Сарбас Ақтаев: Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында депутаттар президентті жеңіп шығатын

1990 жылдары КСРО шатқаяқтап, ыдырауға шақ тұрғанда елімізде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінде де өзгерістер орын алып жатты.
90-жылдарда-ақ «Жоғарғы Кеңес билік басында болу керек» деп өзінің органы ретінде «Халық кеңесі» газетін ашты. 1993 жылғы 28 қаңтарда Конституцияға енгізілген өзгерістерден кейін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің орнын бір палаталы Қазақстан Жоғарғы Кеңесі алды. Алғашқыда Жоғарғы Кеңестегі депутаттар президентке бағынбады. Назарбаев айтқан кейбір пікірлермен келіспей қалып жатты. «Сондай кезде көбіне депутаттар жеңіп шығатын еді» деп еске алады «Халық кеңесінің» бас редакторы белгілі журналист, қаламгер Сарбас Ақтаев. Тіпті алғашқыда президент осы кеңеске келіп, есеп те беріп отырған, «ол кезде Жоғарғы Кеңес президентке ықпал ете алатын еді» дейді қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбай. Бірақ 1993-95 жылдары сайланған Жоғары Кеңестің депутаттары кезек-кезек тарап кетті. Жоғарғы Кеңес тарағасын «Халық кеңесі» газеті де жабылып қалды. Дәл осы тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында саяси жағдай ушығып тұрған заманда газет беттерінде түрлі мәселелер көтеріліп жатты. Назарбаевты сынайтын, оның айтқан пікірімен келіспейтін сөздер де жиі газетке басылатын. Сол кезде нелер жазылды, қандай мәселелер көтерілді – мұның бәрі тарих қойнауына сіңіп кетті, қазір оларды архивтегі газеттерден ғана таба аласыз.
«Жас Алаш» сол тарихи сәттердің куәгері болып, егемендігіміздің алғашқы жылдарында журналистиканың бел ортасында жүрген, бүгінде тоқсанға келіп, қазақ журналистикасының ардагері атанып отырған қарт журналист Сарбас Ақтаевпен тілдесіп көрді.
«Балтық бойындағы үш республика егемен ел боламыз» деді
1990 жылдары «Жоғарғы Кеңес биліктің басында болуы керек» деген ұран көтерілді де, халық депутаттары баламалы түрде сайланып, Мәскеуде халық қалаулыларының съезі болды. Жариялылық дегеннің қайнап тұрған кезі еді. Мен ол кезде «Егемен Қазақстанда» бас редактордың бірінші орынбасарымын. Ал бірінші орынбасар Мәскеудегі съездерге қатысуға құқылы. Ол жерде барлық депутаттар пікірлерін ортаға салады. 90 жылдары Балтық бойындағы үш республиканың депутаттары «елімізге егемендік әпереміз, одақтан шығамыз» деп табандап отырып алды. КСРО конституциясының 6-бабында «Кеңес партиясы қоғамның қозғаушы күші» деген тармақ бар. Әлгі жерде осы жөнінде тартыс болды. Мен «Егеменге» «6-бабтың төңірегінде айтыс» деген мақала жаздым. Бұл 1990 жылдың 8 ақпанында жарияланды. Аталған мақаламда «республикалар суверенитет талап етіп отыр» деген сөзді, «егемендік» деп жазып жібердім. Бұл жөнінде талай даулар да болды. Бірақ мен жазған сөз кейіннен егемен болып лексиконымызға сіңіп кетті. Артынан «Социалистік Қазақстан» «Егемен Қазақстан» болып жаңарды.
Сол кезде Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі өзінің баспа органын шығаруды қолға алды. Ақылдасу барысында атауын «Халық кеңесі» деуге тоқталдық. Бұл да тегін емес еді. «Халық кеңесі» деген қазақ даласына әбден сіңісті ұғым. Баяғыда Сырым Датов «Халық кеңесі» деген құрылтай өткізіп, соған әр рудың, әр жүздің басшыларын шақырып ақылдасқан. Соның аты біздің газеттің атауына айналды. Бұл газетті басқаруды маған жүктеді. 1990 жылы сәуірде аяқ астынан бір жұмада газет шығаруды бастап, сессияға алып шықтық. Бұл газет тәуелсіздіктің алғашқы қарлығашы болды. Жоғарғы Кеңестің алғашқы кеңесіне атақты жазушылар, ғалымдар, экономистер мүше болды. Олар егемендік туралы сөз болып жатқаннан кейін тың пікірмен алғашқы сессияға келді. Олардың пікірін негіз ете отырып, біз мақала да жарияладық. Сөйтіп, газетіміз жұртшылықтың жүрегіне бірден жол тапты. Алғашқы жылы-ақ 80 мың данадан асып тарады.
