Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:00, 15 Желтоқсан 2022

Санасыздарға дауа бар ма?

None
None

Жыл аяқталарда әйтеуір есеп беретін ел едік. Алматы билігі де біртүрлі статистикасымен тұрғындарын таңғалдырғысы келсе керек.

Қытайдан келген «Сергек» деген сұмырай камераларының қазақ халқын қалай оңдырмай тонағанын айтып, мақтанып жіберіпті.

Сөйтсе, жыл басынан бері «Сергек» камералары Алматыда 939 029 рет жол ережесін бұзу дерегін тіркепті. Стоп-линияны басып кету, тоқтама деген жерге тоқтаудың 543 142 дерегін, жылдамдық асырудың 394 723 дерегін, бағдаршам белгісін байқамай қалудың 1164 дерегін тіркедік деп мақтаныпты.

Ойпырмай-ай, бұл деген миллиардтан асатын теңгенің айыппұлы ғой?!

«Халықтың қалтасынан оңдырмай ақша сыпырып алдық», деп мақтанғаны ма?

2025 жылға дейін Алматыда 6 мың «Сергек» камераларын орнатуға 3,3 миллиард теңге бөлуді қала мәслихаты бекітіп тастағаны тағы бар.

Қысқасы, Қазақстандағы тәртіп, Тоқаев айтатын әділдік, жалпы елдегі былық-бәленің бәрі көшедегі жол ережесінің сақталмауына тіреліп қалған екен, ә?

О заман да бұ заман, «өз халқыма пәленше айыппұл салдым» деп мақтанған билік болушы ма еді?

«Туған ұлымның қалтасынан 5 мың теңге ұрлап алдым, әйелімнің әмиянынан 10 мың суырып алдым, үлкен қызымның сөмкесіндегі 500 теңгені зып еткізіп ұрлап алдым» деген ұры әкенің әңгімесі сияқты, иә?

Халық кедей, қымбатшылық жағадан алғанда биліктің етектен тартатыны неден? Әлде, шын сайланбаған билік болғасын сөйте ме екен?

Қазақ демей-ақ қояйық, жарайды. Әй, мынау халық қиналмасын, қарапайым қазақстандықтар аздап болса да байысын, әр шаңырақ берекелі болсын деген ниет бар ма өзі, бұл билікте?

Үкіметтегілер қазақ па? Ендеше, неге қазаққа жау сияқты қарайды? Соңғы тиынына дейін тонап, тозып, құрып кетуін неге тілейді онда?

Жолдағы айыппұлдарды Қалмұханбет Қасымов пен Ерлан Тұрғымбаев деген «тумалар» көп қазақтың қалтасы көтере бермейтін деңгейге дейін өсіріп кеткен. Оны төмендету – Жаңа Қазақстанның ойына кірмеді әлі.

Өзінің онсыз да кедей халқын тонайтын, болымсыз нәрсенің бәріне айыппұл салатын билік түбі оңбайды.

Алматы демекші, экопост деген пәлелер Қазақстан бойынша тек Алматыда ғана тұрады екен. Сонда кезекшілікте тұратын экологиялық инспекторлар мен полицейлерді алайықшы. Ескі-құсқы, түтіндейтін көлікпен күнін әрең көріп жүрген көпбалалы, қайыршы күйдегі қазақты тоқтатқанда, ол бейшараға 15 мың теңге айыппұлды жүрегі дір етпей, беті шімірікпей қалайша салады-ей? Адамшылық, қазақшылық, мейірім, иман, жанашырлық қайда? Әлде бұл «қазақ қазаққа қасқыр болсын» деген сұм саясат па екен? Қазақты құртуға бағытталған? Соны ұғып-біліп, басын ашып алуымыз керек-ау...

Тегтер: