Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 10:02

Сәрсекбаев сыналар сәт

Сәрсекбаев
Фото: ашық дереккөз

30 шілде мен 12 тамыз аралығында Бангкок (Тайланд) қаласында бокстан жастар арасындағы Азия чемпионаты өтеді. Бұл – World Boxing федерациясы ұйымдастырып отырған алғашқы құрлық біріншілігі. Әуесқой бокс әлеміндегі су жаңа ұйым бұған дейін жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатын және бірнеше сериядан тұратын әлем кубогын ғана өткізген.

Құрлық чемпионатына 25 елден 396 боксшы (237 ер және 159 қыз) қатысады. Атап айтқанда, Тайланд төрінде Қазақстан, Ауғанстан, Филиппин, Гонконг, Үндістан, Индонезия, Иран, Ирак, Жапония, Оңтүстік Корея, Сауд Арабиясы, Қырғызстан, Малайзия, Моңғолия, Непал, Қатар, Қытай, Сингапур, Шри-Ланка, Түркіменстан, Өзбекстан, БАӘ, Въетнам және Бутан боксшылары бақ сынайды. Біздің елдің атынан бұл сынға 19 спортшы (10 ер және 9 қыз) барады.

Бұл Азия чемпионатында қазақ жанкүйерлері баса назар аударып отырған тағы бір интрига бар – 22 жасқа дейінгі жастар құрамасын Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев жаттықтырады. 2024 жылғы Париж Олимпиадасындағы сәтсіздіктен кейін Сәрсекбаев қазақстандық боксшыларды қатты сынаған. Сол кезде жұрт арасында ұлттық құрамаға Сәрсекбаев бас бапкер болсын деген ұсыныс айтылған. Бірақ федерация басшылары Олимпиада чемпионына мұндай үлкен міндет жүктеген жоқ. Бірақ ол қосалқы құрамды жаттықтыру мүмкіндігіне ие болды.

Сәрсекбаев бұған дейін 11–23 мамыр аралығында Коломбода (Шри-Ланка) өткен жастар арасындағы Азия чемпионатына шәкірт апарып, толағай табыспен оралған. Бірақ ол турнир Халықаралық бокс федерациясының (IBA) ұйымдастыруымен өткен. Шри-Ланкадағы жарыста оның басшылығымен қазақстандық боксшылар 10 алтын, 2 күміс медаль жеңіп алған болатын.

Бірақ жанкүйерлер ол бәсекенің бәсі төмен болды деп санайды. Өйткені турнирге Жапония, Қытай, Тайланд спортшылары қатысқан жоқ. Өзбекстан 3 боксшы ғана жіберді. Ал Қазақстан құрамасы турнирге 50 спортшы апарып, 48 жүлде жеңіп алды. Бірақ кім не десе де, құрлық біріншілігінде жүлде салу оңай емес. Шри-Ланкада медаль алған өрендеріміздің еңбегін жоққа шығармаймыз.

Ал Бангкокте өтетін турнирдің деңгейі мүлде бөлек. Оны күні батып бара жатқан IBA емес, World Boxing ұйымы ұйымдастырып отыр. Құрлықтағы кіл мықтылар қатысады. Демек Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаевтың да, оның шәкірттерінің де нағыз сыналар сәті – осы.

World Boxing турниріне қатысатын Қазақстан жастар құрамасының тізімі айтарлықтай өзгерген. Құрамда Шри-Ланкадағы Азия чемпионатында топ жарған 3 боксшы ғана бар. Атап айтқанда, Нұрислам Қалдыбаев (60 келіге дейін), Аман Қонысбеков (75 келіге дейін) және Азатбек Жолдасхан (85 келіге дейін) жаңа ұйым туы астында да құрлық чемпионы атануға тырысады. Сондай-ақ команда сапында Санжарәлі Бегалиев, Бексұлтан Боранбек (екеуі де 2024 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионы), Нұрзат Оңғаров сынды тәжірибелі боксшылар бар.

Қазақстан құрамасының (U22) тізімі:

50 келі. Нұрзат Оңғаров

55 келі. Бексұлтан Боранбек

60 келі. Нұрислам Қалдыбаев

65 келі. Илья Калинин

70 келі. Нұрбек Мұрсал

75 келі. Аман Қонысбеков

80 келі. Санжарәлі Бегалиев

85 келі. Азатбек Жолдасхан

90 келі. Темірлан Мұқатаев

+90 келі. Нұрасыл Асылхан

Қазақстан қыздар құрамы U22:

48 келі. Гүлназ Бөрібаева

51 келі. Томирис Мырзақұл

54 келі. Элина Базарова

57 келі. Виктория Байдукова

60 келі. Әсем Таңатар

65 келі. Аружан Жаңабаева

70 келі. Бақыт Сейдіш

75 келі. Шұғыла Нәлібай

80+ келі. Әсел Тоқтасын.

Бұрымды боксшыларды Елдос Сайдалин жаттықтырады.

Қазақстан құрамасы осы турнирде сәтті өнер көрсетсе, Бақыт Сәрсекбаевтың ұлттық құрама бапкерлігіне кандидатурасы беки түспек. Қазірдің өзінде оны бас бапкерлікке ұсынып жүргендер бар. Мысалы, мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов Сәрсекбаевтың қызметін жоғары бағалап, оның бас команданы жаттықтыруға дайын екенін айтты.

Жақында әлеуметтік желіде қызық видео тарады. Сәрсекбаев Азия чемпионатына аттанар алдында шәкірттеріне өзі Олимпиадаға алып барып, чемпион болғанда көтерген туды табыстапты. Яғни жас жігіттерге «сендер де менің жолымды қуып, чемпион болыңдар» деп ықылас танытып отыр. Жанкүйер қауым оның осы әрекетін жылы қабылдады. Ғасыр басындағы даңқты қазақ бокс мектебін көрген маманға үміт артып отырғандар көп. Нәтиже қандай боларын алда көре жатамыз.

Айта кетейік, World Boxing халықаралық бокс федерациясы 2023 жылғы сәуір айында құрылып, әлемдік аренада IBA-ның орнын басты. Қазір World Boxing-ға әлемнің 111 құрамасы мүше болып отыр. Қазақстан ұйымға 2024 жылы 4 қарашада қосылды. Федерацияның алғашқы жарыстары 2023 жылдың екінші жартысында өте бастаған, 2024 жылы қазанда АҚШ-тың Колорадо-Спрингс қаласында алғашқы әлем чемпионатын өткізді, оған 19 жасқа дейінгі спортшылар қатысты. Ал ұйымның ересектер арасындағы алғашқы әлем чемпионаты биыл 4–14 қыркүйекте Англияның Ливерпуль қаласында өтеді.

Қуаныш Қаппас

Тегтер: