САНДЫРАҚ! немесе «ШІРКІНДЕ ЕС БОЛСАЙШЫ СЕЗЕД ДЕГЕН...»

(Жалғасы. Басы мына сілтемеде)
Үшінші «сандырақ»: ол өзгені былай қойғанда, ХІХ ғасырдың екінші жартысында өмірден өткен поляк Адольф Янушкевичтің өзін және оның «Күнделіктерін» жоққа шығарады, тіпті патшаның тыңшысы болуы мүмкін деген де сыңай танытады.
Сенбесеңіз оқыңыз:
«Әуезов шабыт алған дереккөздердің бірі – Сібірге жер айдалып, 1846 жылы Қазақ даласындағы санақ экспедициясына қатысқан «Адольф Янушкевич» есімді поляк ақынның күнделігі екенін байқамау мүмкін емес. Янушкевич күнделігінде: руластары салықтан қашып жасырған жылқы санын Патша үкіметінің өкілдеріне айтып қойып, оларды сатып кеткен уезд әкімшісі «Құнанбай Өскенбайұлы» деген қу қазақты ұзағынан суреттейді. Янушкевич бір жағынан көшпендінің өз руластарына қатысты екіжүзділігі мен қатыгездігіне жағасын ұстаса, екінші жағынан, орыс заңдары мен шариатты жатқа сайрап отырған қара қазақтың шешендігі мен біліктілігіне, оның руластарының арасындағы беделіне қайран қалады. Янушкевичтің күнделігі 1966 жылы орыс тіліне аударылып, Алматыда белгісіз (?) бір баспадан жарық көргелі, Абайдың әкесі Құнанбайдың және Абайдың өзінің шын өмір сүргенінің айғағы ретінде дәйек көз болып есептеліп келеді. Алайда, күнделікте болыстың баласының аты-жөні мүлдем аталмағандықтан, бұл дереккөзді жазбаша дәлел ретінде санау – ғылыми қателік».
Қалайда, Абайды жоққа шығару мақсатымен қыза-қыза «қу Құнанбайға» азуын білейді. Ондағы пиғылы, егер, Құнанбайдың өмір сүргені осында дәлелденсе, онда оның «Абай» атты ұлының өмірде болуы да мүмкін ғой – деген жорамалға орын бермеу үшін жасалған «сақтық» сияқты. Әйтпесе, «қу» болсын, ғұлама болсын, Құнанбайда несі бар? Ал сол «қу Құнанбай» туралы сол жылдары (1845-1853) толтырылған анкеталық ресми қағаздарды қалай жоққа шығарады.
Ондағы анкетаның арнайы кестесінің ішіндегі «балалары» деген тармақта «Ибраһим» деп Абайдың жасы көрсетіліп тұрып анық жазылған.
Бұған да тоқтамай, енді А.Янушкевичтің өзіне шүйлігіп, қызды-қыздымен «қорытынды» сұхбатында:
«Так вот, если верить письмам Адольфа Янушкевича, якобы написанных им в 1846 году, он был лично знаком с неким султаном Бараком. Но, как утверждают профессиональные историки, упоминаемый султан был никем иным, как Бараком Турсыновым, одним из казахских вождей, согласившихся на присоединение Среднего жуза к Российской империи в XVIII веке. Согласно российским административным записям, султан Барак умер в 1750 году. Мог ли сам Янушкевич так солгать, выдумывая фейковые встречи в 1846 году? Скорее всего, ошибку допустили некомпетентные создатели этой книги», – деп өйтөте жорамалдайды.
Мұндағы ең өрескел «сандырақ», сол жылдары Жетісу губерниясына қарасты Аягөз округінің аға сұлтаны болған Барақ Солтабаев пен одан жүз жыл бұрын, «1750 жылы дүниеден өтіп кеткен» (өз мәліметі) Барақ сұлтан Тұрсынұлын шатастырады!
