Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 21 Шілде 2022

Сарқытбайдың кітабі

None
None

Аспанқора тауында қыстап қалғанбыз. Біздің киіз үй тас қорасы бар биік қара жартас қалқасында.

Әкем бойдақ қой бағады. Сайда бетіне мұзы қатпайтын ашулы өзенге түсте отарын айдап апарып суарып, күнгейге жайып шығады. Өзеннің арғы қабағы Қақпатас, ары қарай          Кішісаз, Үлкенсаз, Құлансаз деген жазда ұлан жайлау болатын алып таулар қырғыздарға дейін жалғасып кете береді. Тау іші жылы, күнгейлер алағаржақ, тұнып тұрған от.

          Жаңа жылға қарсы әке-шешем бір семіз тананы соғымға сойып алған. Түскі тамағымызды алдымызға ала бергенімізде екі итіміз қосарлана үрді. Темір пешке қақталып, арқасына тонын жамылып отырған әкем терін орамалмен сүртініп, далаға шықпақ болғанда бір адам аязды арқалай кіріп келді.

          Әкем қалбалақтап ұшып тұрып сәлем берді.

–Ассалаумағалейкөм Сәке! Қане жоғары шығыңыз! Төрлетіңіз. Мақтап

жүреді екенсіз, түскі шәйға жаңа отырып едік. Нариман қане ағаңның қолына су құй, жуынып алсын. Бұл кісі Сарқытбай деген сенің мұғалімің болады.

Сақал-мұрты қалқиып өскен, төртбақ кең жауырынды кісінің көзі өткір

екен. Тура тесіліп қараса денең дір ете қалып, жанарыңды алып қашасың.

–Қаншадасың балам?

–Жетіде.

–Жігіт болыпсың ғой, енді оқуға дайындал.

– Атың кім?

– Нариман.

– Әп, бәрекелді. Қолға су құйып, алғыс алғаның жөн, балам.

Шешем шәйді шоққа демдеді. Сүтпен берген шәйді келген кісі терлеп-

тепшіп ұзақ ішті.

– Сәке, итқұс қалың. Жақында ғана үш қойымды тамақтап кетті, – деп

әкем өз жағдайын айта бастады.

– Қапаш, қазір жүр, екеуміз Қапсаланның үңгіріне барып келейік. Біздің елде жеті атасынан бері аңшылық кәсібі үзілмеген Қапсалаң деген атақты аңшы, мерген болған. Соғыстан бұрын Мәскеуге көрмеге барған, аю алатын дәу қақпанын сол жаққа музейге алып кеткен. Міне, сол кісінің қия жартастың астын жарып салған үңгірі бар. Қалың тікенді тоғайдың ішінен көрінбейді. Түнде шаршап-шалдығып сонда түнейін деп келсем, әлгі үңгірдің аузын тырмалап ашса керек, бір қасқыр апан жасап алыпты. Есігінің ашық қалғанын көріп, мылтығымды дайындап, жақындай бергенімде, арс етіп шықпақ болғанда, қақ маңдайынан тарс еткізіп атып салдым. Әлгі қасқыр сылқ етіп үңгір ішіне құлап түсті. Есік жағын қайта бекітіп, ішіне мызғып алайын десем, түні бойы үйірлі қасқыр торуылдап шықты. Таң атқан соң аузын тастармен бекітіп кеттім. Жылда қысқы демалыста тау-тауды аралап, аңшылық ететін әдетім бар.

Шәйға әбден қанған Сарқытбай қайта киінді, далаға бірге шықсам, сыртта мылтығын белдеуге іліп қойыпты.

Күпәйкесінің  сыртынан жалпақтығы төрт елі қайыс белдігімен тас буып алған Сарқытбай мылтығын ары-бері қарап, шүберекке ысқылап сүрте бастады. Кенет зүмірет тауларға, ақ сәукелелі  сеңгір-сеңгір шыңдарға жағалай тесіле қарады.

– Қапеке, баяғыда бұл тауда аң-құс дегенің өріп жүретін. Әр сайдан бүкеңдеп  аю,  мәлін, сілеусін, қасқыр, түлкі, елік, арқар дегенің  тұра қашатын. Шо-шоқ тобылғы мен тікеннің түбі құрқылдаған кекілік, ұлар, бөдене, қырғауылдарға толы, семіздігінен ырсылдап, ұша алмай бишігімізбен ұрып алатынбыз. Енді қарашы?.. Соғыстан келсем, тып-типыл, қолға үйретілген малша үйір-үйірімен жүретін қалың аңнан түк қалмаған. Білесің бе, соғыс кезінде  охотосовхоз ашып, аңшылар бүкіл  Алатауды  тіміскілеп, сай-шұқырын қалдырмай бәрін қырып тастапты ғой. Аюлы, Бұғылы, Арқарлы  деген  тау аттары  ғана қалды. Тұқымға да қалдырмаған,  кейінгілерге осындай  аң-құстар  бұл өлкеде болған десе, әй, сенбейді-ау! Заман да, адам да қатігез болып барамыз-ау?

Мылтығын көлденеңдей ұстаған қапсағай денелі ылдым-жылдым  мұғалім мен қызыл өгізін жетектеп, ақсаңдай  басқан әкем төменге түсіп кетті.

Өркеш-өркеш тауларға таңдана қарап тұрып қалдым. Мына құлпырған төрткүл әлем тәрк болады-ау, жан-жануарлар, аң-құстар қырылып-жойылып,  аспан асты, жер үсті қаңырап қалады-ау дегенге  әсте сенгім келмейді. Әкем шаңырақ мүйіз жуас өгізін жетектеп алды. Шешем соғымның етін қазанға салып, үй-ішін жинастырып, төрге екі қабат көрпе төседі.

***

Дәу барақ екі итіміз шабалана үргенін естіп, сыртқа шықтым. Қырқадан әкемдер көтеріліп келеді екен. Кенет өршелене арпылдаған екі ит қыңсылап, құйрықтарын қысып, кері қарай зытты. Өгіздің қос қапталын жапқан шұбатылған қасқыр терісін көріп, олар сайға қарай безіп жоғалды.

– Мынау қасқырдың қаншығы екен, қасқырдың ұрғашысын құртқа деп атайды. Ішінен бес күшігі шықты. Оны да алып алдым. Өкіметке-заготскотқа өткізсем оның әрқайсысына 10 сомнан, ал мынаның терісіне 50 сом төлейді. Кеше жолай тұзақ құрып кетсем, мына үш кекілік түсіп қалыпты. Келінжан, өзің реттеп, балаларға жеңсік ас қой, пісіріп берерсің, – деп дорбасын  шешеме берді.

Ет желініп біткенде әке-шешем далаға шығып кетіп еді, әкем тайдай тыпырлаған дөнен қойды ұстап:

– Сәке, күнде келетін жан емессіз. Өлі етпен жібере салмаймыз. Бата беріңіз, сыбағаңызды жеп қайтасыз.

– Онда мен кішкене жатып көз шырымын алып алайын.

Ал, бата берейін:

Иә, Құдай қолдасын,

Ақ жолына бастасын.

Үйіңе кіріп береке,

Көп болсын Сізде мереке!

Жақсылық болсын жолдасың.

Асқар,  асқар, асқар тау,

Арманға жол ашады.

Сеңгір, сеңгір, сеңгір тау,

Қиялды алып қашады.

Салқар дала, сар дала,

Сайын мұнар, кең дала.

Құлашын кеңге сермейтін,

Нариманда болсын ой-сана!

Аумин, – деп мен бұрын естімеген бата берді.

Ол кісі сол қос құрақ көрпе үстінде қисайған күйі ұйықтап кетті. Әкем үстіне сеңсең қызыл тонын жауып, басына жастық қойды.

Кешке жетілік шамды ортаға пырылдатып жағып қойдық. Кереге басына аспалы шам ілініп, үй іші кәдімгідей жарық боп қалды.

Мылтығын тазалап, ас ішкен соң, Сарқытбай:

–Үйде домбыра бар ма? – деді.

–Жоқ еді, – деп әкем міңгірледі.

–Әр үйде домбыра мен кітап болуы керек, – деп, мұғалім мен жаққа қарап қойды. Шіркін-ай, ән-күйге құмармын, әттең домбырам жоқ, үйреніп алар едім.

– Онда қолыма ұстап отыратын таяқ әкеліңдер, – деп еді әкем малға ұстап жүрген қабығы сыдырылған ақ таяғын ұсынды.

Сарқытбай ақ таяқты алдына домбыра секілді көлденең ұстаған қалпы, сабалап-сабалап алды да бір жырды бастап кеп кетті. Алғаш дауысы қарлығыңқылау көрініп еді, екі-үш айқайлап алған соң, жорға мақамға ауысып, бүлкілдеп, селкілдеп алды да кетті.

– Мен жыршымын ғой. Соғысқа қара домбырамды алып бардым, бірден үгіт бригадасына қосып, ән-жыр айтып, солдаттардың көңілін көтеріп жүрдім. Келінжан, маған ащылау етіп қара шәй құйып беріп қой. Алдымен «Алпамыс» жырын айтып берейін, – деп жырды бастап та кетті. Ол – дастандағы әр адамның болып, дауысын салып, бірде күліп, бірде батыр боп қаһарланып, бірде тұлпардың шабысын айтқанда өзі шауып бара жатқандай екі жағына теңселіп, бөксесімен қозғалып, төрден есікке, есіктен төрге жорғалайды.  Шабыттанып, шаттанып, шырқап ара-арасында Алпамыстың ерлігін айтқанда арқаланып, тіпті жайнап, маймаң қағады. Ал басына күн туғанда күңірленіп, күрсініп сан алуан аһыл-уһілге салып, сарнап, сарғайтып жүйке жүйкеңді босатады. Ұлтанқұл Алпамыстың баласы Жәдігерді көкпар етіп, қорлық көрсеткенде пысылдап, еңкілдеп жылап қалдым. Шешем де мырсыңдап, көзін орамалының шетімен сүрткіштейді.

Сарқытбай түнімен ақ таяқты сабалап, бір орында байыз таппай, екі иығын ойнатып, дауысын сан құбылтып сорғалатып, жорғалатып «Қыз Жібекті» айтты.

Терін сүртіп, ыстық ащы шәйді ұрттап алып:

–Шаршаған жоқсыңдар ма? Түн жарымы артта қалыпты ғой, – деп бәрімізге сынай қарап қояды. –Мыналар ұлып, торауылдап қоймады-ау, – деп бердеңке мылтығын алып сыртқа шығып кетті. Тып-тынық тау түнін жаңғырта екі мәрте тарс-тарс еткен мылтық дауысы естілді.

– Көкжал арланын жараладым, ол көп ұзамай қаңсырап құлап, өледі. Ал қалғандары зытып жоғалды, олар түгел күнгейге, қырғыз ауып кетеді. Қапеке, енді итқұс дегенің бұл араға жоламайды. Менің көзімнің алмасы ерекше өткір, үкі секілді түнде де анық алыстағыны дәл көремін. Ал күндіз тіпті дүрбі салып әуре болмаймын. Мына тауда тұрып, қарсы таудың баурайында жайылып жүрген еліктерді көріп қоямын. Мына менің екі көзімнің арасы бес сантиметр, соғыста снайпер болдым, атқанымды құр жібермеймін. Аңшының екі аяғы қашқан аңды қуып жетуі керек, атқанын сеспей құлататын мерген болуы керек. Құрдасым Жауынбай деген аңшы екеуміздің қалжыңдап ойнаған қызық  оқиғамды тағы бірде айтып берейін. Шаршаған жоқсыңдар ма?

– Жоқ, – деп әке-шешем үшеуміз бірден шу ете түстік.

– Онда қайсысын айтайын? Қобыландыны ма, әлде Қамбар батырды айтайын ба?

– Қобыланды батырды айтыңызшы – деді шешем білетіндігін танытып.

Сары таңға Сарқытбай аға ақ таяқты сабалап жыр айтты. Шаршап, шалдығу  деген жоқ, тіпті арынын үдетіп, Тайбурылдың шабысына келгенде, өзі үстінде шауып бара жатқандай екі қолын екі жағына сермеп, теңселіп, жорғалай жылжып, екпіндеп құйқылжыта төгеді.

Тұлпар шабысына шабыттанып, желпініп, желдіре шырқағаны-ай сол бір түнде.

–Аға, ас дайын еді, – деп шешем бір-екі мәрте ескертіп еді, басын шұлғып, ырғалып отырған ол жырын үзбей төкпелей берді.

Қобыланды батыр жырын бітіргенде барып бәріміз тым-тырыс отырып қалдық. Таң бозымықтанып атып келеді.

– Ал тамақтарыңды әкеліңдер енді, – деп ары ысырылып отырып, қолындағы ақ таяқты керегеге сүйей салды. Үстіне жаңа сойылған қойдың басын қойып, үйме табақ ет әкелінді. Қатық қосқан сорпадан екі кесе ішіп алған соң:

– Мен ауылға түсейін, – деді.

– Демалып, ұйықтап алмайсыз ба?

–Жо-жоқ, мен өлең-жыр айтсам қуаттанып, нұрланып, шаттанып кетемін. Күні-түні айтсам да шаршамай қайта күш-қуат алып, ұйқым шайдай ашылады. Ал көп уақыт айтпай қалсам, ішім толып, шерленіп, күбірлеп-жыбырлап қиялиланып, ұйқым бұзылады. Ондайда шырт етпе ашуланшақ боп кетемін. Аңшылар құс ұйқылы болады.

