей ишара танытты. Туыстар, үлкендер,  достар құшақтап, сүйіп, қолын қысып жатыр. Дәл қазіргі жан дүниесін, қимастық халін қалай жұртқа сездірерін білмей Қапан тұр. Кенет ойына бір нәрсе түссе керек, қасында айырылмай құшақтап тұрған кішкентай інісі Бапанға:

–  Тез, үйден домбырамды алып шықшы, – деді.

  Бала айтқанды екі етпеді.

Қапан бейне қоштасқандай мұңдас, сырлас, айнымас серік болып кеткен, сағақ тұсқы бет тақтайы ақ жем болған домбырасын сипай берді. Сосын шешесіне «Апа, жылама» деді де, Түркештің «Көңіл ашарын» төге жөнелді. Бірақ түгел тартқан жоқ, жартылай қайырды. Қас қағым үзіліс жасады да, өзінің ең жақсы көретін, сүйіп орындайтын күйі Құрманғазының «Серперін» бастап кетті. Тебірене, беріле, жігерлене тартты. Жігіттің өз толғанысын өнерімен жеткізіп тұрғанын түсінген жұрт тыныштала қалған. Нөсерлеткен, құйындатқан ырғақ төгіліп барады. Тартып болды да, Қапан домбыраны інісіне қайыра ұсынды:

–  Мә, Бапан, апарып орнына іліп қой, шаң басып қалмасын, сүртіп отыр.

Сәлден соң сары машина қозғала берді.

* * *

Қапан көптен көкірек жарды болған ойын төсекке жатысымен-ақ Әбілманға сыбырлап салды.

–  Мен домбыра жасаймын.

–  Өй, денің сау ма, домбырасы несі? Ұйықта мазаны алмай. Жуырда жаттығу дабылы болады дегені есіңде ме, мүмкін бүгін түнде болып қалар. Сосын оны қайда, қалай жасамақсың? Немене, ағаш шебері ме едің?

–  Тақа мақұрым емеспін. Ертең капитан Бабраускасқа айтпақ ойым бар, мүмкін көмектесер. Ал жарайды, ұйықтайық.

Батальон командирінің саяси жұмыс жөніндегі орынбасары капитан Бабраускас көп жылдық әскери қызметінде талайды көріп, талай тағдырға ортақтас болған білікті офицер болатын. Кібіртіктей баяндалған Қапанның өтінішін тыңдап болды да:

–  Талабың дұрыс-ау. Жасай аласың ба? Әскери дайындығыңа кедергі болып жүрмей ме? Бір айдан кейін жартыжылдық емтихан ғой, – деді.

– Әзір басшыларды жерге қаратқам жоқ, жолдас капитан, қаратпаймын да. Тек екі-үш рет бөлімшелік шеберханада аз-мұз жұмыс жасауға рұқсат етсеңіз болды.

– Жақсы. Командиріңе, шеберхана меңгерушісіне айтамын. Дене тәрбиесі сабағының үшеуінен босаттырайын, бірақ байқа, дала ұлы, – жасамыс капитан ақселеу шашын кейін салалады да көкшіл көздерін сәл қыса, күлімдей берді, – Жаңа жыл құрметіне концерт ұйымдастырмақ ойымыз бар. Сонда домраңмен жұрт алдына шығатын боласың.

– Домра – орыс аспабы, жолдас капитан, қазақтарда домбыра дейді. Шыққанда қандай, сөзсіз ойнайтын боламын.

                                                       ***  –  Жолдас прапорщик, сізбен сөйлесуге рұқсат етіңіз.

Қырықты еңсеріп қалған, қапсағай, ақсары әскери адам естімегендей ағаш сүргілейтін станоктың бір тетігін мұқият орнына қондырды да асықпай бұрандасын бекітіп, қасындағы солдатқа «істей бер» дегендей иек қақты, содан соң ғана Қапанға еңсеріле бұрылды.                   

– Ал сөйле, жігіт.

– Сізге капитан Бабраускас телефон соғуға тиісті еді мен туралы, фамилиям Байғарин, үшінші ротадан.

– Ә-ә, айтқан, айтқан. – Шеберхана меңгерушісі иманжүзділік танытты. – Ал, балам, не қалайсың, айт, уақытты көп созба, жұмыс бастан асып жатыр.

– Кепкен қарағай болса, – іс тап осылай бірден оңға басар деп күте қоймаған Қапан асыға айтып салды.

– Ондай дүние жетеді. Неше балалайка жасасаң да еркің. Станоктар осында, көрші цехта да бар, тек нұсқаушыдан тиісті нәрселерді тыңдап ал, сосын журналдарға қол қой. Айтпақшы, оған мен рұқсат етті де, әйтпесе сөйлеспей қоюы да мүмкін – қатал адам.

Талант, қай салада болсын талант қой!.. Шынтуайтқа келгенде, көкірек көреген болса, қол ісмер ғой. Ауылда жүргенде үй төңірегінде ол-пұл ағаш жабдық-саймандарды өзі жасап ала беретін. Бірде тіпті көршісіне тұңғышы туғанда бесік жасап бергені де бар-тын.

Бірақ домбыра бесік емес, ағаш болғанымен, жүрек сияқты дүние ғой. Ал жүректің аты жүрек, оның орны тым ерекше… Ағаш балғамен тықылдатып жүріп, таңдап алған қарағай тақтайды аударыстырып тұрып, Қапан толқып кетті.

Іштей «иә, сәт!» деп, құлаштай кеспекті дөңгелек араның алқымына жақындата берді. Лыпылдап тұрған темір табақ «баж» етіп, ағашты кеміре жөнелді.

Ол іске мүлде беріле кірісті. Тіпті уәделі бір сағаттың қалай өте шыққанын да байқамай қалды. Дегенмен болашақ домбыраның негізгі бөлшектерін дайындап үлгерді, қос жақтауды сағаққа бекітіп те қойды. «Бет тақтайын шегелемей тұрып, шанақ ішін отқа қарып алса, шапқан домбыраны солай шынықтырғанда шешен болады деуші еді Нұрмолда атам», – деп ойлады. Қапан жұмыс орнын, саймандарды жиыстырып жатып.

Келесі аптада Қапандар нысана атудан жоспарлы жаттығу жасады. Жауынгерлер арасында бұл ерекше тартымды, тартысты дода. Оның өзіндік сыры да бар: мергендігімен көптен суырылып шыққан жігіттерге жексенбі күні кезектен тыс қалаға шығып, дем алып қайтуға рұқсат беріледі. Мұндайда кімнің бүйірі қызбайды?

Бұл жолы Әбілманның мерейі үстем болды. Әлі құралайды көзге ататын мерген бола қоймағанымен, басқаларға қарағанда ұпай басымдылығы соның үлесіне тиді. Осы жетістігін атап тұрып, рота командирі саптың алдында оған алғыс жариялады, алдағы демалысты қалада өткізуіне рұқсат етті.

– Сенің асығың бүгін алшы түсті-ау осы, ә, Әбеке? – деді риза болған Қапан казармаға келгеннен кейін.

– Айтпа, еліме барған соң киік атаулыға топалаң келтіретін болдым, –  Әбілман да қалжыңдай жауап қатты.

– Манағы кезде маған бір ой келді. Осы сен ғой жексенбіде қалаға баратын болдың?

– Иә, майор жолдастың өзі мақтауымды асырды ғой. Бәсе, ол не қылған ой?

– Домбыраға шек керек, Әбеке. Жасап бітірдім деуге болады, ол-пұлын қырнап, тегістеу ғана қалды. Казіргі кезде шекті кәдімгі қармақбаудан тағып жүр ғой, ал ондай бау екі дүкеннің бірінен табылады. Сен тауып алып кел соны.

– Tфy, сол да сөз болып па? Әкелем, неше құлаш керек болса да...

Әбілман сөзінде тұрды. Түс ауа қаладан қайтқан ол қарсы шыққан досына алдымен бір буда жасанды жіпті ұсына берді.

– Апырай, мынауың кәдімгі Абай домбырасы ғой, өнерің іште екен-ау өзі, Қапан! – Әбілман шайыр аңқыған аспапты әрі-бері айналдырып, таңдай қақты.

– Тұра тұр, аптықпай, мәселе түрінде емес, дыбысында, – Қапан шекті домбыраның өне бойына сап өлшеп кесті де, бір ұшын түйді. Сәлден соң екінші ұшы да құлаққа байланды. Көңіл құрғыр астан-кестең, шыдамсыздықтан қолы да дірілдей ме қалай… Өзінше асықпаған болады, қалтасынан алдын ала дайындап қойған тиекті алды да «осы тұс-ау» деп домбыраның бетіне қондырды. Сосын ақырын төменгі құлақты бұрай бастады. Сұқ саусағымен қатайған шекті шертіп-шертіп жіберіп еді, о жасаған! – ұшы жүрекпен сабақтасып кетті ме дерсің, бүкіл сезім дүниесі қоса тербетіліп жүре берді. Қайран, іңкәр болған қоңыр үн, тылсым дыбыс!

Бұлардың төңірегіне жауынгерлер жинала бастады, бәрінің жүзінде таңырқаған кейіп. Алғашқы болып карпаттық жігіт Фартушняк тіл қатты:

– Мынауың не қылған дүние-ей, Байғарин, өзің жасап алдың ба?

–  Уа, жора, хайырлы булсын дутарыңыз, – бұл қарақалпақ  Демегеновтың сөзі.

Соңғы пернені тағып, шие қып түйді де домбыраны оңтайлап ұстады.

– Қане бастап жібер бірдеңені.

Қапан құлақ күйін келтірді. Жап-жақсы дыбыс шығып тұр. «Алдымен не тартсам екен? – Қапанның ойы енді осылай алабұртты. – Қазақы күйлердің бірін тартсам, мына жігіттердің түсінбей, көңілі толмай қалар ма екен, онсыз да қарапайым дүние деп қорашсынып отыр. Саусақтар қағысқа қалай екен қазір?.. Әй, не де болса «Балбырауыннан» бастайын».

Әдемі ырғақты күй ғой. Мамандар Құрманғазы «Балбырауынды» орыс билеріне, мазурка әуеніне еліктеп шығарған деседі. Мүмкін, болса болар. Әйтеуір, алғашқы қағыстардан-ақ жауынгерлер ұйып қалды. Кейбірі тіпті күй тартылып біткенде алақандарын соғып-соғып жіберді.

– Өй, жарайсың, Байғарин!                

– Япырай, екі-ақ шек, ал дыбыс диапазоны қалай құбылады!

– Саусақтарын, саусақтарын байқадың ба, тіпті көз ілеспейді, – деген сөздер бұлар отырған бұрышты гуілдетіп жіберді.

– Жарайсың, бауырым, елге табыстырғандай болдың-ау! – Әбілман жолдасын құшақтап, кеудесіне қысты.

                                                ***

Қапандардың взводы жаңа ғана қарауыл қызметінен ауысып келіп, біразы дем алатын бөлмеде тынығып отырған. Сәлден соң бөлменің есігі ашылып, рота бойынша кезекшілікте жүрген Демегеновтың басы көрінді.

– Байғарин, сені батальон замполиті шақырып жатыр, жүгір кеңсеге.

«Жайша ма екен?» деген оймен Қапан кеңсенің табалдырығын аттады.

–  Рұқсат па, жолдас капитан?

–  Ә, Байғарин, кір, кір.

Қапан есікті жапты да, әскери әдеппен өкшелерін сарт еткізіп, тік тұра қалды.

–  Әңгіме былай, қатардағы жауынгер Байғарин, алдымызда жаңа жыл мейрамы. Анадағы келісім есіңде ме, сахнаға шығатын кезің келді-ау деймін осы? Командирің де қарсы емес, – Бабраускас терезе жақта отырған екі офицерге иек нұсқады. – Аспабыңның дауысын естідік, ұялмай-ақ көп алдына шығаруға болады дейді. Қалай қарайсың?

– Мен дайынмын, жолдас капитан.

– Ендеше, жақсылап дайындал, бір жұмадан кейін сахнаға шығатын бол.