Бұдан кейін, А.Янушкевич еліне оралып, ұзамай дүниеден озған соң, достары мен туыстары оның соңында қалған жазбалары мен күнделіктерін жинастырып, Париж қаласында жеке жинақ етіп шығарған. Ол кітапты таба алмағандықтан да, З.Батаева оны да жоққа шығаруға ұмтылады. Тіпті, бұл күнделіктерді әр жылдары орыс, қазақ тілдерінде басып шығарған – жылына миллион дана кітап шығаратын мемлекеттік «Қазақстан» мен «Мектеп» және «Жалын» баспаларын да менсінбей, «Алматының белгісіз бір баспасының»қатарына қосады. Ал ол баспалар қазір де кітап шығарып жатыр.
Сондай-ақ «Мог ли сам Янушкевич так солгать, выдумывая фейковые встречи в 1846 году?», – деп енді Янушкевичке күдік артып, жала жапқысы келеді. Сонда, Янушкевичке құрмет көрсетіп, оның мұраларын жинап, түсініктеме жазып жарыққа шығарған, өзі жиі «бас иіп, тәжім етіп, мысал келтіріп, үлгі тұтқан» Еуропа ғалымдары «некомпетентный» ма, әлде, осыдан біраз жыл бұрын А.Янушкевичтің жазбаларындағы тарих іздері туралы ғылыми экспедиция ұйымдастырған поляк ғалымдары – «некомпетентный», жалған ғалымдар ма, жоқ, Батаева сеніп отырған Барақ Тұрсынов пен Барақ Солтабаевты айыра алмаған біздің «кәсіби тарихшылар» «некомпетентный», яғный, жалған ғалымдар ма? Әлде, барлық деректі бұрмалап, өзінің қияли ырқына қарай ыңғайлап, мінез көрсеткен З.Батаеваның өзі «некомпетентный» ма?
Қалайда, З.Батаева қалай жанұшыра қарсы шықса да: аға сұлтан Құнанбайдың өмір сүргені, оның Ибраһим атты ұлы болғаны, аға сұлтан Барақ Солтабаев пен Құнанбайдың құрдас екендігі, ол туралы Зере ананың: «Жақсы да болса, қарағым, Жаман да болса, қарағым. Жақсы деп маған бере ме, Солтабай төре Барағын» – деп өлеңге қосқаны, А.Янушкевичтің «Күнделіктері мен хаттарының» ХІХ ғасырдың екінші жартысында Парижде жарияланғаны анық.
Сонымен қатар сол жинақты тауып, «Қазақстан» баспасынан шығарған Ф.Стеклованың: «М.Әуезовке рахмет айтуы тегін емес» – деп бопсалап, «Күнделікті» НКВД-ның тапсырмасымен М.Әуезов жазды» – деп дөйдала қисындырудың еш қисыны жоқ.
«Төртінші бопсаға»(бұл жолы «сандырақ» емес) орай реті келіп тұрғанда, біз де А.Янушкевичтің «Күнделіктері мен хаттарындағы» бір дерекке сүйене отырып, З.Батаеваның:
«1990 жылдарға дейін Абайдың туған күні нақтыланған емес. Оның туған күні 1845 жылдың 10-тамызы екені кенеттен қандай дерекке сүйеніп табылғаны жайлы ешбір ғылыми анықтама берілген емес», – деген бопсасына қарсы бопсалап, Абайдың туған күнін жорта жорамалмен (шындық болуы да ғажап емес) қиыстырамыз.
Адольф Янушкевич 1846 жылы 8 тамыз күні өзінің «Күнделігіне»:
«Қазір іші қатты ауырып жатқан баласын Құнанбай мынадай әдіспен емдеді: қара ешкіні сойып, оның майын көк белбеуге жағып, онымен іші қатты ауырып жатқан баласының ішін айналдырып байлады. Ол маймен денесін сылады. «Бақсы-балгерді шақыруға болмас па екен», – деп сұрағанымда, Құнанбай: олардың дәрі-дәрмегіне пәлендей сене қоймайтынын айтты» [Янушкевич А. Күнделіктер мен хаттар. – А.: Жалын, 1979. -272 б., Б179], – деп жазады.
Осы араға «Күнделіктер мен хаттардың» баспа редакторы Т.Жанаев:
«Шамасы, бұл бала 1845 жылы туған Абай болса керек – редактордың ескертуі», – деп сілтеме берген.
Назар аударыңыз: күнделікте көрсетілген күні 1846 жылдың 8 тамызы. Жаңашаға аударып есептеген күннің өзінде 20-21 тамыз. Ал юлиандық (Ресей жағдайында – православиелік) күнтізбеге тиесілі он күнді шегеріп тастасаңыз, қайтадан 10-11 тамыздың есебі шығады. Сондықтан да А.Янушкевич жазып отырған бұл бала жөргектегі Ибраһим болуы әбден мүмкін. Өйткені бұл жылы Құнанбайдың үлкен ұлы Тәкежан үш жасқа қараған, ал Ысқақ әлі туған жоқ болатын.
Шындығын айта кетейік, ілгеріде З.Батаеваның: «Оның туған күні 1845 жылдың 10-тамызы екені кенеттен қандай дерекке сүйеніп табылғаны жайлы ешбір ғылыми анықтама берілген емес» – деген уәжі «сандырақ емес, бопса» деуіміздің бір кілтпаны мынадай: Абайдың туған күні туралы 6 дерек мәлім. Деректанушылар 15 маусым, 23, 29 шілде, 8, 10, 15, 23 тамыз – деп көрсетеді. Алдыңғы бес деректі ысырып тастап, соңғы 23 тамызды шырақ етіп ұстап, ақынға арналған ресми, бейресми шараларды осы күнге орай өткізіп жүрген Абайға тікелей қатысты ресми мекемелер де бар. Бұл «қауесетті қоздырып жүргендер» сол Абайдың атын жамылып, «бизнеске» айналдырған пысық білгіштер, олардың ішінде Абайдың ар-намысына тікелей жауап беретін мекемелердің белсенділері де бар.
Олардың малданып жүргені әртүрлі архивтік мұрағаттарда жазылып қалған деректер. Қал-қадарымызша ғылыми тұрғыдан келіп, ілгерінді-кейінгі деректерді салыстырып, ай-күн аттары мен ауысымдарының григорияндық, юлиандық (православиелік) және қазақ күнтізбелерінің айырмашылықтарын есептей келіп, Абайдың туған күні 10 тамызға сай келетінін пайымдаған біздің мақала-зерттеулерімізде бұл мәселе барынша тиянақты қамтылған сияқты.
Оны қайталап, қазбалап жатпаймын. Соған орай, 10 тамызды «Абай күні» деп жариялау туралы мемлекеттік қаулы қабылданғаны да біраз жайды аңғартса керек.
Сонда да, көңілде күдік қалмас үшін, күнтізбе мәселесіне сәл түсіндірме бере кетеміз.
Дерек берген адамдардың барлығы да қазақы есеппен жыл қайырып машықтанған адамдар және олардың мағлұматтары жарияланған кезде григориандық жыл қайыру әлі қабылданған жоқ болатын. Ол реформаға дүние жұртшылығы 1913-1914 жылдары ғана жаппай көшіп, жаңа жылды 1 қаңтар деп білгіледі. Мысалы, батыс жұрты бұған әлі көшпей, желтоқсанның үшінші онкүндігінде Иса пайғамбардың туған күнін атап жүр. Ал патша шенеуніктерінің қағазға түсірген ай мен жылдары юлиандық (православиелік) ескі календарь бойынша жазылған. Сонымен қатар православие дініндегілер жаңа жылды осы күнге дейін 1 қаңтарда емес, одан 13 күн кейін атап келеді.
Сонда, еуропалық есеп пен славяндық есептің өзінің арасында 20-23 күн айырмашылық бар. Біз, қазақтардың жыл мен жұлдыз қайыруы есебіне сүйеніп, еуропалық календарь бойынша 13 күн қосамыз. Ал бүкіл патшалық ұстанған православиелік календарға сәйкес анкета толтырған Ресейдің дәбірлері көрсеткен жыл мен айды және одан 13 күнді шегеріп есептеуді қаперге алмаймыз. Сөйтіп, 10 тамызға 13 күнді қосып, 23 тамызды көрсетіп жүрміз. Ал одан архив құжаттары толтырылған юлиандық (православиелік) календарь бойынша 13 күнді шегерсек, қайтадан 10 тамызға қайтып келеді
Ал З.Батаеваның: «1990 жылдарға дейін Абайдың туған күні нақтыланған емес» – деген сөзінің мағынасын түсінбедім. Сонда, ол оқыған мектебінде, жоғары оқу орнында жүргенде бұдан еш хабары болмаған ба? Сонда, 1990 жылға дейін дүние жұрты (иә, әлемдік деңгейде) Абайдың 100, 125, 150 жылдық мерейтойларын қалай атап келді? Олардың да түйсігінде бір мәйек-дәнек болған шығар. Болған. 1940 жылы Абайдың туғанына 100 жыл толуына орай арнайы мемлекеттік қаулы шыққан. Соған орай, Абайдың туған жылы мен туған күні туралы мағлұматтарды барынша толық назарға алып, ақылдаса отырып, үш дагдар – Мұхтар Әуезов, Әрхам Ысқақов, Қайым Мұхамедханов 1940 жылы ақынның зиратының басына:
«Ибраһим Құнанбаев. АБАЙ. Қазақтың ұлы ақыны және данышпан ойшылы. 10 августь 1845 ж. – 23 июнь 1904 ж. – Ибрагим Кунанбаев. АБАЙ. Великий казахский поэт и мыслитель. 10 август 1845 г. – 23 июнь 1904 г.», – деп ойылып тұрып жазылған құлпытас қойды.
Бұл – Абайдың туған жылы мен күні және қайтқан жылы мен күні нақты көрсетілген алғашқы тарихи дерек. Бұл деректерді бірінші рет және мәңгілікке қашап жаздырар алдында, жоғарыдағы тұлғалар өзара сан рет ақылдасып, ескі және жаңа календарға ауысуына байланысты жылдар мен күндердің айырмасын, жыларалық, айаралық алмасуларды салыстырып, есептей келіп қабылдаған тұжырымды шешімі. Бұл үшеуі кепілдік беріп, тасқа қашатқан жазуды өшіретіндей, не сенбейтіндей дәт пен қуат, құқық құдіреті, әзірге, ешқайсымызға беріле қойған жоқ. Абайдың өзі айтқандай: «Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын, Бірінен – бірі шапшаң ұқпас сөзін», – дегенінің керін келтіріп, енді, «тәлімсудің» еш мағынасы жоқ.
Ал Абайдың туған, өлген жылдары туралы 1909 жылғы жинақта басылған Кәкітай мен Тұрағұл Құнанбаевтардың «өмірбаянында»:
«Абай 1945 жылы – жылан жылында туды», «1904 жылы – ұлу жылында, 23-нші июньде туған жері Шыңғыс тауында 60 жасында дүниеден қайтты», «Атақты қазақ ақыны. Шыңғыс қазағы. Абай Құнанбайұғлы. Кітапша шын аты Ибраһим. Бірақ, қазақ әдеті бойынша шешесінің еркелетіп қойған Абай атын халық атап кеткендіктен де (бұл арадағы сөз өшіп кеткендіктен де толық танылмады, ұзына сорабына қарап: «Ибрагимді біз де» деп жорамалдауға болады –?) Абай дейміз», – деп жазған.
Сондықтан да, З.Батаеваның «төртінші бопсасы» – сол бопса күйінде қалады.
Бесінші «сандырақ»: «Дала уәләйатының газетінде» Көкбайдың атынан жарияланған өлеңді Абай емес, Ә.Бөкейханов жазған-мыс деп салыстырмайтынды салыстырып:
«Шындығында, «Абай» мен «Ибраһим Құнанбайдың» бір адам емес екендігі Омбыдан 2 тілде қатар басылған «Дала Уалаятының Газеті» атты баспадан 1889 жылдың өзінде расталған болатын. 1889-жылдың ақпан және наурыз айында атауы жоқ екі өлең жарияланды. Қазір осы өлеңдер «Жаз» және «Болыс болдым мінеки» деген атаумен белгілі және екеуі де Абай шығармаларының канонына кірген. «Дала уәлаятының» газетінде 1889 жылы шыққан осы екі өлең – Абай өлеңдерінің 19-ғасырда жазылғанының дәлелі», – дейді З.Батаева.
«Абай» мен «Ибраһим Құнанбайдың» бір адам емес екенін» кім растады, қашан және қай еңбегінде? Ол бізге де, З.Батаеваның өзіне де белгісіз. Өйткені З.Батаеваның өзі де түссізді түстеп көрсете алмайды. Оның есесіне, мұнда жазылып отырған «Абай» мен «Ибраһим Құнанбайдың» бір адам екенін» біз білеміз, исі қазақ жұртшылығы біледі. Себебі «Дала уәлаяты» газетінде жарияланған, Мәшһүр-Жүсіпті емеурін етіп, Ә.Бөкейхановқа телінген екінші өлең туралы сол Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің өзі «Дала уәлаятының» 1889 жылғы 1 желтоқсандағы 48-санында, яғный, екі өлең жарияланған соң, Абайға қарата:
«Ғазитләрнің ішінде бір тақпақ өлең Құнанбай баласынікі деген халыққа жайылды. Ол өлеңнің байлығы жақсы білініп тұр, бірақ халыққа пайдалы іске жаһат қылғаны білінбейді.… Біз Ыбырай мырзаның өнерін Құнанбайдан артық деп естіген едік. Артында байлығы һәм келісті болып өлеңге қосылып тұрған соң, өлеңіне өнерін муафиқ қылып сөйлесе керек қой деп айтып жатырмын. Осы күнде Құнанбайдың дүниеде бар-жоғын біле алмай тұрмыз. Құнанбай дүниеде бар шығар деуге тірі кісінің тіршілігі болады – ол жоқ, өлі кісінің өлгенінің белгісі болады – ол жоқ» [66, 241-242], – деп наз білдірген.
Демек, Мәшһүр-Жүсіп бұл екі өлеңнің авторы Абай екенін біліп жазып отыр. Хат аптасында бір рет шығатын газетке алты айдан кейін жарияланған (Хат-хабарларды қырдағы елге айлап барып жеткізетін сол кездегі байланыс жүйесін еске алсақ, бұл онша ұзақ мерзім емес). Мұндағы Мәшһүр-Жүсіптің емеурін етіп отырғаны, Абай «тіршілік жасап», Құнанбайға ас бермеді – деген ишараны білдіреді. Абайдың: «Соры қалың соққы жеген пышанамыз» деген өлеңі осы жария хатқа жауап ретінде жазылғанын Тұрағұл Абайұлы өзінің «Әкем Абай туралы» атты естелігінде айтып.
«Жазды күн шілде болғанда» атты өлеңінің жазылу тарихы туралы Тұрағұл Ибраһимов (естеліктің түпнұсқасында осылай көрсетілген):
«Долгополов… докторлық экзамен беріп жатқан жерінде саяси айыбы болып айдалып, Семейге келген жерінде, менің әкеммен танысып, 1885 жылы жаздай біздің ауылда болған… Әкемнің жазды өлең қылғандағы ауылы осы Долгополовтың біздің ауылды жайлаған (кездегі) өзінің ауылы еді», – деп мағлұмат береді.
Өзінің белінен туған ұлының әкесі туралы естелігін З.Батаева жоққа шығарғанымен, біз жоққа шығара алмаймыз. Адамның ми-санасындағы естелікті енді ешкімде өшіре алмайды. Ол авторлық құқыққа да қол сұғу болып табылады. Оған Тұрағұлдың Алматы, Қарағанды, Сарыағашта тұратын үрім-бұтақтары да ырық бере қоймас деп ойлаймыз.
Міне, бұл да Құнанбайдың Ыбырай деген ұлының өмірде болғанына дәлел емес пе? Әлде, мұны да Мәшһүр-Жүсіп пен Тұрағұл, әлде, НКВД-ның тапсырмасымен М.Әуезов жазды ма? Бұл ретте Томохико Уяманың:
«Ол «Сұлтан Газинді» «Дала уалаятынының» газетіне үлес қосушылардың бірі Бөкейхановтың бүркеншік аты деп санайды. Бірақ Сұлтан Газин Дала генерал-губернаторының кеңсесінде қазақ тіліне аудармашы болып жұмыс істеген Дінмұхамед Сұлтанғазин», – деген ескертуінде шындық бар.
Өйткені сол жылы Әлекең Омбыдағы техникалық училищеде оқып жүрген студент болатын.
Ал осы ұзақ үзіндідегі З.Батаеваның: «Бірақ «Көкпай Жанатайұлы» деген адам туралы да осы уақытқа дейін ауызекі әңгімеден басқа ешбір расталған дерек ұсынылған жоқ» – дегені, «Көрмес – түйені де көрмес» дегеннің кері ғана. Бұл деректі Көкбайдың ауызша айтып отырып жаздырғаны және өзі де жазып кеткені, барлық естеліктеріне берілген түсініктемеде айтылады. Ол естеліктер кем дегенде 10-15 рет және Абайдың барлық толық жинақтарының түсініктерінде қайталанып басылып келеді.
Ортада отырғандар: ақ көйлекті Ә.Бөкейханов, сол жағындағы Тұрағұл Құнанбаев, оң жағындағы Райымжан Марсеков, арт жақта оңнан санағанда екінші Көкбай Жанатайұлы.
Көкбай туралы екі ғылыми диссертация қорғалды. Алаштың атақты қайраткерлерімен түскен, соның ішінде Ә.Бөкейханов пен А.Байтұрсынов, Қажымұқан да бар, суреттері баршаға аян.
Суретте: Солдан оңға қарай екінші отырған Тұрағұл Құнанбаев, үшінші Көкбай Жанатайұлы, шетте отырған Ахмет Байтұрсынов. Түрегіп тұрғанда: екінші Сеидазым Қадырбаев, Қажымұқан және Міржақып Дулатов.
Алтыншы «сандырақ»: Тіпті өзінің елесіне елігіп кететіні сондай, Абаймен қатар аты аталатын адамдардың барлығы да, соның ішінде шығармалары мектеп оқушыларына дейін таныс Абайдың ақын балалары Ақылбай мен Мағауияны да бір сөзімен «жоқ қып» жібереді. Мағауияның өлімінен символ іздеп, оған Ә.Бөкейхановты кіріктіріп:
«Абайдың өмірбаянындағы адам сенгісіз символикалық оқиғаларға қатысты ешбір сыншы не тарихшы күдік танытып, ешқашан сұрақ қоймағаны бір жағынан өте қызықты құбылыс… Осы өмірбаянды жазған саяси белсенді және әдебиет білгірі Әлихан Бөкейхановтың Абайдың қайтыс болған күнін символикалық датаға, яғни, Абайдың сүйікті баласы Мағауияның «қырқымен» байланыстырғанына қатысты да ешбір пікір айтылған емес», – деп қиялай қидалайды.
Бұл – Абайдың да өлімін, содан қырық күн бұрын дүниеден озған Мағауияның да қазасын жоққа шығарудың амалы. Әйтпесе, өмірде болмаған екі адамның қазасын бір-біріне «символикалық тұрғыдан байланыстырып ойдан «Өмірбаян» жазған адам – «белсенді, әдебиет білгірі» Ә.Бөкейханов – деп шәт-шәлекейі шығып күйінді бола ма? Сөйтіп, Абайдың қазасын мазақ етіп, фарсқа айналдыруға бола ма?
Мағауиядан кейінгі «көзі жойылатын» кезек Абайдың талант қуаты адуынды ұлы Ақылбайға келеді. З.Батаева Ақылбайға қатты шүйлігіп:
«Бірақ осы символизм (қазақта сондай қасіретті тұлға болыпты дегізу үшін Ә.Бөкейханов ойдан құрастырған) Абайдың өмірбаянына 1933 жылы тағы бір баласының есімін – Ақылбайды қосқан… Бөкейханов жазған өмірбаянда Абайдың осы баласы жайлы ешнәрсе жазылмаған, бірақ кеңес насихатшыларының айтуынша, Ақылбай әкесінің «қырқы» өткен күні Семейде қайтыс болыпты-мыс. Мелодрамаға жақын бұл символизм шындыққа ешбір жанаспайды, бұл – миф, аңыз. Бұл жайлы неге ешбір Абайтанушы сөз қозғамаған? Абайдың өмірбаянындағы адам сенгісіз символикалық оқиғаларға қатысты ешбір сыншы, не тарихшы күдік танытып, ешқашан сұрақ қоймағаны бір жағынан өте қызықты құбылыс, ал екінші жағынан – Кеңес азаматтарының бір жақты білімі адамның өздігінен ізденіп, сұрақ қою қабілетін жойып, біреудің айтқанын тотықұс құсап қайталай беруге ғана үйретті», – дейді екпіндетіп.
Алдыңғы мазақ пен сорақылық – сорақылық па, мына емексітуі тіпті шектен шыққандық. Иә, әке мен балаларының іркес-тіркес жарыса келген қазасы кімге мазақ, кімге қасірет? Қайдағы миф, қайдағы аңыз? Сонда, Абайдың тұңғыш ұлы Ақылбайдың да өмірде болғаны «еш шындыққа жанаспай ма». Оны да «кеңестік насихатшылар» ойлап тапқан ба. Оларға бұл не үшін керек болды? Мен, мұны дәлелдейтін дәйек ұсынып жатпаймын. «Мен тентек пе, түбінде кім жазалы, Қайғыны жіберуші өзі сынар» – деп қана емеурін танытамыз.
Абай, ұлдары Ақылбай (сол жақта) және Тұрағұл (сол жақта).
Тек: Ақылбайдың «Дағыстан» («Кәрі Жүсіп»), «Зұлыс», жоғалып кеткен «Жаррах» дастандары мен «Ақылбайдың әні» атты әні бар екенін, бұл дастандар мектеп қабырғасында оқылып келе жатқанын, Қ.Мұхметхановтың «Абайдың ақын шәкірттері» атты монографиясында Ақылбай туралы арнайы тарау барлығын, Абай, Ақылбай, Тұрағұл үшеуінің бірге түскен суреті 100 жылдан бері үзбей жарияланып келе жатқанын, Абайдың балаларының арасында ең көп тараған ұрпақ – Ақылбайдың тұқымы екенін, олардың қазір де өсіп-өніп отырғанын жанай ескерте кетемін.
Иә, Көкбайдың да, Ақылбайдың да үрім-бұтақтары өсіп-өніп отыр. Әйтпесе, Көкбай да, Ақылбай да, З.Батаева «жоқ» десе бітті, жер бетінен ғайып боп кететін «жынның сиқырына» ұшыраған жоқ. Бұл, енді, кәдімгі жалақорлықтың өзі.
21-31.03.2023
Астана
Ескерту: Назарларыңызға мақаланың алғашқы Абайдың өмірде болғанын дәлелдейтін бөлімі ғана ұсынылып отыр. «Абай – болыс та болған адам»; «Абай – ойлау қабілеті бар оқыған адам»; «Абай – «толық адам» болған»; «Абай – «дей салдымға көнбейді»; «Әуезов – «Сталиннің фавориті» емес» атты бөлімдері көлемінің үлкендігіне байланысты іркіліп қалды. Қызығушылық танытқан оқырман алдағы уақытта газет сайтынан оқи алады.