Қазақстанда да президент болу керек
Ол кезде барлық республикалар егемендігін алуға ұмтылып жатқан кез. Президент лауазымын енгізіп жатты. Біз де газетіміздің алғашқы нөмірінде-ақ «Орталық комитеттің бас секретары президент болады, Қазақстанда да президент болу керек» деген идеяны көтердік. Екіншіден, әлемде адам құқығының халықаралық декларациясы 1949 жылы қабылданған. Ол «Известия» газетінде жарияланыпты. Біз соны тауып алып, бірінші нөмірге аударып бердік. Аударма барысында «бап, құқық» деген сөздерді қолдандық. Бұл біздің баспасөзде бұрын болған еді. Соны қайтадан тірілттік. Қазір бұлар сөз қолданысымызға сіңіп кетті. Артынан еліміздің егемендігі туралы декларация қабылданғанда біздің әлгі енгізген сөздеріміз соны негізгі терминдеріне айналды.
90 жылдардың аяғында «саяси тәуелсіздік керек, егемендігімізді аламыз» деген сөздер депутаттардың да аузымен, қоғам арасында да айтылып жатты. Оның бәрін біз газетке жариялап отырдық. Ол кезде көтерілмеген мәселе жоқ. Себебі саяси ахуалымыз ушығып тұрды. Тіл мәселесі де айтылып жатты. Біз де тілді жұртшылықтың таразысына салып, кезекті сессияда «Қазақ тілі мемлекеттік тіл болуы керек, орыс тілі ұлтаралық тіл болуы қажет» деген мәселені де көтердік. Бұл жөнінде әсіресе Қадыр Мырзалиев пен Мұхтар Шахановтар өте белсенді болды. Ақыр аяғында депутаттардың көпшілігі дауыс беріп, тіліміз мемлекеттік мәртебе алды. Тағы бір мысалын айтайын, жергілікті жерлерден редакциямызға хаттар толассыз келіп жататын. Сондай хаттың бірінде «Қазақстанның астанасы орталық жерде болу керек, Алматы шет және шекараға жақын» деген мақала түсті. Біз оны жарияладық. Артынан бұл мәселе шынында да мемлекеттік маңызға ие болып, Астанамыздың Ақмолаға ауысуына себепкер болдық. Тәуелсіздіктің алғашқы жылында мұндай көтерілген мәселе көп.
«Егемен Қазақстан» партия тарағанша комитеттің органы болып келді. Ал ресми аталмағанымен «Халық кеңесі» бас газет саналды. Оның бас газет болған дәлелін айтайын. Себебі дәл осындай басылымды Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан да шығарды. Оларда партияның газеті жабылды да, жаңадан ашқандары негізгі газетке айналды. Демек, бұл да біздің газеттің бір бедел алғанын білдіреді. Алайда біздің газет «Егемен Қазақстанның» алдын орап кете берді ме, әлде, депутаттардың пікірін арқау етіп, қоғамдағы келеңсіздіктерді жазатынынан ба немесе сессия кезінде депутаттардың сөздерін беріп отыратындықтан ба (ол сөздер басшылардың қытығына тиіп кетіп жататын) «мынадай республикаға екі үлкен газет артық, тарихи рөлі бар «Егемен Қазақстан қалсын» деп «Халық Кеңесін» жауап тастады.
Депутаттар Назарбаевты жеңіп шығатын
Алғашқы кезде баспасөзде Назарбаевтың атына сындар айтылып жүрді. Депутаттар оның кейбір пікірімен келіспей қала беретін. Мысалы, астананы Ақмолаға көшіру иедясын бірінші Назарбаев қолдады. Ол кезде Назарбаев ай сайын не тоқсан сайын газет басшыларын шақырып, ақылдасып отыратын. Сондай жиынның бірінде ол «астананы орталыққа көшіру керек, қай жер қолайлы?» деген пікір айтты. Кейіннен сессияда осы пікірін айтқанымен, депуттаттар оны қолдамады. Сөйтіп президенттің ұсынысы қабылданбады. Содан кейін Жоғарғы Кеңес тарап кетті де, орнына екінші сайланған Жоғарғы Кеңес президент бұл ұсынысты қайта айтқанда мақұлдады. Бұдан кейін астана Ақмола болу керек деген қаулы шықты. Міне, осындай президентке қайшы пікірлер туып қалып жатты. Сонда депутаттар көбіне жеңіп шығып отырды. Ал біз солардың «рупоры» болдық, халық қалаулыларының пікірін жұртқа тарата білдік.
Тәуелсіздік ата-бабамыздың арманы. Декларация жарияланғаннан бастап біз Қазақстанды егемен ел деп санадық. 1991 жылдың желтоқсанында сол пікіріміз бекіп, ресми құжатқа айналды. Сөйтіп тәуелсіздік жарияланды. Біз халықтың арманы жүзеге асты деп қуандық. Бірақ алғашқыда тәуелсіздікті теріс ұққан адамдар да болды. Кейбіреулер соны «тәртіпсіздік» деп атады.
Жоғарғы Кеңестің тарауына азулы сындар, ашық айтыстар себеп болды
Тәуелсіздік – аяғың жеткен жерге дейін жүріп, аузың жеткен жерге дейін сөйлеу емес. Тәуелсіздік – әсіре еркіндік емес, өзіңнің тәуелсіз екеніңді біле отырып, азаматтық парызыңды, міндетіңді ұға білу деген сөз. Сонда ғана тәуелсіздік гүлденеді. Қазіргі халықтың мүлкін талан-таражға салу деген ол кезде де қозғалды. Жоғарғы Кеңестің бір палатасы халықтың мүлкін талан-таражға салып жатқандарды ортаға салып, кемшіліктерін бетіне шыжғырып басатын мүмкіндігі болды. Бірақ алғашқы кеңес тарап кетуіне сондай азулы сындар, ашық айтыстар себеп болды деп ойлаймын. Газетте де бұл мәселеге қатысты көп мүмкіндік берілді.
1991 жылы тәуелсіздігімізді соңынан жарияладық емес пе? Газет беттерінде «неге кеш жариялап жатырмыз, егемен ел атанатын уақыт келген жоқ па?» деген пікірлер жиі айтылып жатты. Басшылар кеңес үкіметін иемденіп, жаңа одақ құрамыз деген дәмемен жүріп қалды. Соның кесірінен тәуелсіздік кешірек жарияланды. Оған жұрт бірінші басшыны кінәлады. Меніңше, жел болмаса шөптің басы қимылдамайды ғой. Сондай бір ортақ пікір болмаса, бұл сөз де шықпас еді. Жалпы кешігуімізге басшылық кінәлі болды.
Ал тәуелсіздігіміз жарияланар тұста саяси ортаға белсене араласа білген «Халық кеңесін» сақтап қалуға да болар ма еді деп ойлаймын. Бірақ оған қаржылық жағдай мүмкіндік бермеді. Қазір біздің газет өрісін кеңейте алмаған тақырыптарды «Жас Алаш» көтеріп жүр. Мен газеттің бір мерейтойында «Жас Алаш» менің арманымның газеті» деп айтқаным бар. Сол басылымда қызмет істеу маған бұйырмапты. Менің тағдырыма Тәңір кілең партиялық газеттерде жұмыс істеуді жазыпты. Әлі күнге дейін «Жас Алашқа» деген жүрегімдегі тамырлар бүлк-бүлк етіп соғып тұрады. Өткен ғасырдың 40-жылдарының аяғы болу керек, «Жас Алашта» Сырбай Мәуленов, Бүркіт Ысқақов, Жұбан Молдағалиевтердің суреттерін қатар басып, жоғарғы жағына «біздің белсенді авторларымыз» деп жазған материалы болатын. Сол сурет әлі менің көз алдымда. Мені журналистикаға, қаламгерліктің қасиетті жолына шығарып салған «Жас Алаштың» сондай мақалалары еді.
Жазып алған Бек Раушанұлы