Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:32, 20 Ақпан 2020

Сарытеректегі наразылықтан кейін Зайсан тұрғындары облыс әкімімен кездесті

None
None

20 ақпанда Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының орталығы Зайсан қаласында наразы тұрғындар облыс әкімі Даниал Ахметовпен кездесті.

19 ақпанда осы ауданға қарасты Сарытерек және Айнабұлақ ауылында тұрғындар Майқапшағай шекара бекеті арқылы Қытайдан бері қарай өткен бір топ жолаушыны осы елдімекендерге әкеліп, карантинге жатқызуға қарсылық білдірген.

Бейсенбі күні әкімдік ғимаратының алдында әкіммен кездескен тұрғындар шекара бекетін жабуды, жолаушыларды карантинге жатқызбауды талап етті. Тұрғындар Қытайдан келгендерді Зайсан қаласына да орналастыруға қарсы болды. Ал облыс әкімі Даниал Ахметов халықты сабырға шақырып, тұрғындардың арыз-шағымын тыңдады. Оның айтуынша, әзірге бірде-бір жолаушы карантинге жатқызылмаған. Ол мәселені шешу үшін үш күн беруді сұрап, 24 ақпанда осы жерге келіп, тұрғындармен кездесетінін айтты.

Сарытерек ауылының Айболат Қасенов есімді тұрғынының айтуынша, 19 ақпанда наразы халық карантин үшін әзірленген амбулаториядағы кереуеттерді сыртқа шығарып тастап, жолаушыларды әкелмеуді талап еткен. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, көрші Айнабұлақ ауылында да осыған ұқсас наразылық болған. Оқиға орнына түнделетіп жеткен аудан басшылары, прокуратура өкілдері халыққа жолаушыларды әкелмейтінін айтқан. Тек осыдан кейін халық тараған.

— Жұрт бұл жаққа коронавирусты жұқтырған адамдарды әкеле ме деп дүрлігіп кетті. Ешқандай ақпарат бермеген ғой. Ешкімге хабарламай, кереуеттерді қойып, Қытайдан адамдарды карантинге жатқызамыз деп айтып, дұрыс түсіндірмеген. Бұл Қазақстан азаматтары, біз оларды жәй ғана карантинге жатқызамыз, олар вирус жұқтырмаған адамдар десе бұлай дүрлікпес еді, — дейді Айболат Қасенов Азаттық тілшісіне.

Тұрғындардың айтуынша, шекара бекетінен өткен жолаушылардың Зайсандағы оқу орындарының біріне әкелінетіні туралы хабар тарағаннан кейін Зайсан тұрғындары да наразылық білдірген.

19 ақпанда денсаулық сақтау министрлігі коронавирус анықталған елден қайтқан қазақстандықтардың 14 күндік карантиннен өтуі тиіс екенін, ереже бұзғандар жауапқа тартылады деп мәлімдеген.

Тегтер: