Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:00, 29 Тамыз 2024

Сапаров не бидай сата алмайды, не ұн тарта алмайды

Сапаров
Фото: Ашық дереккөз

Биыл Қазақстан фермерлері бидайдан мол өнім алды. Бірақ қолда бар өнімді экспортқа шығару қиындап, баға түсіп жатыр. Төмен баға шаруаларды шығынға батыруы мүмкін.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің есебі бойынша, биыл 13,2 миллион гектар жерге бидай егілген. Ал халықаралық астық кеңесі елде 16 миллион тонна өнім шығады деп болжап отыр. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен (12,1 млн тонна) әлдеқайда көп. Тіпті кей маман биыл жазда жауын-шашын мол болғанын ескеріп, өнім көлемі 20 миллион тоннаға жетіп, рекорд жаңаруы мүмкін екенін болжайды.

Егер өз өнімін өзі өңдеп, пайдасына жарата алатын өнеркәсібі дамыған ел болса, мұндай мол өнім шаруаларға шаттық сыйлар еді. Алайда Қазақстан билігі Жер Ананың жомарттығын да өз пайдасына жарата алмайды. Мол өнім, керісінше, Қазақстанның астық өнеркәсібіндегі проблеманы ушықтырып жібереді – баға төмендеп, астық сату қиындайды.

Елде өндіріс жоқ, бар үмітіміз – бидайды шикізат күйінде сатып алатын көршілерімізде. Биылғы 16 млн тонна өнімнің 10,3 миллионын экспортқа шығару жоспарланған. Бірақ биыл көршілеріміз кердең мінез танытып отыр. Мысалы, осыдан бір ай бұрын Қытай Қазақстаннан бидай алуды тоқтатты. Ал астық сату үшін Астана «террористер» тізімінен шығарған тәліптер де бізден теріс айналды. Ауғанстан 2023 жылы 6 айда Қазақстаннан 323 мың тонна астық алса, биыл бұл көрсеткіш 60 мыңға да жеткен жоқ.

Қытай қазақ бидайынан неге жеріді?

2024 жылғы қаңтар мен маусым арасында Қазақстан 2,4 миллион тонна бидай экспорттады. Оның 75 пайызы (1,8 млн тонна) ТМД елдеріне жеткізілген. Біздің бидайдың басым бөлігін (1,3 млн тонна) Өзбекстан сатып алды. Ал бір жылда 2 миллион тонна бидай алуға уәде еткен қытайлар 324 мың тоннамен шектелді. Ақыры жақында Қазақстан бидайына арналған тарифті біржақты өзгертіп, екі ел арасында бидай саудасын уақытша тоқтатты. Бұл мәселенің мән-жайын сұрап, ауыл шаруашылығы министрлігіне хабарласқан едік, ешбір ақпарат ала алмадық. Бірақ олардың өзі де не болғанын білмей отырған сияқты. Өйткені Қытай тарифті не үшін өзгерткенін Қазақстанға түсіндірмеген.

Бидай
Фото: Ашық дереккөз

Eldala.kz порталы Бейжің Шынжаң өлкесінде орналасқан арнайы экономикалық аумақта тіркелген компанияларға бидай импорттауға тыйым салғанын хабарлады. Бұған дейін арнайы экономикалық аумақта тіркелген зауыттар шетел өнімін 65 пайыз кеден салығын төлемей сатып алатын. Қытай билігі енді осы жеңілдікті алып тастады. Бұл қытайлық кәсіпкерлерге ауыр тиіп отыр, олар қазақ бидайын 65 пайыз салық төлеп, сатып алуға дайын емес.

Қазақстан үкіметі Қытайдың бұл әрекетіне ашық наразылық танытқан жоқ. Бірақ 20 тамызда ҚР ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен ҚХР даму және реформалау мемлекеттік комитеті экономика және сауда департаментінің директоры Ван Цзяньцзюньмен кездесіп, бидай экспорты мәселесін талқылады.

Сапаров кездесуде «Қытай нарығы Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдері үшін өте маңызды, екі жақты ынтымақтастық үшін бар жағдайды жасауға дайынбыз» деп кішірейе сөйледі. Сондай-ақ ол әу баста уәделескен 2 млн тонна бидайды сата алмай отырғанын ұмытып, 3 млн тонна өнім жеткізуге дайын екенін айтты. Ал қытай шендісі Астанаға келген делегацияның басты мақсаты – бидай саудасын бір арнаға салу екенін ғана айтып шіренді.

Қытайдың орта жолда ойыннан шығуы онсыз да саудасы нашарлап тұрған қазақ бидайын қиын жағдайға қалдырып кетті. Қазақстанда бидай экспорты нашарлап бара жатқаны біраздан бері айтылып жүрген. Мысалы, биыл 6 айда экспорт көлемі 38,5 пайыз түсіп кетіпті. Бұған Қазақстан бидайының ірі тұтынушысы – Иранның Астанадан теріс айналып, Ресеймен «қол ұстасып» кеткені де әсер етті. Мәскеу бізге өзінің арзан бидайын тықпалағанымен қоймай, сауда серіктестерімізді тартып алып жатыр.