– Аға, осыншама жырды қалай жаттап алдыңыз? – деп шешем бүйірден сұрақ қойды.

– Қарағым, келінжан. Мақтанғаным емес, мен бір рет естісем, не бір рет оқысам болды көкейімде жатталып қалады. Бір сөзін бұзбай, шатастырмай мәнерлеп жырлап беремін. Бұл маған Құдайдың берген сыйы, – деп сала-сала ірі саусағымен тақыр басын сипады.

Шешем бұрыштағы көк сандығын ашып, бірнәрсе алып, Сарқытбайдың алдына қойды.

– Аға, мына кительді киіп кетіңіз.

– Ау, мынаның матасы өте қат қой.

– Иә, Қарғалыдағы Қапаштың інісі әкеп берген еді.

Жыршы үстіндегі күпәйкесін шешіп тастап, кительді киген еді, тұп-тура шақ екен.

– Мына Нариман балаң түні бойы кірпік ілмей аузыма кіріп кетердей ұйықтамай жыр тыңдады. Зерек, зердесі бар. Қапаш, көресің осы ұлың атыңды шығарады, – деп мені қаңбақ құрлы көрмей, тік көтеріп алып, бауырына басып, маңдайымнан сүйді. Өсіп кеткен сақал-мұртының түгі шекеме тікендей қадалды.

Қос мүйізі арбиған шеңберек қарын жуас қызыл өгізге әкем мініп, артында сала құлаш қасқыр теріні бөктерге байлатып, Сарқытбай аға жетектеп жолға шықты.

–Ұят болды ғой, аға Сіз мінуіңіз керек еді, – деп шешем кеше сойылған қойдың қалған етін қоржынына салып берді.

–Қапаштың бір аяғы кем ғой, соғыста жаралы болған. Мына балалардың бағына тірі қалған ғой, қарғыс атқыр соғыстың біткеніне де міне, он екі жыл болыпты-ау, – деп шешемнің етегіне жармасып тұрған екі қарындасымның басынан сипады. – Мен охотаға жаяу шығамын, әлі күнге дейін балалармен жарысып, озып кетемін.

Екіқабат шешем олар қыр асып кеткенше қарап тұрды да, мені мейірлене құшақтап, сүйіп-сүйіп алды. Мен оның омырауына басымды төсеп, рахат-пейіш әлеміне кіргендей болдым. Ананың мейірім-шапағатынан артық не бар десеңізші?!

Әкем кешке қараңғылық үйірілген шақта келді. Шешем шеңберек қарын қызыл өгізден сүйеп түсіріп алып, үйге сүйемелдеп кіргізді. Екі беті алаураған, көзі жіпсиген әкем қызу:

– Нариман, а, Нариман! Саған мұғалімің мынаны беріп жіберді, – деп тонының омырауын ашып, қолтығынан ораулы бір зат ұсынды. Шешем екеуміз әлгінің орауын жазып қарасақ, – қалыңдығы үш елі үлкен, жалпақ қоңыр кітап.

– Батырлар жыры – деді шешем шамға жақындатып қарап.

Күнде түсте де, кешке де қайран асыл анам әкем екеумізге әлгі жуан кітапты алдына алып, мәнерлеп тұрып оқитын болды. Әппақ матадан дорба тігіп, бұл кітапты қалған уақытта соған салып, төрге іліп қояды.

Шөп сарғая бастаған қоңыр күзде шешем шырттай киіндіріп, жетектеп мектепке алып келді. У-шу балалар ортасында мөлдір қара мақпал матадан тігілген, жап-жаңа біз берген құлпырған китель киген Сарқытбай мұғалімнің дауысы саңқ-саңқ шығады.

– Нариман Қапашев келдің бе? Енді Баласаров Садабайдың жанында боласың, – деп көк көз, сары балпиған баланың қасына қолымнан ұстаған күйі жаңа сырланған партаға әкеп отырғызды.

Сарқытбай мұғалімім берген сол «Батырлар жыры» кітабы ақ дорбада төрімізде ең құнды дүние болып шешем қайтыс болғанша ілулі тұрды. Қаншама қағаз жазып, архив ақтардым, нөпір кітап оқыдым. Бірақ сол Сарқытбай ағай берген «Батырлар жырындай» бірде-бірінің керемет әсері болмады-ау...

Тегтер: