Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:41, 17 Қараша 2023

Сәтқалиев мәселе шешпейді, ақыл айтады

Сәтқалиев газ
Фото: из открытых источников

Таяу күндері газ тапшылығы болады. Мұны еліміздің энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты. Қатты уайымдамаңыз, ол тапшылықтың алдын алуды ойластырып қойыпты: «автогаз тапшылығы болмау үшін газдың бағасын қымбаттату қажет».

Бағасы да белгіленіп қойған - 110 теңге. Және халқының басы ауырса жүрегі ауыратын қамқор министр сіз бен біз үшін күн-түн демей ойланып, айтар ақылын да дайындап қойған: көліктеріңізді газға ауыстырмаңыз! Өйткені «нарықта газ тапшы, бұл жуық арада шешілмейді».

Қазірдің өзінде Астана, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан облыстарында газ тапшылығы қатты байқалған. Министр соңғы 9 айда газ тұтыну көлемі 25 пайызға артып, қазір айына 225-250 мың тонна газ тұтына бастағанымызға қынжылыс білдіреді.

газ завод
Фото: pererabotka.gazprom.ru

2023 жылы аяқталуға тиіс құрылыстың елесі

Былтыр Қаңтар қақтығысында жұртты көшеге шығарған ең бірінші себеп – нақ осы газ мәселесі болған. «Қасіретті қаңтардан» кейін үкіметте өткен алғашқы жиында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Газ Өңдеу зауыттарының (ГӨЗ) жұмысын жеңілдетуді тапсырған. Сондай-ақ ол Жаңаөзенде жаңа газ өңдеу зауытын салуға кірісу керек деп, Смайылов үкіметіне міндет қойған. Президент айтқан соң жан қала ма, Смайылов едел-жедел жоспар құрып жіберіп, жалпы құны 148 млрд теңгелік жаңа ГӨЗ-ді көзді ашып-жұмғанша бітірем, 2023-тің соңында іске қосып тастаймыз деген. Межелі 2023 аяқталып қалды. Ал зауыттың құрылысы әлі күнге басталған да жоқ.

Смайылов оған дейін кім бар, кім жоқ деді ме екен, жаңа межені кеңінен белгілепті – 2026! Бұл зауыттың құрылысын салуды жуырда ғана ресейлік компания ұтып алды. Сонда ғана үкімметтің екі жыл кешігуінің мәнін ұққандай болдық. Қазақстаннан ГӨЗ салатын кім бар деп, сарсаңға түскен, ақыры елінен күдер үзген соң, жобаны ресейлік консорциумға ұстата салған. Бұл консорциум құрамына ресейлік 5 компания кіреді. Бастысы – Петон холдинг, ол мұнай газ саласындағы ресейлік мердігер.

Бұл нені білдіреді? Экономика ғылымының докторы, профессор Жұмаділда Баяхметов:

«Біздің мұнай газ саласында жүрген шетелдік инвесторлар мұнай мен газды өңдеудің тиімді әдістеріне мүлде мән бермейді. Шетелдіктерге бәрібір, шикі мұнайды сатып, өздері байыса болды, бізге жаны ашымайды. Мұнайдан Қазақстанда бензин, дизель отыны, мазут алынады. Біз осы мазутқа дейін ғана өнім аламыз. Одан арғыға шамамыз жоқ. Мұнай қоры көп бола тұра ұшаққа қажетті отынды, тіпті жанармайды көршілес Ресейден импорттаймыз. Мұнаймен ілесіп шығатын ілеспе газды да ұқсата алмай отырмыз. Біз табиғи газға бай елміз. Біздің газымызды ұқсату үшін алдымен күкірт қосылыстарын Клаус тәсілімен арылтып, элементті күкіртке айналдыру керек. Элементті күкірттің бағасы әлемдік нарықта тым төмен. Сондықтан шетелдік алпауыттар мұндай ұсақ-түйекке бола өндіріс ашып, әуре болмайды. Бұл жерде олар мұнайымызды ғана емес, газды да ысырап етіп отыр. Егер біз осы уақытқа дейін мұнай-газ саласына отандық инвесторларды енгізіп, олардың жұмысын үкімет нақты бақылауға алып, қолдағанда жыл сайын газ, жанармай тапшылығы болмас еді», – дейді экономист.

Қазір бұл саладағы Жаңаөзендегі жалғыз кәсіпорын – Қазақ газ өңдеу зауыты сонау кеңес заманынан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді. 1973 жылдан бері газ өңдеп келе жатқан зауыттың әбден ескіргенін, негізгі құралдары 90 пайызға тозғаны айтудай-ақ айтылып жүр. Зауытта апаттар да жиі болып тұрады. Маңғыстау облысында автокөліктердің 90 пайыздан астамы газға көшіп алғанын ескерсек, кәсіпорын ел көлемі тұрмақ, осы аймақтың да қажеттілігін өтей алмай қалуы мүмкін. Соңғы он жылда ішкі нарықтағы газ тұтыну көлемі 9 миллиардтан 21 миллиард текше метрге дейін өскенін ескерсек, бұл тозған зауытпен 2026 жылға дейін қалай жетерімізді ойлай беріңіз.

россия казахстан нефть
Фото: Олег Никишин / Getty Images

Ресей қолұшын соза ма?

Өткенде Қазақстан ресейлік «Газпроммен» келісім жасады. Біз энергетика министрлігі елдегі газ тапшылығы мәселесін осылай шешуге оқталған екен деп ойладық. Алайда министр Сәтқалиев бұл келісім Ресей газының Қазақстан арқылы Өзбекстанға тасымалдануына қатысты ғана болғанын айтты. Келісім бойынша Ресей өз газын Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға өткізуді биылғы жылдың соңында бастамақ. Қазір Еуропа Ресей газынан бас тартып жатқан тұс. Былтырдан бері Ресей газын өткізетін үлкен нарық іздеп, әуре-сарсаңға түсіп жатыр. Тіпті бұған қатысты Путин Қазақстан, Өзбекстан елдерімен бірлесіп «үшжақты газ одағын» құру идеясын да ортаға тастады. Біздің тарап бұл ұсынысты қолдаса да, жан-жақты зерттеп барып, шешімге келетінін айтып, сытылып кетті, ал Өзбекстан «одақ» деген Ресейдің сөзінің өзін әу бастан салқын қабылдайды.

Газ мәселесі аталған үш мемлекет үшін де өзекті. Қазақстан мен Өзбекстанда газ тапшы. Ресейге газын өткізетін нарық керек. Өткен жылы Еуропа бас тартқан соң Ресейдің газ өндіру көлемі 20 пайызға құлдырап, экспорты 50 пайызға төмендеген. Ресей осы газын бізге сатқысы келеді. Бірақ мұны көмек деп айтуға келмейді, себебі бұл келісім геосаяси жағынан да, экономикалық жағынан да бізге қымбатқа түседі.

Экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметова:

«Ресейдің көздеп отырғаны – Қазақстанға көмектесу емес. Қазақстан нарығы арқылы кең нарыққа – Қытайға қарай өту. Қазақстан арқылы Өзбекстанға барып, әрі қарай Ауғанстан, Пәкістан, сол арқылы Үндістанға шығу. Біз қызмет көрсетіп, нәпақа табамыз. Газ келіп жатады, кетіп жатады, үкімет қызметі үшін аздаған үлесін алады, бар болғаны – сол. Мұндағы ең үлкен мәселе – біз өз жеріміздегі құбырларға өзіміз иелік етуіміз керек. «Газпромның» басқаруына беруге келісуге болмайды. Келісімде осы арасын анықтап алу керек. Газ дефицитінде Ресейге иек арта алмаймыз. Сондықтан үкімет енді құбырларымызға иелік етіп, одан бөлек отандық мұнай өңдейтін зауыттарды модернизациялауға шындап кіріспей, Сәтқалиев айтқан мәселе шешілмейді», – дейді.

газ
Фото: russian.eurasianet.org

Қытай құтқара ма?

Қазақтың көгілдір отынына бүгінде көрші Қытай да қызығады. 2018 жылы «ҚазМұнайГаз» бен қытайлық CNPC компаниясы арасында қазақстандық газды сату және сатып алу бойынша келісім жасалған. Бұл келісім бойынша Қытайға жылына 10 млрд текше метр газ беруіміз керек болған. Бірақ 2021 жылы барлығы – 7,2 млрд текше метр ғана газ беріппіз. Ал 2022 жылы Қытайға берген газымыз – 5 млрд текше метр ғана болды. Көрдіңіз бе, көрсеткіш жылдан-жылға құлдырап келеді. Алдыңғы келісімнің соңы сұйылып кеткен соң, қайта келіссек, қазақтың газы көбейіп кетеді деді ме екен, «QazaqGaz» ұлттық компаниясы мен PetroChina International Co. Ltd арасындағы қазақстандық табиғи газды сатып алу, сату шартын бекітті. Белгілі болғандай, бұл жаңа келісім отандық газды Қытайға 2026 жылға дейін кепілдендірілген түрде экспорттауды қарастырады.

Қазақтарға өзіміз көмектеспесек, бұлар ұқсата алмайды деген болу керек, Қытай сатып алуды місе тұтпай, өндіріске араласуға кірісті.

«Өткен айда QazaqGaz бен қытайлық Geo-Jade Petroleum Corporation да бір келісімге қол қойды. Енді қытайлар қазақтармен бірлесіп, еліміздегі Придорожное газ кен орнын игереді. Жобалау жұмыстары 2024 жылы басталмақ. Мұның өзі енді біздің газ шығаратын кен орындарымызда қытайлардың үлесі болатынын көрсетеді. Мұндай сәтте олар да өз пайдаларына жұмыс істеп, мүдделерін жіберіп алмасы анық. «Кен орындарын бірлесіп игеріп жатырмыз, бізге газыңды арзанға сат» дейтіні анық. Сондықтан Қытаймен қарым-қатынас та газ мәселесін шешеді деп айта алмаймын, газ тапшылығы артпаса, азаймайды», – дейді Т.Шаяхметова.

Жақында жаңадан құрылған өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев геологиялық барлаудағы қиыншылықтар кесірінен, яғни саланың дамымауы және оған инвестициялардың жете салынбауы салдарынан жерасты қазынасының барланған қоры күрт төмендеп жатқанын айтты. Мемлекеттің геологияға бөлетін ақшасы да өте аз: шамамен 1 гектарға 8 доллардан келеді. Демек, енді барлауға көңіл бөлеміз деп, өндірісті тағы шектеуі мүмкін. Қазақстандықтардың газ тұтынуын шектеу қазірдің өзінде басталып кетті. Енді автокөліктерді газға көшіруге қатысты өзгерістер енгізілуі де ғажап емес. Осыған қарап үкімет «2029 жылға қарай қазақстандықтарды газбен қамтамасыз етуді 63,4 пайызға жеткіземіз» деген уәдені де «асығыс айтып қойды ма» деген ой келеді. Логикаға сүйенсек, тұтыну артса, өндіріс те көбеюі керек еді, ал Сәтқалиев «экологиялық таза отын» деп, тынбай дәріптеп келген газдан безіңдер дейді.

Меңдеш Салихов
Фото: gov.kz

Үкіметтегілер мұнайдың иісін де білмейді

«Маңғыстаумұнай» компаниясын бірнеше жыл басқарған ардагер мұнайшы Меңдеш Салихов:

– Газ тапшылығы және оның қымбаттауымен үнемі бетпе-бет келуіміздің басты себебі: бізде министрлік, «ҚазМұнайГаз», «QazaqGaz» ұлттық компаниясы, үкімет мәселені бір жобаға келтіре алмай отыр. Қазір үкіметте отырған адамдар мұнайдың иісін де білмейді. Энергетика министрлігінде отырғандар мұнай газ саласының мамандары емес. Олардың біразы шетелде «Болашақпен» оқып келді, бірақ өндірісті көрмеген адамдар. Мұнай-газ саласында білімсіз адам көп. Тәжірибелері жоқ. Біз тәрізді бұл салада көп жылдық өтілі бар адамдардан, ғалымдардан ешкім ақыл сұрап жатқан жоқ. Өндірісті көрмеген адамдар отырып алып үкіметте ұсыныс айтады. Реформа ұсынады. Бұлай болмайды. Мұнай-газ саласында табыстың көбі шетелге кетіп жатыр. Біз одан тек салық аламыз. Көп пайда көре алмай отырмыз. Біздегі мұнайдың 47 пайызы ғана елде дайын өнімге дейін өндірілетін болса, әлемдік нарықтағы мұнай бағасын аңдып отырмайтын едік. Газ тапшылығы да, жанармай тапшылығы да болмас еді. Мәселеге ғылыми тұрғыда мән беретін болсақ, бірінші, маман біліктілігін арттыру керек. Ол үшін көрші елдер тәрізді арнайы мұнай-химия өнеркәсібін тереңдетіп оқытатын оқу орындары ашылуы керек. Екінші, технологиялық базамыз қуатты болуы керек. Отандық өндіріс қуаттылығы артуы қажет. Үшінші, мұнай өндіруші, мұнай-газ өңдеуші компанияларды мемлекет қарамағына алғаны жөн. Біз барлық тізгінді жекелеген алпауыттарға беріп қойдық.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