Сайлау заңсыз деп танылу керек

Кешегі өткен науқанда мен де көпшілікпен бірге сайлау учаскесіне дауыс беруге барып, не істерімді білмей тұнжырап қайттым.
Неге дейсіздер ғой?
Бюллетенімді алып, жасырын таңдауымды жасайын деп, жабылатын шымылдығы бар сайлау кабинкаларын іздеп таппадым. Сол жағыма қарасам, еңкейген адамдар әрі-бері өткендерге көрсетпеуге, білдірмеуге тырысып, өз қалаулыларын белгілеп жатыр екен. Тәуелсіздік алғалы талай рет президентті, депутаттарды сайладық қой, сонда байқағаным, дауыс беруге арнайы жабдықталған, барлық жағы жабық, тек алдыңда ашылмалы шымылдық болғаны есімде. Учаскелік комиссиядан «бұл қалай, неге барлығының алды ашық» десем, дұрыс жауап бере алмады. Әрі-бері қарап, мен де бюллетеньге белгі қоятын орынға барсам, артымда бірнеше метр жерде он шақты комиссия мүшесі әр қимылымды бақылап отыр, оның үстіне, қасымнан басқа да адамдар өтіп жатыр, үңілмесе де, көз қиығымен қарап өтеді.
Енді заңға жүгініп зерделеп көрейік, біз талай рет көріп жүрген, үйренген сайлау орнындағы жасырын дауыс беруді қамтамасыз ететін шымылдықтың болмауы дұрыс па, бұрыс па?
Қазақстан Конституциясында «сайлау құқығы жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады» деп, бекітілген. «Жасырын» сөзінің мәнін әрбір қазақ біледі, ал арнайы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңының 8-бабында «республика президентiн, парламент және мәслихат депутаттарын, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлауда жасырын дауыс берiледi әрi сайлаушылардың еркiн бiлдiруiне қандай да болсын, бақылау жасау мүмкiндiгiне жол берiлмейдi» делінген. Мен өзім дауыс бергенімде, комиссияның назарында, бөгде адамдардың назарында болғанымды байқадым.
Аталған заңның 42-бабында дауыс берудi өткiзу тәртібі бекітілген, «дауыс берушiлер сайлау бюллетеньдерiн жасырын дауыс беруге арналған кабиналарда толтырады», делінген.
Енді әркім ойланып, өткен сайлауда қалай дауыс бергендерін көз алдына елестетіп көрсін, кабинканың шымылдығы болды ма, комиссия мүшелері әрбір кабинкаға кірген адамның қимылын бақылап отырды ма, бөгде адамдар желкеңізден қарап тұрды ма… Көрсетілген жасырындылық қағидасы еркін жүрген азаматтарға заңсыздықпен қолданылғанда, жабық әскери бөлімдерде, оқу орындарында қалай болды деген уайым мазалайды.
Заңдағы жасырын сайлау құқығы принципі сақталды ма, ойланыңыздар.
Сайлаудан кейін ақпарат құралдарында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың, тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың, басқа да мемлекетіміздің жауапты қызметкерлерінің дауыс беру сәттерін көріп жатырмыз. Сонда байқағанымыз, сайлау кабинкаларының жоқтығын, оның белгісі ретінде екі жағынан тек қана матамен тартып қойған орынды байқадық. Тіпті, осы мемлекеттік тұлғалар Қазақстан халқы ассамблеясының сайлауына барғанда, бір жерде 400-дей адам кабинкалардың алдында жиналып, жасырын дауыс беру принципін мүлдем жоққа шығарғанын көрдік. Бұларға қой дейтін, карантин дейтін Цой да болмады.
Конституцияның 3-бабында «Мемлекеттік билiктiң бiрден-бiр бастауы – халық. Халық билiктi тiкелей республикалық референдум және еркiн сайлау арқылы жүзеге асырады» делінген. Осы талдауымыздан байқағанымыз, мемлекет жасырын дауыс беруді қамтамасыз ете алмады, халықтың конституциялық құқын қорғамады, заңсыздыққа жол берді. Қорытындылай келе айтарымыз, кез келген азамат, партия егер де өз сайлау учаскесінде осындай заңбұзушылықтар болған жағдайда, осы сайлауды заңсыз деп тану жайлы сотқа жүгінуге құқығы бар.