Сапаров туыстарына берілген субсидия туралы сұрақтарға жауап берді
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров туыстарының мемлекеттік субсидия алуы жөніндегі сұраққа жауап берді.
Бұл мәселе Үкіметтегі брифингте көтерілген.
Журналистер Сапаровқа 2023 жылы министр қызметіне кіріскен кезде аграрлық салада жұмыс істейтін туыстары мемлекеттік қолдау алмайды деп мәлімдегенін еске салды. Алайда бірқатар БАҚ мәліметінше, оның ағасы Алтынбек Сапаров 2019-2020 жылдары бюджеттен 713 миллион теңге көлемінде қаржы алған. Осыған байланысты журналистер министрдің туыстары кейінгі үш жылда субсидия алды ма деген сауал қойды.
Жауап ретінде Сапаров мұндай сұрақтарға бірнеше рет жауап бергенін айтты.
«Ең алдымен, жеке сұрақтарға талай рет жауап бердім. Интернеттен, YouTube-тен қараңыздар. Өздеріңіз де білесіздер, менің бұл іске қатысым жоқ. Мен құрылтайшы емеспін. Олар өздері біледі, өздері жұмысын істейді. Онда адамдар бар, құрылтайшылар бар. Солардың біреуі шағымданды дегенді естідіңіздер ме? Барлығы өз жұмысын жоғары деңгейде атқарып жатыр. Мен қатыспаймын, білмеймін және білгім де келмейді», — деді министр.
Журналист оның неге бұл мәселені жеке сұрақ деп санайтынын нақтылағанда, Сапаров тағы да бұрын берген жауаптарына сілтеме жасады.
«БАҚ-та менің жауаптарым бар, қарап шығыңыздар. Қазіргі уақытта бұл мәселеге қызықпаймын және білмеймін», — деп қосты ол.
2023 жылдың маусым айында Айдарбек Сапаров Солтүстік Қазақстан облысының әкімі болып тұрған кезде де туыстарының агробизнес жүргізуі туралы сұрақ қойылған еді.
Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте журналист әкімнен жақын туыстарының өңірде ауыл шаруашылығымен табысты айналысуы мүдделер қақтығысын туғызбай ма деп сұраған.
Сол кезде Сапаров ағасының 1995 жылдан бері аграрлық қызметпен айналысатынын, ғалым-агроном екенін және заң аясында жұмыс істейтінін айтқан.
«Ағам 1995 жылы ауыл шаруашылығымен айналыса бастады, өзі – ғалым-агроном, Омбы ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Саланы жақсы біледі. Ешқандай мүдделер қақтығысы жоқ. Барлығы заң аясында», - деген еді ол.
Сапаровтың айтуынша, туысына бөлінген субсидияларды Бас прокуратура да тексеріп, заңбұзушылық анықтамаған.
«Егер қандай да бір субсидия туралы айтып отырсаңыздар, жалған материалдар болды. Барлығын тексерді, оның ішінде Бас прокуратура да бар. Қолданыстағы субсидиялар шеңберінде алады. Артық ештеңе жоқ», — деген болатын сол кездегі әкім.
Сондай-ақ ол өзінің қызметке келуімен туысына «тіпті қиынырақ болғанын», себебі билік бизнеске қойылатын әлеуметтік жауапкершілік талаптарын күшейткенін айтқан.
Кейін, 2023 жылдың қыркүйегінде Айдарбек Сапаров Ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалды.