Санақ: олқылық қандай?

Елде 10 жылда бір рет өткізілетін ұлттық халық санағы басталды. Алғашқыкезең бойынша мамандар барлық үйді аралап, зерттеу жұмыстарын жүргізді.
Ал қыркүйектің 1-і мен қазанның 15-і аралығында өтетін 2-ші кезең онлайн форматта жүзеге асырылуда.Дегенмен цифрлық дамуымыз бен қазақ тіліне шорқақтығымыз осыдан көрініп қалғандай. Қалай деймісіз?
Өтіп жатқан санақ – тәуелсіздік алғаннан бергі үшінші науқан. Оның өткізілуіне әр кезеңде өзіндік өзгерістер енгізіледі. Мәселен, осы жолы цифрлық технологияларды қолдануға басымдық берілген. Науқанның өткізілуіне тікелей жауапты Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов өзгелерге үлгі ретінде алғашқылардың бірі болып онлайн режимде халық санағынан өткен болатын. Мамандардың айтуынша, оған арналған sanaq.gov.kz сайты тәулік бойы жұмыс істейді. Алдыңғы аптадан бастап барлық облыс, аудан тұрғындары санаққа тіркелуді бастап та кетті.
Енді мынаны қараңыз. Алғашқы респондент сайтқа тіркелген соң, отбасы мүшелерін бірінен соң бірін тіркейді. Үйдің ең кенжесіне дейін тіркеп болған соң, әр респондентке бірнеше сұрақтар беріледі. Барлығынан өткен соң ғана тіркелгені жөнінде анықтама ала алады. Иә, қағазбастылықтан арылып, цифрлыққа көштік. Рас, бұл қуанарлық жайт. Өйткені ел қатарлы дамудың үстіне дамудамыз. Алайда әлі де цифрлық сауаттылығымыз бен жасаған жүйеміз ақсап тұр. Олай дейтініміз, әлгі тіркелген тұрғындарға үш тілде жүйеге кіріп, арнайы сұрақтарға жауап беруге мүмкіндік бар. Тіпті айлық жастағы балаларға дейін сауал қойылады. Міне, осы тұста әлі балабақша не мектепке барып үлгермеген балаға «Айлық табысыңыз қанша?» деген сарында сұрақтар беріледі. Кейбір тұрғынның баласына «Некеде тұрасыз ба?» деген сауал қойылыпты. Ал ересек адамдарға «балабақша не мектепке барасыз ба» деген сауалдар қойылады. Мұнда аңғарғанымыз, санақ жүйесі дұрыс жасалмаған. Өйткені ересектер мен балаларға арналған екі бағыттағы сауал қойылуы керек еді. Одан соң қазақ тіліндегі сауалдар екі-үш мәрте оқығанда ғана түсінікті болады. Иә, тұратын үйіңнің көлемі, өлшемі, тіпті кірпіш не қамыстан жасалғаны жайында, табысың мен басқа да мәліметтерді сұрағаны дұрыс-ақ. Себебі халықтың әлеуметтік жағдайы белгілі болады.
– Жергілікті өзін-өзі басқару органдары нақты өңірде қанша адам тұратынын білсе, олардың санатын дұрыс саралай алса, әлеуметтік қолдауға қатысты дұрыс шешім қабылдай алады. Белгілі бір өңірде қалыптасқан әлеуметтік мәселені шешуге қажет қаражаттың жеткілікті мөлшерде бөлінуі үшін де статистикалық деректер дұрыс болуы керек. Сондықтан сұрақтарға дұрыс және дәл жауап берген абзал, – деген еді «Еуразиялық мониторинг» сараптамалық зерттеулер орталығының директоры Әлібек Тәжібаев.
Бірақ кішкентай балаларға әлгі сарындағы сұрақтың қойылып, оған жауаптың алынуы миға қонымсыз болып отыр. Елдегі барлық баланың табыс мөлшері, «отбасылық өмірі» ересектердікімен қоса есептеліп, статистикаға енгелі тұрғаны алаңдатпай ма?
Тағы бір мәселе бар. Ол – халықтың әлі де цифрлық сауаттылығының төмендігі. Барлық мекеме қызметкерлері үй ішін қоса тіркейді. Ал мүлдем компьютерді қолданбаған, үйінде ғаламторды «қағатын» адамы жоқ отбасылар қалай тіркеледі? Интернетсіз шалғай жерде өмір сүретіндер де бар. Ғаламторы 4G ұстап тұрғанымен, сайттағы жүйенің қате шығарып беретіні тағы кезігеді. Мәселен, тіркелер алдында телефонға SМS хабарлама келуі қажет. Көп жағдайда ол хабарлама келмей жатады. «Ошибканы» қайта-қайта түзеп, бірнеше уақытын осы сайтта ұстап отырғандар бар. Қарапайым мысал, үйдің бес мүшесін тіркеп, барлық сауалдардан өту үшін бір сағаттан аса уақыт кетті. Онда да «басқа» деген батырманың кейде басылмай қалатыны кезікті. Қош. Күні кеше санаққа тіркеліп, өз үйімен қоса, туған-туыстарына жөн сілтеп отырған тұрғынды әңгімеге тартқан едік. Оның айтуынша, біз әлі цифрлық сауаттылыққа бейімделе алмай жатырмыз.
– Кеше арнайы сілтемеге кіріп тіркелдім. Отбасымды да бірінен соң бірін тіркеп, кемі екі сағаттай уақыт кетті. Қарап отырсам, біз әлі цифрлық сауаттылыққа бейімделе алмай жатқан секілдіміз. Мәселен, орта жастағы көршім үйге келіп, маған жөн сілтеуді сұрады. Ол кісімен де отырып барлық отбасын тіркедік. Сұрақтардан өтіп, барынша жауап бердік. Ендігі туған-туыстарыма қалай өту керек екенін айтып жатырмын. Үйінде смартфон, компьютерді білетін жас баласы жоқтарға қиындау секілді. Қазір оқудың уақыты, студенттер қалаға кетті. Дегенмен мұны да үйреніп алып, санаққа белсенді қатысады деген ойдамын, – дейді Арайлым Иманәлиева.
Енді 45 күн бойы азаматтар санақ сауалдарына онлайн жауап бере алады. Ол сайтқа сондай-ақ eGov.kz порталы арқылы да, мобильді телефон арқылы да өтуге мүмкіндік бар. Әр азаматқа телефон не поштасына санақтан өткені туралы хабарлама келеді. Ол хабарламаны азаматтарға 30 қазанға дейін сақтауы керек болады. Ол кезде есігіңізді қаққанда, хабарламаны көрсетсеңіз, ол қайтадан сізден санақ сауалдарын сұрамайды. Келесі мекенжайға жүре беретін болады. Бұл жолы қағаз мүлдем қолданылмайды. Планшеттер арқылы санақ жүргізеді. Енді мынаны қараңыз, ақ көйлек киіп, қолдарына көк сөмке мен куәлік ұстаған азаматтар тұрғындардың үйлеріне келіп, өздерін әкімдік өкілі етіп таныстырып, халық санағын жүргізіп жатқанын айтатын алаяқтар пайда болыпты. Ал Ұлттық статистика бюросы бұл адамдардың санаққа ешқандай қатысы жоқ екенін ескертіп жатыр.
Айта кеткен жөн, биылғы халық санағында 91 сұрақ қарастырылған. Науқанды өткізуге 32 мың адам жұмылдырылуда. Олардың жалақысы, техникамен қамту, өзге де ұйымдастыру жұмыстары үшін 9 млрд теңге бөлінген. Соңғы рет елімізде халық санағы осыдан 12 жыл бұрын, яғни 2009 жылы өткізілді.