Салық салғыш Жұманғарин Аймағамбетовпен келіспейді

Премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин өткен аптада кейбір дәрі-дәрмектерге және ақылы медициналық қызметтерге 10 пайыз қосымша құн салығы (ҚҚС) қосылатынын айтты.
Сол-ақ екен, дәріге ғана сүйеніп отырған азаматтар «Жас Алашқа» хабарласа бастады. Әсіресе балалары сирек кездесетін синдроммен ауыратын ата-аналар қатты алаңдаулы.
Негізінде, жаңа салық кодексінің әңгімесі басталмай тұрып та жыл сайын дәрі-дәрмек бағасы онсыз да қымбаттап жатқан. 2023-2024 жылдардағы статистикаға сүйенсек, дәрі бағасының жылдық өсімі 15 пайызды құрайды. Пайызға шақпай жекелеп есептесек, кейбір препараттардың бағасы 80 пайызға дейін қымбаттаған. Фармацевтика нарығында ең арзан саналатын дәрілердің өзі аспирин 77,8 пайызға, парацетамол 56,7 пайызға қымбаттаса, шетелден келетін дәрі-дәрмектердің бағасы 80-85 пайызға шарықтап тұр. Алайда Ұлттық статистика бюросы есепті жекелеп бермейді. Статистиканы жалпы есепке салады да, «соңғы екі жылда Қазақстандағы дәрі-дәрмек бағасы 15 пайызға қымбаттаған» дей салады. Ал қарапайым халықты жалпы есеп емес, дәрілердің жекелеген түрде қымбаттауы қысып барады.
Бұған дейін дәрі-дәрмек бағасының қарқындап өсуіне не себеп болғанын зерттегенімізде, инфляциялық процестер, валютаның құбылмалығы, Еуразиялық экономикалық одақ аясында дәрілік заттарды міндетті таңбалау шарасы ықпал етті дейтінбіз. Енді бұған ҚҚС қосылса күніміз не болмақ?
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Серік Жұманғаринға дәрі-дәрмектердің кейбір түріне және ақылы медициналық клиникаларға салық салу бастамасының халыққа ауыр жүк болатынын түсіндіргісі келді. Бұл ретте депутат кейбір дәрі-дәрмектер мен медициналық қызметтерге 10 пайыз ҚҚС бір салынса, оған және 10 пайыз корпоративтік табыс салығы (КТС) қосылса, онда бұл салада бірден 20 пайыз жүктеме болайын деп тұрғанын айтты.
«Сонда басқа секторларда 16 пайыз ҚҚС-на сұрақ туындап жатса, бұл жерде бірден 20 пайыз болайын деп тұр. Осыны ескерсек, салықта көрсетілген 10 пайызды 5 пайызға түсіріп, кезең-кезеңімен өсіріп отыруға қалай қарайсыздар», – деді Аймағамбетов.
Алайда Жұманғарин елге келетін дәрі-дәрмектердің 85 пайызы шетелдік дәрілер екенін, олардың бағасын үкімет бәрібір ұстап тұра алмайтынын, қазіргі мемлекет беріп отырған жеңілдіктер тек импорттаушылар мен делдалдарға ғана ұтымды екенін, сондықтан ол дәрілерге салық салу керектігін айтып, тұрып алды.
Салық салынған соң тиісінше дәрі-дәрмек бағасы мен ақылы медициналық қызметтердің құны өседі. Қазақстанның фармацевтика нарығының сарапшылары 2025-2026 жылдары бағаның өсуі тек салықтың салынғанын ғана емес, оны басқарудың қосымша шығындарынан да болатынын айтады. Қазақстандық тәуелсіз дәріханалар қауымдастығының төрағасы Талғат Омаровтың сөзіне сүйенсек, енді дәріханалар мен фармацевтикалық компаниялар есеп беру үшін бухгалтерлерді штатты режимде жұмысқа алуға мәжбүр болады.
«Мұндай қосымша шығындардың ауыртпалығы түптеп келгенде тұтынушыға түседі. Негізінде, салық салудан бұрын отандық өндірушілерді мемлекеттік қолдауды күшейтіп, жаңа препараттарды тіркеу рәсімін оңтайландыру, дәрілерді таңбалау жүйесін жетілдіру және фармацевтикалық өнімнің заңсыз айналымына бақылауды күшейту қажет еді. Қазір дәрі-дәрмектерді таңбалаудың өзі айтарлықтай шығындарды талап етуде. Әрбір қаптамада компаниялар жүйе операторынан сатып алатын күн матрицасы коды болуы керек. Содан кейін бұл код арнайы жабдықты қажет ететін қаптамаға қолданылады. Мұндай машиналардың құны бір жол үшін 200 мың долларға жетеді, ал ірі зауытта 10-11 жол болуы мүмкін. Бұл миллиондаған долларлық инвестицияны қажет етеді», – дейді Талғат Омаров.
Маман блистерлік қаптамадағы препараттарды таңбалау (мысалы, парацетамол, белсендірілген көмір және т.б.) технологиялық жағынан өте күрделі екенін түсіндіріп берді. Таңбалау кодын қолдану кезінде жоғары температурада өңдеу ерекшелігіне байланысты қосымша материалдар мен өндірістік операциялар жүреді. Осының барлығы өнім бағасын көтеріп, оған кеткен шығындарды өндірушілер дәрі-дәрмек бағасына қосады. Айналып келгенде баға қымбаттап сала береді. Ал енді бұған ҚҚС салынатын болса, баға одан әрі аспандай бермек.
Тегінге телмірумен өткен жыл
«Жас Алашқа» хабарласып, мәселесін айтқан Жетісу облысы Панфилов ауданы Жерұйық ауылының тұрғыны Жадыра Жұмаханның 7 жасар қызы Шерешевский-Тернер синдромымен ауырады және туа бітті сал. Балаға мүгедектік тағайындалған. Қазір баланың анасы қызына қажетті тегін берілетін дәріні емханадан бір жыл бойы сұрап ала алмай жүр.
«Қызыма 5 жасында сирек кездесетін дерт – Шерешевский-Тернер синдромы қойылды. Бұдан бөлек, сал ауруы бар. Қазір есепте тұрамыз, дәрігерлердің бақылауындамыз. Бізге бойды өсіретін гормон алу керек. Жергілікті емханадан бойды өсіретін Сайзен препаратын сұрағанымызға бір жыл болды. Тапсырыс берілді, бірақ дәрі жоқ, келмейді. 12 ай бойы қолымызға тимеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасына да шықтық, ауданға да айтылды. Барлығы жағдайымызды біліп отыр. Бірақ «күнде келесі айда келеді» деумен бір жыл өтті. Енді мамырда келіп қалуы мүмкін деп отыр. Негізі біз үшін әрбір күн маңызды. Бір жыл тұрмақ, бір күнді құр жібермей баланың бойын өсіретін гормон салынып отыруы керек. Осыған қарамастан, біз бір жыл бойы ол дәріні қолымызға ала алмаймыз. Осы уақытқа дейін мәселеміз шешілмеді. Мен мұны ауданға, облысқа қанша мәрте айтқанмен, дәрінің қолыма тиетін түрі жоқ. Менің осы мәселемді жоғары жаққа жеткізіп беріңіздерші», – дейді жаркенттік тұрғын.
«Жас Алаш» бұл мәселеге байланысты денсаулық сақтау министрлігіне, Жетісу облыстық денсаулық сақтау басқармасына арнайы Е-Өтініш платформасы арқылы сұрау салды. Енді жауап күтетін боламыз.
Дәл осындай жағдайда қызын емдетіп жүрген алматылық тұрғын Әлия Базарбаева да кейбір дәрілерге және ақылы медициналық қызметтерге салық салынатыны туралы естіген. Бұл кейіпкеріміз тегін мемлекеттік емханалардан дәрі алудың азап екенін жете түсінеді. Сондықтан жекеше әрекет етуге көшіп, қызына қажетті дәрілерді шетелден пошта арқылы алып отырады екен. Өйтпесе мемлекет арқылы тапсырыс берген дәріні жыл бойы тосып, уақыт өткізіп алатынын біледі.
«Мен үйімді сатып, қызымды емдетіп жатырмын. Қызымда Шерешевский-Тернер синдромы бар. Мемлекеттік емханаға барсақ талон алудың өзінің жыры көп. Бір апта, бір ай тапшы мамандарды тосамыз. Балалардың бойын өсіретін гормондар өте қымбат. Олардың ең әлсізі, сапасызы ғана тегін берілуі мүмкін. Үш жыл бұрын Хуматроп деген гормонды тегін алдық. Алайда онысы түк те әсер етпеді. Нутропин гормонын алдық, оның да әсерін көрмедік. Ақырында шетелден бойды өсіретін гормон екпесін өзім сатып ала бастадым. Шетелдік бойды өсіретін гормондарды еккеннің арқасында қызымның 1 метр 29 см болған бойын 1 метр 40 см-ге өсірдік. Ал енді үкімет қазір импорт дәрілерге ҚҚС енгіземіз деп отыр. Сирек кездесетін синдромдағы балалардың өмірі дәріге байланған. Бір күн дәріні үзуге болмайды. Шетелден ай сайын 300-350 мың теңгеге дәрі алдырамын. Кәдімгідей пошта қызметін тұтынып, заңды түрде тасымал болады. Оны әкелетін пошта құнын төлеймін. Қазір бұл дәрілер онсыз да қымбат. Енді салық қосылатын болса, қайтеміз?
Қызым күнделікті бірнеше мәрте дәрі ішіп отырған ана ретінде айтарым, дәрі-дәрмектің қай түріне болсын салық салу дұрыс емес. Ақылы медициналық қызметтерге де салық салуды құптамаймын. Біздің тегін медициналық көмекті уақытында ала алмайтын кездеріміз болады. Мамандарға талон болмай, айлап кезек күтеміз. Сондай кезде еріксіз ақылы клиникаларға барамыз. Олар бізді тегін қарамайды ғой. Былтыр КТ, МРТ қызметтері 12 мың теңге болса, биыл 18 мың теңгеге дейін өсті. Ал енді ол клиникаларға салық салынатын болса мұндай қызметтердің құны тағы шарықтайтыны анық. Министрлер қарапайым ғана осы жайттарды неге ескермейді?! Медицинаны салықпен төмпештемеу керек. Бұл халықты одан әрі сабылтады. Халықтың емделеуіне шетелдік медицинадағыдай жағдай қашан жасалады? Осыдан екі жыл бұрын қызымды Германияға апарып келдім. Олардың медицинасы бізден 100 жылға алға дамып кеткен», – дейді Әлия Базарбаева.
Салықтан басқа да реттейтін дүние көп
Кейіпкеріміз шетелдік медицинаны ауызға алғаннан кейін біз шетелде тұратын дәрігер Серік Тұрсынмен де тілдестік. Оның сөзіне сүйенсек, Қазақстан мен шетелдік медицинаның айырмашылығы жер мен көктей. Онда біздегі тәрізді сабылыс жоқ. Медицинасын да салықпен төпелемейді. Себебі оларда дәрі импортына тәуелді болу, бұл нарықта делдалдардың жүруі деген жоқ. Өздерінің отандық өндірісі жетілген. Клиникаларына да шетелден жабдықтар тасымайды.
«Швейцарияда терапевт дәрігерінің кабинетіне бірден рентген, лаборатория, дәріхана, УДЗ қоюға рұқсат береді. Терапевт барлығын кабинетінде отырып жасай береді. Ал Қазақстанда терапевтер мұндай қызметті ұсыну үшін мамандарға жолдама беріп қана отырады. Швейцарияда терапевке келген науқастардың барлығы бір күнде жұмыстарын бітіріп, сол күні анализ тапсырып, оның қорытындысын алып, рентгенге, УЗИ-ға түсіп, қажетті дәрі-дәрмегін алып кетеді. Ешқандай сабылу, кезек күту мұнда атымен жоқ.Қазақстандағыдай талон, портал, квота тосу деген де болмайды. Мұнда науқастың жағдайы ауыр болып, оған ота немесе басқа медициналық көмек керек болса, ол үшін қызметтік телефонымыздың тұтқасын көтеріп, жоғары қабатта отырған келесі бір мамандарға телефон шалсақ болды. Олар науқасты ауруханаға жатқызып, барлығы бір демде шешіледі», – дейді Серік Тұрсын.
Шетелдік дәрігердің айтуынша, дәрігерге, медицинаға жағдай жасалынуы керек. Маман бұған қатысты Қазақстан көбіне дәрігерлердің жалақысын арттыру жағына ғана басымдық беретінін айтады. Бірақ соның өзінде біздегі дәрігерлердің жалақысы шетелдік дәрігерлермен салыстыруға да келмейді.
«Негізінде бұл салада салық енгізуден бұрын қорлардың жұмысын реттеуі қажет. СҚ «Фармация», МӘМС бар, тағы басқасының шығыны 3 пайыздан аспау керек. Бұл қорлардың басшыларының қаламсабынан бастап, астындағы көлігіне дейін, барлығы бақылауда болуы керек. Аталмыш қорлардың басшыларына, көмекшілеріне жоғары сыйақылар, бонустар алуға тыйым салынуы қажет. Салық салудан бұрын алдымен осыны реттеу керек», – дейді шетелдік дәрігер.
Отандық медицина ғылымының кандидаты Жазира Сапарғалиева да шетелдік әріптесінің айтқанын қолдайды. Оның ойынша, дәрі-дәрмек саласына ҚҚС салығын енгізу нарықтағы бағаны ғана өсіреді, басқа оңды нәтиже бере қоймайды.
«Дәрінің бағасы қымбаттай беретін болса, «Дені сау ұлт» жобасынан мүлдем пайда болмайды. Осы уақытқа дейін денсаулық сақтау министрлігі бұл саладан делдалдарды алып тастауға, дәрі-дәрмектерді тікелей өндірушілерден сатып алуға жоспар құруы керек еді. Бұл салаға салық енгізгеннен гөрі осындай ұтымды мәселемен айналысуды ұлттық экономика, қаржы және денсаулық сақтау министрліктері бірлесіп қолға алғаны жөн», – дейді маман.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