Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:12, 02 Желтоқсан 2025

Сарбаз Алмас Шахимовтың өлімі бойынша кінәлі жазадан босатылды

Шахимов
Фото: скриншот

Ұлттық ұланда қызмет еткен сарбаз Алмас Шахимовтың қаза болуына қатысты іс бойынша айыпталған взвод командирі Дәурен Байызбековке үкім шықты.

Сот Байызбековті «Қызметке салғырт қарау, ауыр зардаптарға әкелу» бабымен кінәлі деп таныды. Алайда қылмыстық оқиға орын алғанына екі жыл өткендіктен, оны жазадан босату туралы шешім қабылданды.

Еске сала кетсек, Алмас Шахимов 2022 жылы Ұлттық ұланға шақырылып, небәрі екі айдан кейін қаза тапты. Сол кезде оның өліміне құмды дауыл кезінде құлаған шатыр себеп болды деген ақпарат тараған.

Айта кетейік, Алмас Шахимов 2022 жылдың көктемінде Көкшетаудан әскерге шақырылып, Алматыдағы Ұлттық ұлан сапында қызмет атқарған. Алайда екі айдан соң үйіне табытпен оралды.

Әскерилердің ресми нұсқасы бойынша, Шахимов 2022 жылдың 10 тамызында полигонда өткен далалық оқу-жаттығу кезінде қатты жел салдарынан құлаған шатыр темірінің астында қалып қаза тапқан.

Ресми хабарламада:

«Жел күшейіп, шатыр қалашығы бұзыла бастаған. Шахимов соңғы болып сыртқа шығып жатқан сәтте шатырдың темір бөлігі басына құлады», - делінген.

Алайда сот-медициналық сараптама қорытындысы бұл мәлімдемені жоққа шығарды:

жас жігіттің денесінде пышақ іздері, 26 түрлі жарақат, қылғындыру белгілері және темекіні күйдіріп басқан іздері табылған.

Анасы:

«Баламды үш жерден пышақтаған, арқасы күйіп қалған, мойыны сынған. Мұндай жарақатты үш минуттық дауылдан алу мүмкін емес. Бұл – ұзақ азапталғанның белгісі», - деп мәлімдеді.

Қазіргі таңда іс Қылмыстық кодекстің 453-бабы 2-тармағымен қаралып жатыр. Істе жалғыз күдікті – Алмастың тікелей командирі Дәурен Байызбеков.

Индира Туғанбаева:

«Олар баламды өлтіріп, бәрін дауылға жауып қоймақ болды. Ал кінәлі командирді бір жылға ғана соттағалы отыр. Оның өзі шартты жазаға айналуы мүмкін», - дейді.

Ата-анасы жеңіл жазаға келіспей, сотқа қатысудан бас тартқан.

Алмас Шахимовтың өліміне қатысты айтылған ең даулы мәліметтер – сарбаздардың өзара жазған хаттары мен әскерден кеткен офицерлердің сөзі.

Анасының айтуынша, бірнеше дереккөз Алмастың «түрмеге ережесіз жекпе-жекке» апарылғанын айтқан.