Сарапшылар Бейжіңнің бұл әрекетін «жығылғанға жұдырық сілтеп», қазақ бидайын арзанға алудың амалы деп топшылайды. Өйткені олар Қазақстан биыл мол өнім алғанын, экспортқа шығатын нарық азайып, баға төмендеп жатқанын көріп отыр. Қытай мұндайда бұрынғы келісімшартты белінен бір сызып, өзіне тиімді жаңа келісім жасауға ұмтылуы әбден мүмкін.

Бірақ Қазақстан астық өндірушілер одағы бұл пікірмен келіспейді. Олардың ақпаратына сенсек, Қытай билігі өз ішіндегі алаяқтармен күресіп жатыр. Қазақстанмен шекарада орналасқан арнайы экономикалық аумақтағы Қытай компаниялары сапасыз бидайды 65 пайыз салық төлемейтін, жеңілдетілген жолмен кіргізіп алып, ішкі Қытайға азық-түлік ретінде сатады екен. Ресми Бейжің осыны біліп қалып, заң бұзғандарға қылмыстық іс қозғап жатыр-мыс.

Қытайдан ресми ақпарат ала алмай тықыршып отырған қазақстандық астық экспорттаушыларға бұл нұсқа жағымды естілуі мүмкін. Өйткені одақ өкілдері Қытайда тәртіп қалпына келген соң астықты салықсыз қабылдау қайта басталады деп сендіріп отыр. Ал біздің ойымызша, бұл уәжге сенім аз. Өйткені Қытай тарапы мұндай «сылтаумен» екі ел арасындағы келісімшартты өз бетінше үзе алмайды.

Ауыл шаруашылығы саласының маманы Алмасбек Садырбаев елде бидай өндірісі ғана емес, жалпы ауыл шаруашылығы саласы құлдырап жатқанын айтты.

Алмасбек Садырбаев
Фото: Ашық дереккөз

«Осыдан 20 күн бұрын бидай тасыған вагонмен бірге Алашанькоуге дейін бардым. Мен білсем, сол Қытайға салықсыз кірген соңғы бидай болған шығар. Содан бастап Қытай 65 пайыз салық енгізді. Мұның себебін қытайлықтардан сұрадық. Олар бұл қадамға ең алдымен ішкі нарықты қорғау үшін барғанын айтты. Екіншіден, Қазақстан бидайын алу тиімсіз дейді, Ресей төмен баға ұсыныпты, олар бидайды енді Ресейден алмақ.

Ресейде болып жатқан соғыс бағаға үлкен әсер етті. Ресейдегі соғыс бітпей немесе біз кедендік одақтан шықпай, Қазақстан шаруаларының бағы ашылмайды. Агросала бір жылда қатты құлдырады. Былтыр Алматы облысының Шеңгелді ауылында шаруалар 1 900 гектар жерге жүгері мен пияз еккен. Ресей демпингінің кесірінен шаруалар ешбір өнімін сата алмады. Біздің нарықты ресейлік өнім жаулап алды. Сол кезде дабыл қағып, шаруаларды АШМ-ға, парламентке апардық. Бірақ ештеңе шешілген жоқ, дайын өнім түгел шіріп, диқандар шығынға батты. Салдарынан биыл Шеңгелді ауылы 1 000 гектар жерге ғана егін екті. Яғни бір ғана алқаптың өзінде 50 пайыз жер игерілмей қалды. Біз ауыл шаруашылығы саласы 20-22 пайыз құлдырайды деп болжаған едік, шын мәнінде бір ауылдың өзінде 50 пайыз кері кетті», – дейді сарапшы.

Ресейді ренжітіп алдық

2023 жылы Қазақстан 12 миллион тонна бидай өндіріп, әлем бойынша 14-орынға жайғасты. Ел ішінде астық жеткілікті. Тіпті өнімнің көбін шетелге сатып отырмыз. Соған қарамастан жыл сайын Ресейден өте көп мөлшерде бидай импорттаймыз. Мысалы, биыл 6 айда Ресейден 1,5 млн тонна бидай алдық. Бұл былтыр бір жылдағы көрсеткішпен шамалас.

Өзімізде асып-тасып жатқан өнімді не үшін өзгеден сатып аламыз? Біреулер Ресей бидайы арзан екенін, енді бірі сапалы екенін айтады. Бірақ одан да маңызды бір себеп бар. Ресей жыл сайын 80-90 млн тонна бидай өндіреді. Санкцияға байланысты оны сатып алатын ел аз. Қазір Ресей қоймаларында 260 млрд рубльдің өнімі өтпей тұр деген ақпарат бар.

Қытай біздің бидайдан бас тартқан соң, билік Ресейден 2024 жылдың аяғына дейін өнім әкелуге тыйым салды. Бірақ бұл шешім Мәскеуге ұнаған жоқ. Ресейдің экономика және ауыл шаруашылығы министрлігі бізге базынасын айтып, аграрийлері жүздеген миллион доллар зиян тартқанын жеткізді. Олар Астананың әрекеті ЕАЭО құру туралы шарттың 28-бабына қайшы келеді деп санайды.

Ал Айдарбек Сапаров биыл өзімізде өнім жеткілікті екенін айтып, Ресейден тағы бидай алсақ, өз фермерлеріміз күйреп, елдің азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төнеді деп ақталды. Сондай-ақ Ресей бидайының Қазақстан аумағы арқылы транзитіне ешқандай шектеу қоймаймыз, 2025 жылдың басынан бастап Ресейден тағы бидай аламыз деп жүріп, солтүстіктегі көршімізді әрең сабасына түсірді.

Кремльдің бұлай күшейетін жөні бар. Біздің елдегі көптеген ұн өндіруші өз бидайымызды қымбатсынып, Ресейден өнім тасиды. Кей дерек бойынша, Ресейден келетін «сұр» импорт заңды импортқа қарағанда әлдеқайда көп. Заңды жолмен 6 айда 1,5 млн тонна бидай келгенін айттық, осыған қарап, заңсыз жолмен жеткізілген өнімді шамалай берсеңіз болады.

Отандық ұн зауыттары Ресей бидайына әуес екені айтылып жүр. Оған қатысты:

«Біздегі ұн зауыттары монополия жасап алған. Қажет болса жұмысты тоқтатамыз деп үкіметті қорқытады. Салдарынан оларға вагон-вагон Ресейдің өнімі кіріп жатыр. Мұны тоқтату керек. Өзімізде бидай шіріп жатқанда өзге елден неге аламыз?! Айтқанынан қайтпаса, ондай зауыттарды жауып, орнына басқасын ашу қажет. Ең қымбат 3-сортты бидай 100 теңгеге толмайды. 2 келі бидайдан 1 келі ұн шығады, ендеше, ұнның бағасы 200 теңге болады. Ал бірақ базарда ұн бағасы 400-500 теңгеге жетеді. Бұл қалай сонда?

Ауыл шаруашылығы министрлерінің біліксіздігінен бидай өндірісі нашарлап кетті. 1998 жылы елде 2 300 диірмен болған, қазір соның 120-сы ғана қалды, оның өзінде 40 диірмен ғана жұмыс істеп тұр. Әртүрлі кедергінің кесірінен өзгесі жабылып бітті. Соның салдарын бүгін тартып отырмыз. Қазір бидайымыз өтпей жатыр, содан ұн тартып сатайық десек, диірменіміз жоқ. Бидайдан ұн тартуды тоқтатқалы барлық нарығымыздан айырылдық. Біздің орнымызды Өзбекстан басты. Біздің диірмендерді алып кетті, бидаймызды сатып алып, өзімізге ұн тартып, қайта сатып жатыр», – дейді Алмасбек Садырбаев.

Әзірге Орталық Азиядағы елдер ғана бізден бет бұрған жоқ. Бірақ Ресей бұл нарыққа да көз қызара қарап отыр, Еуропа нарығынан айырылған Мәскеу көршілерін жағалауға мәжбүр.

Қазақстан бидайды Ресейден арзанға сата алмайды. 2023 жылы Ресей бір тонна өнімді 93 мың теңгеден, ал Қазақстан 100-110 мың теңгеден экспорттаған. Ресей ұсынған баға Орталық Азия нарығын өзгертіп жатыр, биыл тамызда Өзбекстан 4-сұрыпты қазақ бидайын 190 долларға сұрады. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» дегендей, отандық ұн өндірушілер де бағаны «сындырып» әлек. Қазақстанның астық одағы 18 тамызда хабарлағандай, елдегі ұн зауыттары бидайдың әр тоннасына 65-90 мың теңге ғана ұсынып отыр.

Қазақстан бидайының сапасына да көп сын айтылады. Мұны ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың өзі мойындаған. «Қазір ұн тартуға жарайтын үшінші сұрыпты бидай жалпы өнімнің 35 пайызын, төртінші сұрып 20 пайызын құрайды. Ал одан төмені жем-шөпке жіберіледі» деген еді министр. Демек, өз жерімізде шыққан бидайдың тең жартысы ғана азық-түлікке жарайды. Бұл өте төмен көрсеткіш. Егер тез арада өнім сапасын жақсартып, жан-жақтағы көршілерімізбен сауданы реттемесек, ел қазынасына қаржы құятын тағы бір бұлақ суалуы мүмкін. 

Қуаныш Қаппас

Тегтер: