Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:18, 22 Қаңтар 2024

Саңлақ Сегізбаевтар

Тимур, Нұрлан Сегізбаев
Фото: из открытых источников

Ағайынды Сегізбаевтар. Көпшілік Тимур Сегізбаев дегенде көз алдына даңқты футболшыны – «Қайраттың» атағын аспандатқан сұрмергенді келтірер-ау. 

Алайда Нұрлан Сегізбаев есімін атасақ, тосылып қалуы мүмкін. Себебі бұл кісі әу баста Нұрлан Санжар есім-сойымен танылды. Осылай ғана атасаңыз, «кәдімгі біз білетін Қожаны ойнаған бала ғой» дер. Иә, сол «Қожа» мен әйгілі футболшы – бір әкенің баласы. Әкенің есімі – Санжар Сегізбаев.

Алматының 1950 жылдардағы тұрғындары Санжар Сегізбаев есімін жақсы біледі дейді. Себебі ол қалаға белгілі заңгер болыпты. Дінмұхамед Қонаевтың үзеңгілес досы болған деген де әңгімелер бар. Оның алдында қазақтың игі жақсыларының қатарында «халық жауы» атанып, артынан ақталып шыққаны да бар. Санжар Сегізбаев туралы мақала барысында айтылады.

Сонымен, ағайынды Сегізбаевтар...

Тимур Сегізбаев
Фото: qazaqstan.tv

Футболшы Сегізбаев

Қазақ футбол тарихында Тимур Сегізбаев есімінің мәңгі қалатыны сөзсіз. Себебі Тимур сапқа қосылғаннан кейін команданың ойыны түрленіп сала бергенін қазақ футболының жылнамасын жазушылар айтып-ақ жүр. Тимур есімінің жарқырай көрінуінің тағы бір себебі бар. 1960 жылға дейін «Қайрат» командасында ойнағандардың бәрі славян тектес болған. Тимур Сегізбаевты командадағы алғашқы қазақ деуге келмес, алайда үлкен бәсекелерде қандастар қатары өте аз болыпты. 1960 жылы «Қайраттағы» жалғыз қазақтың ойыны футбол жанкүйерлерінің санын арттырғаны даусыз.

Ал сол тұста қазақ баласы бой көрсете бермейтін жасыл алаңға Тимур қалай қызықты? (Айтпақшы, Тимур есімі кей жерлерде Темір деп те жазылып жүр. Асылы, шын есімі осы болса керек). Бір сұхбатында балалық шағы туралы былай дейді: «Ол кез ертеңгі күні не болары белгісіз аласапыран кезі еді. Көпбалалы отбасында өстім. Әкем Санжар Бақтыбайұлы заң қызметкері болғандықтан ба, әйтеуір ерекше тәртіптің адамы еді. Әрине, балалары біздер үшін оқу, білім дегенде ол кісі ештеңесін аямайтын. Бірақ асық атып, доп қуу сияқты елтең-селтең ойынға жаны қас еді. Бұл біздің Есік селосында тұрған кездегі жағдайымыз. Әкеміз Семейде, кейін Алматыда қызмет етті. Шамасы 1948 жылдарға дейін Министрлер кеңесінде жалпы бөлімнің, заңгерлер бөлімінің бастығы болды. Карьерасын Кеңес министрлігі аппаратында тәмамдады». Міне, Санжар Сегізбаевтың қысқаша өмірбаяны осындай.

Тимурдың футболға келуі кездейсоқ болған. Мектепте оқып жүргенде трамвайда танысып қалған өзі құралпылас бала командасына бір ойыншы жетпей тұрғанын айтып, бұны ойынға шақырады. Әлгі ойын да көптен бері қарсыластың қыбын таппай жүрген, жеңбеске болмайтын маңызды ойын болса керек. Не күш жетектегенін ұқпай, танымайтын, мүлде жат ортаға барады Тимур. Оның алдында жарытып доп теуіп жүргені де шамалы. Сөйтіп Тимурдың командасы жеңіске жетеді. Есеп: 1:0. Голдың иесі – Тимур. Осыдан соң оның бойында сенім пайда болады. Бұдан соң мектептегі, ауладағы ойындарға білек сыбанып, балақ түріп, еркін кіреді.

1958 жылы Дене тәрбиесі институтына оқуға түседі. Институттың екінші курсында жүргенде «Қайрат» футбол клубынан бір-ақ шығады. Бұдан соң неше түрлі жарыстар өтеді, алайда Тимурдың атын әйгілеген ойын – 1964 жылғы Бүкілодақтық футбол жарысы. Мәскеуде өткен доп додасында «Қайрат» сол кезде дүркіреп тұрған «Спартак» командасымен ойнайды. Бұл ойынды қазақ футболы тарихындағы ең алғашқы үлкен жеңістің бірі деуге болар. Себебі онда Тимур Сегізбаев сенсация жасайды.

Жазушы, журналист Сейдахмет Бердіқұловтың «Тимур және оның командасы» атты эссесі бар. Онда осы ойын туралы аз-кем баяндапты. Үзінді келтірелік:

«Москвада «Лужникидің» өзінде 78 мың москвалықтардың көзінше «Қайратың» сол жылы да, әманда айдарынан жел ескен, СССР футболының серттен таймас жүрістен жаңылмас серігі «Спартакты» тырдай қып сабап тұр ғой. Командаларды қидай сыпырып ұтып емес, қидай сыпырылып ұтылып жүрген «Қайрат» айды аспанға бір-ақ шығарды. 2:0. Екі допты да еңіретіп салған Тимур Сегізбаев.

Өздеріңізге аян ойынның отыз төртінші минуты. Бір сойқанды іштері сезген бе, кім білсін, «Спартак» басшылары біздің Тимурға Иван Варламовты текестіріп қойған, бір елі ажырамайды. Сол қанаттан екеуі де ұмар-жұмар жақтау сызыққа жетті. Схемаға қараңыздар. Мынау бұрыштамадағы жалауша. Мынау Тимурдың корпусты солға беріп, оң жақтан Варламовты алдап өтіп, жер қаптырған тұсы. Байқаңызшы, байыптаңызшы, жарқыным, бұл құлама құздың ұстара жүзіндей қырымен құламай өткеннен де қиямет. Ал осы өкпе тұстан, қиғаштың қиғайынан доп анау тұрған қақпаның оң жақтағы «тоғыздығына» сарт ете қалады дегенге әулиенің өзін сендіріп, көндіріп көріңізші. Көнбейді, сенбейді, тыңдамайды да...»

Ал Тимур Сегізбаев бұл ойынды қалай еске алады? «Егемен Қазақстан» газетінің 2006 жылғы нөмірінде журналист Жанболат Аупбаевтың әйгілі футболшымен сұхбаты жарық көріпті. Футболшы дәл осы сәтті былай деп еске алады:

«...Тізе қосып серіктескен біз жиі-жиі айып алаңына өтіп, алдымыздағы Анатолий Ченцов пен Сергей Квочкинге қайта-қайта пас береміз. Бірақ олардың тепкен доптары бірде бағанаға тисе, екіншісінде қақпаны жанап қана өтіп, жүйкемізді әбден жүн қылды. Ашуға ерік берсең, өзіңе зиян. Сондықтан шыдау керек, басқа амалды қарастыру қажет. Бір мезетте байқадым, «Спартактың» қақпасында тұрған Владимир Лисицын алаңның ортасындағы шабуылдың қара жұмысын атқарып жүрген менен онша қауіп күтпейтін сияқты әсер қалдырады. Осыны сезген мен енді қулыққа көштім. Аяғыма доп тиген бір мезетте сол қанаттағы Сергей Квочкин жаққа алаңдай бердім. Ол да менен пас дәметкендей сыңай танытып, жанындағы қорғаушылардан қашты-ай дейсің. Ал менің бар назарым Лисицында. Қақпашы мені Сергейге доп тастайды деп ойлады ма, сол қанатқа қарай үш-төрт қадам жасағанда, оң жақ бұрыш ашық қалды. Қатты соқтым. Зымыраған доп тордан бір-ақ шықты. Стадион дүр ете түсті. Қуанғанымнан жерге отыра кеттім...»

Бұдан кейін Тимур Сегізбаев есімі асқақтап кетті. Бұдан кейін де ғажап голдар соқты. Әрине, біз бұның бәрін сарғайған парақтардан оқып біліп жүрміз. О заманда телеарналар дами қоймаған, кейінгі буын Тимур Сегізбаевтың алаңдағы өнерін көрмеді. Футболшы 1970 жылы соңғы ойынын ойнапты. Бұл кезде ол 29 жаста еді. Денсаулығыма байланысты футболмен ерте қоштасуыма туралы келді дейді ол.

«Қайратпен» қош айтысқан соң Тимур Сегізбаев Қызылорданың «Меллиоратор», содан соң Қарағандының «Шахтер» командаларын жаттықтырды. «Қайраттың» да бапкері болды. Шетел асып, Иемен Халық Республикасының командасының да бапкері боп қызмет етті. Өмірінің соңына дейін қазақ футболының тағдырына алаңдап, газет-журналдар арқылы отандық спортқа үнемі пікір білдірумен болды.

Газет-журнал демекші, орайы кеп тұрғанда айта кеткен жөн, Тимур Сегізбаев жас күнінен қолыңыздағы «Жас Алаш» газетінің, сол кездегі «Лениншіл жастың» тұрақты авторы бопты. Газеттің 1964 жылғы 15 қыркүйектегі нөмірінде «Жанашыр» деген алақандай эссе жарияланыпты. Эссе Тимур Сегізбаев туралы. Эсседе жас та болса аты шығып үлгірген футболшының бұдан бұрын да редакцияға жиі келіп жүретінін, ойындардан телеграм арқылы дереу репортаж жасап тұратынын айтыпты. «Неге екенін білмеймін, «Лениншіл жастың» бетінен өз фамилиямды көргім келеді де тұрады» депті Тимур сонда.

Тимур Сегізбаевтың бала кезінде мынадай бір қызық оқиға бопты. Ол оқыған №33 мектеп «Қазақфильмнің» ғимаратына қарсы бетте орналасқан екен. Шәкен Айманов фильмге түсіретін балаларды алдымен осы мектептен іздейді екен. Сондай «кастингтің» бірінде Шәкен Аймановтың көзіне 7-сыныптың оқушысы Тимур Сегізбаев түседі. Жуырда түсірілетін «Қанатты сыйлық» фильмнің бас кейіпкеріне лайықты баланы таптым дейді режиссер. Сөйтіп оны студияға жетелеп алып кетеді. Көп ұзамай фильмге дайындық басталып та кетеді. Тимур да сценарий жаттап жүреді. Алайда аяқ астынан оған хабар келеді. Ол – Бішкекте өтетін Бүкілодақтық жарысқа республикалық жасөспірімдер командасының қатысатыны туралы хабар еді. Тимурдың алдында екі таңдау тұр. Бірі – кино, екіншісі – футбол. Тимур футболды таңдайды. Әйтпесе, Шәкен Айманов түсіретін фильмде Тимурдың бағы жанбауы мүмкін емес еді.

Алайда киноны оның інісі Нұрлан Сегізбаев таңдайды...

Нұрлан Сегізбаев
Фото: ашық дереккөз

Актер, кинодраматург Сегізбаев

Нұрлан Сегізбаев та сұхбаттарында әкесінің балалар тәрбиесіне қатал болғанын айтады.

– Қожаны сомдағаннан кейін, киноға мені жиі шақыратын болды, – дейді Нұрлан Санжарұлы сұхбаттарының бірінде. – Бірақ әкем мені жібермей қойды. Өйткені Қожаға түсіп жүргенімде, оқудан қалып қойдым да, екінші жылы қайта жалғастыруға тура келді. «Земля отцов» фильміне түсірмегеннен кейін Шәкен Айманов: «Коммунист Сегізбаев ұлын киноға түсіруге рұқсат бермей жатыр» деп әкемнің атына шағым жасады. Әкемді Орталық Комитет бюроға шақырды. «Әр киноға түскен сайын ол екінші жылға қалып отыра ма?» деп әкем қасарысып, көнбей қойды...»

Әкесінің осы қаталдығы дұрыс болғанына бүгін көзіміз жетіп отырғандай. Себебі Нұрлан Сегізбаев бір ғана кейіпкерімен қазақ киносының тарихында қалды. Бәлкім, ол одан кейінгі фильмдерге түсер болса, Қожа бейнесі мәңгі жадымызда қалмас па еді, қайтер еді.

Алайда Нұрлан Сегізбаев кино әлемінен алыстамады. Мектеп бітірген соң Өскемен қаласындағы педагогикалық институтта оқиды. Одан соң «Ленинская смена» газетінде, кейін Бүкілодақтың мемлекеттік кинематография институтында білім алып, кино әлеміне қайта келеді. Оның таңдауы кинодраматургия болды. Сол жақта екінші курста жүріп-ақ Әбіш Кекілбаевтың «Тасбақаның шөбі» әңгімесінің желісімен қысқаметражды фильм түсіреді. Кейін елге оралып, «Қазақфильм» киностудиясында бірнеше жыл қызмет атқарды. Бірнеше фильмнің сценарийін жазды, фильмдер де түсірді. Араға қанша жыл салып «Гүлсары» фильміне түскенін кино көрермендері жақсы біледі.

Қалай дегенмен де, Нұрлан Санжар десек көз алдымызға сотқар да ақылды Қожа келеді. Оның кейінгі сұхбаттарын оқып отырып, Қожа рөлі оның қаншалықты бағын ашса, соншалықты жолына тұсау болғандай елестейді. Оны өзі мойындайды да. Себебі қанша жасқа келсе де бәрі оны алдымен Қожа деп таниды. Ал Нұрлан Сегізбаев өмірінің қанша жылын кино өнеріне жұмсады. «Аллажар» фильмінің сценариін 19 рет жазып шығыпты. «Ангелочек» деген повесінің желісі басқаның емес, өз басынан өткен оқиғалар екен. Бақсаңыз, повестегі тағдыр, жетім балалар өмірі адамға әсер етпей қоймайды. Сондай шығармаларды жазу, оны жарыққа шығару, кітапты оқырманмен қауыштыру оңай шаруа емес. Нұрлан Сегізбаевпен кездескенде, осының бәрін есепке алмай, тек қана Қожаны еске сала берсеңіз, әлбетте, ол үшін көңілге алар-ақ жағдай. Бірақ осынша еңбекті, осынша бейнетті «сотқар» Қожа тағы ұмыттырып, жылы жымитып жатса, оған қайтіп ренжірсің?!

Қожаға қатысты тағы бір ой туындайды. Фильм түсірілгенге дейін шығарманың тағдыры қаншалықты болды? «Менің атым Қожа» шығармасы кітап боп алдымен орыс тілінде жарық көріпті. Шығарманың бағы содан кейін ашылды дейді естеліктерде. Дегенмен шығарманың шырағын шаққан тағы бір жағдай фильм екені даусыз. Онда да тағы Қожа бейнесі. Оны сомдаған кішкентай Нұрлан Сегізбаевтың шеберлігі. Қалай дегенмен де әрбір қазақ Қожаға қарыздар сияқты көрінеді де тұрады.

Дегенмен... Бала Қожаны қаншалықты жақсы көріп, қаншалықты құрметтесек, есейген Қожаны да солай құрметтеуге тиісті емеспіз бе? Себебі шығармадағы Қожаның арманы жазушы болу еді ғой. Сол арманды Нұрлан Сегізбаев орындамады ма. Жазушы болды. Қаншама кітап жазды. Мәселен, жақында ғана кітап дүкендеріне Нұрлан Сегізбаевтың «Қызыл қар» кітабы түскенін байқадық. Орысшасы да, қазақшасы да бірдей шығыпты. Шығарма –«Аллажар» фильмінің сценарийі. Айтпақшы, бұл фильм – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы туралы алғашқы фильм. Демек, мұны Желтоқсан туралы алғашқы кітап деуге де болады. Ал қазақ қоғамы осы шығармалардың бағасын бере алды ма? Әлде Нұрлан Сегізбаевты сол Қожамен ғана танып қала бермекпіз бе?

***

Ағайынды екеу. Екеуін де дүйім қазақ біледі. Екеуіне де дүйім қазақ қарыздар. Осы мақаланы жазу барысында ойда тек қана әке бейнесі – Санжар Сегізбаев ғана тұрды. Балалары оқушы кезінен-ақ танымал болса да, олардың тәрбиесіне айрықша көңіл бөлгенін, тәртіппен тыйып отырғанын байқау қиын емес. Нұрланның әкесі туралы мына бір естелігі де көңілге шуақ ұялатады: «Әкемнің шығармашылық әлемнің өкілдеріне деген ықыласы ерекше болды. Олар – халықтың төлқұжаты, оларға мүмкіндік болса, қолғабысты аямау керек дегенді жиі айтатын. Әкем есімі үлкен әріптермен жазылатын нағыз қазақ зиялысы еді. Қазақ, орыс, араб тілдерін жетік меңгерген еді. Жан-жағының күңкіл әңгімесінен өзін жоғары ұстайтын. Жаны тап-таза еді. Кейде Нұрғиса Тілендиев: «Әй, Қожа, сен әкеңді ойнадың. Әкең тек сол Қожаның қартайғандағы кезі» дейтін...»

Асылан ТІЛЕГЕН