– Құп болады, жолдас капитан.

                                                ***

Жаңа жыл мерекесіне сай безендірілген бөлімше клубы лық толы. Алдыңғы қатарларда офицерлер жайғасыпты, көбі әйелдерін, балаларын да ерте келген. Өзінің шығар кезегін сарыла күткен Қапан тіпті дегбірсізденіп кетті. Дәл осы сәт үшін аз тер төкпеген шығар, бір жұма бойы домбырасына да, рояльда ойнайтын жігітке де маза берген жоқ. Сын мезет те жетті.

– Хачатурян, «Танец с саблями». Қазақ домбырасында ойнайтын қатардағы жауынгер Қапан Байғарин. Рояльда сүйемелдейтін сержант Вакуленко. Ескертетін бір жай, аспапты орындаушы өзі жасаған.

Қолдан жасалған ағаш аспапты көргендердің кейбірі «мырс» еткен, менсінбеушілік езу тартыстарын жасыра алмаған. Бірақ қан тасытар классикалық дүниенің екі шек боп безектеген алғашқы аккордтары бұндайлардың санасын тілгілей жөнелгенде, зал жым болды. Ал соңғы аккордтары сатырлаған қол шапалақтауға араласа көміліп кетті. Ара-тұра «бис, бис» деген гуіл шығады тұс-тұстан. Беті бал-бұл жанған Қапан орнынан тұрған қалпы басын ие берді, не кетерін, не кетпесін білмейді: бір-ақ нөмір орындауға тиіс болатын. Шымылдық сыртына көз тастап еді, концерт жүргізуші сұқ саусағын шошайтып, көзін қысты – алда-жалдаға дайындаған дүниеңді тарт дегені.

Қайтадан отыра бере, Қапан өзі хабарлады:

–  Огинскийдің «Полонезі», – деді де рояльші жігітке басын изеп қалды. Залдағылар тағы да ду қол шапалақтап, рухтандырып қойды.

Енді әуеде өр, сазды да жігерлі әуен қалықтады. Даланың тұнған лирикасы мен еркіндік сүйгіштігі поляк табиғаты болып қос ішек арқылы ондаған ұлттар өкілдерінің жүрегіне жол тауып жатты. Өнер деген жалпы адамзатқа тән, ортақ сезім ғой тегінде. Әйтпесе мұншама қауым әлгінде ғана қорашсына қараған қалақтай домбыраға осынша телміре қала ма?

Жұрт Қапанды сахнадан жібермей, ұзақ қошеметтеді. Тек бөлімше командирі орнынан тұрып, оған қарай беттегенде ғана үздіксіз соғылған қолдар саябырсиын деді.

– Жауынгерлер, жолдастар! Әскери адамның өмірінде музыканың, өлеңнің, жалпы өнердің алатын орны ерекше. Соғыстан кейінгі жылдарда маған Қазақстан жерінде біраз қызмет етуге тура келіп еді. Бірақ жұмыс бастылық па, әлде ол кездің ерекшелігі ме, жергілікті халықтың музыка мәдениетімен жақынырақ танысуыма онша мүмкіндік бола қоймапты. Мына добыраның үнін арагідік қана радиодан еститінмін. Онда да, ұмытпасам, кілең халық дүниелері болушы еді. Енді қазір көне аспаптың классикамен, озық мәдениеттермен терезесі тең болыпты. Бұл мына біздерге бейбіт өмірінің қорғанысы тапсырылған ұлы Отанымыздың тағы бір жарқын көрінісі, халықтар достығының тағы бір айғағы. Өздерің жаңа ғана өнеріне сүйсінген жауынгер, командирлерінің айтуы бойынша, әскери және саяси дайындықтың үздігі. Осындай азаматтардан үлгі алуға тырысыңдар. Алпысты алқымдаған полковник енді Қапанға бұрылды. – Ризамын, балам, сені кеудеме қысуға рұқсат ет.

Қапан өзі үшін ең алғашқы әрі ең қымбат награда болып көрінген мейірімге толы ыстық құшаққа ене берді.

Тегтер: