Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:52, 13 Желтоқсан 2024

Сатылып жатқан визаға Нұртілеудің қатысы жоқ

виза
Фото: aviata.kz

Jas Alash-та «Сатылып жатқан виза бар, Нұртілеу неге көрмейсің? 2» деген мақала жарияланды.

Онда соңғы күндері Үрімжі қаласында Қытайдағы қандастарымыз үшін виза алудың мехнатты шаруаға айналғанын айтқанбыз. Оның қиындағаны соншалық, қандастарымыз амалсыздан делдалдардың көмегіне жүгінуге мәжбүр болғанын сөз еткенбіз. 

Сондай-ақ «делдалдарға виза аштырдық» деген кісілердің өзімен тілдесіп, қалай виза аштырғанын сұрап білдік. «Виза ашып береміз» деген делдалдармен де сөйлесіп көрдік. Материал дайындау барысында Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрлігіне осы мәселелерге қатысты ресми сауал жіберген болатынбыз. Алайда біз материалды дайындап, газетке жариялағанша құзырлы органнан ешқандай жауап келмеді. Міне, ақыры сарыла күткен жауап та келді. Ресми жауапта (хаттың соңына ҚР СІМ баспасөз қызметі. Қамзабек Нурали Дарханулы делінген) Үрімжіде әртүрлі санаттағы виза заңға сай беріліп жатқаны айтылыпты. Сондай-ақ біздің: «Визаны (кез келген түрін) кезексіз ашып беремін дейтін азаматтар WeChat әлеуметтік желісінде хабарландыруды еркін таратып, тиісті ақшасын төлегендерге виза ашып беріп жүр (біз хабарлама бойынша хабарласып көрдік, «ашып береміз» дейді, ақылары 130000-200000 теңге шамасында). Бұл туралы не айтасыздар, мұндай ақылы виза ашушылар консул қызметкерлерімен жең ұшынан жалғасып отырған жоқ па?» деген сұрағымызға: «Түрлі әлеуметтік желілер арқылы ҚР визасын «кезексіз» ашамын деген нысандағы хабар тарататын тұлғалардың Сыртқы істер министрлігінің Үрімжі қаласындағы Паспорттық-визалық қызметімен еш қатысы жоқ және жалған ақпарат тарату арқылы алаяқтық әрекеттерін жүзеге асыруда. Осы ретте сіздің сауалыңызда сілтеме жасалған хабарламалардың таралуына ҚХР азаматтары болып табылатын этникалық қазақтардың басым бөлігінің виза рәсімдеу үшін толтырылатын визалық сауалнамаларды толтыра алмауы және соның салдарынан түрлі орындарға жүгінуі себеп болуы ықтимал. Өз кезегінде ҚР СІМ шет елдегі мекеме қызметкерлерінің ешбір ұйыммен және үшінші тұлғалармен виза беру мәселесі бойынша тікелей немесе жанама жұмыс жасамайтынын хабарлайды» деп жауап беріпті.

Министрліктің сөзіне сенсек, визаның сатылуына Үрімжідегі паспорттық-визалық қызметінің ешқандай қатысы жоқ екен. Ал «виза ашып беремін» дейтіндерді «жалған ақпарат тарату арқылы алаяқтық әрекеттерін жүзеге асырушылар» деп сипаттапты. Жарайды, солай-ақ болсын. Онда виза ашып беріп жүрген делдалдарды қайда қоямыз? Сөйтсек, оған Қытайдағы қандастардың өзі кінәлі екен. Қалай дейсіз бе? Хатта ашық айтылып тұр: «ҚХР азаматтары болып табылатын этникалық қазақтардың басым бөлігінің виза рәсімдеу үшін толтырылатын визалық сауалнамаларды толтыра алмауы және соның салдарынан түрлі орындарға жүгінуі себеп болуы ықтимал» деп. Міне, қызық, Қытайдағы қазақтардың «басым бөлігі» (аз бөлігі немесе тең жартысы деп тұрған жоқ «басым бөлігі» деп кесіп айтып отыр) виза рәсімдеуге арналған құжаттарды толтыра алмайды екен, яғни сауатсыз! Ол жақтағы қазақтар А.Байтұрсынұлы үлгісіндегі қазақ әліпбиін қолданылатындықтан, кириллицаға шорқақ екені рас. Мәселенің бар түйіні осында жатқан көрінеді. Әлгі қажетті құжаттарды толтыра алмайтын «сауатсыздар» делдалдарға жүгінеді, біз айтып отырған «кезексіз виза алып беру» осыдан шығыпты-мыс. Мақұл дейік. Виза аштырғалы келген қандастардың министрлік айтпақшы «басым бөлігі» сауатсыз-ақ болсын. Сосын олардың құжаттарын бір пысықай толтырып, арадан ақша тауып жүрген болсын. Бірақ мұның алдын алуға болады ғой. Біздіңше бұның жолы өте қарапайым. Құжатты толтыруды, қатесін түзеуді Үрімжі қаласындағы Паспорттық-визалық қызметі қолына алсын. Арнайы қызметкер қандастарға көмектессін. Бар құжатын реттеп, қажетті анкеталарын толтырысып, визаға жіберсін. Бітті. Өткен жылы дәл осы Үрімжі қаласындағы Паспорттық-визалық қызметінің қызметкерлері үш адамға көбейетіні туралы министрлік «Жас Алашқа» берген жауабында сүйіншілеп айтқан еді. Сол қызметкерлердің біреуін неге осындай маңызды жұмысқа міндеттемеске?! Қалай десек те, «Қытайдағы қазақтар құжатты толтыра алмайды, оны басқа біреулер дайындап беріп, арадан заңсыз ақша тауып жүр, бұған біздің зәредей де қатысымыз жоқ» деп сыртынан қызықтап, қол қусырып қарап отырғанша, мұның алдын алатын нақты істерді атқарған жөн емес пе?

Сыртқы істер министрлігі «Не себепті виза сатушылардың алдын ала алмаймыз?» деген сұрағымызға: «Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігі және Үрімжі қаласындағы Паспорттық-визалық қызметі ҚХР-дың құзырлы органдарына өтінішіңізде көрсетілген тұлғаларға қатысты шара қолдану туралы сұраумен бірнеше рет жүгінді. Қазіргі уақытта ҚХР-дың құзырлы органдарының тарапынан тиісті жұмыстар атқарылуда. Бұл ретте ҚХР азаматтары болып табылатын этникалық қазақтардың тарапынан түрлі ақпараттарға сену жайттарының көп болуы және олардың тарапынан алданып қалған жағдайда да ҚХР құзырлы органдарына жүгінбеуі тиісті нәтиже бермей отырғанына назар аударамыз» деп жауап беріпті. Мұнан түсінгеніміз – министрліктің айтпағы «біз бұл жөнінде Қытай тарабына айттық, ескерттік, бірақ алданып қалушылар көп және олар құзырлы орындарға арыз жазбайды, сондықтан бұл іс нәтижесіз болып отыр». Министрліктің бұл уәжінен де қалай да даудан ат-тонын ала қашып, істі өзіне жуытқысы келмейтіні анық байқалады.

Ал бірнеше жылдан бері Қытайдағы қазақтардың мәселесімен айналысып келе жатқан тіркелмеген «Атажұрт» ұйымының мүшесі Гүлжан Тоқтасынқызы министрліктің «виза сатылып жатқан жоқ, оған Үрімжі қаласындағы Паспорттық-визалық қызметінің ешқандай қатысы жоқ» деген жауабына сенбейді. Оның ойынша, виза сатылып жатыр, мұның бір ұшы Үрімжі қаласындағы Паспорттық-визалық қызметімен байланысты болуы мүмкін:

«Соңғы уақытта Үрімжіден виза аштырудың қиындағаны рас. Бұл туралы әлеуметтік желілерде жиі айтылып жүр. Біздің өзімізге де виза ала алмай жатырмыз деп хабарласатын адамдар көп. Үрімжіде виза ала алмай ұзын-сонар кезекте тұрған қазақтардың да бейнежазбасы әлеуметтік желілерге жарияланды. Онда Қытайдағы қандастарымыз виза кезегін күтіп, Үрімжі қаласындағы Паспорттық-визалық қызметінің алдында сарылып тұрғанын айтады. Егер Үрімжі қаласындағы Паспорттық-визалық қызметі қалыпты жұмыс істеп тұрса неге ұзын-сонар кезек пайда болады, неге қандастарымыз «виза аштыра алмай жүрміз» деп зар қағады. Демек министрліктің айтып отырғаны өтірік. Меніңше консулдық «виза ашып жатырмыз» деп айту үшін біраз адамдарға ғана виза ашады, ал қалған визаны сатады. Олар визаны сатпаса, мұндай шу болмас еді», – дейді Г.Тоқтасынқызы.

Әлеуметтік желілерде тараған Үрімжідегі визаға қатысты делінген бейнежазбаның бірнешеуін біз де тауып қарадық. Соның бірінде әлдебір ер адам сөзін «Үрімжі қаласындағы Паспорттық-визалық қызметінің алдында тұрмын» деп бастайды да, ары қарай Үрімжіде виза аштыру үшін кезектің көбейгенін, тегін виза аштырады деген сөздің өтірік екенін айтады. Сондай-ақ бұл азамат ұзын-сонар кезекте тұрған адамдарды көрсетеді. Олардан пікір сұрайды. Онда бір әйел адам өзінің Үрімжіге келгеніне 8 күн болғанын, бірақ әлі виза аштыра алмағанын айтады. Тағы бір ер адам 7 күннен бері визаның кезегін ала алмай жүргенін жеткізеді.

Мұндай бейнежазбаларды әлеуметтік желілерден көптеп кездестіруге болады. Бәрінің айтатыны бір мәселе – «виза аштыру қиындады, визаға кезек ала алмай жүрміз». Ал бұған қатысты министрліктің жауабы жоғарыдағыдай. «Біз тиесілі жұмысымызды істеп отырмыз, қалғанында шаруамыз жоқ».

Қалай десек те, Үрімжідегі виза аштыруда бір түйткілдің бары анық. Мейлі ол Үрімжі қаласындағы Паспорттық-визалық қызметі тарапынан болсын, мейлі басқа бір тараптан болсын. Алайда мұның зардабын атажұртыма келсем, бала-шағамды Қазақстанға жеткізсем деген қарапайым қазақ тартып отыр. Біреу үшін бір жапырақ қағаз, енді біреу үшін табыс көзіне айналған виза, анығында, шеттегі қазақтың тағдыры, атажұртына жетсем деген арманы мен үміті. Сондықтан бұл мәселе алдағы уақытта тереңдей зерттеліп, оң шешімін тапса дейміз.

Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ

Тегтер: